• Руханият
  • 12 Мамыр, 2021

Шықпайды неге есімнен, осынау қайың мүсіні? (эссе)

(Соңы. Басы өткен санда)

Ақ қайың
(Екінші түрі)

Ақ қайың… бұл бірінші «Ақ қайыңнан» бітімі мүлде бөлек романс.
Атақты композитор Евгений Григорьевич Брусиловскийдің класында үздік оқитын қырғыз жігіті – Алтынбек Жаныбеков: «Е, дорогой Ильюша, Белканто мастерлерінің арманы! Солай ғой...солай!» деп мақтай беретін романс. Ол оған қызығып жүріп, аккомпонементін жазды. Енді сәл лирикалық шегініс жасайық... 
...Менің жұртты елең еткізген әр шығармама ерекше мән беретін ұлым Данияр бір жолы үйге қуанып келді де, былай деді: –Папа,біздің үйде керемет грампластинкалар бар ғой, ә, бар. Сенің бір рахатты сәтің – соларды тыңдау. «Ақ қайың» деген әніңнен кейін екінші «Ақ қайыңды» романс етіп жазар алдында грампластинкада итальяндық тенорларды көп тыңдадың. Ол әсеріңді талай рет тебіреніп отырып айттың. Энрико Карузо! Марио Ланца! Бұлардың үніндей үн қайда! Бір күні сен үйге бүгінгі мен сияқты мәз-мейрам боп келдің. Үш коробка грампластинка жинақтарын әкелдің. Олар – Амадей Моцарттың «Реквиемі», ­Джузеппе Вердидің «Оттелло» операсы және «Мастера Белканто» деп аталатын жинақтар. Осылардың ішінде соңғы жинақтағы – Энрико Карузо, Марио Ланца, Марио Дель Моноко… сол сияқты тағы біраз мен біле бермейтін асқақ үнді тенорлар мен колоротуралық сопраноларды тыңдап, солардың әсері ме, сен өзіңнің – «Нұрланып менің дағы туар айым», «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз», «Даниярдың әні», «Жәмиланың әні», «Ақ қайың» романсын үйде жиі әндетіп, бұларға қоса қазақтың халық әндері «Назқоңыр», «Айнамкөз», «Қарғаш», «Ақбақай» әндерінің қалай биік көтерілетін құдіретін айтып, бізді соған еліктіріп, солай бір өзіңмен-өзің шалқып, шабыттанып кеттің. Өте биік шырқалатын «Ақ қайыңның» екінші түрі мені көп қызықтыра береді. Ол ненің әсері? Өзің көп тыңдайтын итальяндық Белканто шеберлерінің ықпалы емес пе? «Ақ қайың» романсын тек Бибігүл Төлегенова ғана орындайды. Басқа әншілерге берген жоқсың ба? 
Даниярдың осы сауалы мені дәйім толғандарады да жүреді. Осы романсты қалай, қай күні, қандай жағдайда жаздым? Неге тағы да «Ақ қайың» деп атадым?
Мұқағали бірінші «Ақ қайыңды» біраз жерге жайыпты. Оны мен композитор Күнсайын Қуатбаевтан естідім. Бұл өзі жаны дарқан, кең пейіл, біреуге тек қана болсын дейтін тұзы жеңіл таза жігіт. Аңқылдап, жұрттың бәрін дос санап жүреді. Ел арасына тараған «Таң сәрі» (сөзі Жақсылық Сәтібековтікі. И.Ж.) секілді тамылжыған лирикалық әндері бар. Өзі Талдықорған жағынан.
Күнсайынның айтуына қарағанда, Мұқағали «Ақ қайыңды» бір дулы отырыста өзінің мақпалдай жұмсақ үнімен балбырата орындапты. Шуылдасқан топ жым-жырт боп тына қалыпты. Іштерінде қызыңқырап отырғандар да бар екен, «Ақ қайың» оларды да гипнозбен буғандай етіп, үнін шығармайды. Солардың арасында ақын Әділбек Абайділданов ерекше толқып, «Ойпыр-ай, мына Ілия, менің іште қоламта боп, булығып жатқан жан сырымды қайдан білген... кімнен естіген?» деп әнді Мұқағалиға қайта-қайта айтқызыпты. Осы жайды Әділбек өзінің жерлесі әлгі Күнсайынға айтпасы бар ма. Әділбек оған «Ілиямен таныстыр» депті.
***
Ақыры Күнсайын Әділбекпен екеумізді таныстырды. Біз Максим ­Горький көшесінің бойындағы «Ала-Тау» ресторанында жүздестік. Бұл – 1958 жылдың кеш күзі. 
Әділбек адамды көрген сәтте-ақ үйіре жөнелетін жаз көңілді, нұрлы жүзді, кербез жігіт екен. Сөзіңді беріле тыңдайды. Музыкаға, жалпы өнер атаулыға эстеттік көзқарасы сондай жарқын, ой-өрісі кең, әрнені текке сөйлемейтін бір сыпа бітім.
Әңгімеміз бірден үйлесе кетті. Тамақ үстінде Күнсайын қалтасынан екі бүктелген нота қағазын алды да, маған жымың етіп, «қазір» деді де енді ғана келіп орындарына жайғаса бастаған музыканттарға барды. Барды да шет жақта отырған саксофонист жігіттің құлағына бірдеме деп сыбырлады, қолына ақша ұстатты. Анау елпеңдеп, қуана бас изеді. Өзгелері де бас изеп, қоштаған ыңғай білдірді. 
Содан он-он бес минуттан кейін әлгі саксофонист «Ақ қайыңды» ойнамасы бар ма! Саксофонның жарқын үні ғажап. Бірден баурады. Толқытты. Толғандырды. Музыканы сүйетін кейбір эстет жандар саксофонды «Алтын саксофон» деп тамсанып жатады. Біз де оны жақсы көреміз де, қиялға беріліп, рахаттана тыңдау үшін бұл ресторанға өстіп әдейі бұрылып жүреміз. 
Бұдан бұрын осы ресторанда ­Евгений ­Григорьевич Брусиловский, Бақытжан Байқадамов, Қапан Мусин, міне, осы үш композиторды көріп, әлгі Саша-Саксофон аталып кеткен жігіт «Алтын саксофонымен» «Шолпан», «Водовоз» әндерін орындағанда ана кісілерден имене бұғып отырып мәз болғанымызды дәйім сөз етіп жүруші едік. Брусиловскийдің саксофонға деген қызығушылығы ол өзгеше бір әңгіме екен. Осының бәрі еске түсті.
Мен саксофон үніне тебіреніп, іштей төгіліп отырдым. Күнсайын өзінің әзілқой мінезімен екі иығын қопаңдатып: – Дастарқан мәзірі сізден, музыка жағы бізден! – дейді. 
Біз бұған қарқылдап, күлісіп алдық. Күнсайын қолындағы рюмкесін кілкілдетіп, Әділбекке: – Сіздің құрметіңіз үшін! – деп иіле түйістірді.
Әділбектің шуақты сезімі күлімдеген қоңыр көзінде лыпып тұрды. Әңгімеміздің ығытына орай еш тосырқау жоқ, өзін еркін сезініп, шешіле түсті. Бір кезде Әділбек бір сәт ойлана қалды да:
Көмейде сөзім тұншығып,
Таба алмай тұрмын амал мен.
Қайың да тауға тұр шығып, 
Тыныстап жібек самалмен.

Әлдебір нендей тың тыңдап,
Сілтідей тынған тау іші.
Көзінде жұлдыз жылтылдап,
Барады өртеп сәулесі, – деп бір құштар сезімді өлеңін аспай-саспай, әр сөзі, әр иіріміне қоғадай иіліп, жұп-жұмсақ леппен қирағатын келтіріп, бірте-бірте жүзінен нұр төгілді, биязы үні жүрек қылын діріл қақтырды. Боз мұнарға бөккен тау іші; алтын жапырағы сусылдаған ақ қайың; көзінде «жұлдыз жылтылдаған» уыз ару; «көмейінде сөзі тұншығып» бірдеме деуге тілі күрмеліп, шарасыз халде тұрған құштар жігіт. Осы көрініс көз алдымда ғажап бір картина боп жайнады. Екі шумақ өлеңнің әр сөзінен әуез лебі мөлдіреді.
Мен осы сезімге беріліп, қиял жетегінде отырғанда залға қымсына жалтақтап, бір-біріне бек жарасқан әп-әдемі қыз, жігіт кірді. Екеуі де ұяң. Мынадай ду-дуға әлі үйренбегені, жүздері дуылдап, жасқана ұялғаны бірден сезілді. Қос жанары құралайдың көзіндей жаутаңдаған қос бұрымды бұла қыз жас қайыңдай иіліп, жігітіне бірдеме деп сыбырлады. Жігіт жымия бас изеп, екеуі залдан шыға берді. Әділбек: – Қандай ибалы жастар...
Қалқам-ай, ажарлы екен Айдан да әрің,
Жүр екен алып-қашып қайда арманың?
Жүрісің, үнің, сөзің-барлығы ерке,
Жиғансың бір басыңа қайдан бәрін? – деп заматта нұрлы жүзі ду ете түсіп, екі көзі маздаған бір шоқ, қапелімде әлденеге қызыға сұқтанғандай романтикалық сезіммен сүйсіне толқыды. 
Қас-қағым сәттегі әсер. Шабыт экспромты. Әлгі еліктің лағындай үлпілдеген жап-жас қыздың зипа бойындағы кез келген жан сезе бермейтін тылсым сұлулықты ә дегеннен көре қалуы. О, бұл қандай... қандай ғана құштарлық! Әділбекттің жүрегі қандай жүрек... қандай жүрек...
Әділбек біраз өлеңін жатқа айтып, емін-еркін ашылды. Пешенесі жазылып, ішкі сезімі толықсытты. Ежелден сыралғы жандарша үшеуіміз біріміздің уәжімізге біріміз шуақтап, іштей табысып, қас-қабақпен ұғынысып отырдық. Мен Әділбектің балбырған әуезді қирағатына қатты қызықтым. Бағзы бір ақындар өз өлеңін ырғағына келтіріп оқи алмайды. Жап-жақсы өлеңінің әсері сезілмейді, тартымсыз боп шығады. Ал Әділбектің жан сезімі қандай ақын екендігін лүп еткен үнінен байқадым. Бір балладасын тыңдағанда ертегі дүниесіне енгендей, өзімізді -өзіміз ұмыттық. Еріксіз үйірген үні сондай жарқын. Әр сөзі икемді, ілкімді. Төгіліп тұрған сырлы әуез. Жан-жүрегіңді өбектейтін жұмсақтығы, шумақтағы сөздердің өз өзінен үйлесе кететін ішкі гармониясы тіл байлайды. Ғажап! Айт-айтпа, жүрек пернесін тебіренте басатын қирағаты ешбір ақынға ұқсамайды. Енжар көңілмен тыңдау мүмкін емес. Еліктіре тартады. Өлеңдеріндегі жібектей есілген лиризмнің ыстық лебі жан шыдатпайды. Тыңдай бергің келеді… тыңдай бергің! Өз өлеңін оқуда Мұқағалидан кейін екінші рет таң-тамаша боп сүйсіне тыңдаған ақыным, міне, осы Әділбек Абайділданов! Кәусар жыры тау суындай ағылатын шалқар шабытты Ілияс Жансүгіровтің жерлес інісі!
Әңгіме үстінде Әділбек толқыған күйі: – Ілия, сен менің таусылмайтын… басылмайтын… дәйім аһ ұрғыза беретін арманымды жазыпсың, «Ақ қайың» әнінде. Мен сені Мұқағали секілді осы ән үшін іздедім. Таптым. Бұл менің беймаза өмірімнің бір бақытты күні. Қас-қағым сәттік бақыт та адамды бір ұшпаққа жеткізгендей болады ғой, – деді. 
Бұл сөзді мен үнсіз ғана тыңдадым. Жанына жақын жүретін Күнсайын да ойланып қалды. «Беймаза өмірімнің» деуінде не сыр бар? Біз іштей тосылдық.
***
Арада біраз уақыт өткенде Әділбек екеуміз әлгі ресторанда тағы да кездестік. Осы жолы ол реңі өрт сөндірген жадай, екі жағы суалып, қос жанары шүңірейе тереңдеп, маған бір түрлі жүдеу көрінді. Бұрынғыдай желпініп, көтеріліп сөйлемеді. Үн-түнсіз түйіліп, қалтасынан бір бет қағаз алды да маған бере салды. Үш шумақ өлең. Оқыдым. Бірақ басыма еш нәрсе кірмеді. Қобалжи аңырып, қайта оқыдым. Сонда да ой тоқтата алмадым. Менің іштей мазасыз күйге түскенімді сезді ме, Әділбек жай ғана енжар көңілмен: – Кейін көрерсің, – деді. 
Сөйтті де: – Мұқағали бұл өлеңді біледі. Көкейінде жүрген бір сырды қозғай ма, кім білсін, кездескен сайын тыңдайды да: «Осының өзімен де өмір сүруге болады» дейді. Кімнің жүрегі не деп соғады, қайдан білеміз оны? – деп көңілсіз ғана езу тартты.
Рестораннан үн-түнсіз көңілсіз шықтық.
***
Соның ертеңінде мен кештетіп радионың концерттік залында өтетін әншілерімнің репетициясына келдім. Мен келісімен репетиция тез-тез бітті де әншілер мен концертмейстр жөн-жөніне кетіп қалды. Көрші кабинетте дәйім кеш қайтатын аға редактор Мақсұтбек Майшекин ақсақал жеке отырды. Мен рояльдан кеткім келмеді. Папкімде Әділбек берген өлең бар еді, соны алдым да түрегеп тұрған күйі рояль клавишін басып, жайлап қана импровизация жасадым. Бір шумақтың әуезі қайталана берді. Бір кезде сездім. Ойым ептеп айқындалайын деді. Сезім оты тұтана бастады. Шабыт қызуы білінді. Қиял дүниесі еліктірді. Мен ақ айдыны тұп-тұнық көлді, көл жағасында мұңды жандай басын иіп, мүлгіп тұрған жап-жас ақ қайыңды көрдім. Жүрегім сәл лүпілдеді. Мен сол көрініске таңырқай қараған күйі:
Айнадай беті жап-жалтыр,
Көгілдір көлдің жиегі, – деген екі жолды дірілдете толқытып:
 Жалғыз түп қайың ақ балтыр,
Табанын толқын сүйеді, -деп іркіле тоқтай беріп, осы соңғы екі жол қайта қайырылғанда бірден шырқау шыңға шарықтап, қиялды әлде қайда әуелетіп әкетті.
Ән әуезі бірденнен құйылып түсті. Сол қалпында:
Қайыңды желмен таранған,
Төсінде тербеп су ұдай.
Айнадан өзін қаранған,
Ақ қайың бейне сұлудай, – деп екінші шумақты тамылжытып тұрып алды. 
Мен көл бетіндегі өз суретіне өзі мұңая телмірген уыз аруды ап-анық елестеттім. Оған мұң ұялаған көзі сүзіле қараған Әділбекті көрдім.
Осы кезде ту сыртымнан аяқ тықыры естілді. Жалт қарап ем, орындыққа жайлап келіп отырған Майшекин екен. Ол кісі «айта бер» дегендей күлімсірей бас изеп, ишарат білдірді. Менің әніме бар жанымен берілген бір әулие кісі. Мен сол заматта күйдіріп-жандырған шабыт қызуы үстінде:
Көңілге жылы несімен,
Жырлайды нені құс үні.
Шықпайды неге есімнен,
Осынау қайың мүсіні? – деген шумақты аңсаулы көңілдің беймаза сезімімен, булықтырған үнмен уһілегендей зорға… зорға бітірдім.
Майшекин орнынан тұрды да, қасыма келіп, рояльдың үстінде жатқан «Ақ қайың» деп аталатын осы үш шумақ өлеңді ұз- а- а -ақ оқыды. Оқы­ды да өз-өзінен мақұл көргендей: -Бұл жаңа ән ғой, шамасы?- деді де: – Мұны тек… тек қана Би­бігүлге беру керек! – деп маған ойлана қадалды.
«Ақ қайың» романсы осылайша дүниеге келді. Оны Алтынбек Жаныбеков нотаға түсірді. Ол біраз уақыт папкімде қозғаусыз жатты. 

***
Әдеттегіше Күнсайын, Алтынбек үшеуіміз консерваторияда бас қоса қалдық. Екеуі қалтасында көк тиыны жоқ, тықырлап жүр екен, буфетке бардық. Сықиып тұрып тамақ іштік. Сосын профессор Евгений Григорьевич Брусиловскийдің класына келдік. Бос тұр екен. Міне, осы жерде мен «Ақ қайыңның» нотасын көрсеттім. Алтынбек рояльда өте жақсы ойнайтын қызуқанды жігіт. Брусиловскийдің жақсы көретін шәкірті, нотаны сапырып, желдірте ойнады. Әрі-бері қуалап шықты да, бір уақытта сабасына түсіп, әр нотаны сабырмен жайлап ала бастады. Ойнаған сайын «понятно!» дей берді. Ақырында: – Ой, Илюша, бұл романс… романс! – деді, аузына басқа сөз түспей.
***
Алтынбек бір аптадан кейін романстың аккомпономентін жазды. Оны біз өзінің сабағы үстінде Брусиловскийге көрсеттік. Алғашқыда онша шешілмей, салқын қабақ танытқан азулы профессор «Ақ қайыңды» Алтынбектің ойнауында екі рет тыңдағаннан кейін: «Великолепно!» деді. Сөйтті де: – Кең ­тынысты. Биік шырқалатын романс...мұны ­тенордан ­Бекен Жылысбаев қана, ал… колоратуралық сопранадан кім бар, бізде, а? Жаманова что ли? – деп ойлана мүдірді. «Жоқ» деді, ол, содан кейін үндемеді. Маған енді жылы сезіммен иіліп, «желаю успеха, молодой человек» деді.
***
Екі күннен кейін Әділбек екеуміз консерваторияға келдік. Алтынбек пен Күнсайын жолыға кетті. Тағы да Брусиловскийдің класында Алтынбек рояльда өзін-өзі сүйемелдеп «Ақ қайыңды» орындады. Ашық үнді тенор еді, романсқа қатты берілді. Әділбек қараторы реңі суыңқырап, үнсіз сүзіліп, қабағы кіртиді. Күнсайын екеуіміз бір-бірімізге ұрлана қараймыз. Ол да томсырая қалыпты. Әділбек езіле түсті. Көз алдымызда сынды. Бір боркемік жан. Көкірегінде не...не бар, құдай-ау? Іштей егілген бір мұңлық. «Ақ қайың» орындалып біткенде Алтынбек нотаға үнсіз қарап: – Разлука... тоска... а, Адилбек, аға, а? Жүрегіңіз қандай күшті! – деді. 
Әділбек үндемеді. Біз сыртқа шықтық. Тюздың қасындағы кафеге келе жатқанда тұнжыраған Әділбек: – Бәрі де маңдайға жазылады екен, – деп күрсінді. 
***
Бір күні Күнсайын мені желпілдете қолпаштап, Киров көшесінің бойындағы филармонияда ­дирижер Мәлгаждар Әубәкіровтың репетициясына алып келді. Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің кезекті әзірлігі екен. Мәлгаждар мен Күнсайын жерлес, менің де таныстығым бар. Сыйласпыз. Мәлгаждар лирикалық әндерді жақсы көреді. Мұқан Төлебаевтың «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» деп аталатын атақты романсына ешнәрсені теңгермей, оны талдай жөнелгенде терең білімді музыка теоретиктері сияқты дәйекті сөздермен ойландыра мүлгітіп, буып тастайтын-ды. Ол романс жөнінде сырласқан әнгімеміз үйлесіп жүретін-ді. Енді, міне, мына репитиция кезінде тыңдағанымыз классикалық шығармалар. Маған ерекше әсер еткені – Эдвард Григтің «Сольвейг әні», Александр Алябьевтің «Бұлбұл» романсы. Екеуін де жан-жүректі толқытып үзілдіре шырқаған Бибігүл Төлегенова! Берілгенім сонша, үнім шықпады. Демімді ішке тартып, тас мүсін боп қаттым. Бірде мұңайтты, бірде шуақты сезімге бөледі. Адамның дауыс аппаратының табиғат құбылысымен қалай үйлесе кететін құдіретін енді ғана сезінгендей тілім байланды. Мен Бибігүлге табынып қалдым...
***
Ертеңінде Күнсайын, Алтынбек, Әділбек төртеуіміз тағы да филармонияға келдік. Мақсатымыз - Бибігүлмен кездесу. «Аққайыңды» көрсету. Қобалжулымыз. Алдын-ала келіскен жоқпыз. Ыңғайсыздана тыпыршып, біраз дағдардық. Ақыры аяғымызды мысықша ­лыпып басып, жайлап қана репетиция залына кірдік. Бибігүл Төлегенова! Рояльдің алдында концертмейстері пианист Семен Бенедиктович Коган күйбеңдеп ноталарын реттеп тұр. Біз жақындап кеп сыпайы ғана бас изесіп, қымсына амандастық. Бірден не дерімізді білмей тағы да іркіле тосылдық.
Бибігүлдің тал шыбықтай иілген әп-әсем кезі. Адамға қарағанда көзі жарқ ете түседі. Бір сиқырлы жанар! Біздің келгенімізге бір түрлі таңырқағандай онша ашыла қоймады. Өзінің ноталарына үңілді де тұрды. Біз қипақтап, не істерімізді білмедік. Арамыздағы ілкімді деген Күнсайын Алтынбекке көзінің қиығымен ымдағандай болады. Алтынбек оны сезер емес. Бір жақсысы пианист Семен Коган Алтынбекті таниды екен: «А нука выкладывай, маэстро!» деді әзілдеп. Алтынбек сөзге келген жоқ, елпектеп сасқалақтайтын әдеті – әннің нотасын ұстата салды. Аң-таң болған Семен Коган сәл күлімсіреп, лып етіп орындыққа отыра кетіп, рояльда «Ақ қайыңды» толқындай дірілдетті. Қиялға шомып, мөлдіреп, өзгеше бір хал кешіп тұрған Бибігүл жалт қарады. Сөйтті де жанары ойға тұнып, тыңдай қалды. Рояльдің қасына кеп тұрды.
Романс ойналып біткенде Коган: – Бибиш, это твоя… лебединая песня! – деді.
Әділбек менің қолымды қысып-қысып жіберді. Ана жолғыдай емес, қабағы ашық. Нұрлы жүзіне қан теуіп, өзінің бір құштар сезімді өлеңін жаңа ғана оқып, шабыт құшағында шамырқанып тұрғандай қатты толқыды. Күнсайын маған көз қысып, «дымың ішіңде болсын» дегендей ол да өзінше мәз. Алтынбек екі езуі екі құлағында, қаласы бұзылмаған ақ маржан тісі жарқырап, масаттана тебіреніп: – Вот автор, этого романса! Он учится в композиторском классе КазГУ, – дегенде Коган мен Бибігүл шектері түйілгенше күлді. Біз де күлдік.
Сол сәтте Бибігүл «Ақ қайыңның» нотасынан көз айырмай:
 Көңілге жылы несімен,
 Жырлайды нені құс үні?
 Шықпайды неге есімнен,
 Осынау қайың мүсіні? – деп осы соңғы шумақты қайта-қайта қайталап, әр сөзімен мұңды көкіректі «аһ» дегізе жеңілдетті ме, құдай-ау, қоңырқай ғана сүйкімді реңінен сібірлеп атып келе жатқан ақ таңның ақ нұрын көргендей толықсыдым да тұрдым.
 Бибігүлдің сәулелі ой переделеген нәркес жанары ұзын кірпігінің астында енді ғана қорғалап туған Айдай нұр таратып, алысқа...тым алысқа қадалып, бар дүниені ұмыттырғандай қиял шіркінді әуелете, шығандата көтеріп, іңкәр жүректің еш уақытта естен шықпай жүрген сүйіктісін ап-анық елестетіп, оны сол пәк қалпында өбектеп, мөлдірете, өз жан сезімінің кәусар лебімен үзілдірді. Бәрімізде үн жоқ. Дүн-дүниені бесік жырындай тербеген «Ақ қайың» ғана! «Ақ қайың» орындалып біткенде, Бибігүл нәзік саусақтарымен қос жанарын сәл ғана басып тұрып, ойланған күйі: – Менен басқа әншілерге көрсеттіңдер ме...бердіңдер ме? – деді.
Алтынбек екеуіміз жарыса сөйлеп: – Бірінші рет Сізге ғана... – дедік, қуанғаннан тіліміз күрмеліп.
Бибігүл әлі де болса сезім құшағында толқып: - Әр әнші өз әнін іздейді. Тапса – ол үлкен бақыт! Ол сонда жай ғана орындаушы емес, әннің екінші авторы секілденіп, дүйім жұрттың қошеметіне бөленіп, мысалы, «Жамал апайдың «Алтайын» айтыңдаршы», «немене, Күләштің «Гәккуін» ұмыттыңдар ма?» деген сөздерді айтқызып, өзінің әншілік мәртебесін өзі көтереді. Мына романс мен үшін жазылыпты. Менің «Ақ қайыңым!» деді бізді қара бұлақтай тұнған аялы жанарымен үйіріп.
Семен Коган осы сөздерді түсініп тұрған жанша елпек қағып: - Рояль...только рояль!- деп асыға-аптыға ілтипат білдірді.
Түсіндік. Алтынбек: – Да...верно...верно... «Ақ қайыңды» тек... тек қана рояль сүйелімен орындау керек. Оркестр шуы қажет емес, нәзік иірімдерін көміп жібереді. Романс табиғаты рояльмен ғана ашылады. Әлбетте, бұл менің өз түсінігім, Семен Бенедиктович нәзік сырлы пианист, өте дұрыс айтты, – деп қаласы бұзылмаған ақ тісін жарқырата ашатын әдеті, толғана сөйледі, – ал, Бибігүл Ахметовна қандай обончу, а? Укмуш. Биздин кыргызда бизбен қатар Дариға Жалғасынова бар, оның үнү да Бибигүлдүн унүндей. Укмуш! А, Бибигүл с листа как читает, а? Гениально!
«Ақ қайың» Бибігүл Төлегенованың қолына тиді. 
***
Әділбекпен аралас-құраласымыз өз жөнімен жүріп жатты. Көбіне біздің үйде бас қосамыз (Әділбектің өз үйіне бара қойғамыз жоқ) ­Келе-келе еш қылауы жоқ етене көңілмен іштей ұғыныстық. Діліміз бен дітіміз үйлесті. Көңіліміздегі кей түйіткілді қас-қабақтан байқасып, ол-аға, мен- іні боп, әрқайсымыз өз орнымызды, өз барқымызды біліп, жарасымды сыйластықпен бір-бірімізге бауыр бастық. Әділбек біраз уақыт көрінбей қалса Тиыш екеуіміз кәдімгідей елегзіп, жас теректей тіп-тік сыпа келбетін, іші-бауырыңа кіріп, иіле сөйлейтін кішіпейіл қасиетін, өлең оқығанда тылсым сезіммен арбап, тебіренте толқытатын қирағатын тамсана, таңғала, табына сөз ғып, бір отырыста:
 Толқыны асау Ақсуым,
 Жағаны соғып шапшуын!
 Ақсудай мен де тасыдым,
 Сен мейлі, сенбе тап шыным! – деп Талдықорғанның ерке өзені Ақсуды, туған ауылы Бақалыны сағынып жүргенін айтып, біздің көз алдымызда осы бір экспромтты жарқ еткізген сәттегі боталаған қоңыр көзінен жылт-жылт еткен шуақ сәулесін көріп, өз ауылымызды да елестетіп, көңіліміздің босағанын еске алып, ойда жоқта аңқылдап келе қалатын әдетін аңсайтын да болдық.
...Сол 1961 жыл. Алматының сары күзі. Көше бойында көк тіреген көк терек, саясы мол қарағаш, бұрала өскен ақ қайың... бәр-бәрі жан жадыратып, көз сүйсіндіретін ажар-көркінен ­айырылып, сап-сары, боп-боз, қызыл жапырақтар судырлап төгіліп жатты. Сансыз арықтарда сылдыр қаққан су да салқындады. Ағаш басында қарқылдаған қарғалардың шуы құлақ тұндырады. Күз түсті... күз... аспан зеңіп, сұп-сұйық сұрғылт бұлттар түтілген ақ түбіттей шашырап, әлдеқайда манып сырғығандай болады. Енді бір сәтте көк жүзіне қайта бір көз салсаң со-но-оу ғарышта сол бұлттардың арасында еміс-еміс көрінген құстар легін көресің.
Осы бір күндері менің де көңілім беймаза күйде еді. Денсаулығым жүдетіп, Есентуки ­курортына барудың қамымен бәйек боп жүргем-ді. Ақыры жазушылар одағында қызмет ететін Мәжит Сейфуллин ақсақал (Сәкеннің туған інісі) көмектесіп, жолдама емес, «Курсовканың» өзіне зорға қолым жетті. Соның өзіне мәз боп үйге қуанып келдім. Бар жайды Тиышқа апыл-ғұпыл айтып жатқанда есік қағылды. Лып етіп барып есік аштым. Әділбек! Жай ғана күлімсіреп тұр.
Қауқылдаса сөйлеп, жөн сұрастық. Әділбек «жақсы...жақсы» дей берді: шай үстінде байқадым, көңілі сынық. Қабағын кірбің шалған. Самарқау. Шуақты сезімге берілгенде, не болмаса жай ғана үйіре сөйлегенде жүзіне ду ете түсетін қызыл нұр жоқ. Жолы болмаған жолаушы секілді іштей таусыла сарылып, шай ішті. Бірдеме деп тіл қатуым ыңғайсыз. Тиыш екеуіміз бір-бірімізге көзіміздің астымен үнсіз ғана қарап қоямыз. Бізді бір мылқау сәт қинады. Осы отырысынан өзі тіксінді ме:  – Тиышжан, айналайын, мына ақбұйра шайың жаныма жағып барады, – деді зорға...зорға күлімсіреп.
Тиыш лып түрегеліп, коридорда дызылдап тұрған примустағы екінші шәйнекті алып келді.
– Ізетіңе құлдық, айналайын Тиышжан... ал, құя ғой ыстығынан, терлеп-тепшіп ішейік бір. Қырыс-тырысымыз жазылсын, – деп жымиғанда екі көзі бұлт арасынан шыға қалған күндей боп үй ішіне шуақ таратты.
Әділбек шайды рахаттана ішіп: – Балко­ның­ның тұсындағы мына бір жалғыз түп қайың... өзі жап-жас. Балбырып тұр. Осы қайыңға Мұқағали да қатты қызығыпты. Өзің отырғыздың ба? – деді.
– Бұл үй – ЦК Комсомолдың ескі үйі. Тіпті қала Верный боп тұрғанда салынған болу керек, кім біледі, о баста әскери казарма, әлде жатақхана болды ма, астыңғы қабатта да, үстіңгі қабатта да бір-бір бөлмеден... пенде шіркіннің отбасында қанша жаны болса да, амал жоқ, бір бөлмеге тығылып, ұйлығып өмір сүріп жатқан жайы бар. Ал, мына қайың бізден бұрын отырғызылыпты. «Менің қайыңды сүйетінімді қайдан білген, жарықтықтар» деп күлісеміз кейде, – дедім отырыстың әуенін жеңілдеткім келіп.
Әділбек: – Шықпайды неге есімнен,
 Осынау қайың мүсіні? – деді күбірлеп.
Сөйтті де дәйім жылтырата тарайтын тып-тығыз қайратты шашын сүйріктей саусағымен шалқасынан сыйпай жатқызып, әлденені есіне түсірген жанша тағы да құбыла қалып, қызғылт-сары жапырағы судыраған қайыңға бұрыла қараған күйі: – «Ақ қайыңды» ойнашы. Тек қана пианино сөйлесін, – деп үнсіз түйілді.
Мен түрегеп барып, пианиноның қақпағын ашып, «Ақ қайыңды» ойнай бастадым.
Әділбек: – Жайлап...ақырын,– дей берді көзін жұма тас мүсін боп қатып, – тоқтама... ойнай бер...
«Ақ қайың» ойналып жатқанда Әділбек:
 Жас ару, неге, неге сөнді шамың,
 Мәз көріп жатырсың-ау түн құшағын.
 Төгіліп толқын шашың ақ жастыққа,
 Жарым ба, періште ме – кімге ұсадың?
 Жатырсың неге, неге жайбарақат,
 Бүркеніп кетті-ау жаудыр қос қарақат.
 Жұлдыз да қалғып-шұлғып бара жатыр,
 Жаныма дамыл қайда, қайда рахат! – деп асық жүректің алқынған лебіне сәл булыға кідіріп, іле ып-ыстық демінен:
 Бір елес түсіңе еніп мен боп кейде,
 Ашпай ма от құшағың «кел» деп бейне;
 Мазасыз ұйқы соққан жастық желі,
 Оятып жас жаныңды тербетпей ме?
 Шықсайшы есігіңнен сусып қана,
 Қарасын ажарыңа түн сұқтана.
 Сезді ме сенің келер сыбысыңды,
 Осынша не тыңдайды тыншып дала?

 Түн ауыр тұнжырайды, желпінбейді,
 Сыбырлап қайың сені келтір дейді.
 Гүл-дағы сағынды ма, қамықты ма,
 Жанары неге, неге мөлтілдейді.

 Көз тігіп сырлы түннің тұнжырына,
 Құлақ сап ақ қайыңның сыбдырына.
 Күлкіңді қоссайшы кеп сыңғырлаған,
 Күмістей әсем бұлақ сылдырына, – дейтін шумақтар легі ақтарылғанда мен де бас изей қоштап:
– Аяқталған жоқ, оқи бер... оқы! – деп жүрегім лүпілдеп кетті, әр нотаны еппен басып.
Әділбек шамырқана толықсып, балкон тұсында сарғайған қайыңға жалтақ-жалтақ қарап, тосын иірімге үйіріле қалған толқындай бөгелген өлең шумағын теңселе беріп:
 Сезім айдап, үмітке жетелетіп,
 Қалсақшы әлдеқайда жеке кетіп;
 Мойныма оралсайшы жібек болып,
 Тіземе қондырсамшы еркелетіп.

Талмаурап таң біліне талықсысаң,
Әлдиге бөлер еді-ау салып құс ән.
Ақ жүзің аймағымды нұрландырып,
Кеулімді самаладай жарық қылсаң.

Тыншыңды бұзбай, алып тынысты әрең,
Аялап алақанда түн ұстар ем.
Осылай арман шіркін алыстамай,
Кеудемде аз да болса тыныстар ең! – деп рахаттана мөлдіретті.
Әділбек маған «ойнай бер...ойнай бер» ­дегендей ым қақты. «Ақ қайың» ойналып жатты. Әділбек тамылжый толқып, сөйлей жөнелді: – Ішім босады. Жеңілдеп қалдым. Естен кетпейтін елес. Ә, дүние...ғарыштағы Айға ұмсынған көңілдің дәтке қуат ететін дәрмені осы сөз. Осының өзіне ет-жүрегім егіліп, еске алған сайын өзімді-өзім жұбатып:
Аққуым ең, айдыныма
Қонбай кеттің, не етермін!
Төбемдегі Айды мына,
Өзің деумен өтермін, – деймін де сабама түсем, көнем, төзем бәріне.
Жә, адамның қай арманы орындалып жатыр, бейопа дүние бұл. Таңғалсаңдар да, таңғалмасаңдар да кей кезде көкірегімнен еріксіз лықсып шығатын әлгі бір өлеңімдегі өзге түгіл өзімнен қызғанатын құпиям ана жаққа өзіммен бірге кететін тұңғиық сыр боп қала берсін, оны ешкім қозғамай-ақ қойсын... солай.
Ілия, сен мына Тиышжан келінге үйлендің, бақыттысың. Жеңгең Зағира екеуміз ­маусым айының алғашқы күндерінде Тастақта бір шалақазақтың үйінде болған сол тойыңа қатыстық. Әні, пианиноның үстінде тұр, біздің бар сыйлығымыз – гүл салатын сарғыш ваза...осында келген сайын көзіме оттай басылады. Бәрін айт та бірін айт, дәйім жүрегімді ұйытып, бүкіл өмірімнің лейтмотивіне айналған өлеңіме «Ақ қайыңдай» романс жазуың мен үшін өлмейтін, өшпейтін ескерткіш болды. Осы романс ұйытып жүргенде биыл шыққан жинағымды «Ақ қайың» деп атап, өзіңе деген ықыласымды білдірдім. Бұл – достығымыздың белгісі, бауырым! Екеуімізді осы екі «Аққайыңмен» табыстырған Мұқағали досыма да мың да бір рахмет! Ал, енді мен қайтайын... Ілия, сен «Ақ қайыңды» тап жаңағыдай етіп ақырын ғана ойнай бер... тоқтатпа...
Әділбек осылай деді де үйден шыға берді. Не сезді, білмеймін, Тиыш балконға шығып, сыртқа қарап тұрды. Бір кезде: – Әділбек аға тыңдап тұр, – деді.
«Ақ қайың» ойналып жатты...
***
Біз «Ақ қайың» үшін филармонияға жиі келетін болдық. Сол дағдымен бір күні Алтынбек, Күнсайын, Әділбек төртеуіміз түстен кейін филармония залында Бибігүлдің репетициясын көрдік. «Ақ қайың» Семен Коган айтқандай, Бибігүлдің «аққу әуезі» дерлік романсы болыпты. Соған көзіміз жетті. Таңғала тыңдадық. Бірдеме деуге үніміз шықпады. Бибігүл бізді жібек самалдай есілген тәтті үнімен аялады. Әуенмен сурет салып тұрғандай, көл жиегіндегі ақ қайың бірде ақ ару, бірде иілген қайыңның өзі... ән иірімі су бетіндегі жыбырлаған бала толқын сиқты көңілімізді тіл жетпес тылсым сезіммен желпіді. Репетиция біткен сәтте жүзі албыраған Бибігүл екі қолын балаша шапақтап: – Бұл – менің музам... менің романсым! – деп, күлімсірей сөйлегенде Әділбектің кірпігінде үзіле жаздап дірілдеген жалғыз тамшы тұрды.
Әділбектің тағдырында не болды, ол біз үшін бір тұңғиық құпия, байланысымыз сиреді... бірте-бірте мүлде тыйылды. «Ақботам» деп еркелететін жалғыз қызы Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебінде оқитын-ды. Менің Бауыржаным да осы мектепте. Мұнда әр кез келіп жүретін әдетім. Күздің күні еді, бір жолы Әділбекпен осы мектептің ауласында жүздесе қалдым. Жабырқау. Көңілі сынық. «Ақботама» келдім деді. Сөйтті де: – «Бүгінде Зағира екеуіміз бір өзеннің екі жағасы секілдіміз» деді. Бар жайды түсіндім. Жүрегім дір ете түсіп, іштей түйілдім де қалдым. Әділбек те ашылып ештеме демеді. Сөйтіп тұрғанда Ақботасы келді. Бетінен сүйіп, екеуі оңаша шығып, біраз шүйіркелесті. Әділбектің «Ботам, келем ғой... келем» деген сөзін естідім. Сосын ол маған қарай бұрылды.
Қас-қабақпен қалай ұғыныстық, білмеймін, Әділбекті жібергім келмеді, екеуіміз машинамен он бірінші шағын ауданда тұратын біздің үйге келдік. Әділбек Тиышпен күлімсірей амандасты. Біз залға өттік. Маған ә дегеннен: – «Ақ қайыңды» ойнашы деді, күрсіністі демін ішке тарта сөйлеп.
Мен үн-түнсіз пианиноға отырып жайлап қана ойнай бастадым. Әділбек салы суға кетіп, тұнжырады. Сол сәтте шай да дайын бола қалып еді, Әділбек «отырайық» дегендей өзі ыңғай білдірді. Шай үстінде мұңайған қалпы: – Ізеттеріңе құлдық. Сыйласқан жақсы күндер өтті ғой...өтті. Оның қадірін білем мен. Иә, иә... Мені біраз жоғалтып та алдыңдар. Ол жайымды не дейін...айналайын, Тиышжан, кейін Ілия түсіндіреді бәрін. Солай болды...пендеміз ғой, мен жайлы ойлана қалсаңдар бар айтар сөзім: 
«Ал!» дегенде, басқадан бұрын шаптым,
 Кейде, тіпті, орынсыз ұрыншақпын.
 Тұтанып сәл ұшқыннан жанам лаулап,
 Бойымда жалындаған жігер қаулап.
 Албырт жас, өз отыңа кетпе жанып,
 Дегендей болады өмір сабырлы ағып.
 Көңілім әлде неден оранды мұң,
 Мен онда қара түнек борандымын.
 Суықпын бұлтты сәтте бастан кешкен,
 Азынаймын, ұйтқимын астан-кестен.
 Мейірлі өмір тұрады күліп маған,
 Жаным жылып, әп-сәтте тынышталам.
 Шар тарапқа бойлайды көзім алыс,
 Дариядай шалқиды көңіл-ағыс.
 Жетегінде арындап басам аңқау,
 Аңғармаймын жолымда тұрса жар, тау.
 Өмір шіркін әйтсе де саспайды екен,
 Иір-иір жолға сап бастайды екен... Міне, осы сөз! Тағдыр маған қырын қарады. Алдағы күндерім болжаусыз...шаршадым. «Ақ қайың», «Салтанат», «Қыран», «Маржан», «Алыс көкжиек»...бұл кітаптарыма қоса, Лермонтов пен Блок, Ив.Франко жырларын аударған мехнатым ол өмірімнің рахатты сәті екен. Жүрегімнің лебі сол жырларда...
Осыдан кейін Әділбекті көре алмадық...
***
1984 жыл. Қаңтар айының он тоғызыншы жұлдызы. Алматының Шаляпин мен Правда көшесінің қиылысындағы тігіншілердің «АХБК» сарайында менің шығармашылық кешім болды. Бұл кешке қазақтың Құрманғазы атындағы Мемлекеттік ұлт аспаптар оркестрі, хор капелласы, қазақ радиосының эстрадалық-симфониялық оркестрі, камералық оркестр және елге белгілі он сегіз әнші қатысты. Концерттің орта тұсында КСРО Халық артисі Бибігүл Төлегенова «Ақ қайың» әні мен «Ақ қайың» романсын рояльдің сүйемелдеуімен жан тебіренте орындағанда зал іші сілтідей тынып, дүйім жұрттың ұйып тыңдаған сәті күні бүгінге дейін көз алдымда. Сол концерттен кейін Бибігүлмен жүздескенімде адамды жылы сезіммен үйіретін ибалы ізетімен толқи сөйлеп: – Сенің екі «Ақ қайыңың» тек қана менің әнім, оған сөз жоқ, ал кеше шығармашылық кешіңде жүз адамдық құраммен шалқытқан хор- капелласы орындаған «Еділ мен Жайығың», ол да менің әнім! Мен үшін ол жай ғана ән емес – ол да романс... Александр Алябьевтің «Бұлбұлын» бір әнші ән десе, екінші бір әнші романс дейді. Олай деуі әншінің өз қалауы. «Еділ-Жайығың» жөнінде менің түсінігім осы! Лайым, оны басқалар да мен сияқты айтып көрсін! Тіпті асырып та шырқасын. Классикалық ән халықпен бірге жасайтын рухани қазына ғой! – деді.
***
О, тоқтауы, толасы жоқ зымыраған мезгіл-ай...
Содан бері қанша уақыт өтті, «Ақ қайың» әні, «Ақ қайың» романсы радионың алтын қорында әр кез эфирден шырқалады. Концерттерде орындалады. Орындаушысы тек қана: «Бұл – менің әнім... менің романсым!» дейтін ұлы әнші Бибігүл Төлегенова!  

Илья Жақанов

1252 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы