• Қоғам
  • 20 Мамыр, 2021

НАМЫС ЖЕҢДІ

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ         
«Ana tili»

Қалың қазақтан сүйінші сұрап, ұлт болып шындап қуанатын жаңалық. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ жері шетелдіктерге сатылмайды, жалға да берілмейді деп ап-анық жазылған заңға қол қойды. Ұлт болып қуанатын деп көтеріңкі сөйлеп жатқан себебіміз, жер қай-қашанда кез келген мемлекеттің ең жанды тұсы. Ұлтарақтай жер үшін ұлы қырғындар болған. Бұл ретте қақсал тарихқа үңілсек, ғұндардың ұлы билеушісі Мөде қағанның әрекеті еске түседі. Белгілі аңыз болса да маңызы үшін қайталап айтайық. Жастардың есінде қалсын. Көрші елдің көсемі қағаннан алдымен жүйрік атын, сосын сұлу әйелін сұрайды. Ол екеуін де қаған тартынбастан береді. Соңында бір шеттегі қу мекиен жерін сұрағанда, «Жер – мемлекеттің негізі» деп ашуланған қаған атқа қонып, сұрамшақ көршісінің елін басып алады. Яғни жер мемлекетке негіз ғана емес, ол азаматына намыс. Сол намыс жеңді. Осы ақиқатқа бергісіз аңызда, мәңгілік есте ұстамаса болмайтын ұлы ұлағат бар. Ол ұлағат – жерсіз мемлекет болмайтыны.

Сөйтіп, Президентіміз өзі бастама көтеріп, биылғы 25 ақпанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде саяси шешімін мәлімдеп, міне, күні кеше аталған заңға қол қойды. Жер мәселесінде азаматтық ұстанымын, отаншыл ­рухын анық ­танытты. Бәрекелді! Байқай білген адамға бұл істе де сабақтастық бар. ­Алдымен Тұңғыш Президентіміз ­Елбасы шекарамызды айналдыра түгелдей шегендеп шықты. Ондай аса маңызды шаруаны кейінге қалдырған бұрынғы КСРО құрамында болған елдердегі, адам өліміне жеткізіп жатқан шекаралық қақтығыстарды көргенде, өз еліңдегі тыныштыққа еріксіз тәубе дейсің. Ал қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы тіпті бейресми әңгіме демей, Ресей Думасы депутаттарының арандатушылық мәлімдемелеріне де «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында саяси тойтарыс берді. Жер мәселесінде ұсақ-түйек болмайтынын ескерген ықтияттылығына разы боласың. Бұл жан жадыратар ақжолтай жаңалықты, жер десе елеңдеп отыратын халқымыз өте жылы қабылдады. ­Зиялы қауым, депутаттар бірден қолдады. Сондықтан газетіміздің үшінші бетінде  белгілі аза­маттардың пікірлерін де ұсынып отырмыз.

Президент тарапынан шетел­дік­терге жерді сатуға, жалға беруге біржола тыйым салынғаны айтыла жүрер елеулі оқиға болғаны анық. Ал өз азамат­та­ры­мызға жекеменшікке беру немесе бермеу, ол басқа мәселе. Дегенмен, тікелей жерге қатысты болғасын, бұл ба­ғыттағы қадау-қадау мәселелердің де тағы бір мәрте басын аша кеткенді жөн көрдік.

2003-2015 жылдары еліміздегі ауылшаруашылық жері жеке адам­дарға, заңды тұлғаларға ұзақ мерзімге (49 жылға) жалға берілді, сатылды. «Жер кодексінің» кейбір баптарына 2015 жылы енгізілген мораторий, жақында жер комиссиясының шешімімен қайтадан бес жылға ұзартылатын болды. Енді бес жылдан кейін не істеу керек деген сауал күн тәртібіне шықты. Бес жылдан кейін 2003-2015 жылдары жер иеленгендердің (оның ішінде латифундистер де бар)  иелігі сол қалпы қалдырыла ма? Әлде мемлекет қайта қайтарып алып, жерге иеліктің нақты бір шегін белгілеп (мысалға, әр шаруашылыққа жүз гектардан дегендей), қайта үлестіре ме?

Жалпы жерді жекеменшікке беру керек пе, жоқ па? Әлде Израиль секілді елдердің тәжірибесін негізге алып, ауыл­шаруашылық жерін түгелдей мемлекет меншігінде қал­дыру дұрыс па? Яғни жарамсыз болуы мүмкін жермен жеке адам (кә­сіпкер) айналысуы неғайбыл, сон­дықтан мемлекет айналысса.

Жетіспейтін анау-мынау емес, 32 млн гектар жайы­лымның мәселесін қалай шешкен абзал?
 Жер комиссиясының отырыстарында көтерілген; фермерлер үшін жердің кепілдік бағасын өсіру, әр ауылдың жер салығын тікелей сол ауылдың бюджетіне түсетін ету, кімнің иелігінде қанша жер бар, яғни жер кадастры ашық болуы секілді түйткілдерді қазірден ойластырып реттей бастаған жөн емес пе? 
Он жүздік жер алуға кезекте тұрған 1,5 млн азамат бар. Оларға инфрақұры­лымы жоқ аумақтан жер берілсе, бүгінде телеарналардан күнде айтылатындай ауызсуы, жарығы жоқ ауылдар тіптен көбеймек. Сондықтан қайтпек керек?
Барлық облыстарға ғарыштық мониторинг жасап, пайдаланылмай бос жатқан жердің көлемін анықтап, ол туралы жұртшылықты хабардар ету де аса маңызды.
Жерімізді улап жатқан Ресей полигондарын да айтпай кете алмаймыз. Ол аз-маз емес, бақандай 8,6 млн гектар. ­Демек, қасиетті жеріміз туралы біз әлі талай толғанатын боламыз.

Смағұл Елубай, жазушы

БҰЛ ЗАҢДЫ  КӨПТЕН КҮТКЕН ЕДІК

Жер мәселесі – халықты алаңдатпай қоймайтын мәселе. Прези­дентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев сол мәселені шешті. Құжаттың тарихи маңызы аса зор. Өйткені қазақтың жеріне көзінің сұғын қадап отырғандар аз емес. Мұндай жағдайда жерді сату немесе шетел­діктерге жалға беру өте қауіпті. Неге дейсіз ғой. Мысалға, Қытай Қазақстан жеріне 56 зауыт саламыз деп жатыр. 56 зауытпен бірге елу алты мың қытай келмесіне кім кепіл? Қазір ол елде 34 млн бойдақ еркек бар. Яғни үйленетін қыз таба алмай жүрген жігіттер. Олар Қазақстанға келсе, біздің отырып қалған қыздарымызға іздегенге сұраған болмай ма? Олардың көктен тілегенін жерден береміз. Күйеу балалар еліміздің азаматы болып оп-оңай қалып қояды. Меніңше, Қытай секілді алып елмен бүйтіп ойнауға болмайды. Ондай саясаттың әр қадамы Қытайдың пайдасына шешіледі. Ол бізге қарағанда тәжірибелі ел. Алаңғасарланып олардың ақшасын алсақ, сол қаржының артында біздің болашақ ұрпағымыздың тағдыры тұруы мүмкін. Қарызды сылтауратып шетелдіктер жерді иеленуі ғажап емес. Сондықтан жерді жалға беруге де, сатуға да қарсымыз. Содан да бұл заңды көптен күткенбіз. Енді ары қарай да Тәуелсіздігіміз баянды болуы үшін осылай сақ қимылдап, заңды қатайту қажет.

Динар Нөкетаева, ҚР Парламенті Сенатының 
депутаты

АУМАЛЫ-ТӨКПЕЛІ ЗАМАНДА АСА ҚАЖЕТ ҚҰЖАТ

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саяси шешім қабылдап, заң жобасын Парламентке енгізген болатын. Жоба екі палатада да жан-жақты қарастырылып, талқыланды. Жер шетелдік жеке және заңды тұлғаларға, азаматтығы жоқ адамдарға берілмесін делінді. Бұл қазіргідей аумалы-төкпелі заманда аса қажет заң. Соны Президентіміз тап басып отыр. 
Ал өз азаматтарымызға қатысты жер комиссиясының шешіміне орай, «Жер кодексінің» жекелеген баптарына 2015 жылы жарияланған мораторий тағы бес жылға ұзартылатын болды. Бұл жерде мына мәселелерді ескерген абзал. Әуелі жер қатынастарына қатысты заңнамалық-құқықтық базаны түгелдей түбегейлі сараптауымыз қажет. Ол бүгінгі уақыттың талаптарына жауап бере алатындай әмбебап болуы тиіс. 2003-2015 жылдар аралығында жер сатылды, жалға да берілді. Субаренда дегенді де көрдік. Нәтижесінде жер азып-тозып, жарамсыз жерлер көбейгенін мамандар анықтап, дабыл қағуда. Демек, ақылмен қарап, жеті рет өлшеп, бір рет кескен жөн. Себебі жер ең басты байлығымыз, құндылығымыз. Жер – анамыз. Бес жыл да ұзақ уақыт емес. Ойланайық. Ақылдасайық. 
Иә, жер дегенде Байқоңыр ғарыш айлағын Ресейге жалға беріп отырғанымыз да еске түседі. Байқоңыр әлем тарихында ғарышқа алғаш адам ұшқан космодром ретінде қалады. Сол жерден ғарышқа ұшқан Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетовтер біздің мақтанышымыз. Ол Байқоңырдан қазақтың көрген пайдасы. Стратегиялық маңызы аса ауқымды сол құрылымды және өзге де жерлерді Ресейге жалға беруіміз, сол елмен мәңгілік достық туралы келісімшартқа байланысты деп ойлаймын. 
Жер комиссиясының отырыстарында кейбір азаматтар, жер комитетін министрліктің құзырынан алып, тікелей Президенттің қарамағына беру керек десті. Барлық өкілеттіліктерді Президенттің мойнына артып қою, меніңше, артығырақ. Мемлекеттік органдарда отырған азаматтар да сенім артылған мемлекеттік қызметкерлер. Осы елдің ­патриоттары. Олар жерді талан-таражға салады деген ойдан аулақпын. Мемлекеттік органдарға, әкімдерге сенімсіздік таныта берсек, сонда кім жұмыс істейді? Олардан мін іздей бермеу керек. Әрине, құқықтық шектерден аттаса, заң ­алдында кім де болса жауап береді.

 

Сұлтанбек Мәкежанов, 
ҚР Парламенті Сенатының депутаты

ҚҰПТАРЛЫҚ ШЕШІМ

Баршамызға белгілі, көптен бері біздің елдің азаматтары үшін жер мәселесі төңірегіндегі туындаған, жанға батып жүрген дау өзекті болып келген. Себебі соңғы бес жыл ішінде көтеріліп, шешімін таппай, халықты алаңдатып жүрген пікірталастың бірі болып табылады.
 Президентіміз Қасым-Жомарт КемелұлыТоқаевтың шетелдіктерге ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді сатуға және жалға беруге толық тыйым салу туралы саяси шешімі өте құптарлық және жан-жақты қолдау табатыны сөзсіз.
Заң жобасындағы 48-баптың 2-тармағын алып тастау туралы Сенаттағы әріптестерімізбен бірге ұсыныс енгіздік.
Қазақ жері шетелдіктерге сатылмау керек. 

 

 

1745 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы