• Қоғам
  • 23 Ақпан, 2023

МЕКТЕПТІ КІМ КҮЗЕТІП ЖҮР?

Әсел МҰРАТБЕКҚЫЗЫ
«Ana tili»

Петропавл қаласында 9-сынып оқушысы мектепке балтамен келіп, үш баланы жарақаттады. Оқиға қоғамды дүр сілкіндіріп, Үкімет деңгейіне көтерілді. Жауапты органдар мен мамандар қайта-қайта кеңес өткізіп, білім ордаларындағы қауіпсіздік шараларын арттыруға білек сыбана кірісті. 
Әлқисса. Ішкі істер министрінің дерегінше, оқиға 13 ақпан күні қаладағы №4 орта мектепте болған. 9-сынып оқушысы рюкзагына салып, мектепке асхана балтасы мен пышақ және маска алып келген. Екінші қабаттағы әжетханада маскасын киіп, дәлізге шығып, балтамен үш оқушыға шабуыл жасаған. Кейін ол оқушыны жоғары сынып оқушылары  мен мұғалімдер ұстаған. Екі жәбірленуші қалалық емхананың стационарына түскен, бір оқушы медициналық көмек көр­сетілгеннен кейін үйіне қай­тарылған.  
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі, 99-бабы 2-бөлігі, яғни адам өлтіруге оқталу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті 2 айға уақытша ұстау изоляторына қамалды. 
«Күдіктінің психикалық денсаулығында проблема болған. Алматы қаласының Республиалық психикалық денсаулық ғылыми-тәжірибелік орталығы жалпы білім беру бағдарламасы бойынша оқуын жалғастырға рұқсат берген», – дейді Ішкі істер министрлігінің бірінші орынбасары Марат Қожаев.
Оның айтуынша, №4 орта мектеп екі ауысымда жұмыс істейді. Онда 39 сынып, 984 оқушы, 70 мұғалім, бір психолог бар. Мектепте және оның аумағында 42 бейнебақылау камерасы және 5 дабыл кнопкасы бар. Оқиға болған күні мектептің 1-қабатында күзетші-вахтер болған.

МЕКТЕПТІҢ КІРЕБЕРІСІНДЕГІ БАҚЫЛАУДЫ КҮШЕЙТУ КЕРЕК

Петропавлдағы оқиғадан кейін Премьер-министр Әлихан Смайыл­ов мектептердің кіреберісіндегі бақылауды күшейтіп, бейнекамераларды көбейтуді ұсынды.

«Бұл өте қауіпті жағдай. Ха­лық­тың арасында  үлкен алаң­даушылық тудырды. Балала­ры­ның қауіп­сіз­дігіне алаң­да­майтын отбасы жоқ. Мектептің ішінде де қауіптің барын көріп отырмыз. Сондықтан бұл мә­селені қайта қарап, оқу орындарына тексеру жүргізу қажет. Бей­­некамералар­дың санын көбейтіп, мектепке кіреберіс жер­лерде бақылауды күшейту мә­селесін қарау керек», – деді Үкімет басшысы.

Ол Ішкі істер министрлігіне келісілген ұсыныстарды енгізуді, Денсаулық сақтау министрлігіне зардап шеккен балаларды емдеуді ерекше бақылауға алуды, Оқу-ағарту министрлігіне Ішкі істер және Төтенше жағдайлар ми­нистрліктерімен бірлесіп, қауіп­сіздік сабақтарын әзірлеуді тапсырды.

«Балалар әр түрлі жағдайда өзін қалай ұстау керектігін нақты білуге тиіс», – деді Әлихан Смайылов.

 

ҚАРАУЫЛ БОЛЫП ҚАРТАЙҒАН АДАМДАР ОТЫР

Қазіргі уақытта мектептерде көбінесе вахтерлер отыратыны белгілі. Кей ауыл-аймақтарда мектепте күзетші болып зейнеткерлер отыратынын да көзі­міз шалып жатады. Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов те Үкімет дәлізінде мұндай фактілер кездесетінін растады.

«Бұрын қарауыл болып зейнетке шыққан адамдар отыратын. Шалғайдағы мектептерде әлі де бар. Тапсырма өткен жылы да, биыл да берілді. Жағдай бұрын­ғыға қарағанда едәуір жақсарды, бірақ әлі де кемшіліктер жоқ емес. Оны әкімдіктер, білім беру басқармалары, мектеп директор­лары қамтамасыз етуі керек. Талаптар қойылған, заңда ондай ережелер бар. Себебі балалардың қауіпсіздігі ең алғашқы орында болуы қажет», – деді Премьер-Министрдің орынбасары.

«Петропавлдағы оқиғадан кейін мектептерді толықтай күзетпен қамтуға қадам жасала ма?» деген сауал туындайды. Алтай Көлгіновтың айтуынша, мектептерді толықтай күзетпен қамтуға қаражат жеткілікті кө­рінеді. Ол үшін жергілікті бюджет пен орталық мемлекеттік органнан қолдау бар.

Ал еліміздегі қанша білім ордасы арнайы лицензиясы бар күзет жүйесімен жабдықталған?Ішкі істер министрлігі Күзет қызметін бақылау департаменті басқармасы бастығының орынбасары Серік Құспановтың дерегіне сенсек, биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша лицензиясы бар жеке күзет ұйымдарымен 3404 мектеп пен 1371 балабақша қорғалады. Олардың ішінде дабыл сигналы жүйесімен, яғни қорғалатын нысандардан түскен дабыл сигналына шұғыл әрекет ететін топты шақыратын «дабыл» тетігі 2050 мектеп пен 790 балабақшада орнатылған. Қалған нысандарда дабыл сигналы немесе жеке күзет бар.

– Ал 3298 мектеп пен 4214 балабақша лицензияланған күзетсіз жұмыс істейді. Қалған оқу мекемелеріне біз статистика жүргізбейміз. Оқу мекемелерінде лицензияланған күзеттің болмау мәселесін күзет қызметін сатып алу үшін жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражатпен байланыстыру керек. Себебі жеке күзет ұйымдары ақылы түрде жүргізіледі. Бұл мәселемен жер­гілікті атқарушы органдар, әкімдіктер Оқу-ағарту министр­лігімен бірге айналысуға тиіс, –деді Серік Құспанов.

 

КЕМШІЛІКТЕР МЕН ОЛҚЫЛЫҚТАР БАР

Кейін Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі бойынша кеңес өткізді. Оған министрлердің және облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

ҚР оқу-ағарту бірінші вице-ми­нистрі Шолпан Каринованың баяндауынша, Алматы, Қостанай, Түркістан облыстарында, Ұлытау, Жетісу, Абай облыстарында бейнебақылау жүйесі жоқ. Солтүстік Қазақстан, Қос­танай, Түркістан облыстарының ірі қалаларында мамандандырылған күзет қызметімен келісімшарт жасалмаған. Барлық оқу орындары қауіпсіздіктің кешенді жүйесімен қамтамасыз етілуі тексеріледі.

Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігі балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және балалардың құқықтарын қамтамасыз ету, оның ішінде Қауіпсіздік жүйесін ұйымдастыру жөніндегі кешенді жоспардың жобасын әзірлеп жатыр. Оған 20-ға жуық мемлекеттік орган мен өңірлер жұмылдырылған. Негізгі мәселе – қауіпсіздік саласындағы қызметтерді сатып алу үшін жергілікті әкімдіктерден қаржыландырудың аздығы.

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха білім беру ұйым­дарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ішкі істер органдарының жұ­мысы және лауазымды тұлғалардың күзет қызметі мен жауапкершілігіне қойылатын талаптарды күшейту жөніндегі шаралар туралы хабарлады. Петропавл қаласындағы №4 орта мектепте болған оқиғаға қатысты тексеру барысында нысанда турникет пен мамандандырылған күзеттің жоқтығы анықталғанын атап өтті. 15 мектеппен бейнебақылау жүйелерін жедел басқару орталықтарына қосу туралы шарттар жасалған. Оның ішінде №4 орта мектеппен жасалған шарты 31.12.2022 жылы аяқталғаны анықталды. Қаражат бөлінгенімен, мектептер келісімшарт жасамаған. Қазіргі уақытта лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі қарастырылып жатыр.

Вице-премьер жиында оқушы­лардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесінің өзектілігін атап өтті.

«Білім беру ұйымдарында техни­калық жарақтандыру және лицен­зияланған күзет мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдардың жұмысында айтарлықтай кемшіліктер мен олқылықтар бар. Мұның барлығын келесі оқу жылының басына дейін түзету қажет. Білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданбаған жағдайда қатаң жауапкершілікке тартатын боламыз»,– деді Алтай Көлгінов.

Кеңес қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға оқу жылы басталғанға дейін білім беру ұйымдарын дабыл түймелерімен, турникеттермен, лицензияланған күзетпен жарақтандыру және ішкі істер органдарының жедел бас­қару орталықтарына қосылған бейне­бақылау жүйелерін орнату жұмыстарын аяқтау тапсырылды. ҚР Оқу-ағарту ми­нистрлігі Балаларды қорғау жө­ніндегі кешенді жоспардың жобасына психологиялық қызметтердің, олардың кадрлық құрамының және т. б. қызметін күшейту мәселелерін ен­гізуі керек. Ішкі істер және Төтенше жағдай министрліктері білім беру ұйымдарында қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша мониторинг жүргізуге тиіс.

ҚАУІПСІЗДІК АЙЛЫҒЫ БАСТАЛАДЫ

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсем­баев та осы оқиғадан соң облыс әкім­дерінің орынбасарлары, білім бас­қармалары мен білім беру саласын­дағы сапаны қамтамасыз ету депар­таменттерінің басшыларымен бірлескен шұғыл кеңес өткізіп, 20 ақпаннан 20 наурызға дейін еліміздің барлық оқу орындарының кешенді қауіпсіздік жүйесімен қамтамасыз етілуіне мониторинг жүргізуді тапсырды. Осы мәселе аясында өзара әрекеттесудің тиімді тетіктерін әзірлеу жүктелді. Бұл ретте орта білім комитеті білім алушылар үшін арнайы қауіпсіздік сабақтарының циклін әзірлеуі қажет. Білім басқармалары оны білім беру ұйымдарында полиция және төтенше жағдайлар департаменттерімен бірлесіп өткізілуін қамтамасыз етуі тиіс.

 

ОҚУШЫЛАР МЕН  ҰСТАЗДАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІН КІМ ОЙЛАЙДЫ?

Дегенмен сенатор Нұртөре Жүсіп еліміздегі мектептерді күзету формальды  және қарабайыр түрде жүргізілетінін айтты. Ол Премьер-миинистрге жолдаған депутаттық сауалында осындай төтенше жағдайларды болжау жүйесіндегі, ерте алдын алудағы күрделі проблемаларға назар аударды. Сенатордың айтуынша, Қазақстанда бұл бағыт бойынша маңызды ғы­лыми база жоқ. Оқушылардың психо­ло­гиялық портретін жасау, отбасының әлеуметтік мәртебесін анықтау кезінде депрессияға немесе агрессияға бейім ба­лаларды алдын-ала оқшаулау ес­керілмейді.

 «Көп сатылы кешенді қауіпсіздік жүйесін жасауды күн тәртібіне шығару керек. Әлем елдерінде мұндай тәжірибелер бар. Қай ел болмасын, бұл мәселеге асқан жауапкершілікпен қарайды. Мәселен, Қытайда мектепке тек оқушының да, ата-ананың да суреті бар арнайы куәлікпен кіруге болады. Кез келген оқу орнында күзетші кабинкасы қойылған. Келген адамның куәлігі болмаса, тек мұғалім ғана ертіп кіре алады. Ал Францияда оқушыларға ғимаратқа алып кіруге болмайтын заттар тізімі жазылған нұсқаулық беріледі. Сабақ арасында рюкзактар мен портфелдер тексеріледі. Жылына екі рет антитеррористік жаттығу сабақтары өткізіледі», – деді сенатор.

Депутат «Білім туралы» заңда оқу­шылар мен ұстаздардың қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету туралы бір ауыз сөз жоқ екенін ескертті. Премьер-министрден білім беру мекемелерінде криминалдық және террористік сипаттағы қауіп-қатерден қорғайтын, оқушыларды, мұғалімдер мен қосалқы персоналды қорғауға арналған қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді жүйесін жасау жөнінде шұғыл кешенді шаралар қабылдауды сұрады.

Ғылымда «көбелек эффекті» деген теория бар. Оған сәйкес, өз қалыбымен жүріп жатқан жүйеге тигізген мардымсыз әсер басқа бір жерде және басқа бір уақытта зор, әрі болжанбаған салдар тудыруы мүмкін. Түсінікті тілмен айтсақ, болмашы өзгеріс үлкен өзгерістерге себеп болады, яки Бразилияда көбелек қанатын қақса, соның әсері Америкаға торнадо болып жетуі мүмкін. Теория тек жағымсыз оқиғаларға қатысты қолданылмаса керек. Петропавлдың мектебіндегі жұртты дүр сілкіндірген оқиға да Қазақстанның бүкіл мектебіне оң өзгеріс әкеле ала ма? Мектепте кім жүр? Біз білім ордасында бөгде оймен жүрген адамды бақылап, қадағалай алдық па? Әлде бәрі тек жиын-жиналыстың хаттамасы ретінде жасанды, көзбояушылық болып қала бере ме? Бәріне уақыт төреші.

11261 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы