• Қоғам
  • 23 Ақпан, 2023

ЖЕЛ ЖАРЫҚҚА АЙНАЛСА...

Жел мен күннен энергия алуға болады. Әсіресе Маңғыстаудың аптап күні мен аңызақ желін осы мақсатқа пайдаланудың артықшылықтары бар. Өнертапқыш Әділ Қарасаев желден электр энергиясын алу тәжірибесін сынақтан сәтті өткізген ғалым.

Әділ Қарасаев қазірге дейін осы мақсатта қолжетімді қарапайым құрылғы бөлшектерін сатып алуға, құрастыруға 400 мың теңге көлемінде шығын шығарған.

«Жел электр энергиясын пайдаланатын құрылғы жасауды 2020 жылдың қыркүйек айында бастадым. Жерде тұратын, тік валлдың айналасында тұрып айналатын кішкентай ғана макет жасадым. Ол макет желді қамап, қайтадан шығарып жіберген кезде жел екпіні көбейеді де, төрт жақтан соққан жел екпінімен желкен айнала береді. Бұл ой Жаңаөзеннің жолындағы 80 метр биіктікте орналасқан, әуежайға барар жолдағы және Форт-Шевченко қаласы маңындағы 25-80 метр биіктікте орналасқан жел электр станцияларын жерге жақын орналастыруға және қалақтарын тік емес, горизонтальді күйде, шалқалата орналас-тырып қума желмен айналдыруға болмас па еді деген ойдан туындады. Сол идеямен жел электр станциясының бөлмеде тұратын, үйдегі желдеткішпен айналатын шағын макетін жасап шығардым. Ол кезде ауданда жем зауытын құрып жатқан кезім болатын. Түркияға барып бидай жинайтын қоймаларды алып келдік. Оны құрып жатқан кезде неге жел станциясының макетін үлкен көлемде жасамасқа деген ой келді. Шағын макетті өртке қарсы су қоймасының үстіне салу идеясы туындап, өртке қарсы су қоймасын дөңгелек емес, теп-тегіс етіп, үстіне биіктігі 2 метр, радиусы 4 метр болатын шағын ғана электр станциясын жасап қойдым. Оның әрқайсысының көлемі 0,7 шаршы метр шамасында болатын 4 желкені бар. Айналу жылдамдығы жел қатты соққан күндері, өз санауым бойынша, минутына 60 рет айналады. 4,5 киловаттық генераторды айналдыру кезінде желдің күші жетпей қалады. Вертикалды валлда тұрып айналатын генератордың артықшылығы – суды да тіке бағытта көтеруге болады деген ойдамын. Бұл электр станциясымен аккумулятор зарядтауға болады. Жел соқпаған кезде аккумуляторды пайдаланып, жел соққанша электр тоғын пайдалана аласыз. Маңғыстаудың желі мен дауылын барынша адам игілігіне жарату керек. Маңғыстаудың мұнайы мен газын тасымалдап әкетуге болады, бірақ желін ешкім ешқайда әкете алмайды. Демек Маңғыстаудың желін де пайдамызға жаратайық», – дейді Әділ Қарасаев.

Кейіпкеріміз бұл құрылғы туралы Парламент Мәжілісі депутаттарына, Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар мен инжиниринг университетінің проректоры мен зертхана басшылығына да хабарлаған. Ол ойлап тапқан құрылғысы үшін арнайы патент алуды көздейді. Сол үшін жергілікті БАҚ-қа хабарласып, өз жобасын қорғауға дайын.

«Мұндай бастамам қолдау тауып, идеям ойдағыдай іске асса, құрылғыларды жетілдіру және көптеп шығару арқылы Маңғыстау халқының, әсіресе шалғайдағы шаруа адамдарының электр қуатын желден-ақ алуына мүмкіндік туар еді. Қазір мұнай, газ және көмір сияқты қазбалы отындар еліміздің энергетикалық секторында басым энергия көзі болып отыр. Алайда электр энергиясын өндіруде олардың да мәселесі жетерлік, мысалы ауаны ластайды. Энергетика секторын жасыл технологияларға көшіру осы міндеттерді шешудің бір жолы деп есептеймін. Қазақстанның жел энергетикасының үлкен әлеуеті бар, бірақ оны пайдаға қолдана алмай отырмыз. Жел әлеуетін бағалау негізінде аймақтарды шартты түрде үш топқа бөлуге болады. Соның ішінде желдің орташа жылдамдығы 8 м/с жоғары және жиілігі шамамен 0,90 болатын әлеуеті ең жоғары жерлердің бірі Форт-Шевченко. Желден электр энергиясын алсақ, қоршаған ортаны улы газдардан сақтайтын едік.

Желден электр энергиясын алудың ең оңай жолы – соғып тұрған желді кең қақпадан кіргізіп, тар есіктен шығарып, жел екпінін күшейтіп, тік валды айналдырып, оны электр генераторына беріп, электр қуатын алу. Мұндай құрылғыны жасау өте оңай, оны құрлыққа да, суға да орнатуға болады. Желден бөлінген электр қуатын қайталап пайдалануға болады. Ол ескірмейді, тозбайды.

Бір ескеретін жағдай, біздің жеріміздің 80-90 пайызында желдің тізбегі 6 м/с тан жоғары, сондықтан кез-келген жерге ЖЭС құрып, пайдалануға болады.  Маңғыстау, Атырау секілді Каспий теңізінің жағасындағы облыстарға арнап ЖЭС құрып, оны пайдалану өте тиімді болар еді. Себебі теңіз жағасында желдің екпіні басқа жерлерге қарағанда күштірек. Жел күндіз демей, түн демей, жаз демей, қыс демей соғып тұрса энергия беретін қуат көзі шексіз деп есептеуге негіз бар.

Желден алынатын энергияның бір кемшілігі: жел болмай қалған күндері энергия да жоғалады, осы олқылықты жою үшін энергия жинайтын сандықтарды көбейту керек деп есептеймін. Жел болмаған күндері жиналған энергияны пайдалана беруге болады. Көз алдыңызға елестетіңіз, үлкен күре жолдың бойында, әр 100 шақырым жерде ЖЭС орнатылса. Әр ЖЭС-тің сандықтары артық энергия қуатына бай болады. Заманауи электромобиль құрылғысын мініп жүрсіз, әлгі ЖЭС-ке жақындап, электромобильдік энергия сандығын ауыстырып мініп кете бересіз. Тіпті бұл жел қуатын ауылшаруашылығындағы құдықтарға да қолдануға болады. Онымен құдықтағы суды тартып шығара аласыз. Сондықтан мен ойлап тапқан ЖЭС құрылғысын ары қарай дамытсақ, өңірімізге үлкен пайдалы іс болар еді. Электр қуатының көп мәселесі шешілер еді деп ойлаймын, – дейді Әділ Қарасаев.

Ел ішінде жүрген өнертапқыштардың ақыл-ойы бағаланып, ойлап тапқан құрылғылары халық игілігіне жұмсалса, қане!

Айгүл ОРЫНБАЕВА

Маңғыстау облысы

 

475 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы