• Мәдениет
  • 10 Маусым, 2021

ТҮРКІСТАННЫҢ ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТІ

Әлемде коронавирустың жаппай таралуы туризм саласына ауыр соққы болғаны мәлім. Дегенмен, бұл жағдай туризмді дамытудың тиімді жолдарын табу мақсатында ізденіс аясын кеңейтуге ықпал етіп отыр. Яғни туризм саласы коронавирус енгізген өзгерістерге қарай икемделіп, нарықтың жаңа талаптарына сай бейімделе бастады. Бұл орайда сарапшылар экологиялық туризмнің, яғни таза ауада тыныстап, атқа мініп, табиғи өнімдерді тұтынып, көңіліне қонымды іспен айналысуға жағдай жасайтын глэмпинг желісінің болашағы зор болатынын айтуда. Сондай-ақ экотуризмнен бөлек этнотуризм бағыттары даму жолына түседі деп болжануда. 
Түркістан облысында туристер саны соңғы мәліметтер бойынша 1,2 миллионға жеткен. Өңірдің туристік ағынын ұлғайту мақсатында Түркістан және Төле би ауданындағы «Қасқасу» туристік-рекреациялық орталықтарының инфрақұрылымын дамыту, қонақүйлер, рухани-мәдени орталықтар салу ­жоспарлануда. Өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мақсатында туристік бағыттарды одан әрі дамыту бойынша жұмыстар өз жалғасын табады, сондай-ақ «Ұлы Жібек жолы» бойында жаңа өнімдер қалыптастырылатын болады.

 

ЗИЯРАТ ЕТІП КЕЛУШІЛЕР

САНЫ 5 МИЛЛИОНҒА ЖЕТЕДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған ­Жолдауын­да туризмді, әсіресе экотуризм мен этнотуризмді дамытуға экономиканың маңызды саласы ретінде баса мән беру қажеттігін міндеттеген болатын. «Туризмді дамыту үшін қажетті инфрақұрылым жүргізуді, соның ішінде жол салып, білікті мамандар дайындауды қамтамасыз ету қажет» делінген Президент Жолдауында. Түркістан өңірінде туризм саласын, оның ішінде эко және этнотуризмді дамыту мақсатындағы іс-шаралар  облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында қамтылып отыр. Кешенді жоспар шеңберінде 11 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген, оның ішінде 9-ы жеке инвестициялар есебінен іске асырылады. Өңірде туризм индустриясын дамыту бойынша ұсынылатын қызметтердің сапасын арттыру, туристік қызмет субъектілеріне мемлекеттік қолдаудың жаңа шараларын ұсыну, Түркістан қаласы мен облыстың көліктік қолжетімділігін арттыру сияқты және басқа да кешенді шаралар іске асырылмақ. Жобаларды іске асыру нәтижесінде 2025 жылы туристер саны 2,5 млн адамға, орналастыру орындарымен қызмет көрсетілген келушілер саны 291 мың және туризм саласында жұмыс істейтіндер саны 30 мың адамға дейін артады деп жоспарлануда.

Жуырда Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары аясында ескерткіштерді ғылыми қалпына келтіруге және археологиялық зерттеулерге бағытталған ауқымды жұмыстар жоспарланғанын жеткізді.  Тарихи-мәдени мұраны сақтау бойынша 3 ауқымды жобаны іске асыру көзделген, оның ішінде Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің аумағын абаттандыру, сондай-ақ «Қожа Ахмет Ясауи» және «Рабия Сұлтан Бегім» кесенелерін, Түркістан қаласындағы цитадельдің қамал қабырғасын қалпына келтіру жұмыстары көзделіп отыр.  Қалпына келтіру жұмыстарын 2025 жылы 59 нысанда аяқтап, 24 археологиялық зерттеу жүргізу жоспарланған. Нәтижесінде бас тарихи мәдени нысан – Қожа Ахмет ­Ясауи кесенесіне келушілер саны едәуір арта түспек. Өңірдің тарихи-мәдени мұрасын сақтауға, дамытуға, оны елімізде және ­шетелде танымал етуге, туристердің келуі үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған бұл жұмыстар еліміздің туристік тартымдылығын арттырады. Түркістан өңірінде туризмді дамыту бағытындағы ұсыныс-пікірлер Түркістанда өткен алғашқы халықаралық туристік форумда да ортаға салынды. Ғасырлар бойы Қазақ хандығының саяси және рухани өмірінің жүрегі болған Түркістанда туризм саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған туристік форум онлайн және офлайн форматта өтіп, осы салада жұмыс істейтін 15 елдің, яғни Венгрия, Тайланд, Нидерланды, Франция, АҚШ, Оңтүстік Корея, Тәжікстан, Португалия, Сербия, Ауғанстан, Солтүстік Македония, Бразилия, Литва, Эстония, Өзбекстан елдері бизнес-құрылымдардың өкілдері мен мамандар ежелгі қалада Түркістанның тарихи-мәдени мұрасын сақтау және Жібек жолы бойындағы туристік бағыттарды дамыту мәселелерін талқылады. Форумда Мәдениет және спорт министрі ғасырлар бойы Қазақ хандығының, жалпы бүкіл түркі дүниесінің саяси және рухани өмірінің өзегі болған, түркі әлемінің рухани астанасы мәртебесін алған Түркістанда бас қосудың бекер емес екенін атап өтті. «Елдің тарихы терең, мәдени мұрасының көп болуы туристерді тартудың маңызды бөлігінің бірі екені бәрімізге белгілі. Сондай-ақ біз бас қосып отырған Түркістан – Орталық Азиядағы этно, агро, зиярат және санаторлы-курортты туризм түрлерінің дамыған орталығы. Оның ішінде этнотуризм ерекше өзекті және танымал болып отыр. Себебі бұл бағыт елдің мәдениетімен, әдет-ғұрыптарымен және дәстүрлерімен жақын танысуға мүмкіндік береді» деді министр. Сондай-ақ Ақтоты Райымқұлова туризм саласын дамытуды жүйелі жолға қою үшін мемлекет тарапынан іске асырылған бағдарламаларға тоқталып өтті. «Үкімет тарихи-мәдени мұра объектілерін зерттеуге, сақтауға және насихаттауға ерекше көңіл бөліп келеді. Мәселен, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Тәуелсіздік алған кезеңнен бері алғаш рет ел аумағындағы ескерткіштерді түгендедік, өңірлер бойынша ескерткіштер жинағы әзірленді. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес, еліміздің тарихи және киелі жерлері біріктірілген «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты арнайы жоба жүзеге асырылды. Тарихи мәліметтер негізінде және еліміздің беделді ғалымдарымен бірлесе жұмыс істей отырып, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығындағы әрбір объектіні дамытудың тұжырымдамалық жоспарын әзірледік. Оның ішінде must see нысандары ретінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Сауран, Отырар және Күлтөбе қалашығы сынды ірі тарихи объектілер бар. Нәтижесінде ғасырлық тарихы, көптеген тарихи-мәдени, туристік және діни ескерткіші бар ежелгі шаһар жаңа келбетке ие болып, әлемнің түкпір-түкпірінен туристер келетін қалаға айналды. Ауқымды құрылыс, реставрация, тарихи объектілерді қайта жаңғырту және инфрақұрылымды дамыту жұмыстарына мемлекет тарапынан мол қаражат бөлініп, тарихи-мәдени орталықтар, театрлар, саябақтар, визит-орталықтар, спорт нысандары салынып, халық игіліне берілді. Туризм саласының инвестициялық әлеуетін одан әрі арттыру мақсатында, әрбір шетелдік турист үшін туроператорларды және балаларға арналған ішкі әуе тасымалын субсидиялау, жол бойындағы сервис объектілері мен туробъектілерін салу кезінде тау шаңғысы базалары мен туравтобустарға арналған жабдықтарды сатып алуға инвесторлардың шығынын өтеу, турдестинацияларда санитариялық-гигиеналық тораптарды күтіп ұстауды субсидиялау сияқты шаралар қабылданды» деді Ақтоты Райымқұлова. Туризмнің өңір экономикасына қосқан үлесі артып келеді, осы орайда Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті кәсіби ­кадрлармен қамтамасыз ететін болады.

Халықаралық форумда сөз алған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев күллі түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістанда туризмнің бірнеше бағытына басымдық берілетінін айтты. Форум туризм саласындағы ынтымақтастық бағыттарын әртараптандырудың өзекті мәселелері мен қазіргі заманғы үрдістерін талқылайтын алаңға айналатынына, елдің бірегей тарихи-мәдени және табиғи көрікті жерлерін қамтитын жаңа трансұлттық, өңірлік туристік өнімдерді құрудың ­бастауы болатынына сенім білдірді. Соңғы жылдары қалада мыңдаған жұмыс орындары ашылды. Мысалы, ­«Керуен-Сарай» көпфункционалды кешенінің өзінде тұрақты түрде төрт мыңнан астам адам еңбек етеді. «Ясауи кесенесіне ­зиярат етіп келушілер саны күн сайын артып, миллионнан асты.  Алдағы уақытта олардың қатары 5 миллионға жетеді. Қасиетті мекенде археологиялық туризм, этнотуризм секілді туризмнің көптеген түрлерін дамытуға мүмкіндік бар» деді Өмірзақ Шөкеев. Тәуелсіздік жылдары туризм саласындағы стратегиялық және бағдарламалық құжаттар әзірленіп, қабылданды және нормативтік-құқықтық база жетілдірілді. Жақында қабылданған заңнамалық өзгерістер бойынша туризм саласында инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін кең ауқымды мүмкіндіктер беретін жүйелі шаралар енгізілді. Оның аясында қасиетті Түркістан қаласы кіретін ТОП-10 туристік дестинацияны дамыту көзделген. Сондай-ақ Үкімет туризм саласындағы инвесторлар мен кәсіпкерлерді қолдау үшін кешенді шараларды қабылдаған. Форум аясында қатысушылар өңіраралық және халықаралық кооперацияның жаңа нысандарын дамыту, әсіресе трансшекаралық бағыттарды құру мәселелерін талқылады. Ал кездесу қорытындысымен қазақ және өзбек туроператорлары арасында Ұлы Жібек жолы бойында жаңа туристік өнімдерді қалыптастыру ­бойынша ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумға қол қойылды.

ТҮРКІСТАНДЫ ДАМЫТУДЫҢ

ІІ КЕЗЕҢІ АЯСЫНДА

109 ЖОБА ІСКЕ АСЫРЫЛАДЫ

Мемлекет басшысы Жолдауында атап көрсетілген туризмді дамыту үшін қажетті инфрақұрылым жүргізу, соның ішінде жол салу бойынша міндеттерді орындау мақсатындағы жұмыстар облысты әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Кешенді ­жоспарында да қамтылған.  Мысалы, Шымкент қаласының оңтүстік-батыс, Сарыағаш қаласының, Түркістан қаласының шығыс айналма жолдары салынады. Жалпы Кешенді жоспар шеңберінде, республикалық және жергілікті маңызы бар 2,3 мың шақырым жолды жөндеу, қайта жаңғыртумен қамту ұсынылады. Осылайша 2025 жылға қарай жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 99,5%-ға дейін жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізілмек. Қабылданған шаралар 3 республикалық және 3 жергілікті жолды, сондай-ақ 28-ден астам ауылдық елді мекендердегі ұзындығы 1 995 шақырым болатын облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды реконструкциялауға және жөндеуге мүмкіндік береді. Кешенді ­жоспар шеңберінде арнайы экономикалық аймақтардың аумағындағы инфрақұрылым құрылысына 7,9 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қатар 6396 жұмыс орнын құра отырып, 352,7 млрд теңге сомасына 37 жобаны іске асыру жоспарлануда.  Өзбекстан аумағына шығатын жоғарғы жылдамдықты «Түркістан – Шымкент – Ташкент» теміржол магистралін және «Дарбаза – Мақатаарал» теміржол желісін салу жөніндегі жобаларды іске асыру көзделген. Бұл мәселе Қазақстан мен Өзбекстан Үкіметтері арасындағы Хаттамаға сәйкес пысықталып, оның қорытындысы бойынша таяу арада жобаларды талқылау жөнінде Өзбекстанның Көлік министрлігімен кездесу өткізілмек.

Кешенді жоспар инвестициялық жобаларды іске асыруды, көлік және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды, әлеуметтік саланы, туризмді дамытуды, сондай-ақ қоғамдық құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуді көздейтін 142 іс-шарадан тұрады. Ұлттық экономика министрі Ә.Ерғалиевтің Үкімет отырысында баяндаған дерегіне сүйенсек,  жоспарды іске асыруға жалпы 3,6 трлн теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен – 539,2 млрд теңге, жергілікті бюджеттен – 339,9 млрд теңге, жеке инвестициялардан – 2,7 трлн теңге қажет. «Егер салалар бойынша алатын болсақ, өнеркәсіп саласында 26 іс-шара жоспарланған, оның ішінде мұнай өңдеу зауытын, химия кешенін және тұрмыстық техниканы өндіру ­зауытын салу бар, сондай-ақ «ТURKISTAN» арнайы экономикалық аймақ аумағын 973 гектар ұлғайту көзделеді» деді министр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі жаңа ұлттық жобаны әзірлеуді тапсыра келе, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен өзімізді толық қамтамасыз етуді, миллиондаған ауыл тұрғындарының табысын арттыру, еңбек өнімділігін 2,5 есе көбейту, агроөнеркәсіп кешені өнімінің экспортын екі есе арттыруды негізгі міндеттер ретінде атаған болатын.  Осы орайда ауылшаруашылығын дамыту саласында 810 млрд теңгеге 93 инвестициялық жобаны іске асыру, сондай-ақ Түркістан қаласының айналасында азық-түлік белдеуін құру, су тартқышты және сорғы станциясын реконструкциялау, ауылшаруашылығы техникасы мен тракторлар паркін 37%-ға жаңарту көзделген. Нәтижесінде 2025 жылға қарай ауылшаруашылығы өндірісінің жалпы өнімі 695 млрд теңгені құрап, ал еңбек өнімділігі 2,5 есе артады. Жоспар бойынша тұрғын үй, көлік және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі, қалалар мен ауылдарда сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкция­лау жобалары іске асырылатын болады. Газбен жабдықтау, электр желілерін жаңғырту және салу жөніндегі жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде халықтың 100%-ы сумен, 85,4%-ы газбен қамтамасыз етіледі, электр желілерінің тозуы 49,6%-дан 46,4%-ға дейін төмендейді. Сонымен қатар 4,9 млн шаршы метр тұрғын үй, оның ішінде 1,4 млн шаршы метр кредиттік және жалға берілетін тұрғын үй салу және пайдалануға беру жоспарлануда. Денсаулық сақтау саласында 570 төсек-орындық көпсалалы аурухана, ауысымда 500 адам қабылдайтын үш емхана, жедел медициналық жәрдем станциясы, сондай-ақ Ана мен бала орталығы салынады. Үш ауысымды және апатты мектептерді жою, сондай-ақ оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында 130 жаңа мектеп салынады. Назарбаев зияткерлік мектебі мен жатақханасы бар «Дарын» мектеп-интернатының құрылысы, Күлтөбе қалашығының кесенелерін, тарихи нысандарын қалпына келтіру, Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыру жоспарланған. Дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын азаматтарды қамтуды 45%-ға дейін ұлғайту бойын­ша жұмыс жүргізіледі. Ол үшін теннис орталығы, мұз сарайы, ат спорты кешені және басқа да объектілер салынады. Бұдан басқа, өңірдің қоғамдық құқықтық тәртібін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қарастырылған. Атап айтқанда, полиция департаментінің ғимараттар кешені мен жедел басқару орталығы, өрт сөндіру депосы салынады. «Кешенді жоспарды іске асыру 2025 жылға қарай шамамен 40 мың жаңа жұмыс орнын құруды, негізгі капиталға инвестициялар 3 есе және өнеркәсіп көлемінің 35%-ға өсуін, еңбек өнімділігінің 52,1%-ға ұлғаюын, халықтың нақты кірістерінің 54,8%-ға өсуін қамтамасыз етеді. Кешенді жоспарды уақтылы және толық іске асыру нәтижесінде 2025 жылы жалпы өңірлік өнімнің нақты өсуі 6,3%-ды құрайды» деді Ұлттық экономика министрі Ә.Ерғалиев.

Өңірде 2025 жылға дейін «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде 4,9 млн шаршы метр немесе 46 мың баспана пайдалануға берілмек. Оның ішінде Кешенді жоспар шеңберінде мемлекеттік қаражат есебінен 1,4 млн шаршы метр тұрғын үйді немесе 23 мың пәтерді жалға берілетін және кредиттік тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда. Жаппай тұрғын үй құрылысы аудандарын қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін 2025 жылға дейін 78,1 млрд теңге бөлу жоспарланған. Инженерлік инфрақұрылыммен 64 мың жер учаскесі қамтамасыз етілетін болады.  Жалпы 2021 жылдан 2025 жылға дейін 7,9 млрд теңге сомасында 341 көппәтерлі тұрғын үй жөнделеді. Облыс қалаларында сумен жабдықтау қызметтеріне 98,9% қолжетімділік бар. Ауылдық елді мекендерде қолжетімділік – 92,1%. Бұл орайда 2021-2025 жылдары 367 ауылдық елді мекенде сумен жабдықтау жүйелерін салу және реконструкциялау жоспарлануда. Сондай-ақ 49 ауылда жергілікті бюджет қаражаты есебінен су тазартудың кешенді блок-модульдері орнатылады. Сумен жабдықтау және су бұру бойынша 58 жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 14,1 млрд теңге сомасында қаражат бөлу қолдау тапты. Бөлінген қаражат есебінен 743 шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілерін салу және реконструкция­лау жоспарланған. Сумен жабдықтау қызметтерімен 19,5 мың адам қосымша қамтамасыз етілетін болады. Жалпы осы бағыттар бойынша 638 жұмыс орны құрылады. Өңірді газдандыру аясында Созақ ауданындағы автоматтандырылған газ тарату станциясынан магистралдық газ құбырын және Мақтаарал ауданында 3 автоматтандырылған газ тарату станциясын салу, сонымен қатар елді мекендерге газ тарату желілері мен газ жеткізу құбырларын салу жоспарлануда. Облыс әкімдігінің жоспарына сәйкес, 2026 жылға қарай газдандырылған елді мекендердің санын 423 бірліктен 722 бірлікке дейін немесе халықты газбен қамтуды 1 274 мың тұрғыннан 1 720 мың тұрғынға дейін ұлғайту көзделіп отыр, бұл өңірді газдандыру деңгейін ағымдағы 64,4%-дан 85,4%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Әкімдік бұл көрсеткіштерге бюджеттік бағдарламалар шеңберінде, сондай-ақ жергілікті бюджет қаражаты және басқа да инвестициялар есебінен қол жеткізуді жоспарлап отыр. Кешенді жоспарға сәйкес Түркістан қаласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі шеңберінде құны 40 млрд теңгеге жылу электр орталығын салу көзделіп отыр. Ауылшаруашылығында гидротехникалық құрылыстарды салу, реконструкциялау және күрделі жөндеу бойынша 5 жоба жүзеге асырылатын болады. Олардың жалпы құны 39 млрд теңгені құрайды. Бұл 79 мың гектардан астам суармалы жерді сумен қамтамасыз етуді жақсартуға және кепілді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Оған қоса қосымша 5 мыңнан астам жұмыс орны құрылады.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев атап өткендей, Түркістанды түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде қалыптастыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. «Бүгінгі күнге жоспарланған іс-шаралардың 40%-ы іске асырылып, Түркістан қаласын дамытудың 1-кезеңі аяқталды. Негізгі әлеуметтік инфрақұрылымы қаланып, 123 нысан салынды. Жаңадан халықаралық әуежай, әкімшілік-іскерлік және мәдени-рухани орталықтар салынып, Б.Саттарханов даңғылы қайта жаңартылды, арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар құрылды. Түркістан қаласы толық газдандырылып, 13 мың гектар жасыл белдеу құрылды, 3,5 млн ағаш отырғызылды. Қалаға келуші туристер саны артты. Түркістан қаласын дамытудың ІІ кезеңі аясында 109 жоба іске асырылады. Бұл мақсатқа 1,3 трлн теңге инвес­тиция бағытталады. 10 мың бас ірі қара бордақылау кешені, 1 200 бас тауарлы-сүт өндіру фермасы салынады.  Әкімшілік-іскерлік орталығында жалпы 57 жоба іске асырылып, жаңа теннис орталығы, мұзайдын сарайы, ескек есу каналы, демалыс орындары салынып, қажетті инфрақұрылым тартылады. Б.Саттарханов даңғылы аумағында спорттық кешен, «Яссы» желілік саябағы, ірі сауда орталықтары, 182 гектар ботаникалық бақ, Парк Лейн коттедж кешені жобалары іске асырылады. Мәдени-рухани орталықта тарихи нысандар қайта жаңғыртылады. Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде 2025 жылы облыстың жалпы өңірлік өнім көлемі 3,6 трлн теңгеге жетіп, 40 мың жаңа жұмыс орны ашылады, халықтың әл-ауқаты жақсарып, облыс экономикасына мультипликативтік әсерін тигізеді. Кешенді жоспарды орындау өңірдің экономикалық әлеуетін іске асыруға мүмкіндік, жеке инвестициялардың келуіне тың серпін береді және халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз етеді»  деді Өмірзақ Шөкеев.

Айта кетелік, облыс орталығы Түркі­станды туристерге тартымды ету, көгал­дандыруға ғалымдар да өз үлесін қо­суда. Климаты құрғақ аймаққа жататын қалада егілген көшеттердің өзге өңір­лер­мен салыстырғанда жерсінуі тым төмен екенін анықтаған ғалымдар көне шаһардағы жасыл желектің көлемін арттыру қажеттігін айтуда. Киелі шаһарды жел эррозиясынан сақтап, экологиялық ахуалды тұрақтандыру және қолайлы климат қалыптастыру үшін қала айналасынан «Жасыл аймақ» құрылған.  Бұл аймаққа негізінен ыстыққа төзімді ағаштар отырғызылады. Әр ағаштың түбіне тамшылатып суару жүйесі жеткізілуде. Қала аумағында ұңғымалар қазылып, су арналары жүргізілуде. Президенттің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл  кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында ел аумағында экологиялық жағдайды жақсарту үшін 2 млрд түрлі ағаш көшеттерін отырғызу белгіленген. Осыған сәйкес, облыс әкімдігі Экология министрлігімен бірлесіп, 5 жыл ішінде 110 210 гектар аумақты көгалдандыруға 170 млн ағаш көшеттерін отырғызу бойынша тиісті жұмыстар атқаруда.

Е.ӘБДІЖАППАРҰЛЫ

Түркістан облысы

2048 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы