• Ақпарат
  • 12 Мамыр, 2021

«Qyr balasy-нан» жеті кітап

Алматыда «Qyr balasy» қорының ­баспасынан «Алаш кітапханасы» сериясы бойынша жарыққа шыққан жеті кітаптың таныстырылымы болып өтті. 
Таныстырылым рәсімінде жас ғалымдардың құрастыруымен Алаш зиялыларының еңбектері мен олар жайлы ғылыми-зерттеу кітаптарының ресми түрде лентасы қиылды. Атап айтқанда, Ұшқын Сәйдірахманұлының құрас­тыруымен Алаш қайраткері, әдебиетші Абдолла Байтасұлының «Көркем әдебиет туралы», жас ғалым Елдос Тоқтарбайдың құрастыруымен Алаш арыстары Біләл Малдыбайұлының «Кенесары заманынан...» және Біләл Сүлейұлының «Үміт» кітабы, ал әдебиетшілер Заңғар Кәрімхан мен Әлібек Байбол құрастыруында Алаш мұғалімі Сейітбаттал Мұстафаұлының «Имам Ғазали» атты еңбегі оқырманға жол тартты. 
Сонымен бірге Заңғар Кәрімханның «Толағай» (Тарбағатай өңірінен шыққан Алаш арыстары туралы ­тарихи толғаныс) және «Қазақ ­тарихы. Инфографикалық ­деректер» атты зерттеуі, Ерден Нұрахметтің «Алаш ­арысы – Біләл Малдыбайұлы» атты маңызды еңбектердің таныстырылымы болды.   
Аталмыш шараға Сейітбаттал Мұстафаұлының жиені Айгүл ­Хасенова, Біләл Сүлейұлының немересі Жәнібек пен Зана Азат балалары, сонымен қатар алаштанушы-ғалымдар мен Алаш тақырыбына қызығушы жастар қатысты. 
Қор өкілдері Алаш зиялылары жерленген Жаңалық елді мекеніндегі Ата бейітке барып, шаһид кеткен бабалар рухына арнайы Құран оқып, дұға етті. Сондай-ақ болашақта Қазақстанның тәуелсіздігі мен азаттығы үшін шаһид кеткен 25 мың Алаш арысының кітабын шығару жоспары барын жеткізді.  

Н.БАТЫР

1381 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы