• Қоғам
  • 02 Наурыз, 2023

ЖОБАЛАР БАР ЖАП-ЖАҚСЫ

Нұрболат Абайұлы 
«Ana tili»

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғылыми-техникалық паркі мен зертханаларында бірқатар ғылыми жобалар жасалып жатқаны жөнінде БАҚ–ын таныстыру шарасы өтті. Шараны ғылыми-техникалық паркінің директоры Мұхтар Әбдіқалықұлы ашып, жүргізді.

Директордың айтуынша, 2019 жылы ғылыми кеңестің шешімімен ғылым және иновациялық қызмет департаменті құрылып, бірнеше ғылыми жобаларды бастаған. Оның алғашқысы күн сәулесі арқылы электр энергиясын өндіретін автономды станция екен. Бұл жоба бойынша өздерінің авторлық патенттерін алып, Қорғаныс министрлігімен меморандумға қол қойып, Семей қаласындағы әскери полигонға 10 килловаттық станцияларын орнатып, алғашқы тапсырыс-ты орындапты. Ал қазіргі таңда 240 килловаттық станцияны орнатуға жоспар жасалған. Өзіндік құны 1,5 миллион теңге тұратын станция панельдері 20 жыл үзіліссіз жұмыс істейді. Электр энергиясы тартылмаған алыс таулы аймақтардағы малшылар қауымынан ұсыныс түссе, орната алатындығын айтты. Станцияны Алматыда отырып-ақ, алыстан қызметін тексеріп отырады екен.

Одан кейінгі екінші жобалары мұнай өндіру барысында парафинмен тез бітеліп қалатын ұңғыма ішін тазартатын құрылғы. Бұл құрылғыны орнату үшін «Қазмұнайгаз» және «Өзенмұнайгаз» кәсіпорындарымен келіссөз жүргізіліп жатқанын айтты. Бұл құрылғының авторы – осы оқу орнының ұстазы, техника ғылымының докторы Ертай Кәрібаев. Құрылғыға тапсырыс түссе, осындағы цехта өндірістік көлемде өндіре алады.

Ғылыми-техникалық парктің үшінші жобасына келер болсақ, жаңа құрылыс материалдарын жасап шығарған. Жауын мен күнге және желге төзімді бұл құрылыс материалдарын өздерінің цехында өндірістік көлемде өндіріп, оқу орны ғимараттарының тозған сыртын қаптаған. Бұл құрылыс материалына да патенттерін алыпты. Он жыл шыдас беретін материалға бүгінде құрылыс компанияларынан тапсырыстар түсе бастаған.

 Ғылыми-техникалық парктің төртінші жобасы қантамыр аурулары­ның алдын алуға бағытталған. Осы оқу орнының ұстазы, медицина ғылы­мының докторы Оралбай Кенже­байұлының айтуынша, қазіргі таңда жыл сайын дүние жүзінде 18 миллион адам осы қантамыр ауруларынан қайтыс болады екен. Өкінішке қарай, біздің елімізде де қантамыр ауруы жылдан жылға жасарып келеді. Тұрғындар арасында жүрек талмасы жиілеген. Міне, қанның ұюын болдырмау үшін құрылғы ойлап тапқан. Ол арқылы қантамыр ішіне ерітетін дәрі жіберуді жүзеге асырған. Жасы 60-тан асқан емделушілер арасында тәжірибе жасап, жүзеге асырған. Сол бойынша адамның 10-15 жылға дейін өмір сүру қабілетін жақсартуға болатын көрінеді. Оралбай Кенжебайұлының жетекшілігімен ойлап тапқан екінші құрылғы тыныс алу аппараты. Оны тұмау тиген адам киіп алса, зиянды инфекция сол аппарат ішінде 1 минутта залалсыздандырылады. Бұл құрыл­ғыларға да патент алынған. Құны 5 мың теңге шамасында болатын құрылғыны сұраныс болса, өндірісте шығаруға мүмкіндіктері жетеді.

Ғылыми-техникалық парктің келесі жобасы ретінде ғалымдар дәрілік шөптерден фито шәй және адамның иммунитетін көтеретін биологиялық белсенді қоспалар ойлап тапқан. Химия ғылымының докторы Жанар Жеңісқызының жетекшілігімен орталықта 4 отандық, 5 халықаралық ғылыми жоба аясында жұмыстар жүргізілуде. Олар бойынша иммунитетті көтеретін, қандағы қант құрамын төмендететін, қан қысымын реттейтін, асқазан, ішек, бауыр жұмысын жақсартатын биологиялық қоспалардың сұйық және құрғақ, түйіршікті түрлерін шығарған. Қытай және жапон елдерінен әкеліп орнатқан цехта осы өнімдер өндіріле бастады. Бұл өнімдеріне де патент алынған.

Ғылыми-техникалық паркте жүзеге асқан келесі жоба жетекшісі, оқу орнының ұстазы, биология ғылымының докторы Амангелді Құнанбайұлының айтуынша, бүгінде бекіре балығы елімізде тұқымы азайып, «Қызыл кітапқа» енген балық болып саналады. Қазіргі таңда бұл балықты қолдан өсіріп көбейтуде. Оларды қолдан өсіргенмен, бекіре балығының ұшырайтын аурулары көбейген. Амангелді Құнанбайұлының ойлап тапқан дәрілері осы балық ауруларының алдын алып, олар ұшырайтын инфекцияларды залалсыздандырады. Бұл дәрілерге де қазір патент алынған. Енді балық шаруашылықтарынан тапсырыстар түссе, өндірістік көлемде өндіруге дайын отыр.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің ғылыми-техникалық паркі мен зертханаларында зерттеліп, жүзеге асқан ғылыми жобалар міне осылар. Болашақта ғылыми жобалар қатары өзге де бағыттарда көбейе беретінін орталық ғалымдар жеткізді.

1515 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы