• Қоғам
  • 23 Ақпан, 2023

ЕДІЛБАЙ ҚОЙЫ ЕЛІМІЗДІҢ БРЕНДІНЕ ҚАШАН АЙНАЛАДЫ?

Нұрболат АБАЙҰЛЫ 
«Ana tili»

Еділбай қойының тұқымын қазақ жеріне 1870–1890 жылдары Еділ, Жайық бойынан Орал облысының Бөкей ордасы, Жәнібек аудандарына әкелінгені туралы деректер бар. Алайда нақты кім әкелгені жөнінде айтылмайды. Бұл кезеңде еліміздің батыс аймақтарына патшалы Ресей отарлаушылары бекіністер сала бастағанын ескерсек, «сол уақыттағы орыс көпестерімен айырбас барысында келген бе?» деген болжам бар... Бұл қойлардың алғашқы иелері Байбақты руының байлары деп есептелінеді. Ғалымдардың пікірінше, осы руда  ғана кезінде бұл қой тұқымының отарлары көп болған.

26 ҚОЙ ТҰҚЫМЫНАН 4 ТҰҚЫМ ҒАНА ҚАЛҒАН...

Ал жалпы елімізде қанша қой тұқымы болған дегенге келсек, кезінде ҰҒА академигі Мәкен МОЛДЫБАЙҰЛЫНЫҢ, зерт­туінше, 1916–1918 жылдары елімізде 26 түрлі қойдың тұқымы өсірілген екен. Мәселен, Батыс Қазақстанда азғыр тұқымды қой, еділбай қойлары өсірілсе, Орталық Қазақстанда бесата қойлары, ал Шығыс Қазақстанда шыңғыс тұқымды қойлар мен әр түрлі құйрықты қойлар, моңғол тұқымдас қойлар өсірілген. Қазір елде сол 26 тұқымның төртеуі ғана сақталып қалғанын айтып, ғалым дабыл қаққан. Статистикалық деректерге көз жүгіртсек, 1990–1991 жылдары Қазақстанда 100 мың тоннадан астам қой жүні мен 300 мың тоннаға жуық қой еті өндіріліп, қой басының саны бойынша еліміз әлемдегі алдыңғы он мемлекеттің қатарында болған. 1991 жылы Қазақстанда қой басы 35,9 миллион болса, ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдары экономикалық реформаның және жаңа нарықтық инфрақұрылымның құрылуы, мал шаруашылықтарындағы селекциялық-асылдандыру жұмыстарына мән бермеудің әсері мал саны мен оның өнімділігінің төмендеуіне әкеліп соқты. Сауатсыз жүргізілген жекешелендірудің салдарынан 4-5 жылдың ішінде қой басы 1991 жылғы деңгейден 2-3 есе кеміп кетті. Сол кездері Алматы облысы Райымбек ауданы Калинин атындағы колхоздың бас экономисі болған Мұрат МҰСАБАЕВТІҢ жекешелендіруді қалай жүргізгендерін айтқан еді.

–1994 жылы колхозды таратып ұжым-ұжымға бөліндік. Бір колхоздан оншақты ұжым бөлініп шықты. Мен де бір ұжымның басшысы болып қалдым. Қарамағымда 3-4 отар қой, осынша қыстау, жайлау, біраз ірі қара, жылқы, он шақты техника, жирма шақты малшы, механизатор, мал дәрігері болды. Бірақ бәріне еңбекақы төлеу үлкен мәселе болды. Мал арзан, сатқан малымыз су тегінге кетеді. Сол кезде бір қап ұн екі қойға айырбасталып жатты. Бір жылдан соң амалсыз ұжымды да тараттық. Бар малды жұмысшылардың еңбек өтіліне қарай жайларына бөліп беруге мәжбүр болдым. Басқа ұжымдар да солай болды. Колхозды таратқанда 50 мыңға жуық қой бар еді. 2-3 жылда содан 20 мыңдай ғана қой қалғаны белгілі болды.

 

КӨРШІ ЕЛДЕРДЕ ҚОЙ БАСЫ ҚАНША?

Ауыл шаруашылығы саласы ғалымдарының зерттеуінше, елімізде қой басы күрт азайып жатқан тұста көрші Өзбекстанда 9,3 миллионнан 16,8 миллионға, Түркіменстанда 5,4 миллионнан 14 миллионға, Монғолияда 12,1 миллионнан 30,1 миллионға, Қытайда 61 миллионнан 161 миллионға көбейген. Әрине, 1,5 миллиардтан астам халқын азықпен қамтамасыз ету үшін Қытай билігі қойды тез көбейтудің түрлі амалдарын жасап жатқанын білеміз. Олар тіпті қойды шошқамен будандастырып, оның төлін де, етін де еселеп көбейтіп жатқаны туралы ғаламторда ақпараттар мен бейнероликтер тарауда. Ал тұрмыс, тіршілігі бізге ұқсас моңғолдардың қой санын өсірудегі жетістіктері тіпті керемет. Бұл жетістікке ондағы қандастарымыз да елеулі үлес қосып отырғаны белгілі. Олардың қолында қазақтың суыққа төзімді таулы жердегі жайылымға бейім ежелгі қызыл қойының көп екенін ескерсек, мемлекетаралық келісіммен сол қолдарындағы малдарымен бірге көшіріп алсақ, қой шаруашылығын дамытуға септігі тиері анық. Ғалымдардың зерттеуінше, қазақтың осы қызыл қойының тұқымы біздің елде жоқ. Ал Қытайдан келген қандастарымыздың айтуынша, ондағы 161 миллион қойдың таулы аудандарда бағылатын  бөлігінің бәрін осы қазақтың қызыл қойы құрайды екен. Әрине, Қытай асыл тұқымды малын сата қоймас, бірақ ондағы дәстүрлі мал шаруашылығымен айналысып келе жатқан қандастарымызды қайтарып алуға мүмкіндік жасаса, ол да бізге олжа болмақ. Өйткені қазіргі таңда елімізде жалпы малшы мен ветеринар мамандар жетіспейді. Ал бұл өз кезегінде мал басын өсіруге кедергі болып тұрған мәселенің бірі. Қойдың жүні мен терісінің кәдеге жарамай тұруы да саланың дамуының екінші кедергісі. Қазіргі таңда осы екі өнім жайылымдарда шашылып жатыр. Мұның экологиялық зардаптары тағы бар. Бұдан кейінгі ең басты мәселе жайылымның жетіспеушілігі. Әрине, бұл мәселемен ел үкіметі және жер жөніндегі қоғамдық комиссия айналысуда. Игерілмеген жерлер мен заңсыз иеленгендерін мемлекеттік жер қорына қайтарып алып, шаруаларға бөліп беруде. Бұл игілікті іс аяғына дейін жүргізілсе жөн болар еді. Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің мәліметінше, еліміздегі жайылымдық жердің көлемі 180 миллион гектардан асады екен. Оның ішінде, 21 миллион гектары елді мекендегі жайылымдар болса, 76 миллион гектар жайылымдық айналымдағы шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылығымен айналысатын өнеркәсіптерге берілген. Еліміздегі жайылымдық жердің 80 миллион гектары нақты пайдаланылса, 30 миллионы деградацияға ұшыраған. Ал елді мекендерден алыс, таулы аймақтардағы 60 миллион гектар жайылымдық жер пайдаланылмай жатыр екен. Мамандардың пікірінше, ол жайылым бұрын пайдаланылған. Қазіргі таңда жергілікті жерлердегі әкімдер мен ауыл шаруашылығы басқармасы басшыларының жағдайды реттей алмауынан кәдеге жарамай жатыр. Яғни шаруалар өздері таулы аймақтағы игерілуі қиындау жерлерді пайдалануға құлықсыз. Егер Ауыл шаруашылығы министрлігі басшылық жасап, жергілікті жерлердегі әкімшіліктер мен аталмыш басқармалар қолдап, алыс таулы аймақтағы жайылымдарға жүк көліктері баратындай жол жасап, шағын үйлер, қоралар жасауға бастамашы болса, бұл іске шаруалар да құлшыныспен кірісері анық.

Елімізде жалпы алғанда 180 миллион гектар жайылымдық бар. Оның 71 миллион гектары шөлді, 35 миллион гектары шөлейтті жерлер. Осы шөлді және шөлейтті жерлерді жаңа технологиямен құдық қазып пайдаланбаса, мал судан тарығады екен. Бұдан бөлек 68 миллион гектары далалық және 6 миллион гектары таулы жайылымдық жерлер болып бөлінеді. Ал жайылымның жалпы алқабының 76 миллион гектары көктемгі-күзгі, 79 миллион гектары жазғы жайлаулық және 24 миллион гектары қысқы жайы­лымдар санатына жатқызылады. Мамандардың зерттеуінше, осынша жайылымға өзге түліктермен қоса 30 миллион қой өсіруге болады екен. Алайда қазіргі таңда еліміздегі қой саны 18 миллион басты құрайды.

Жалпы  жайылым мәселесі 2017 жылы қабылданған «Жайылымдар туралы» заңда да жазылған белгілі. Бұдан бөлек «Жер Кодексінде» де егістік алқаптар мен жайылымдар туралы қамтылған. Ал қазіргі таңда Сенатта «Асыл тұқымды мал туралы» Заң қаралып жатыр. Міне, осы заңдар бір-біріне кереғар шықпай бірін-бірі толықтыратын болса, оның жүйелі жұмыс істеуіне мүмкіндік туар еді. Мұны енді сол заңдарды дайындаған министрліктер мен қабылдайтын депутаттар ескерсе дейміз.

ЕТТІ ТҰҚЫМ ЕДІЛБАЙ

Қазақ ұлттық аграрлық  зерттеу университетінің «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» кафедрасының профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты Бейбіт Тұрғанбекұлының айтуынша, он сегізінші ғасырдың аяғында Еділ, Жайық бойынан әкелінген еділбай қойлары жергілікті қатал климатқа – аязды қыс пен ыстық жазға өте тез бейімделіп, төзімді болған.

– Мұндай қойдың құйрық майының өзі 16-20 киллограмға дейін салмақ береді.  Біздің ғалымдардың зерттеуінше, еділбай қойдың жинаған осы құйрық майы оның суыққа төзімді, шөлге шыдамды қасиеттерге ие етеді. Еділбай қойының және бір ерекшелігі, қарды теуіп жайылуға өте бейім. Сирақтары жұмыр, ұзын болғандықтан қарды теуіп жайылып, тау беткейлерінде де жақсы жайыла алады. Қыста оған арнап көп шөп дайындауды қажет етпейтін болғандықтан қазақ шаруалары арасында тез тарап, бүгінде еліміздің барлық аймағында өсірілуде.  Еділбай қойының қозылары да  тез өседі. Саулықтың емізуінен ажыратқан 4 айлық бағлан қозы кезінде 40-43 келіге дейін салмақ береді. Ал басқа қойлардың қозылары осы кезде 25 келіге де жетпейтін салмақ тартады.Ісектерінің салмағы 120-130 келі тартса, борланған қошқарлардың салмағы 160 келіге жетеді. Саулықтарының өзі 100-110 келі болады. Етті еділбай қойы тұқымының көбеюінің және бір себебі қазіргі таңда жүн мен тері қажетке жарамай тұр. Ел үкіметі тері атаулыны Қытайға өткізуге тыйым салғалы олар пұл болудан қалды. Сондықтан да шаруалар тез өсіп, көп ет беретін еділбай қойы мен гиссар қой тұқымдарын көбірек өсіретін болды. Ал биязы жүн беретін меринос пен қаракөл елтірі беретін қаракөл қой тұқымдары азайып барады.

Бұл пікірді Жамбыл облысы Шу ауданында жеке шаруа қожалығы­мен айналысатын Жайырбек ЖЫЛ­ҚЫБАЙҰЛЫ да қоштап отыр.

– Жазда Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы таулы аймаққа жайлауға шығамыз. Сирағы ұзын еділбай қойы алыс жолға көшкенге де төзімді. 40-50 шақырымдық жайлауға бір қонып жетеміз. Маусымда барғаннан қыркүйекте де жайлауда бағамыз. Қыркүйекте күздеуге түсіп, қазанның аяғында қыстауға бір-ақ келеміз. Осы уақытта  еділбай қойы жақсы семіреді. Еркек тоқты, ісек қойлардың салмағы 130-140 келіге барады. Қазіргі таңда отардағы қойдың бәрін осы етті еділбай тұқымына айналдырдық.

ТҮЙІН

Иә еділбай қойын зерттеген ғалым да, бағып отырған малшы да оның шын мәнінде етті, өсімтал тұқым екенін айтып отыр. 1936 жылы Мәскеуде өткен бүкілодақтық көрмеге де осы еділбай қойының қошқарлары мен саулықтарын апарып қойып, асыл тұқымды малдың барлық санаттарына жататыны дәлелденіп, сол жерге қойылған қойлардың арасынан көрменің бас бәйгесін жеңіп алғаны жөнінде деректер бар. Осындай ерекшеліктерге ие етті де майлы еділбай қойының тұқымын 30 миллионға жеткізсек. Қазіргі таңда қой етін сатып алуға сұраныс Қытай, Ресей, Иран, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты ірі мемлекеттер тарапынан көптеп түсіп тұрғаны белгілі. Осы елдердің әр қайсысына 300 мың тонна ет экспорттасақ, ел экономикасын еселеп дамытпаймыз ба. Өйткені әлемдік нарықта қой еті 10 еуро тұратынын ескерсек, қой етін саудалау арқылы қой шаруашылығын ғылыми тұрғыда дамыту мүмкіндігіне ие боларымыз анық. 

1303 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы