• Білім және ғылым
  • 23 Ақпан, 2023

ОТАНДЫҚ ҒЫЛЫМДА ОЙЛАСАР МӘСЕЛЕ КӨП

 Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ
«Ana tili»

Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының мәліметі бойынша, егер де мемлекеттің ішкі жалпы өнімінің 1 пайыздан жоғары бөлігі ғылымды қаржыландыруға кететін болса, ол елде ғылым дамиды екен. Мәселен, бұл көрсеткіш Израильде – 4,7, Америкада – 3,7, Швецияда – 3,2, Ресейде – 1,2 пайыз. Бұл әлемдік ұлттық академиялық кеңестің қорытындысына сай келеді деуге болады. Ал біздегі ішкі жалпы өнімнің 0,12 пайыз ғана ғылымға бөлінеді. Онымен ғылым қалай дамиды? 
Осыған орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін ғылымға бөлінетін қаржыны ішкі жалпы өнімнің 1 пайызына жеткізуді міндеттеп отыр. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қоғамдық кеңес мүшелері мен сарапшылардың талқылауына «Ғылым мен жоғары білімді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» жобасын ұсынды. Жобада жоғары білім беру саласындағы алдағы жеті жылдағы басым міндеттер ретінде жоғары білімге қолжетімділік, білікті кадрлармен қамтамасыз ету, цифрлық архитектураны дамыту, интернационалдандыру, корпоративтік басқаруды дамыту, инфрақұрылымды дамыту және ұлттық білім сапасын қамтамасыз ету моделі белгіленген.

ҒЫЛЫМДАҒЫ  ҚАРЖЫ МӘСЕЛЕСІ

Ғылым саласында ғылымды басқарудың жаңа моделін ен­гізу, зият­керлік әлеуетті нығайту, ғылыми инфрақұрылымды және цифрландыруды жаңғырту, ғы­лыми-зерттеу университеттерін, қол­данбалы ғылымды және ғы­лыми, ғылыми-техникалық жұмыс нәтижелерін коммерцияландыру экожүйесін дамыту жоспарланған.

«Мемлекет басшысының тап­сырмасы бойынша Ғылым және жоғары білім министрлігі ға­лым­дар мен ғылыми ұйымдардың, жо­ғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының қызметкерлерін жан-жақты қолдау мәселелеріне назар аударады. Осы жылдан бастап отандық ғылымның дамуындағы жаңа кезең баста­лады. Біздің 1200-ге жуық ғалым гранттарды жеңіп алғанына немесе алмағанына қарамастан жалақы алатын болады. Кепілдендірілген қаржыландыру үздіксіз зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ біз гранттық және мақсатты қаржыландыру тетіктерін өзгерттік. Соңғы жылдары ғылымды қаржыландыру екі есеге жуық өсті. Біз үшін барлық рәсімдердің ашық­тығы мен ашықтығын қам­та­масыз ету маңызды», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек еліміздегі үздік ғалымдарды марапаттау рәсімінде.

Ал Ұлттық ғылым академия­сы­ның академиктері қаржы мәселесі­не қатты мән беріп, ғылымды дамыту үшін барын салмақ. Бұл туралы ҚР Ұлттық Ғылым ака­де­миясы­ның академигі, Президент жанын­дағы ұлттық құрылтай мүшесі Кәрім­бек Құрманәлиев әңгімелеп берді. Оның айтуынша, ғылым мен білімді екінші орынға қойған мемле­кет ешқашан, ешбір салада бірінші орынға шыға алмайды. Сонымен қатар Ғылым және жоғары білім министрлігі жақсы қағида дайын­дағанын, ол бойын­ша ұлт­тық бағдарламаларға бөлінетін гранттарға қатысатын ғалымдар­­дың 40 пайызы жастар болуы керегін айтты. Екіншіден, академик­тің пікірінше, үлкен академик-профессорлардан бөлек, ғалым­дарға грант жариялағанын, шетелге тағылымдамадан өту үшін жыл сайын 500 грант бөлінгенін жақсы жаңалыққа балайды.

«Еліміздегі 22 мыңнан астам ғалымның 35 пайызы жастар. Алдағы уақытта ғылымдағы жас­тардың үлесін 52 пайызға дейін арттыру жоспарланып отыр. Мә­селен, соңғы бірнеше жылда ғылым саласына мыңнан астам жас­тар келді. Ғылым саласындағы өзекті мәселенің бірі – орта буын өкілдерінің тым аздығы.

Тіптен үзіліп қалуы. Осы олқы­лықтың орнын толтыру үшін мемлекет тарапынан үлкен жұмыс істеліп жатыр. Қазақстандағы ғылымды дамытудың 2022-2026 жылдарға арнал­ған тұжырымдамасы қабылданып, Үкімет қаулысымен бекітілді. Онда бүгінгі ғылымның жай-күйі, мәселесі мен оны еңсеру жолдары тайға таңба басқандай әлемдік тәжірибемен ұштастырыла отырып қарастырылып жатыр. Өткен ғасырдың 90-жылдары 40 мыңнан астам ғалым бар еді. Қазір оның саны 20 мыңнан астам. Ғалымдар санының азаюы мен бұл салаға деген қызығушылықтың болмауының бір себебі – қаржының мардымсыздығы. 2003 жылы баяғы Кеңестер одағында үшінші орында тұрған Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы мәртебесі өзгеріп, республикалық қоғамдық бірлестік болып қайта құрылды. Бұл республикалық қоғамдық бірлестік деген сөз ит асыраушылар мен құс өсірушілер қоғамы сияқты өкіметтен бір тиын алмайтын қоғамдық бірлестік деңгейіне түсті. Ғылым бұрынғыдай, Кеңестік кезеңдегідей мемлекеттен қаржыландырып, осындай үлкен қолдау көру жағы кемшін болған жағын айтуымыз керек. Қаражат бөлінбегеннен кейін, әр ғалым өз тірлігін өзі жасап жатқаннан кейін әрине даму әлсірейтіні анық. 1995 жылды білесіз ғой, жұрт зейнетақысын, еңбекақысын ала алмай, қыздарымыз, апаларымыз базар жағалап, қиын болған кезде жұрт ғылымнан кетіп қалды. Тиын табу мәселесімен көбісі базарға, кәсіпкерлікке кетті. Мықтылардың көп болса 10 пайызы ғана шетелге кеткен шығар. Менің біраз білетін адамым бар, ай сайын 2500-3000 доллар алады, негізі ғылымымыз ешкімнен кем емес», – дейді академик Кәрімбек Арыстанбекұлы.

Кәрімбек Құрманәлиев

Кәрімбек Құрманәлиевтің айтуынша, жаңадан құрылатын Ұлттық кеңес құрамына Ғылым және жоғары білім министрлігінің құрамындағы жас ғалымдар кеңесінен ғалымдар қосылады. Президентт АҚШ-қа сапарында әлемдегі іргелі ғылыми орталықтарда жұмыс істейтін ғалымдармен кездесіп, өз елімізге шақырды. Сол топтағы ғалымдар Ұлттық Кеңес құрамына енеді. Әлемдік деңгейдегі ғылым жаңалықтарын қолмен ұстап, көзбен көріп отырған адамдар өз ойларын айтады. Дамудың даңғыл жолын көрсетеді. Әлемдік кеңістікке кірудің жолы – осы. Президент қазақ тілі халықаралық тіл болатынын айтты. Осы орайда әлемде жалғыз ғана қазақ тілін зерттейтін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы инс­титут директоры Анар Фазылжан ұлттық кеңеске кірді. Бұл – мемлекеттік тілге дұрыс көзқарас.

«Жыл сайын білім саласына 80-90 млрд теңге бөлінеді. Қаражатты Академия қайда жұмсап жатыр? Бөлінген миллиардтарды ғылымды дамытуға жұмсамай ма? Қазір Ұлттық ғылым академиясына көк тиын берілмейді. Бұл қаржыландыру көзі министрліктер арқылы жүреді. Бөлінген қаржының тек 15 пайызы ғана бұрын Білім және ғылым министрлігінде болады. Қалған қаражат 9 министрлікке бөлінеді. Бірақ бағдарламаға жауапты – сол Білім және ғылым министрлігі болды.

«Сосын 80-90 млрд теңге ақшаны қалай пайдаланбайды, қалай ғылым дамымайды, қайда кетіп жатыр?» деген әңгіме шығады. Соның анығын айтатын адам керек қой. Мен ашығын айтайын, Ұлттық ғылым академиясы 20 жыл болды, үкіметтен бір тиын алмайды. Бірақ сонда да гранттар арқылы алады.Грант өзіңнің еңбегіңмен табатын дүниең, өзіңнің жобаңды ұсынасың, оны бекітеді, қабылдайды, ұлттық ғылыми кеңес мүшелері қолдайды, содан кейін ақша бөлінеді. Оны ұйымдастырып, оған қаражат бөліп отырған Ұлттық ғылым академиясы жоқ. Оның құзіреті де жоқ. Енді құр шөппен ауыз сүртпей-ақ қояйын, өткен жылы Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдығында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Ғылым академиясының мәртебесін өзгертіп, оны мемлекеттік мәртебе беру жөнінде екінші республикалық бюджеттен қаржыландыру бойынша тапсырма берді. Бірақ сол тапсырма жарым-жартылай орындалды. Академиялықтар соған қуанып жатыр, «коммерциялық емес ұйым болып қайта құрылды, бюджеттен қаржыландыратын болды» деп бәріміз алақайлап, малақайымызды лақтыратын болсақ, өтірік болып шығады. Шындыққа қиыспай қалады. Ұйымның мәртебесі– коммерциялық емес ұйым, ал біздің сұрап отырғанымыз – Ұлттық республикалық мемлекеттік ­мекеме құру», – дейді академик Кәрімбек Құрманәлиев.

 

ТАРИХ ҒЫЛЫМЫНДАҒЫ  ГРАНТТАР

Біз осы орайда Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымының докторы, профессор, Оразгүл Мұхатовадан өз саласы бойынша бөлінетін гранттар хақында сұрадық. Ғалымның айтуынша, тарихшылар гранттық қаржыландыру жобалары бойынша тарихи ақтаңдақтар са­налатын тақырыптарды зерттейді. Соңғы жылдары Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті грант­тық қаржыландыру жобасы бойынша бай­қауларды 1,2,7,3 жыл мерзімдерге жариялаған.

–Тәуелсіздік жылдары отандық тарих ғылымының дамуындағы бетбұрыс кезеңге айналды десек, артық айт­қандық емес.Мемлекет тарапынан көр­сетілген қолдау және түрлі мемле­кеттік бағдарламалар Отан тарихын тың көзқараспен зерделеуге жол ашты. Тарих ғылымы кеңестік идеологиялық құрсаудан шығып, тәуелсіз мемлекеттің бүгіні мен ертеңін таразылауда жетекші рөл атқарып келеді. Қазақстан тарихында бұрын үстірт зерделеген, «жабық» деп саналып келген оқиғалардың ақиқаты тың деректер бойынша ашыла бастады.Тарихшылар бағдарламалық мақсатты қаржыландыру ғылыми-зерттеу жобалары бойынша байқауларға қатысып, өзекті тақырыптарда ауқымды зерттеулер жүргізуге мүмкіндік алады. Соңғы жылдары «Архив - 2025», «Ұлы Даланың жеті қыры», «Ұлы Даланың ұлы есімдері» атты бағдарламалар бойынша зерттеулер жүргізілді. Әсіресе «Архив - 2025» мем­лекеттік бағдарламасы аясында шетелдік архивтерден Қазақстан тарихына қатысты деректер әкелінді. Бұл үдеріс әлі де өз жалғасын табуда.

Осы уақыт ішінде байқаудан сәтті өтіп, жоба иегерлері атанғандар отан­дық және шетелдік архивтерден тың дерек­терді жинақтап, солардың және өзге материалдардың негізінде ғылыми жаңа­лықтары бар, модернизациялық, антро­пологиялық, өркениеттік, пәнаралық бағыттарда зерттеулер дайындап келеді. Ғылыми зерттеулер институттармен қатар жоғары оқу орындарында жүзеге асырылады. Бірқатар жоғары оқу орындарында ғылыми орталықтар жұмыс істейді. Ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтар шетелдік жоғары оқу орындарымен, орталықтармен байланыс орнатқан. Соңғы жылдары кәсіби тарихшылар мен жоғары оқу орындарының оқы­тушылары өздерінің ғылыми жаңа­лықтарын, инновациялық идеялары мен тұжырымдарын «Хабар­шылардың», «Отан тарихы», edu.e-history.kz, «Қазақ тарихы» журналдары мен арнайы электронды ресурстар беттерінде жариялайды. Қазіргі кезде осындай мерзімді басылымдарды Scopus, WebofScience халықаралық базасына кіретін журналдардың қатарына енгізу міндеті – күн тәртібінде тұрған кө­кейкесті мәселелердің бірі, – дейді Оразгүл Хасенқызы.

Ғалымның айтуынша, Қазақстан Республикасында Ғылым академиясы мәртебесінің өзгеруі, мемлекет пен оның басшысының ғылымды қолдауы да оның деңгейінің өсуіне игі әсер етіп отыр. Дегенмен мұндай күрделі сауалға біржақты жауап беру қисынсыз. Себебі ғылымның деңгейі мәселесіне оның әлеуеті, маман дайындау түйткілі, қаржыландырылуы және т.б. жатады.

«Қоғамда «тарихты жасаудан оны жазу қиын» деген түсінік бар. Осы орайда тарих ғылымының деңгейі оның маман­дарына, яғни кәсіби тарихшыларға тікелей байланысты. Ғылымның әлеуетіне оның қаржылай жағдайы сәйкес келуі тиіс. Сонда ғана ғылыми нәтижелер мен жаңа­лықтарға қол жеткізілері хақ. Өзге ғы­лымдарға қарағанда тарих ғылымының арқалайтын жүгі ауыр. Ол бір жағынан ұлттық бірегейлік, мемлекеттің тұтастығы, ұлт мүддесі үшін қызмет атқарса, екінші жағынан қоғамда тарихи сана, отан­сүйгіштік, елжандылық қасиеттерді қа­лып­тастырушының рөлін атқарады. Осы тұрғыда келгенде, тарих ғылымын алға тартатын кәсіби тарихшы екендігі тү­сінікті. Сол ғалым-тарихшылардың қазіргі кезде қатары кеңестік кезеңмен са­лыстырғанда азайып қана қоймай, жастары ұлғайған. Тарихи сабақтастық бойынша солардың орнын басатын ғылымдағы жастардың үлесі аз, небәрі 30 пайыздан ғана асады. Мұның өзіне соңғы жылдары ғана қол жеткізілді. Ғылым деңгейінің артуына терең білімді, озық ойлы, шығармашыл жастар ықпал етеді. Сондықтан шынайы тарих жазатын жас ғалымдарды тәрбиелеген абзал. Қазіргі қорғалып жатқан магистрлік, докторлық диссертациялардың сапасын арттыру қажеттілігі байқалады. Жастарға ақыл-кеңес берудің тиімді жолдары қолға алынуы тиіс. Ғылыми сабақтастықтың жібі үзілмегені жөн. Ғылым деңгейінің тағы бір көрсеткіші – қазақстандық ғалым-тарихшылардың ірі халықаралық зерттеулерге қатысуы. Осы бір күрмеуі қиын мәселенің шешімін табу қажет. Отандық тарих ғылымында зерттеулер жүргізуде тың ұстанымдарды, яғни методологияны пайдалы ғылыми еңбектердің мазмұны мен қолданыс аясына тікелей әсер етеді. Осы орайда көпшілік оқитын еңбектер дүниеге келуі керек. Осылардың барлығы өз шешімін тапса, тарих ғылымы деңгейінің одан әрі артатыны сөзсіз, – дейді Оразгүл Мұхатова.

Оразгүл Мұхатова

PHD ҚОРҒАУҒА ЖОҒАРЫ РЕЙТИНГІЛІ ЖУРНАЛДАРДЫҢ ӘСЕРІ

Назарбаев университеті қазақ тілі және түркітану департаментінің ассистент профессоры, филология ғылымының кандидаты Жазира Ағабекованың ғылымдағы кейбір жаңалықтар оның әлемдік деңгейде дамуын тежеуі мүмкін деген болжамы бар. Дегенмен оның пікірінше, қазіргі уақытта ғылымда қатталып қалған сең қозғалған секілді. Университеттер мен өндіріс арасында байланыс орнатылып желілік білім беру кампусын құру қолға алынуда. Бұл болашақ мамандардың өндірісте жұмыс істеу дағдыларын ерте қалыптастырады.

«Осы уақытқа дейін ғылыми жобалар мен бағдарламаларды қаржыландыру ұзақтығы үш жылдан аспайтын болса, соңғы жылда ол бес жылға ұзартылды. Кез-келген салада ғылыми тәжірибелер жасау ұзақ мерзімді талап етеді. Осы тұрғыдан алып қарағанда бес жылдық жобалардың нәтижесі нақтырақ болуы тиіс.Биылдан бастап жетекші ғалымдарға еңбекақы төлеу тарифы да артты. Бағдар­ламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша грантқа қатысушының толық ставкасы бес жүз мыңға дейін көтерілген. Бұның өзі ғалымдарға қаржылай көмектің жақсы беріліп жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар жас ғалымдарға арналған арнайы гранттар бөліне бастады. Қазір Қазақстанда жастардың ғылымға келуі, ғылыммен айналысуы артуда. Шетелдік университттермен бірігіп жобалар жасау жүзеге асырылып жатыр. Ғылыми ортаның қара шаңырағы –«Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясына» мемлекеттік мәртебенің қайтарылуы үкіметтің ғылымға назар аудара бастағанының белгісі. Бірақ қаражат аударып жатырмыз, жедел нәтиже беру керек деген асығыс іс болмауы тиіс. Бір зерттеу объектісін жан-жақты толыққанды зерттеп, сараптама, анализдер жасау, тұжырымға келу ұзақ уақытты талап етеді. Бір жоба 10 жылға дейін жалғасып жатуы мүмкін, – дейді Жазира Ағабекқызы.

Жазира Ағабекқызы

Профессор өзінің жоғарыдағы болжамын Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушы 2023 жылғы 9 қаңтардағы №7 бұйрығы жарық көріп, онда «Дәрежелерді беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 31 наурыздағы №127 бұйрығында (Нор­мативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №6951 болып тіркелген) «Дәрежелерді беру қағидаларына» өзгерістер енгізілгенімен түсіндіреді.

«Оның мәтінін сала мамандары жақсы біледі. Осы бұйрықтың негізінде енді қазақ тілі мен әдебиетіне, қазақ филологиясына, Қазақстан тарихына, қазақ философиясына қатысты білім беру бағдарламалары бойынша оқитын докторанттар үшін Scopus (Скопус) деректер базасындағы жур­налдарға мақала жариялау мін­детті емес болып отыр. Оның орнына ҚР Ғы­лым және жоғары білім министрлігі Ғы­лыми қызметтің нәтижелерін жариялау үшін ұсынылатын басылымдар тізбе­сіндегі ғылыми журналдарға бес мақала жа­рияласа жетіп жатыр. Бұл бұйрық­тың осы саладағы кейбір оқытушы-профессорлардың ұсынысын негізге ала отырып шығарылғаны түсінікті. Өйткені «докторанттарымыз үш жылдық докторантураны бітіріп, жоғары рейтингілі журналдарда ағылшын тіліндегі мақалалары жарияланбағандықтан докторлығын қорғай алмай жүр» деп жиындарда айтылғанын естідім. Докторанттардың ағылшын тіліндегі материалдарының шықпай жүргенін осы бұйрықтағы жеңілдікпен шешу дұрыс емес деп ойлаймын. Оның бірнеше жағы бар.

Біріншіден, докторантураға түсу үшін үміткердің IELTS емтиханының нәтижесі 6  балдан кем болмауға тиіс. Және докторант оқу барысында ғылыми мақала жазудың әдіс-тәсілдерін үйрететін пәндер оқиды. Жетекшімен бірігіп отырып бір тақырыпта зерттеу жүргізеді. Соның нәтижесінде бір ғана мақала жариялауға болады.

Екіншіден, докторантураны үш жылда бітіру деген шарт қоюдың өзі маман­дықтарға сай өзгеше болуы мүмкін. Гранттарды да соған байланысты бөлуі керек. Шетелдердің жақсы университеттерінде 10 жылда докторлық зерттеулерін бітірген әріптестерімізді көргенмін.

Үшіншіден, қазіргі кезеңде ғылыми қызметтің нәтижелерін жариялау үшін ұсынылатын басылымдар тізбесіндегі ғылыми журналдардың деңгейі әлі де болса төмен. Лицензиясы бар болса да өз деңгейінде жұмыс атқарылып жатпағаны көрінеді.

Ал негізі мәселені басқа тұрғыдан қарас­тыру керек. Шет елдерде жазу дағдыларын қалыптастыратын арнайы орта­лықтар (Writingcenter) жұмыс істейді. Жазу–адам ойының жинақталып жарыққа шығуы. Ойды арнайы құрылымға салып, оқыған адам оңай түсінетіндей етіп беруді үлкен өнер. Жазу орталықтарына студенттер түрлі эсселер жазу, уәждеме хаттар, жұмысқа тұру үшін түрлі өмірбаяндық хаттар жазу үшін барса, мемлекеттік қызметшілер жазу орталықтарынан құжат жүргізудің түрлі әдістерін үйренеді.Тіпті банк қыз­мет­керлері мен халыққа қызмет ететін орындарда жазу орталықтарынан біліктіліктері бар мамандар бағаланады. Ал ғылыми мақала жазатын магистрант, докторанттар жазу орталықтарында бірнеше курстар алып жатады. Кейбір атақты уни­верси­теттердің өздерінің арнайы «Жазу орталықтары» бар. Қазақстанға да осы тәжірибені игеру қажеттілігі бар. Қазақ тілінде ғылыми мақала жазуды игерсе, оны ағылшын тіліне аудару қиынға соқпайды.

Төртіншіден, докторанттарға жасалған бұл «жеңілдіктің» қазақ тілі мен әдебиеті, қазақ философиясы, қазақ педагогикасының озық шығармаларын, зерттеулерін әлемдік деңгейге шығаруға кері әсерін тигізетін жағы тағы бар. Жаһанданудың тілі ағылшынша болып тұрған қазіргі кезеңде тілдегі байлықты, қазақша жазатын ақын-жазушылар мен философтардың шығармаларын, ұлттық педагогиканың озық әдіс-тәсілдері сарапталып, халықаралық ғылыми ортаға араластырылмаса, басқа ғалымдарға оқуға мүмкіндік берілмесе онда ұлттық рухани құндылық қалай жоғары деңгейге жетеді? Орта ғасырларда мұсылман өркениеті кезеңінде әл-Фараби, Ибн Сина сияқты түркі жұртынан шыққан ғалымдар еңбектерін араб тілінде жазып, әлемді таңқалдырар шығармаларды мұра етті. Бірақ одан түркі тілдері жойылып кеткен жоқ. Сондықтан ғылымға жаңалық енгізуде жан-жақты қарастырылса жақсы болар еді», – дейді Жазира Ағабекова.

Сонымен қатар профессор «университетте жүрген ғалымдардың сабақ беруден қолдары тимейтінін, бір профессор немесе доцент кем дегенде 4-5 түрлі сабақ беретінін, сабақтарға дайындалу үшін қаншама мақала оқу керек, студенттердің жұмыстарын тексеру, қоғамдық жұмыстары қосылатынын айтты. Сондықтан ғылымның ақсап жатуы заңды» деген пікірімен бөлісті.

11785 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы