• Руханият
  • 12 Мамыр, 2021

«Әлиманың әні». Қазанғапқа күй арнаған Әлима ақын туралы

Заманында  Бесқала, Қоңырат еліне өзінің туған жеріне деген сағынышты  өлеңдерімен танымал болған, рухын ел сыйлаған  ақын апамыз Әлима Қабылқызының жарқын бейнесі (суреті) табылды. Сурет белгілі қазанғаптанушы, күйші, өнертану ғылымының кандидаты, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Абдулхамит Райымбергенов ағамыздың жеке архивінен алынып, алғаш рет жариялануда. 
Әлима Қабылқызы XIX  ғасырдың екінші жартысында Ақтөбе облысының Шалқар өңірінде дүниеге келген. Табиғаты әсем Ұлы Борсық құмының бір бөктері Жіңішкенің бойында балалық шағын өткізген. Әкесі Қабыл байлығы тасыған бақуатты адам болған дейді. Тегі Алшын, алты ата Әлімнен тарайтын Шекті руының Қабақ аталығынан. Бәйбішесі Байшым әжей руы қырғыздың Бәйімбет аталығынан, үлкен сары кемпір екен. Қабыл байдан үш бала:  Әлима  тұңғышы,  ұлдары  Әбді мен  Жапар.  Әбді  дүниеден ерте  озған, ұрпақ жоқ. Жапардан – немересі Бисен 1938 жылы қаңтар айында «байдың баласы» деген желеумен айдалып кетіп, содан хабар болмаған. Бисеннен – шөбересі Әпу  (1923-2002 жылдар )  Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері.

Ақын туралы, сталиндік зорлық-зомбылық ­за­­манының құрбаны, марқұм Оспан Мақатов (1909-1978 жылдар) ағамыз өзінің «Әлиманың әні» атты поэ­масында (Алматы «Үш қиян», 2006 жыл – 22-бет):
Он үште көзге түсіп қыздың бойы,
Жетісіп кәмелетке толды ойы.
Әрі әнші, домбырашы болды Әлима,
Өтпейтін ол жоқ жерде елдің тойы.
Бота көз, қиғаш қасты, ақ маңдайлы,
Әзілқой, өткір ойлы, жез таңдайлы.
Он саусақ ойнағанда пернелерде,
Ажары ақша беттің гүл жайнайды.
Қыпша бел, сұлу дене, бойы сұңғақ,
Айрықша көз тартатын болды сымбат.
Келісті сәмбі талдай кербез дене,
Аяғын басқан сайын еткен бұлғақ, – деп келтіреді.
Жарықтық, бір әңгімесінде: «Әлиманың тағдыры менің тағдырыма ұқсас» деген-ді. Себебі сонау 1937 жылы «Халық жауы» деген жаламен он жыл бас бостандығынан айырылып, Ресейдің ­Воркута жеріне айдалады. Еріксіз елден кеткені есіне түскенде қарағайдан жасалған домбырасын қолына алып, Әлима апасының мұңды өлеңімен өзін-өзі жұбатып, жанына жалау еткенін айтады.
Жалпы ақын турасында ертеректе және бертін келе баспасөз беттерінде жазылып жүрген әңгімелер аз емес. Онда Әлима ару өзі ұнатқан жігітіне қосыла алмай сол замандағы әйел теңсіздігінің құрбаны ретінде бейнеленеді және кейбір тұстарда түрліше топшыланады. Мысалы, Қоңырат елінен келіп еріксіз некелескен адамын «жасы келген бүкір Құрманбай еді» десе, келесі бірінде: «Бір жолы Қоңыратқа базарлап кеткен әкесі (Қабыл) сол жақта ұшырасқан бай саудагерге өнерлі қызын оңай қиып, көп әйелдің бірі ретінде бермекке келісіп келген-ді. Бұл жасы келген, бірақ орасан дәулетті Отарқұл атты оясыз, топас бай болатын»  деп келтіреді. Ал елдегі ұнатқан адамы Садық болса, келесі бір жазылымда Шора деп айтылады. Ақын ­1879-1890 жылдар аралығында туып, дүниеден озған тұсын 1897-1907 жылдар аралығында деп шамалайды. Соңын Әлиманың Қоңырат жеріне ұзатылып, қор болуымен, одан қайтыс болуымен байланыстырады. Ендеше, сараптау­шылар сол кездегі елдегі жалпы жағдайды нақты болмаса да жан-жақты қамтып, ойлап қалпына келтірмекші болғанын аңғару қиын емес. Әлима – сөзі жинаусыз, зерттеусіз қалған ақын емес. «Ақтөбе» энциклопедиясында «Әлиманың зары» – Әлима Қабылқызы шығарған» (170-бет) деп таңбаланған. 297-беттегі «Әлима» атты арнайы мақалада: «Әлиманың көптеген өлеңдері ел аузында әлі бар, бірқатары баспасөзде жарияланды» делінген. Яғни апамыз өз тарихын өзі өлеңмен таңбалап кеткен .
Назар аударайық: 
Аспанда бір жұлдыз бар Темірқазық,
Бәйгеден ат келеді баурын жазып.
Кешегі елден кеткен Әлима апаң
Жіберді туған жерге өлең жазып.
Біздің ел Жіңішкеден көшкен шығар,
Жағалай Жыландыға қонған шығар.
Қабекең Бәтекеңді бір жібермеді
Білместік баласынан болған шығар.
Малға жай айналасы Көкжиденің, 
Ата-анам жастайымнан көп биледің.
Қыз болып азғана күн көрген дәурен
Баяны болғаны жоқ боқ дүниенің.
Өтерін жастығымның біле алмадым,
Білгендер айтып еді, тіл алмадым.
Көңілі ата-анамның қалар-ау деп,
Ыржаңдап біреулермен күле алмадым.
Ақ қандай, жерім қандай, елім қандай,
Кермеқас болып тудық жазық маңдай,
Салқын үй, сапырулы қымыз ішіп,
Ішінде жатушы едік ұйқы қанбай.
Керуен кіре айдайды қатар-қатар,
Жолына Қоңыраттың шектім сапар,
Адамға асылық сөз бекер екен,
Әр жердің құдай салса дәмін татар.
Сарыойдың қамшым қалды қабағында,
Сұлудың бір белгісі тамағымда.
Аққудай шалықтаған Әлима едім,
Қор болдым Қоңыраттың шабағына.
Қамқа тон жарасады қалғығанда,
Құдай жар бола көрсін жаңылғанда,
Елімнен шыққаныма бір жыл болды,
Бәйтеке-ау, бір келсейші сағынғанда.
Жүк арттым көшкенімде қара нарға,
Зер салып кидім бөрік қамаларға.
Жолдаймын өлеңменен мұң-зарымды,
Сағынып ауылдағы балаларға.
Басында керегенің бөркім қалды,
Жайнаған гүл-шешектен көркім қалды.
Бұл күнде мен бір жүрген еріксіз жан,
Елімде жастығым мен еркім қалды.
Бұл күнде ата-анама налып жүрмін,
Бойымды көтере алмай талып жүрмін.
Жөнекей Байқадамнан елге қашып,
Сол жолы бозжорғаны зорықтырдым.
Жол шегіп Қоңыратқа Шыңнан астым,
Қалдың ғой обалына мендей жастың.
Күйеуге әкем берген көңіл толмай,
Сол үшін жарты жолдан кейін қаштым.
Еліме жете алмадым қашқанменен,
Құс болып ұшар едім аспанменен,
Ойыма үш қайнаса кірмеген ед
Баласын осылайша тастар деген.
Ауылым Қызылжардың жағасында,
Дұшпанның қалып жүрмін табасына,
Тілекті қыз сұраған құдай беріп
Шалқардың барар ма екем қаласына
Күйеуім ұрып-соғад «көнбедің» деп.
Өкінем ерте неге өлмедім деп,
Өкпемді, әке-шеше, саған айтам:
– Әлимаң зар жылауда келмедің, – деп.
Бұл өлеңді Қоңыратқа 1970 жылғы ақпан ­айында барған сапарында ел жырауы Емберген ақсақалдың аузынан қарт журналист марқұм Тілеужан Шойғарин жазып алған. 
Дегенмен, 2004-2007 жылдар аралығында «өлең авторы басқа адам екен» деген бірді-екілі адамдардың желбуаз әңгімелері газет бетінде белең алғаны елге мәлім. Жастай өмірден озды деген жорамалға жүгінген болуы керек. Онда: «Қабыл Қоңыраттан келіп жүретін әйелі өлген саудагер Құрманбайдан қалауынша алтын-күміс алып, қызының қарсылығына қарамай ұзатуға келісім береді» дейді... Әлима Қоңырат жеріне келін болып түсіп, алайда жаңа жағдайға көндіге алмай іш-құса болып, ақырында ауруға шалдығып қайтыс болады деседі. Қызының қайғысы қабырғасына батқан Қабыл байдың өтінішімен өлеңді Арыстан жырау шығарған екен дей келе, еңбегіне бір үйір жылқы бергенін де айта кетеді. Содан 2009 жылы жарық көрген «Шалқар» энциклопедиясында өлең авторы жырау Арыстан Рахметұлы деп таңбаланды(42-бет). Асығыс іс..? Сондағы мақсаты не..? Атам қазақ: «Өткелді тайыз деме, таяғыңды салып бойлат. Ісімді мақұл деме, ағайынға салып ойлат» деп қай-қайсысымызды да бей-жай қалдырмады, ақын апа­мыздың бағасын түсіріп тұрғандай ой қалдыр­ғаны анық. Зерттеу жұмыстары өздігінен сұранып тұрды.
***
«Шалқар аудандық «Шалқар» газетінің 2017 жылғы 30 қарашадағы санында жарияланған «Аспанда бір жұлдыз бар Темірқазық» атты мақалада, ұлт газеті «ANA TILI»-інің 2018 жылғы №4(1418) санында «Қоңыраттан жеткен ән» деген мақалада мынадай дерек келтіріледі:
 «Жақында Шалқар ауданындағы Бегежан Сүлейменов атындағы орта мектептің тарих пәнінің ұстазы Сәлима Ермекбайқызының 2000-жылдардың бас жағында жазып алған бейнетаспасына қолымыз жетті. Бейнекөріністегі 1923-жылы дүниеге келген Қабыл байдың шөбересі, Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Әпу Бисенұлы мен зайыбы Сағия Аманжолқызының (марқұмдар) Әлима апасының тағдырын баяндаған тамаша әңгімесіне куә болдық. Бұлар Бисеннің (Қабыл байдың немересі) 1938 жылы қаңтар айында «байдың баласы» деген ­желеумен айдалып кеткенін баяндайды, «содан хабар жоқ» дейді. Әпу: «14-15 жас шамасындағы ­баламын, жалаң аяқ, жалаң бас қаңғырып жүргенімде Көптілеу деген нағашым, руы Қаражон табын мені тауып алып, Арал арқылы пароходпен екі тәулік жол жүріп, Қоңыратқа алып келді. Сол жолы нағашымды армияға шақырған екен. Содан аудан орталығы Шер Мойнақтан Әлима апамды іздеп тауып алдық. Бойшаң, аққұбаша, қой көзді, 70 жасқа келген кемпір екен... Көрісіп жылады. Жездеміз Ниязбек те денелі ірі адам, руы Кішкене Шекті Татыран Күлік. Бөгенбай, Сәлік деген екі баласы бар. Бөгенбай бөлек үйде тұрады.Үйінде болғанмын, тауық сойып берді, бекіренің дәмін де сол жақта көрдім, кәсіптері бекіре аулау екен» дейді.
Тағы да: «Мен бір айдай апамның ауылында жаттым. Қыркүйек, қазан айлары болуы керек. Әңгімелестік, өлең туралы сұрағанымда: «Қарағым, өлеңнің уақыты болды ғой, үндеме, неғыласың» деді апам. Апамның барған жұрты да нар айдаған күйлі жер. Ат орнына аруана үлек атан мінеді екен. Біраз күндер демалған соң, артынып-тартынып, соңғы бір пароходқа отырып, елге қайттым. Апам шы­ғарып салды. Мен 1942 жылы соғысқа түстім. Әлима апамды соңғы рет көргенім сол жылы» дейді. 
Сәлима Ермекбайқызының: «Әлима апаның екі баласынан қалған тұқым бар ма?» деген сұрағына Сағия апа: «Оны білмедік, Бөгенбай өлді деп хат келді ғой» деп жауап берген» дейді.
Ендеше, ақын апамызды «жастай өмірден озды» деген әңгіме бекер болды. Артында ұрпағы барын, Қоңырат жеріндегі некелескен адамы «бүкір шал Құрманбай да, дәулетті бай саудагер Отарқұл да емес» Кішкене Шектінің Күлік руынан Ниязбек деп астын сызамыз. 
Өзбекстан Республикасының құрамындағы Қарақалпақстан мен Ақтөбенің арасы біз үшін жолы алыс жердін бір қиыр шеті десе де болады. Жігі ажырамаған қалың жұрттың арасынан Әлима ападан қалған ұрпақты іздестіруді өзі бір мая шөпке түскен инені іздегендей болып көрінді. Дей тұрғанмен, әр нәрсенің де өз иесі, жоғарыдан назарын салып тұрған жебеушісі де бар шығар деймін. 2018 жылдың қысы өтіп, жаз шыға қызмет бабымен Маңғыстау жеріне ауысып, Қоңырат еліне де біртабан жақындадым. Маңғыстау бекетінен шығып Бейнеу арқылы Нүкіске қатынайтын жолсеріктер Жанұзақ Өтесінов пен Қуанышбай Елдібаев ­деген азаматтарға өтініш айтып ақын апамыздың ұрпақтарын іздестіру жұмысына көмек сұрағанмын, нәтижесінде аудандық «Шалқар» газетінде, ұлт газеті «Ana tili»-де «Әлима ақын ­туралы аңыз бен шындық» атты мақала жарық көрді. Онда: ­«Сонымен, алдын ала бағыт-бағдарымызды жобалап алған соң, мамыр айының 12-і күні Жәкең (Жанұзақ пен Қуанышбай) Нүкіс бағытына жұмыс сапарымен жүріп кетті. Игілікті іске ішімізден сәтін салғай деп тіледік. Әлима ақын туралы тың деректер табылуы әбден мүмкін деген ой осы күндер аралығында ­санамыздан бір кетпей қойды. Сәті түскенде арада екі тәулік өткен соң, яғни 14 мамыр күні Жанұзақ ­бауырымыздан жақсы хабар келді. Онда «Қоңырат локомотив депосының техникалық бөлімінде қызмет жасайтын Ешниязов Сұлтанай Үргенішбайұлы деген 1955 жылғы тумаңыз табылды» делінген. Әлима апаның Бөгенбай (1898-1968 ж.) дейтін баласынан үш қыз қалған екен, үлкені ­Сарбеке 1928 (1926 жыл артынан анықталды) жылғы, қазір Қазақдарияда, кенжесі Ұлмекен (Бөгенбайдың екінші кемпірі Тлеулиева Зағипадан 1917-1970 жылдары) 1947 жылғы, Мойнақта тұрады екен. Сол ортаншы қызы Шолпанның (1932-2009 жылдары ) үлкен баласы».
Қоңырат елінде жүргізген жұмыстарымыз нәтижелі болды. Көптеген деректер табылып, ақын ұрпақтарының әр кезде түсірілген суретін алдық. Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей әсерде қалдық. Көп ұзамай, 2018 жылы қазан айының бірінші жұлдызында ақын апамыздың асыл сүйегі жатқан Бесқаланың «Тоғызтөре» қорымындағы бейітіне «Жарас мерген Пұсырманұлы» қоғамдық қорының атынан белгітас қойдым. Осындай ізденіс нәтижесінде Әлима Қабылқызының жарқын бейнесі жарыққа шығып, шексіз кеңістік алдымыздан ашылғандай болды. Абдулхамит ағамызға алғысымыз шексіз. Атақты Қазанғап күйші «Әлиманың бозжорғасы», «Бозторғай» атты еңбектерін ақын апамызға арнаған екен. Күй нотаға түсіріліп тарихы жазылыпты, жақын арада ағамыздың үш томдық кітабы шығады деп күтілуде. .
Көзі қарақты оқырман қауымға ризашылығымды айта отырып, ортаға ойларын салып пікір бөліседі деп күтемін. 

Мұздыбай СӘҢКІБАЕВ, 
өлкетанушы 
Ақтөбе

1814 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы