• Білім және ғылым
  • 02 Ақпан, 2023

ҰСТАЗДЫ ҰЛАҒАТТАУ – ПАРЫЗ

Өмір деген – көшкен керуен, біреуге ерте, біреуге кеш. Әттеген – ай дейсің... Артына өшпес із қалдырған өмірде ойып аларлық орны бар ғалым, отбасы үшін ардақты ана, әріптестері үшін ұмытылмас білімді тұлға, университетіміздің  құрметті профессоры, биология ғылымының докторы Жеңіскүл Жүнісбекқызы Қожантаева тірі болса, биыл 80 жасқа келер еді. 

Жеңіскүл Жүнісбекқызы – биология, оның ішінде ботаника, микология және экология салаларындағы жетекші ғалымдардың бірі болған тұлға. Ж.Ж.Қожантаева 1960 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педа­гогикалық институтының Жаратылыстану-география факультетіне түсіп, 1965 жылы география-биология мамандығын үздік дипломмен бітірген. Осы институтта оқып жүріп, 4-5 курста институттың ком­сомол комитетінің хатшысы қызметін атқарды. 1965 жылдан  ҚазМемҚызПУ, Жаратылыстану-география факультетінде қызмет атқарған. 1969 жылы Ташкент қаласында ботаника инсти­тутының арнайы кеңесінде канди­даттық диссертация қорғады.  Бұл тақырып бойынша «Қазақ­стан­ның оңтүстігінде септория туысы түрлерінің биологиялық ерекшеліктері», «Септория туысына жататын саңырауқұлақтардың таксономиялық критерийлері, филогениясы» тақырыптарындағы екі монография жарық көрді. 1978 жылы доцент атағын алған. 1994 жылы докторлық диссертация­сын сәтті қорғап шыққан. 1996 жылы профессор ғылыми атағын иеленді. 1991–1995 жылдары Ботаника кафедрасының меңгерушісі, 1996–2000 жылдары  Жаратылыстану- география факультетінің деканы қызметін атқарды. Ж.Ж.Қожантаеваның Қазақстанда және шет елдерде 150-ге жуық ғылыми мақалалары, әдістемелік оқу құрал­дары жарық көрді, сонымен қатар 6 жоғарғы оқу орнына арналған оқулық, 2 арнайы мектеп оқулығы, ҚазМемҚызПУ-де арнайы баспадан шығарылды.

2003 жылы орта мектептің 7-сы­ныбына арналып биология оқулығы, оның әдістемелігі және 2005 жылы шыққан мектептің 9-сыныбына арналған биология оқулығы авторла­рының бірі және ғылымға өшпестей із қалдырған ғалым. 2010 жылы Ж.Ж.Қожан­таеваның жетекшілігімен аспи­ранттары Л.Е.Ануарова мен А.Бостанова ғылыми зерттеу жұмыстарын аяқтап, биология ғылы­мының кандидаты дәрежесін иеленді.

Жеңіскүл Жүнісбекованың жетек­шілігімен 2010 жылдан бастап осы уақыт аралығында 4 докторлық, 2 кандидаттық, 25 магистрлік диссертациялар, 50-дей дипломдық жұмыстар қорғалған.

Ж.Қожантаеваның биология саласына сіңірген еңбегі елеусіз, ескерусіз қалмады. Университет, рес-публика, Халықаралық дәрежедегі беделді сыйлықтарға ие болған.

Жеңіскүл Жүнісбекқызының Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіндегі (ол кезде институт) еңбек жолы 1965 жылдан бастап өмірінің соңына, яғни  2022 жылға дейін осы ұстаздық қызметін адал атқарған. Қасиетті де, киелі қазіргі қара шаңырақ – Жеңіскүл Жүнісбекқызының құтты мекені болды.

Күллі адамзат тіршілігінде рухани ортақ, ең қадірлі де беделді тұлғаның бірі – ұстаз. Бірақ білім, тәрбие беретін мамандық иелерінің бәрі осылай аталғанмен, шын мәніндегі ұстаздың сипаты бөлек ол – сары алтындай, бірыңғай ізгілікпен ғана тұратын түзілім, ол жаратылысында табиғат-ана осындай болсын деп бірден бойтұмар тағып жіберген жан. Және бір ғажабы, ол – өзгенің жан дүниесін айқын көріп-біліп тұратын қасиеті бар, өз жанының да әрқашан мөлдір құлпын паш ететін қасиет иесі.

Жеңіскүл Жүнісбекқызы Қожан­таева ұстаз ретінде, жеке тұлға ретінде өнегелі өмірі, жарқын бейнесі, ғибратты, ғылыми еңбектері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын табатыны сөзсіз.

Л.АНУАРОВА

 

520 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы