• Мәдениет
  • 28 Сәуір, 2023

Береке көзі – бірлікте

Рамазан СӘРПЕКОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

заң ғылымының кандидаты,Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі

«Заңнама және құқықтық ақпарат институты»  ШЖҚ РМҚ директоры

Демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік бағытты таңдап, соған жетуді мақсат еткен мемлекеттерде Конституцияның алатын орны ерекше. Себебі, мемлекет төрткүл дүние алдында қоғамдық және мемлекеттік құрылыс негіздерін, уәкілетті органдар жүйесін, олардың реттілігі мен қызметін, мемлекет пен азаматтардың ара қатынасын, құқықтары мен міндеттерін айқындағанын, халықтың қолдауына ие болғанын, негізгі құқықтық заңын қабылдағанын жариялы түрде көрсетеді.

Бұған дәлел, Ата заңымыздың кіріспесін: «Біз ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбіт азаматтық қоғам деп ұғына отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғарғы жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз» деген преамбуламен бастадық.

anatili

Келелі мәселелерді шешуде аталған қағидаттарды сақтай отырып, біршама жұмыстар атқарылып келеді. Ал олардың қай-қайсысын ел-жұрттың игілігіне жаратсақ, мемлекеттің конституциялық міндетін атқарудағы жұмысының нәтижелі болғаны. Қазақстанда тұрып жатқан барлық этнос өкілдері өздеріне тән ерекшеліктерін сақтап, ортақ шаңырақ астында конституциялық құқықтарын пайдаланып, еркін өмір сүріп жүр.

Көңілімізге қонған, санамызға сіңген, көпшілік болып күткен еліміздің жарқын және мерейлі мейрамдарының бірі – Қазақстан халқының бірлігі күні де жақындап қалды. Ауқымды көлемі жағынан да, шерулетіп атап өту салтанаты жағынан да бұл мерекенің маңызы жылдан-жылға артып келеді. Еліміздің түпкір-түпкірінде көрші болып қоныс теуіп, ауылдас, жерлес атанып, сыйласып, тату-тәтті тіршілігін кешкен түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің ортақ мүдделері мен құндылықтарын насихаттайтын іс-шаралар қарқынды түрде өткізіліп жүр.

Жыл өткен сайын 1 мамыр күні Астанадан басталатын мереке еліміздің барлық елдімекендерде де тойланады. Мемлекетіміздегі жүзден аса ұлт пен этнос өкілдерінің бірлесіп жайған ортақ дастарханы мен мәдени іс-шараларына көңіл бөліп, бірлесіп тойлатып жүргендердің қарасының көбейіп келе жатқанын қуантады. «Түрі басқа болса да, тілегі бір. Жүзі басқа болса да, жүрегі бір» деген даналық сөздің мағынасы осылай дәлелденіп жүр. Мұндай басқосулардың негізгі мақсаты – ұлт пен ұлыс өкілдерінің, біріншіден, өз Отаны – Қазақстанға деген сүйіспеншілігі мен ризашылығын білдіріп тағзым етіп, екіншіден, бір-біріне сый-құрметтерін көрсетіп, үшіншіден, бірлік пен ынтымақты дәріптеп, бейбіт өмірді бірлесіп сақтаудың қажеттігін түсінуге бағыттау деп қабылдағанымыз дұрыс болар.

Әрбір ұлттың салт-дәстүрінің сақталуына мемлекет тарапынан берілген кепілдіктен өзге, оны жаңғыртуға, мәдениет пен әдебиетті дамытуға, дін мен тілді жетілдіруге жасалып жатқан мемлекет қамқорлығын қоғамдық ұйымдар жете түсінсе, ел ішіндегі ынтымақтың нығая беруіне үлес қосар еді. Қазіргі жаhандық үрдіс қарқыны экономиканың немесе техниканың жаңалықтары арқылы ғана емес, әсіресе, рухани бағытта да қоғамға ықпал ететініне куә болып жүрміз. Оның үстіне соңғы жылдары ес тоқтатқан жастармен қатар, жасөспірім балаларымыз да оқу-білім іздеп немесе басқа себептермен шетел асып жүр. Әрине, жақсыны көріп, үйренген абзал. Бірақ өзімізге тән діліміз бен дінімізге зиянын тигізіп, жастардың келешегіне залал келтіретін жайттарды көкірегі ояу, өмірлік тәжірибесі мол ұлт жанашырлары дер кезінде сараптап, ұлағатты үндерін қосқаны қажет-ақ. Ақиқаты, жаман істің тез тарап, ел-жұрт пен қоғам өміріне теріс ықпалын тигізетіні бар. Сондықтан жаман дағдының тамырын бастапқы кезде шапқан дұрыс. 

Елдің ел болуына зор қызмет ететін рухани құндылықтарды ұрпақ бойына сіңіріп, төзімділік пен сыйластықтың, кешірім мен кішіпейілдіктің үлгісімен тәрбиелеу қай заманның да адамы алдында тұрған ұлы міндет болуға тиіс. Жастарды ел арасында өткізіліп жүрген бұқаралық іс-шараларға мейлінше кең тарқан жөн. Сонда олар өздері қоғам өміріне етене араласып, әрбір істің мән-жайын жете түсініп, құндылықты игереді. Ал өсіп-өнген кезде оны соңынан жастарға үлгі етеді.  

«Бірлігі керемет ел озады, бірлігі жоқ ел тозады» деген ертеден жеткен даналық сөз текке сақталмаған болар. Мемлекетіміздің басты байлығы – халықтар арасындағы татулық пен келісім және берекелі бірлігіміз бен ынтымағымыз екенін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық жиындарда ескертіп жүр. Сонымен қатар Мемлекет басшысы бұл өте өзекті және нәзік мәселеге барынша жіті қарап, қателік жібермей, ұлтаралық қатынастарды реттеу жұмыстарының тиімді тетіктерін жетілдіріп, ішкі саяси тұрақтылықты сақтау міндеттерін өкілетті органдарға шегелеп жүктеп келеді.

Тапсырмалар мүлтіксіз орындалса, еліміздегі барлық этнос және ұлт өкілдерінің өзара татулық ниетте құлшыныспен атқарып жүрген жұмысы одан әрі жақсара түсеріне көпшіліктің сенімі арта түспек. Бейбіт өміріміздің тірегі болып тұрған ел ішіндегі азаматтық ынтымақтастық пен татулықты сақтауды әркім қасиетті борышым деп түсініп, үлесін қосуға шақырамын.

Отандастарымды Қазақстан халықтарының бірлігі күнімен құттықтай отырып, жұртымыз тыныш, ырыздығы асқан, бейбіт пен берекеге айналған ел болып, абройымыз арта берсін дегім келеді.

9946 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы