• Руханият
  • 10 Маусым, 2021

ДОСЫМ ЕДІ ЖАСТАЙЫМНАН ЖАН СЫРЫМДЫ БӨЛІСКЕН

Қаралы хабар денсаулығы мықты адамның өзін есінен тандыра жаздайды. Ауруханада жат­қан маған Нұр-Сұлтаннан суыт жет­кен: ­«Жұма-Назар Сомжүрек қай­тыс болды» деген сақылдаған сары аяздай суық ­хабар ту сыртымнан ­қа­далған найзадай болып, бір сәт есімді жия алмай есеңгіреп қалдым. «Короновирус» дейтін тойы­мы жоқ тәж тажал тағы бір аяулымызды Жұмаш досты арамыздан алып кетті.

Күні кеше – осыдан екі апта бұрын ғана Нұр-Сұлтаннан телефон шал­ған қаламдас-тағдырлас дос қайран Жұмекем: «Жаңа жыр жинағын жазып, қолжазбасын саған жібердім. Компьютеріңді қарап оқып пікіріңді айтарсың» деп еді. Арада апта өтпей ауруханаға түсті. Енді, міне, қаралы, қайғылы хабар....

Қаралы қалам қалтырап,

Жаралы жүрек жылап тұр....

Жұма-Назар Сомжүрек менің бала кезден тай-құлындай тебісіп, бірер күн көрмесек сағынып көріскен, ­жастайымнан жаны ­сырымды бөліскен досым еді. Ол сан қырлы талант еді. Өзі де ұстаз болған оның педагогика тақырыбына жазған еңбектері бір төбе, ауылдың күрмеуі қатты күрделі проб­лемаларын көтер­ген еңбектері бір төбе. Негізгі еңбегі – шығармашылық. Ол өте ­талантты, аса еңбеккер еді. Өзі ақын ол ­поэзия­ны талдағанда ­Қа­ратаевтан да, ­Белинскийден де кем түспейтін. Осыдан бірер жыл бұрын жарық көрген екі томдық жыр жинағы бүгінде өлеңсүйер қауымның сүйсініп оқитын сүйікті кітабына айналды.

Тұратын дәйім жаңғырып,

Бұл өмір емес мәңгілік.

Биопа мына жалғанда,

Бақұл боп кетер адам да, – деген әл-Фараби сөзін еске алып, өзімді өзім қанша жұбатсам да қайғының уы қайтар емес. Қайтейін? Өзім жылап отырып, Жұмаш достың жанып сүйген жан жары Айзадаға, аяулы перзенті ­Баубекке қайғыларына ортақтасып көңіл айтамын.

Халық барда қаламгер өлмейді. Жұмаш достың өзі өмірден озғанмен оның екінші өмірі – шығармашылық өмірі жасай береді.

Қош, қоштасуға қимайтын қайран дос!

Сәбит ДОСАНОВ

 

1907 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы