• Ақпарат
  • 03 Маусым, 2021

Текелінің болашағы зор

Астасқан аспанменен асқарлары,

Секілді жер мен көктің баспалдағы.

Табиғат құдіретімен қиысып кеп,

Қаланған ескерткіштей тастан бәрі.

...Қаймақтай қазандықта қалған қатып,

Текелі тауларының қорғасыны, – деп Сырбай Мәуленов жырлаған Текелі тауларына қанша қарасаң да көз тоймайды.

Кербез де паң, көркем табиғат алыстан мен мұндалап, тамсанған жанды құшағына алады. Ауыл ақсақалдарының айтуынша, кезінде бұл жерде «сақалын таудың самалына желпінтіп, жартастың ұшар басында қасқайып тұратын таутеке» көп болғандықтан Текелі атанып кеткен. Табиғаты тылсым өлкенің көркіне көрік қосып, Қора, Шажа, Текелі өзендері сылдырай ағып, сарқыраған Қаратал өзеніне қосылады. Атақты Бұрқан бұлақ сарқырамасы жайлы аңыз елдің есінде болар. Соғыста жауға қарсы атылған әрбір сегізінші-тоғызыншы оқ Текелінің қорғасынынан жасалған деген пікір айтылды. Кезінде Текеліде ірі комбинат болған. Он екі цехы бар комбинаттың әр цехы зауыт секілді үлкен болған деседі тарихтан сөз саптағандар. Қалай болғанда да, тарихқа бай өлке құпия жұмбаққа толы.

Бүгінгі Текелінің келбеті қандай? Көне шаһарды көркейту, туристерді тарту, ішкі туризмді дамыту мәселелері қалай жүргізіліп жатыр?

Бұл тұрғыда Текелі қаласының әкімі Батыр Молдахметов көне шаһарды дамытып, көркейту жолында көптеген жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтіп, қала экономикасын көтеріп, дамытудағы басты бағыттың бірі туризм саласы екеніне назар аударды. Текеліні туристік ХАБ ретінде қалыптастыру үшін «Urban Style» компаниясының өкілдерін шақырып, олар келіп көріп, арнайы шешім шығарғанын тілге тиек етті.  Smart City, яғни ақылды қала жүйесін енгізу жоспарланып отырғанын жеткізді.

«Қала бойынша тач скрин жүйесі бар интерактивті ақпараттық жабдықты орналастыруды және Бұрхан бұлақ сарқырамасына дейінгі барлық туристік бағыттар бойынша free Wi-Fi тегін интернетпен қамтамасыз етеміз.

Туризмді дамыту мақсатында қала аумағында 4 учаскені абаттандыруды жобалау басталды. Олардың біріншісі – LED-экран, тач скрин функциясы бар интерактивті-ақпараттық жабдық, полицияның модульдік посты, сауда павильондары, аялдама, тұрақ және санитарлық тораптар орнатумен қалаға кіруді (ауданы – 0,9 га) абаттандыру. Екіншісі – жаяу, вело-туризм, мото-туризм, қысқы спорт түрлері, парапланеризм, құзға шығу бойынша федерацияларды орналастыруға арналған 1 гектар көлемдегі аумаққа орналасқан модульдік үй-жайлары бар «Горняцкий» шағын ауданындағы жер учаскесін абаттандыру, сондай-ақ гидтер мектебін орналастыру жоспарланған. Үшіншісі – Қора өзеніндегі жарты гектарлық жердегі Бұлақты абаттандыру. Қора шатқалы бойымен Бұрхан бұлақ сарқырамасына дейінгі туристік маршрутты отандық және шетелдік туристерге насихаттай отырып, Будда тасы мен ежелгі петроглифтерге бару арқылы шағын сәулет нысандарын орнату. Төртіншісі – Текелі аумағында республика бойынша ең ұзын көше – Дінмұхамед Қонаев атындағы көшені (ұзындығы – 38 шақырым) абаттандыру» деді Б.Молдахметов.

Шаһар басшысының айтуынша, жазда табиғаттың таңғажайыптарын тамашалауға күн сайын 200-300 турист келеді екен. Елдегі пандемияға байланысты қаладағы туристерді қабылдайтын жеті қонақүй Ashyq жүйесіне қосылған. Болашақта тау шаңғысы базасын ашу көзделіп отыр, бүгінгі күні ол жерге электр қуатын тарту мәселесі қарастырылуда. Текеліні дамыту, оның ішінде ішкі туризмге мән бере отырып, сырттан турист тарту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға сәттілік тілейміз!

Айта кетерлігі, аталған іссапарды Алматы облысының әкімдігіне қарасты «Жетісу медиа» орталығы ұйымдастырды.

Бағдагүл Балаубаева

 

 

 

 

 

1823 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы