• Ақпарат
  • 27 Мамыр, 2021

Бұқаралық диктант жазу басталды

Кеше Алматыда «Тұран» университетінің ұйытқы ­болуымен бұқаралық диктант жазу басталды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Тіл – достықтың алтын көпірі» республикалық білім беру онлайн-акциясының басты мақсаты – тіл мәдениетінің, сауатты жазу мәдениетінің деңгейін көтеру, мемлекеттік тілге құрметті арттыру, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту.

Баспасөз конференциясында сөз алған «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанов: «Қазақ тілінен диктант жазу – әр адамның жауапкершілігін, мемлекеттік тілге жанашырлығын арттыра отырып, сөйлеу, жазу мәдениетінің, жалпы тіл мәдениетінің деңгейін көтеруге әсер етеді деп ойлаймын. Тек Қазақстанда ғана емес, ­Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және т.б. шетелдегі бауырларымыздың, қазақ тілін үйренгісі келетін өзге ұлт өкілдерінің де қатысуына ­болады, ешқандай шектеу жоқ» деп, қазір мектеп, колледж, ЖОО-да оқитын студенттердің жетпіс пайыздан астамы қазақ тілінде оқитынын, қызметте жүргендердің 70%-ы қазақ мектебін бітіргендер екенін атап өтті, болашақта өзін тексеру үшін емтиханға он мыңдаған, жүз мыңдаған, тіпті миллионға жуық адам қатысады деген сенімде екенін айтты.  
Алматы қаласы әкімі аппараты Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығының басшысы Мамай Ахетов мемлекеттік тілді білу өз алдына, сауатты жазу мәселесі күн тәртібінен түспеу қажеттігін, көпшілігі пунктуациялық ережелерге назар аудармайтынын, журналист, т.б. қай саланың маманы болсын оның жазуы бойындағы жауапкершілігінің көрсеткіші екенін атап өтті. «Диктант жазу бір жағынан шамамызды, бағытымызды байқау болса, екіншіден, әлеуметтік зерттеу, яғни бүгінгі таңдағы деңгейіміздің қандай екенін көрсетеді» деді ол.  
Аталған іс-шара барысында филология ғылымының кандидаты, фантаст-жазушы, диктант мәтінінің авторы Нарбин Кенжеғұлова, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары Сәрсенбай Құлманов, Алматы қаласы әкімі аппаратының Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығының бас маманы Нұрмұқа Шаймерденов, «Тұран» университетінің Журналистика және аударма кафедрасының доценті Гүлжан Төлекова және т.б. сөз сөйлеп, құлақпен есту, қолмен жазу арқылы сөздің қадірін, тілдің қадірін меңгеру жай ұйымдастырылып жатқан бір күндік, науқандық шара емес, маңызы зор екенін тілге тиек етті.
Жоба бір ай ішінде өтеді, диктант жазу, филологтың диктант­тағы ең қиын жағдайлар мен жиі кездесетін қателіктер туралы пікірі, диктант мәтінінің авторымен шығармашылық кездесу, үздіктерді марапаттау секілді бірнеше бағыттан тұрады. 

Бағдагүл Балаубаева
 

1926 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы