• Cұхбаттар
  • 10 Маусым, 2021

ҚАЗАҚ ТІЛІН БІЛУ – МІНДЕТ

Тіл – қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Ол – достықтың кілті, ынтымақтастықтың бас­тауы. Сондықтан болар, көптеген ұлтты бауырына басқан елімізде жүзі басқа болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір, атасы басқа болса да Отаны бір жандар жетерлік. Солардың бірі – қазақ тілін туған тіліндей меңгерген­ ­Полина Готфридтің есімін мақтанышпен айтуға болады. 

– Полина Готфрид, өзіңізді жақынырақ таныстыра отырсаңыз.

– Киелі мекен Қаратал өңірінде, қарапайым отбасында дүниеге келдім. Үйде бес қызбыз. Асқар тау әкем мен аяулы анамның сүт кенжесімін. Балалық шағым осы киелі мекенде өтті. 9-сыныпқа дейін Үштөбе ауылындағы №13 орта мектептің қазақ сыныбында оқыдым. Бүгінде Текелі кәсіптік колледжінде сандық ақпаратты қайта өңдеу мамандығы бойынша білім алып жүрмін. Ұлтым неміс, бірақ өзімді қазақ деп сезінемін. Әр адам өзінің шыққан тегін, ата-бабасын, яғни қазақша айтсақ, «жеті атасын» білуі қажет. Қазақ жерінде дүниеге келгендіктен, осы жасыма дейін қазақ тілін жетік меңгергеніме қатты қуанамын. Себебі кез келген ортада, кез келген ізгі шараларда тіл білгендігімнің пайдасын көріп жүрмін. Қазақ жерінде туып, қазақ топырағында өсіп-өнгеннен кейін Қазақстаннан басқа Отаным жоқ.

– Қазақ тілінде жақсы сөйлейсіз. Қазақ тілін қалай үйрендіңіз?

– Халық пен тіл – егіз ұғым. Бірінсіз бірі жоқ. Сондықтан қазақ тілін Қазақстанның әрбір азаматы білуге тиіс деп ойлаймын. Тиіс қана емес, білуге міндетті. Маған қазақ тілін балдырған шағымнан әкем Александр Готфрид үйретті. Дана халқымыз «Сәлем түзелмей, әлем түзелмейді» деп текке айтпағанын үнемі айтып жүретін әкем менің алғашқы үйренген сөзім «Сәлеметсіз бе?» болғанына қатты қуанды. Бұл тәрбие жолын да қазақ бір ауыз сөзбен-ақ «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп түйіндей салатын. Отбасымызда барлығы қазақша сөйлеп, қазақ мектебінде оқығаннан соң, 9 жасымда қазақша еркін сөйлей бастадым. Отбасым, ортам қазақ тілді болған, соң мемлекеттік тілде сөйлеуді тез үйрендім. Тіл – таусылмайтын байлық емес пе?! Қанша тіл білсең, өзгеден сонша кез биіксің. Десе де, әр адам әуелі туған елінің мемлекеттік тілін, тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін  білуге міндетті деп ойлаймын. Өзім Қазақстанда туып-өскеніме, осы елде білім алғаныма ерекше қуанамын. Әсіресе түркі тілдерінің ішіндегі ең бай қазақ тілінде сөйлегеніме разымын. Өйткені қазақ тілі  жүрегімнің дүрсілі. Әлі күнге дейін қазақша үйретіп, қазақ мектебіне оқуға берген ата-анама алғысымды айтамын. 

– Өзіңіз араласатын достарыңыз қазақша сөйлей ме?

– Әрине. Пікіріміз үндес достарым көп. Кейде қазақтар бізге орысша сұрақ қойса, қазақша жауап қайтарсам: «Қазақша сөйлейсің бе? Орыс емессің бе?» деп таңырқап, сұрақты қарша боратады. Менің ойымша, елімізде өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдерінің қазақша сөйлегеніне таңданыспен қараудың қажеті жоқ. Тіл білу біздің парызымыз әрі міндетіміз. Менің өзге ұлт достарым да осы пікірді қолдайды. Бір өзге ұлт болса соның тілінде сөйлеуге тырысамыз. Керісінше, қазақ тілін үйретіп, дос болып аралассақ әлдеқайда жақсы болар еді. Мемлекеттік тілдің мәртебесі артсын десек, бәріміз қасиетті де қастерлі тіл аясында ұйысуымыз керек.

– Осынау пікіріңізден кейін тіл меңгеретін жастар қатары артады деген сенім мол. Жалпы тіл байлығын, сөздік қорды молайтудың жолы – кітап оқу. Бүгінгі таңда сіз қазақша қандай кітап оқып жүрсіз?

– Көбіне қазақша кітап оқығанды, қазақша ән тыңдағанды жақсы көремін. Себебі кітап оқу арқылы сөздік қорың көбейеді. Әсіресе поэзияны сүйіп оқимын. Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерінен өзімді көремін. Қиналған сәтте поэзия әлеміне саяхат жасаймын. Сонымен қатар қазақ жазушыларының кітаптарын оқығанда мақал-мәтел, даналық сөздерді қойын дәптеріме түртіп қойып, кейін жаттап алуға тырысамын. Бос уақытымда тіл жаттықтыру үшін қазақ тіліндегі бағдарламаларды, киноларды да қарауды негізгі әдетіме айналдырғанмын.

Әр адамға туған жері бәрінен де қымбат, ерекше ыстық қой. Себебі кіндік кескен жеріңде өсіп, суын ішіп, ауасымен тыныстайды, табиғатымен біте қайнасып адам болып қалыптасады. Мен үшін де ұлан-ғайыр даласы, тұмса табиғаты бар Қазақстаннан асқан сұлу жер жоқ. Жеті өзені бар Жетісу жері тіптен жұмақ мекен. Сондықтан болар Жетісуды жер жаннаты деп атаған. Туған жерім – алтын бесігім. Сондықтан мен Жетісуымда тұрғым келеді. Қай елде тұрсаң да тау, тасы бір шығар, бірақ мен үшін кіндік кескен топырағым бәрінен биік. Сонымен қатар мұнда қилы кезеңдерде барлық ұлтты бауырына басқан бауырмал, қонақжай, керемет адамдар бар. 

– Барлық жанның туған жерге деген махаббаты осындай болса, шетел асып кететін жастар саны азаяр еді деп ойлаймын. Жалпы қазір аралас некелі отбасылардың саны артып келеді. Сіздің ойыңызша, аралас неке қаншалықты дұрыс?

– Отбасы – екі адамның махаббаты мен сыйластығы бір арнаға тоғысқаннан құралатын шағын ғана мемлекет. Мен аралас некеге қарсы емеспін. Мәселен, мен үшін болашақ күйеуімнің ұлты еш маңызды емес. Ең бастысы – жігіт бойында адамгершілік, адалдық, сабырлық, мейірімділік сияқты асыл қасиеттер болғанын қалаймын.

 – Алға қойған арманыңызбен бөліссеңіз?

– Әр адамның арманы білікті маман иесі болу екені хақ. Менің  арманым – оқуымды жақсы бітіріп, жұмысқа орналасу. Кейін қазақ тілін оқып үйренетін арнайы курс­тар ашып, замандастарыма, бізден кейінгі ұрпаққа тіл үйретсем деймін. Жұмысқа тұрғанда да қазақша ортада жүрсем деймін. Себебі қазақы тәрбиеден жырақтамаған адам жаман жолмен жүрмейді. Қазақ үнемі «ұят болады, обал болады» деген бір ауыз сөзбен ұрпағын тәрбиелеген. Әкем де осы сөзді біздің санамызға құйып өсірді. Бізді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген әкеме көмектесіп, жанында қолғанат болсам деймін.

Әңгімелескен

А.ҚАЛИЕВ

Алматы облысы

6452 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы