• Ақпарат
  • 01 Маусым, 2023

БАЙТАҚТА БОЛҒАН БАЙРАҚТАР

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ,

«Ana tili»

Елдің елдігін, мемлекеттілікті яғни хандықты сақтауға хандар мен батырлардың, билердің қосқан үлесі үлкен. Олар қарапайым халықты ұйыс­тырушы, жетекші көш­басшы, негізгі тірек бола білді. Хандық дәуірде де рәміздер болды. Рәміздер дегенде нені білеміз? Бұл ретте білетінімізден бастап білмейтінімізге қарай ойыссақ. Әрине, тәуелсіз Қазақстанның рәміздерінен жаңыла қоймаспыз. Ал Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының ортасында орақ пен балға, басында қызыл бес бұрыш, күн шұғыласының екі жағын бидай масағымен қоршаған гербін (қазіргіше елтаңбасын), сары түсті орақ пен балға, бес бұрышты жұлдыз бейнеленген көк жолақты қызыл туын, «Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған» – деп басталатын, сөзін Әбділда Тәжібаев, Қайым Мұхамедханов, Ғабит Мүсірепов, әнін Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди жазған әйгілі гимнін (әнұранын) сол қоғамды көрген ұрпақ ұмыта қойған жоқ. Әрине, ол да біздің тарихымыз.

Ал одан сәл ары «Алашорданың немесе Қазақ хандығы мен Алтын Орданың туы қандай болды?» деген сауалға көпшілік жауап бере алмайды. Өйткені оларды анықтауда жекелеген ғалымдар еңбек еткенімен, ол бағыттағы жаңалықтарды насихаттап, идеологияға айналдыру жұмысы жүргізілген жоқ. Алашорда дегенде Сұлтанмахмұт Торайғыров жазған Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз, Енді ешкімнің алашты, Қорлығына бермейміз! – деп келетін «Алаш ұраны» еске түседі. Ал туы жөнінде дерек тым мардымсыз болып келді. Алаш отрядының ақ туы болғаны айтылатын. Одан өзге әркім түрліше жорамал жасағанын білеміз. Алаш зиялылары түгелге дерлік атылып кеткендіктен пайда болған үрей көп дүниені ұмыттырғаны анық. Дегенмен Барлыбек Сырттанов жазған «Қазақ елінің уставында», бұрышында ай мен жұлдыз бейнеленген жасыл, сары, қызыл түсті Алаш туы архив құжаттары арқылы анықталды.

 

Шығыс ғұндар туы

Көне замандарда түркілердің туы, байрағы қандай болғаны жөнінде деректер баршылық. Алдымен петроглифтерге үңілсеңіз, түркілік делінетін тастардағы желегіне дөңгелек күн суреті салынған ту назар аудартады. Ерте күнде отты Күннен Гүн туған, Отты Гүннен от боп ойнап мен туғам, – деп Мағжан Жұмабаев жырлағандай, есте жоқ ескі дәуірлерде туға күннің бейнеленуі тегін емес болар. Ал сол арғы түркілік кезеңдердегі тулардың тастардағы тұрпаты төртбұрышты. Қыпшақ балбалындағы тулар үшбұрышты болып келеді. Сондай-ақ трапеция пішіндестері де бар. Олардың желектеріне өздері үшін киелі саналатын айдаһар, жануар немесе аң, періште, зұлпыхар қылыш бейнеленген. Желегі үлкен, үшбұрышты, құйрықсыз тулар түркілердің әскери тулары делінеді. Ондай үлкен тулар түркі тілдерінде алам-әлем аталған. Мұндағы ал түбірі қызыл ұғымын береді десек, әлем сөзінің үлкенге синоним екенін ескерсек, қызыл, үлкен ту болып шығады. Хұн дәуіріндегі деректер алдымен Қытай жазбалары арқылы бізге жеткені мәлім. Қытай императоры өзінің бағы­ныш­тыларына, яғни көшпелілердің көсем­деріне қағандық мәртебе бергенде ту мен литавр тапсыратын болған. Литавр деген дауылпаз, түсініктірек қылып айтсақ, барабанның бір түрі. Ол екеуіне қоса бунчук деген затты табыстаған делінеді. Бунчук – қазіргі түсінікті тілмен айтсақ, таяққа байланған жылқының қылы мен тұяғы. Таяқ ұзын болуы да мүмкін. Ұшы үшкір, басына шар орнатылған. Жылқының құйрығы, не жалы өрілген түрде, күмістелген екі тұяғы ілінген деп суреттейді. Бунчук деп аталатын қазіргі саз аспабының атауы да сол сыйдың жалғасы іспетті. Яғни көне дәуірден келе жатқан атау. Ал сол көк түріктер заманындағы ту сыйлау үрдісі о баста қайдан шыққаны беймәлім. Императордың ту сыйлауы қазіргі жағдаймен пайымдасақ, тану, мойындау. Көк түріктер көсемін қаған ретінде мойындағанын білдіреді. Ең қызығы – жоғары билік өзінен төменгіге ту сыйлау әлемдегі көптеген елдердің әскери тарихында болған. Атақты хандардан «жау түсіріп, ту алған» делінетін батырлар қазақта да аз емес. Абылай заманында Қытай мен қазақ елінің арасында дипломатиялық қызмет атқарғаны көптеген архив құжаттарымен дәлелденген, атақты батыр Қожаберген Жәнібекұлының туын, күні бүгін ұрпақтары киелі зат ретінде әспеттеп, сақтап келе жатқанына осы жолдардың авторы куә. Демек арғы дәуірдің жаңғырығы бізге жеткен деуге негіз бар. Махмуд Қашқари тудың үш түрлі мағынасын атап көрсеткен. Біріншісі, кәдімгі ту. Екінші, ханның құрметіне со­ғылатын дауылпазды, үшінші, жап­қышты, қақпақты ту атаған. Бірақ Махмуд Қашқари ту демейді, қазіргі монғол тіліндегі туг сөзін қолданыпты. Демек бұл түркі-моңғол тілдеріне ортақ сөз. Туды ұстап жүретін адамды тугшы деп атаған. Ал жаңағы ханның құрметіне барабан соғу секілді әскери салтанат Еуропаға, басқа құрлықтарға көшпелілерден тараған болуы да мүмкін. «Қазақ хандығының туы қандай болған?» дегенге келсек. Қазақ мемлекет­тілігінің тарихын Ақ Ордадан, яғни Орыс (Ырыс әлде Ұрыс) (1372–1375 жылдардағы Алтын Орданың ханы) ханнан бастау туралы жиі айтып жүрміз. Керей мен Жәнібек хандардың атасы сол Орыс ханның туы қызыл болған екен. Дәлірегі бұлар Жошының ұрпақтары. Ал шағатайлықтар ақ, Үгедей ұрпақтары көк (жасыл) ту тұтынғанын зерттеушілер әлдеқашан дәлелдеген. Демек қазақ хандығының туы қызыл болған десек, қателік болмайды. Қазақтың әсіресе, жауынгерлік туы қызыл болғанын ғалымдар құптайды. Оған қоса қазақта «ту қандау» деген ғұрып болған. Ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңде ақ боз атты құрбандыққа ша­лып, оның қанын ақ туға жаққан. Мұ­ның өзі қызыл түске деген түсінікті көр­сетсе керек. Ол біздің ауыз әдебиетінде де бар. Майдан жерде тайласқан, Емен найза сайласқан, Құланды қақтан қайырған, Ханды тақтан айырған, Толғамалап ту алған, Туын қанға суарған – («Орақ батыр») деген секілді көп дәлел келтіруге болады. Қазақтың көнекөз куәсіндей фольклорлық шығармаларда жасыл, қызыл, сары, көк, ақ, тіпті алтындалған ту туралы жырланған тұстары аз емес. Оның барлығын келтіріп жатудың қажеті бола қоймас. Дегенмен тудың түсіне келгенде қатып қалған ештеңе жоқ көрінеді. Ұлы жүзді билеген кейбір төрелер шұбар ту көтерген деседі. Шұбары – қызыл, ақ, жасыл түстер. Бұлай болатыны айналасындағы елге туыстық қатынасына байланысты деген болжам айтылады.

 

Орта ғасырдағы төртбұрышты желекті тулар

Тағы бір қызығы – шығыстың көптеген халықтарында он мың әскер ту деп аталған. Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и Рашиди» атты еңбегінде түмен туг, кушун туг тіркестерін қолданыпты. Түмен туы, қосын туы деген сөз болса керек. Тарихи кітаптарда түменбасы, мыңбасы болған батырларға ту берілуі – оның лауазымдық дәрежесін де көрсетеді. Ту туралы деректерді ақтарып мынадай да қызық мәліметті оқыдық. Махмуд Қашғари былай деп жазады: «Ханның қол астындағы елі мен жері, қалалары қаншама көбейіп кетсе де, мәртебесі қанша өссе де ту тоғыздан асырылмайды. Өйткені тоғыз санына қасиеттеп мән беріледі. Сондықтан ханды «тоқұз тұғлұғ хан» деп атайды. Ханның тулары көкпеңбек түсті асыл жібек, не шәйі матадан жасалады. Оны да жақсы ырыммен қасиетті деп санайды». Демек ХI ғасырда ғалым көрген түркілердің туы көк. Әрі тудың санына да белгілі шектеу қойылған. Шыңғыс хан да сол дәстүрді ұстанған деседі. Оның да туы тоғыздан аспаған. Қытай жазбалары ғұндар туралы деректердің бірден бір көзі. Сондай көне жазбалардың бірінде: «Хүннүлердің әскері төрт құбылаға қарай төртке бөлініп, төрт түрлі ерекшелік ұстанған. Батыстағылар бірыңғай ақбоз, шығыстағылар сұр, терістіктегілер қара, күнгейдегілер жирен ат мініп, сол түстес киім киген» деген мәлімет бар. Бұл да тегін емес. Еуразия­дағы ең жауынгер халықтар, бірін-бірі айтқызбай тануға қажет болған шығар деп топшылауға болады. Өйткені бүгінгідей темір торлы шекара жоқ замандарда, көшпелілер бірімен бірі танымай соғысып кеткен кездері болған деседі. Әрине, бұдан өзге де себептері жоқ дей алмаймыз. Еуропа және араб саяхатшыларының көбі жаулау мақсатындағы алдын ала жіберілген жансыздар десек те, біздің ұмыт болған, жазылмаған тарихымызды түгендеушілер іспетті. Яғни бүгінде олардың бізге зияны емес, пайдасы тиюде. Ғалымдар әсіресе орта ғасырлардағы елдердің картасы солардың жазбалары негізінде сызылғанын айтып, жазып келеді. Бұл ретте Плано Карпини есімі де оқырманға белгілі. Оның Алтын Орданың ханы Күйік туралы жазбасында ту туралы мәлімет бар. Плано Карпини көрген Күйік ханның туы қанық қызыл түсті болған. Қазақта тумен қатар байрақ деген де атау бар. Оны тумен шатыстыру да әредік көрініс беріп қалады. Байрақ десе, алдымен ойымызға келетін сөз Сүйінбай Аронұлының: Бөрілі менің байрағым, Бөрілі байрақ көтерсем, Қозып кетер қайдағым, – деген әйгілі өлең жолдары. Байрақ алдымен айыру белгісі ретінде қолданылыпты. Жылқының жалы, құйрығы, қодастың қылшығы, жібектен жасалған шашақ, матадан ызылған бау түрінде қолданылған. Байрақтың ағаш сабына аттың, қодастың қылы, кейде қабы­ланның құйрығы байланады. Байрақтың басына түркілер бөрінің басын орнатқан. Байрақ тудың бір бөлігі әрі жеке тұрып та сол рәмізді толықтырушы қызмет атқарған. Соғыс кезінде, салтанатты жағдайларда тумен бірге алып жүрген. Тарихи еңбектерде Шыңғыс ханның да құйрықты байрағы болғаны мәлім. Жылқы мен қодастың қылы, жібек шашақ, түрлі түсті мата қиындысын да байрақ атаған. Олардың әскери тудың басына, аттың мойнына, найзаның ұшына өзге де қару-жараққа, тіпті киімге тағып жүретін түрлері де болған. Себебі сол замандардағы халықтың түсінігі бойын­ша ол Құдайдан, патшадан берілген артықшылық (привилегия), лауазым, мәртебе, әскери рәміз. Егер байрақ ағашының басына қыл немесе шашақ, бау қосарланып тағылса, дәрежесінің жоғары екендігін білдіреді. Байрақ кейбір түркі тілдерінде мунджук (мунчук, бунчук) деп те аталады. Ілкіде бунчук жөнінде айттық. Демек байрақ көк түріктер заманына дейін де болған. Ал оны Қытай императорының көшпелілер көсемдеріне сыйлау дәстүрі қайдан шыққанын әрі заттың пайда болу төркінін де зерттеу маңызды. Түркілердің байрағы бөрі басты бола­тынын айттық. Ал одан арғы сақ, скиф­тердің әскербасыларының байрағына тотемдік жануарлар, ғұн-сарматтарда айдаһар басы қолданылыпты. Оның бар­лығы сол кездегі наным-сенімге байланыс­ты екені белгілі. Айдаһар десе қазір ойымызға Қытай мемлекеті, қызыл ту десе Кеңестер Одағы түседі. Алтын Орданың шығарған теңгелерінде екі басты бүркіт бейнеленген. Ресейдің қазіргі рәмізіндегі екі басты самұрық, олар қанша Византиядан алдық деп сендіргенмен, Еуразиялық аумақтағы ауыс-түйісті анық көрсетеді. Әрине, кім жауласа соның дегені жүреді. Түркілер исламды қабылдағасын тулар мен байрақтарда өзгеріс пайда болды. Жарты ай бейнеленген, құран аяттары жазылған рәміздер жасалды. Кейде біздің журналистер байрақты бәсекелер деген тіркесті қолданады. Ол дұрыс қолданыс. Байрақ сыйлық мағынасында да айтылған. Ат бәйгесінде, балуандар күресінде, ақындар айтысында оза шапқандарға берілетін марапатты да байрақ атаған. Ерекшелеп айтпағымыз, ту мен байрақ әсіресе жан алысып, жан беріскен соғыс кезінде үлкен міндет атқарған. Тудың жығылуы әміршінің өлгенін немесе әскердің жеңілгенін білдірген. Сондықтан сарбаздар шайқас кезінде туға қарап жүрген. Жықпауға тырысқан. Ту мен байрақтың көтерілуі, жоғары сілтенуі ­жауынгерлерге рух берген. Оған бірнеше мысал келтіруге болады. Ақсақ Темір мен Тоқтамыс ханның соғысқаны белгілі. Айлакер Ақсақ Темір алдын ала ойластырған жоспарын іске асырған. Екі жақтың шабуылы қыза түскен кезде, әскерінің майдан шебінен тыс тұрған бөлігі қазан көтеріп, ас пісіруге кіріскен. Тура сол тұста Тоқтамыстың туы құлапты. Оны көрген сарбаздардың рухы төмендеп, бірден қаша бастаған. Темірдің әскері жалданып шыға келген. Себебі ту құлағанын көрген сарбаздар Тоқтамыс өлді деп ойлаған. Бірақ Тоқтамыс өлмеген. Ту ұстаған батыр Ақсақ Темірге сатылып кетсе керек. Қазан көтерген кезде туды құлату алдын ала келісілген. Сөйтіп, Алтын Орданың әскері жеңілген. Атақты Олжабай батыр бір шайқаста Абылайдың ала туын көтеріп шықса керек. Жырда айтылатындай соғыс үстінде қолының қоспасына (буынына болар) оқ тисе де соңына дейін туды құлатпай ұстаған. Тағы бір айқаста қазақ туын Қазымбет есімді батыр ұстапты. Соғыс аяқталғаннан кейін де аттан түспей тұрғанын көріп, сарбаздар қасына барса, туды ұстаған қалпы жан тапсырған екен дейді. Сіресіп қатып қалған. Өлсе де туды жықпауды ойлаған. Демек туды жықпау серт. Оны көшпелілердің әрбір жауынгері білген. Туымыз жығылмасын. Көк туымызды көкке көтерейік!

8222 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы