• Руханият
  • 29 Сәуір, 2021

«MIRAS» «Ұлттық мұра» жобасын бекітті

«Nur Otan» партиясы жанындағы «Miras» республикалық қоғамдық кеңесінің жаңа құрамы бекітілді. Кеңес құрамына ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісі ­депутаттары, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, тіл жанашырлары, мәдениет және өнер саласының өкілдері, журналистер, блогерлер, жастар және т.б. кірді. Қоғамдық кеңестің төрағасы болып ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, ал оның орынбасары болып «Aiqyn» газетінің бас редакторы Нұрмұхамед Байғараев тағайындалды. Республикалық кеңес құрамы 31 адамнан тұрады. Сонымен бірге облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында «Miras» аймақтық қоғамдық кеңестері жүйелі жұмыс істеуде. 

«Mirasтың» алғашқы отырысына «Nur Otan» партиясының хатшысы Әлібек Әлденей, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова, Қаржы вице-министрі Татьяна Савельева, сондай-ақ Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы, «Болашақ» корпоративтік қоры, республикалық және аймақтық «Miras» кеңесінің мүшелері және кино саласының мамандары мен сарапшылар, блогерлер қатысты. Пандемияға байланысты кеңестің алғашқы отырысы онлайн форматта өтті. Жиын барысында «Miras» кеңесінің жылдық жоспарының жобасы бекітілді.

Кеңестің алғашқы отырысындағы күн тәртібіне екі мәселе қойылды: «Отандық кинематография саласындағы өзекті мәселелер» және «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалу барысын талқылау».

Кеңес отырысында мәдениеттанушы, публицист, қоғам қайраткері Серік Ерғали өз баяндамасында «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» жанынан қоғам және өнер қайраткерлерін қатыстырып, Қамқорлық кеңесін құру керектігін тілге тиек етті. Елде қазақтілді білікті, талғампаз сценаристер тапшы екенін айта келіп, кино-көркем сынды, кино-драматургияны дамытуға арналған шараларды қолға алу, «Қазақфильм» жанынан іргелі ­Дубляж студиясын жасақтау туралы ұсыныс білдірді.

Кеңестің талқылау кезеңінде сенатор Динар Нөкетаева, Қарағанды облысы аймақтық кеңесінің төрағасы ­Бекзат ­Алтынбеков, жазушы, киносценарист Айгүл Кемелбаева, жыршы Айгүл Елшібаева, әнші, тележүргізуші Қарагөз Сүлейменова кино мәселесіне қатысты өз ойларын ортаға салды.

Жазушы Смағұл Елубай кеңес отырысында көтерілген кинематография саласына байланысты өз ойын былай жеткізді:

– Нұр-Сұлтан қаласында «Nur Otan» партиясының «Miras» қоғамдық кеңесінің төрағасы Жанарбек Әшімжанның бастауы­мен үлкен дөңгелек үстел өткені белгілі. Соған біз Алматыдан интернет арқылы онлайн қосылдық. Республикалық кеңестің алғашқы отырысының тақырыбы қазақ кинематографиясының тағдыры туралы болды. Бұл отырысқа Парламент депутаттарымен қатар, Ақпарат министрлігі, Мәдениет министрлігі, Қаржы министрлігі және Білім және ғылым минстрлігі сынды төрт министрліктің басшылары қатысты. Көтерілген мәселелер бойынша біз баяндама жасадық. Баяндамамыздың тоқетері қазіргі қазақ киносының жағдайы туралы және оның өсуіне, қарқынды дамуына қолбайлау болып отырған келеңсіздіктер туралы болды. Ең бастысы бұл жерде прокат мәселесі үлкен әңгіме болды. Өкінішке қарай, Қазақстан прокаты ең болмаса Қазақстан олигархтарының емес, сонау мұхиттың ар жағында отырған компаниялардың қалтасына жұмыс істеп, Голливуд шығарған фильмдерді таратумен, сатумен отыр. Ал, енді бұл прокаттан қазақ киносының алар үлес салмағы 6 пайыз­дан аспайды. Сонда күн сайын жүздеген мың біздің көрермендеріміздің бәрі дерлік ­жастар сол шетелдік фильмдерді көріп, тәлім-тәрбие алып отырады. Соның нәтижесінде біздің ұждани, моральдық болмысымызда құлақ естіп, көз көрмеген сорақылықтар орын алып отыр. Бұған таңдануға болмайды. Өйткені бұны біз өзіміз жіберіп қойдық қой. Мінеки, жыл он екі ай бойы біздің жастарымыз кинотеатрда отырып, сол шетелдік фильмнің тәрбиесін көреді. Бұдан кейін олардан не сұрайсыз. Біздің қолымызбен қол қойылып, рұқсат қағазын алған фильм Қазақстанға, қазақ жастарына осы азғындықты үлгі етті. Біз осыған наразылығымызды байқаттық. «Лицензияны кім, қандай комиссия беріп отыр? Осындай сорақылықтарды неге көрмейді?» деп мәлімдедік. Яғни прокатқа ие болуымыз керек. «Ел боламын десең, экраныңды түзе» деген ұран неге шықты? Осы прокаттың бүкіл ел, ұрпақ болашағын белгілеудегі басты рөл ойнайтынын түсінгендіктен шыққан болатын сол ұран. Сондықтан прокатқа ие болайық. Содан кейін қойған бір талап-тілегіміз, балалар киносы деген назардан тыс қалды. Ал бүгінгі балалар ертеңгі ел басқаратын ағалар емес пе? Бүгінгі балалардың тәрбиесінен ертеңгі ағалардың бүтін болмысы келіп шықпай ма? Қазақстанның болашағы сол бүгінгі балалардың қолында болмай ма? Ендеше, бүгінгі балалар тәрбиесіне көңіл бөлгіміз келсе балалар киносына жыл сайын квота бөлініп тұруы керек. Осы пікірлеріміздің біразы «Miras» кеңесінің хаттамасына, яғни оның шешіміне кірді. Бүгінгі замандағы рухани тәрбиедегі өте үлкен рөл атқаратын кинематография туралы келелі кеңес болды. Осындай кеңес көбірек болып тұрса екен деп тілейміз.  

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалу барысы туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева арнайы баяндама жасады. Кеңес барысында «Тұлпар мініп, ту алған» республикалық байқауының жетекшісі Арман Абдоллаев пен «Астана» телеарнасының бас директоры Құрманбек Жұмағалидың тарапынан нақты ұсыныстар айтылды.

Жиын соңында ұлттық құндылықтарды дамыту бағытында өткізілетін партиялық іс-шараларды жүйелеу және біріздендіру мақсатында «Ұлттық мұра» атты партия­лық жоба бекітілді. Бұл «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жекелеген тармақтарын жүзеге асыруға бағытталған.

Н.БАТЫР

 

1557 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы