• Руханият
  • 09 Ақпан, 2023

БІР ҒАСЫР БҰРЫН БАЛАЛАР НЕ ОҚЫДЫ?

«СИРЕК КІТАПТАР СӨЙЛЕЙДІ»

Ұлттық академиялық кітапханамен бірлескен жоба

Адам өміріндегі даму, қиялды ұштау, білім алудың бастапқы сатысына өту кезеңі балалық шақтан басталады. Яғни қай кезде де балалар әдебиетінің алар орны ерекше дер едік. Кітапханада балаға арналып жазылған әдеби шығармалар мен балаға арнайы жазылмағанымен, олардың ойлау, түсіну қабілетіне, талғамына, арман-қиялына әсер етіп, баланы баурап тұратын көркем шығармаларды да «Балалар әдебиеті» қатарына жатқызуға болады. 
Балалар әдебиеті – сөз өнерінің арналы бір саласы. Әдебиеттің бұл түріне жататын шығармалар оқиғасының қызықты да тартымдылығымен, композициясының ширақтығымен ерекшеленеді. Тілі жеңіл, көркем, түсінікті, айқын әрі әсерлі болуға тиіс. Негізгі мақсат – жас буынның сана-сезімін оятып, ақыл-ойын дамытып, оларды адамгершілікке, өмірдің мән-мақсатын білуге және т.б. ізгі мұраттарға баулу. 

Балалар әдебиеті – балалардың эс­тетикалық талғамын дамытатын көркем шығармалар ғана емес, оның сырлас досы, қорғанышы және ақылшысы да бола алады. Олар негізінен мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балаларға лайықтап жазылады.

Мысалы, Х.К.Андерсеннің ертегілері, М.Твен, Ж.Верннің романдары, т.б. суреткерлердің шығармалары балаларға арналып жазылған, ал Д.Дефоның, Ж.Свифтің, В.Скоттың шығармалары балаларға арналып жазылмағанымен, олардың сүйіп оқитын кітаптарына айналған.

Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханасының Сирек кітаптар қорындағы балалар әдебиетін құрайтын бөлімінде 100 жыл бұрынғы кітаптар да сақталған. Төте жазудағы, латын қарпіндегі басылымдар ғасыр бұрынғы баланың қиялын ұштаған, арманына қанат байлаған. Мәселен, Ілияс Жансүгіровтің «Балаларға базарлық» деген атаумен «ҚАЗИЗДАТ» баспасынан шыққан кітабының суреттері мен өлеңдері де ерекше нақышта берілген және әрбір жан-жануарлар мен құстарға жіті тоқталып келіп, бала тіліне жеңіл әрі негізгі ойы ашық ұсынылған.

Бірер мысал:

 

ТӨБЕТ

Сақ төбетім жолдаяқ,

Саңқылдайды қоймай-ақ.

Бөріге қой бермейді,

Ұрыға бой бермейді.

 

КӨГЕРШІН

Көк көгершін, көгершін,

Көгершін келер жем үшін.

Балалар, жем себелік

Жем жесін де семірсін.

Сөйтіп қолға үйренсін,

Бұл есті құс тіл алғыш,

Үйренген соң көрерсің...

Ал 1937 жылы Қазақстан Көркем әдебиет бөлімінің Балалар секторы шығарған кітап авторы «Қалмақан» деп берілген. «Есек пен өгіз» кітабының соңғы бетінде «1937 жылдың бірінші тоқсанында шығатын кітаптар» деп тізім берілген. Яғни 1937 жылы балалар мен жасөспірімдерге арналып шыққан кітаптар тізімі:

А. Ересек балалар үшін

1. Даниел Депо – Робинзон Крузо (екінші кітап)

2. Л.Толстой – Қажымұрат

3. Арсеніп – Дерсу Урзала

4. Лермонтоп – заманымыздың қаһарманы

5. Н. Островский – Болат қалай шынықты (бірінші кітап)

В. Мектептегі жаңа мектеп жасына дейінгі балалар үшін

1. А.С. Пушкин – Ертегілер

2. А.С. Пушкин – Бақша сарай понтаны

3. А.С. Пушкин – Сығандар

4. Чуковский – Жарақты Ролланд

5. Чуковский – Кесе

6. Лермонтоп – Ашық керіп

7. Л.Толстой – Хайуанаттар туралы әңгімелер

8. Некрасоп – Мазай атай мен қояндар

9. Некрасоп – Генерал Топтигин

10. Тургеніп – Беже өлкесі

11. Чехоп – Ванка

12. Короленко – Сатып алынған бала

13. М. Горкий – Арқип атай мен Ленка

14. Мамин Сибирәк – Стувдендағы қыстау

15. Сенкеевич – Музикант Жанко

16. Р.Роллан – Жан Кристоп

17. Сетон Томсон – Жырық құлақ

18. Ұйда – Дала

19. Тихоноп – Шорт

20. Гарсин – Сайахатшы бақа

21. Гарсин – Сигнал

22. Георг Борн – Коммунистің баласы

23. А. Барто – Ормандағы жұлдыздар

24. Сәкен Сейпуллин – Пионерлерге

25. Бейімбет Майлин – Өтірікке бәйге

26. Бейімбет Майлин – Байшұбар

27. Жақан Сыздықып – Қаңбақ шал

28. С. Торайғырып – Кедей

29. Абай – Жылдың төрт мезгілі

30. Ө. Тұрманжанып – Өтіріктер

31. Абдіқадіріп – Тапқыш

32. В. Житкоп  – Хайуанаттар туралы

33. Гриман – Ертегілер

34. Берейская – Таниә револутсионер қыз

35. Кассил – Будиоништер

36. Чуковский – Күн көзіндегілер

37. Маршак – Аңқау тышқаншық

38. Сифт – Гулливер Лилипуттар арасында

39. Бауырсақ

40. Перро – Сиқырлы әңгімелер

41. Гарин – Темоның балалық шағы

Міне, бұл тізімдегі кітаптар баспадан шығып, кішкентай оқырманын қуанта да алған. Бір қызығы, латын қарпі енген тұста аударма барынша қазақы нақышта тәржімаланған, төл дыбыс үндестігі де жақсы сақталған. Қалмақан Әбдіқадыровтің балаларға арнап жазылған әңгімелер жинағы  мен ертегілерін де көптеп кездестіруге болады. «Тәтті қауын», «Есек пен өгіз», «Тапқыш» т.с.с. кітаптар. Суретін салған Р.Ниязов немесе Р.Ниязұлы деп те берілген. Түсі мен көлемі жағынан өте тартымды әрі көркем. Оқырманын елітіп әкететін бұл кітаптар кемі 5000 дана таралыммен шығып отырған. Өз кезінде бұл үлкен көрсеткіш. Балалар өмірінен алынып жазылған үш «сүгіретті пьеса» да бар, авторы – Абдол Садуақасұлы. Кітап «Балапан» деп аталады. 1932 жылы шыққан. «Балалар кітапханасы» сериясымен шыққан «Балалар әңгімесі» жинағының авторы – Абат. Тағы бір кітап 1935 жылы «Қазақстан» баспасынан шыққан.

Қазір бұл еңбектердің жазылу стилі мен аударма ерекшеліктері де жекелеген зерттеуді қажет етеді.

Мәселен, 1881–1939 жж. аралығында жарық көрген, балаларға арналған иллюстративті көрсеткіш, яғни екі томдық «Книга для детей» деп аталатын үлкен форматты кітап бар. 2009 жылы орыс тілінде Мәскеуде жарық көрген бұл альбом-кітапқа 1881–1939 жылдары шыққан кітаптардың әрбірін көрсетіп, беті мен суретін талдай отырып, ол кезеңдегі балалардың түрлі-түсті кітаптарынан алған әсерін, сол заманның балалары оқып өскен еңбектер арқылы олардың болашақта қандай биікке жеткеніне дейін талқылап көрсеткен.

Кітапханамыздағы бұл кітаптардың да айтары көп. Біз де өткен ғасырдағы балалар оқып өскен ертегілер мен әңгімелерді жинап, иллюстративті көрсеткіш құрап шықсақ, зерттесек...

Айталық, Дхан Мукхерджидің «Хари мен Кари» деген туындысы «Балалар әдебиеті» сериясымен 1937 жылы аударылып шыққан және үлкен не кіші деместен кез келген жанның жүрегін жаулап, бір деммен оқып шығатын жауһарға айналған. Балалар ғана емес, жасөспірімнің де ой-өрісін кеңейтіп, тілін дамытатын, «аяғы жетпеген жеріне ойы жететіндей» туындыларды оқулары қажет деген міндетпен, шығарманы түпнұсқа тілден қазақ тіліне аударып берген.

Адамның негізгі дағдыларының бірі – оқуды басты назарға алған өткен ғасырдағы «Балалар әдебиеті» сериясының да мақсаты анық та айқын.

Мөлдір ТӨЛЕПБАЙҚЫЗЫ,

ҚР Ұлттық академиялық

кітапхана қызметкері

813 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы