• Ақпарат
  • 22 Маусым, 2023

«ТҰТҚЫНҒА ТҮСКЕН» КІТАПТАР

Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ,

«Ana tili»

«Кітап емес, адам, яғни кітаптың авторы тұтқындалады» дейді біздің бүгінгі сарапшыларымыздың бірі Толқын Замзаева. Иә, кітапты түрмеге немесе абақтыға жауып, тұтқындап қою мүмкін емес шығар. Бірақ авторы қапаста жатқанда, не болмаса «Халық жауы» деген жаламен ату жазасына кесіліп, итжеккенге айдалғанда оның шығармасын да ел көзінен жырақта ұстап, арнайы қорларда сақтап, оқырманға бермеудің түрлі жолы қарастырылғандағы кітаптардың да «тұтқынға түскен» жағдайларын оқырманға жеткізгіміз келген еді...

 

 

«Халыққа қарсы» шығармалар арнайы сақтау қорына өтті

Алматыдағы Ұлттық кітап­хананың «Әлем әдебиеті» қызметінің топ жетекшісі Толқын Замзаева «1931 жылдың Қазақ АССР Мемлекеттік көпшілік кітапханасының (қазіргі Ұлттық кітапхана) Ережесіне сәйкес «Қазақ АССР Мемлекеттік көпшілік кітапханасы үкімет бекіткен арнайы ережелер негізінде баспа туындылары мен құпия сипаттағы мұрағаттық құжаттарды қабылдауға және сақтауға құқылы. Бұл Ереже негізінде «Алаш Орда басшыларының, басқа да антисоветтік партиялардың, сондай-ақ ГПУ арқылы қуғын-сүргінге ұшыраған барлық жартылай феодалдық, кулак-байлар және рухани элементтердің тәркіленген қолжазбалары, кітаптары мен әдеби мүліктері» Қазақ АССР Мемлекеттік көпшілік кітапханасының қорына аударылғанын» айтады. Кеңес өкіметінің бұл ерекше кітаптарға неліктен тыйым салғанын зерттеуші былай түсіндіріп берді: «Қазақстанда ХХ ғасырдың басы елімізге өте ауыр сын болды. Ашар­шылық, соғыс, жұт, революция, бай-кулактың мал-мүлкін тәркілеу және сол сияқты бірнеше саяси реформалар елімізді әбден тұралатты. ХХ ғасырдың 20-30- жылдары Қазақстанның мәдениеті, әдебиеті мен білімінің дамуындағы күрделі де қайшылықты кезең болды. Осы кезеңде бірқатар көрнекті жазушылар мен ақындар еңбектерін жарыққа шығарды, көптеген шығармашылық бірлестіктер, өнер мектептері құрылды. Сонымен қатар ХХ ғасырдың басында қазақ кітап басу саласы да дамыды. Алғашқы қазақ мерзімді басылымдары («Қазақ», Айқап», «Қазақстан» және т.б.), Алаш қайраткерлерінің (Ахмет Байтұрсынұлы, Мыржақып Дулатов, Әлихан Бөкейхан, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Бейімбет Майлин, Жүсіпбек Аймауытов және т.б.) көптеген кітабы басылып шықты. Бұл кітаптардың басым бөлігі әліппе мен оқулықтар еді. Қазақ тілінің әліпби реформасына орай әліппе, грамматикалық кітаптар жарық көрді. 1920 жылдардың басында араб жазуы қолданылса, 1926 жылдан бастап біртіндеп латын графикасына көше бастадық. 1926–1932 жылдары араб және латын графикасында кітаптар қатар басылып шықты. Латын әліпбиіне ресми толық көшу 1932 жылы аяқталды. 1922 жылы тамызда өткен РКП(б) ХІІ Бүкілресейлік конференциясының шешімі зиялы қауыммен қарым-қатынас мәселелеріне жаңа көзқарасты айқындады. «Әдебиет-баспа саласын­дағы ұсақ буржуазиялық идеология» (1922 ж. ақпан) атты Орталық Комитеттің мәжілісінде цензураны мемлекеттік мекеме ретінде қайтару туралы шешім қабылданған. Сонымен бірге әдебиет саласында таптық күрестің қажеттігі туралы ұстаным да пісіп-жетіліп, бұрынғы әдебиет, жалпы мәдениет «буржуазиялық», контрреволюциялық, халыққа қарсы деп жарияланды. Ол кездегі марксизм классиктерінің шығармаларына әдебиеттегі кез-келген теориялық конструкциялар мен ағымдар сәйкес болуға тиіс еді. Марксизмнің догмаларымен салыстыруға келмейтін шығармалар «буржуазиялық», яғни «халыққа қарсы» деп жарияланды», – дейді Толқын Замзаева. Зерттеушінің сөзіне сүйенсек, Кеңес өкіметіндегі «зиянды деп танылған» кітаптарды жою, оқытпау үрдісі Алашорда мүшелерін жаппай тұтқындау басталған кезеңмен тығыз байланысты. Осы жылдан бастап мерзімді басылымға шыққан мақалаларға, баспадан шыққан кітаптарға қатал цензура басталғанын айтады: «1925 жылы алдымен Ресейде (РАПП), кейін Қазақстанда құрылған цензура ұйымы – Қазақ пролетарлық жазушылар қауымдастығы (ҚазАПП) әдебиет пен өнердегі партиялық саясат мәселесін «Пролетар революциясының ісіне қызмет ету» тұрғысынан қарастырады. Олардың басты мақсаты «Оқырман психикасын коммунизм бағытында ұйымдастыратын жазушыларды назарға алуды талап ету; реакцияшыл және партия саясатына қарсы әдебиеттерге цензура, партия өкілдері, редакциялардың, баспалардың және сыншылардың көмегімен аяусыз күресу еді. Яғни 1920 жылдардың соңы большевиктер партиясының мәдени процестерге толық идеологиялық бақылау орнатуымен ерекшеленді. Большевизмнің алғашқы жылдарында мәдениет қайраткерлерінің шығармашылыққа біршама еркіндігі болды да, партия мәдениет пен өнерге соншалықты айқын араласпады. Ал 1925 жылдан бастап толық бақылау мен өзге ойды ұстанушыларға қарсы қатаң күрес басталды. Ең алдымен, осы кезеңде негізінен Алаш зиялыларының шығармашылығы, ұлттық қазақ әдебиеті сынға, кейін репрессияға ұшырады. Олардың көпшілігі 1936–1938 жылдары өлім жазасына кесілді». «Сол кезде автормен қоса кітаптары, шығармалары да тыйымда, яғни «тұтқында» болған құнды деректерді жарыққа шығару ісімен кім айналысады?» деген сұраққа Толқын Замзаева былай жауап берді: «Кезінде қуғынға ұшыраған зиялыларымыздың еңбектерін жинау, зерттеу және қазіргі әліпбиге аудару жұмысымен ғылыми-зерттеу ұйымдары (А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Репрессияға ұшыраған қазақ зиялыларының мұрасын зерттейтін коғамдық «Арыс» қоры), ғалымдар марқұм Кеңес Нұрпейісовтен бастап қазір арамызда жүрген белгілі мамандар Мәмбет Қойгелді, Ғарифолла Әнес, Светлана Смағұлова, Сәбит Шілдебай, Райхан Имаханбет, Орынай Жұбай, Гүлшат Әбикова, Елдос Тоқтарбай және т.б. белгілі тарихшылар мен тілтанушылар, қазіргі жас алаштанушылар айналысып жүр». «Латын, араб графикасымен басылған қазақ кітаптарының каталогы» жинағының авторы Толқын Замзаеваның айтуынша, бұл құжаттар мен еңбектерді кезінде оқымақ түгілі, қолға алуға да рұқсат бермеген. «Бұл – біздің тарихымыз, мәдениетіміз, әдебиетіміз. Әлихан Бөкейханның айтқанындай, «Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады». Біріншіден, тәуелсіздік алғанға дейін бұл кітаптардың барлығы «Спецхран» (арнайы жабық кітап сақтау қорында) болған, екіншіден кітаптар сол кездегі ресми алфавитпен, яғни араб қарпімен басылған. Оны кез келген жан оқи алмайды.1990 жылдардан бастап қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ зиялыларының еңбектері жабық қордан шығарылып, зерттеле бастады. Ұлттық кітапхана қызметкерлері алғашқылардың қатарында Кәрі Жолбыдеке Нүсіпқызы, Шаймарданова Зарема Жуандыққызы, Асқарбекова Набат Мұсаханқызы және де басқа қызметкерлер, солардың ішінде мен де бармын, араб, латын графикасымен басылған қазақ кітаптарын каталогын жарыққа шығардық. Осы каталогқа, аттары белгісіз, кеңес билігі тұсында бірде-бір библиографиялық көрсеткішке, каталогтарға енбеген, тыйым салынған кітаптар да кірді. Менің ойымша, бұл кітаптардың ғалымдар үшін, қазіргі жастар үшін маңызы өте зор. ХХ ғасыр басында қуғын-сүргінге ұшыраған зиялылар барлық сала бойын­ша (әліппе, пішіндеме, тіл білімі, оқу құралдары, физика, химия, жаратылыс-тану, көркем әдебиет, экономика, тарих және т.б.) кітап жазған.Тыйым салынған кітаптардың авторыларының түгелге жуығы репрессияға ұшыраған қазақ зиялылары. 1990 жылы қазақтың тұңғыш бас­па басылымы «Қазақ» (1913 – 1918 жылдары) газетінің көшірмесі жасалды. Тек 1988 жылы ғана Жүсіпбек Аймауытовтың, Ахмет Байтұрсынұлының, Мағжан Жұмабаевтың, Міржақып Дулатовтың, Шәкәрім Құдайбердиевтің шығарма­лары жабық «Спецхран» қорынан оқырманға қайтарылды. «Қазақ газеті» қазіргі қазақ әліпбиіне аударылып, басылып шықты. Қазір XIII, XIV, XV, XVI, XVII, XVIII, томдары дайындалып жатыр. «Сарыарқа» газеті кітап ретінде басылып шықты. Мемлекеттік орталық архивінің директоры Сәбит Шілдебаймен бірге Қабылбек Сарымолдаевтың еңбектерін қазақ тіліне аударып, кітап ретінде басып шығардық», – дейді Ұлттық кітапхананың қызметкері. Толқын Замзаева: «Кезінде тыйым салынған кітаптарды ғана емес, жалпы кітаптарды зерттейтін мамандардың көп болғаны маңызды. бұл кітаптар 30-жылдай оқырмандарға қолжетімді, көбісі сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар бөлімінде сақтаулы. Сонымен қатар кітаптардың көбі бүгінде электронды форматқа көшірілген. www.kazneb.kz сайтында кітаптардың түпнұсқасының толық мәтіні бар. Бұл сайт тегін, кез келген уақытта, кез келген оқырман ашып оқи алады», – дейді.

 

 

 

Біраз құжат «тазалау» процесінен өткен

Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік архивы директорының орынбасары, архив саласында 30 жылдай қызмет еткен Мәрзия Жылысбаевамен кездесудің сәті түсті. Қазақстан Республикасының мемлекеттік орталық архиві – ғылыми-анықтамалық мекеме – Қазақстандағы тұңғыш архив. Мұнда XVI ғасырдан бастап осы уақытқа дейінгі құжаттар сақталған. Мәрзия Ғаниқызы архив мамандары шетелдердегі архивтерден қазақ халқының тарихына қатысты біраз құжаттарды жинақтап, коллекциялық қорды құрып жатқанын айтты. Кітаптардың «тұтқынға түсуінің» жай-жапсарын Мәрзия Ғаниқызы былай түсіндірді: «Кеңес одағының құрамында болдық. Оның алдында неше ғасыр Ресей империясының бодандығында жүрдік. Кеңестік жүйеде небір зұлматты бастан өткердік. Саяси қайраткерлеріміз, зиялы қауым қуғын-сүргінге ұшырады. Саяси қуғын-сүргін мәселесі КСРО уақытында жабық тақырып еді. Кейін ғана ғалымдар тарихымызда ақтаңдақтар болғаны жөнінде айта бастады. Сол кезеңде орталық мемлекеттік архивте оқу залында отырып, жұмыс істеуге мүмкіндік болмайтын. Кеңестік қудалауға ұшырағандардың кейінгі толқынына Е.Бекмаханов, Қ.Сәтбаев, М.Әуезовтер сынды азаматтар ілікті. Бекмаханов оқу залына келгенде, дәптері тексерістен өткізілетін. Ол кезеңдерде архив саласының түгелге жуығында әскери тәртіп те сақталатын. ІІМ құрамында болғанымызда біраз құжат «тазалау» процесінен өтетін. «Тазалау» деген не? «Бай-бағландардың құжаты» деген желеумен көптеген құжаттар, оның ішінде, төте жазумен, латын графикасымен жазылған құжаттардың көбі жойылып кете барды. Себебі ол бай-бағландарға байланысты құжаттар деп танылды. Сөйте тұра Жәңгір хан мен ең соңғы хан – Кенесарының кейбір хаттары сақталып қалған». Мәрзия Ғаниқызы Кеңес өкіметін мойындауға мәжбүр болған Алаш зиялы­лары оқу-ағарту саласына бағыт бұрып, бірқатар кітаптар шығару ісіне атсалысқанын айтады.Ағарту саласына барғаннан кейін Алаш қайраткерлерінің кітабы жарыққа шығып, осы кітаптар барша жұртқа білім көзін ашқан еді. 1937–1938 жылдары олар репрессияға ұшыраған уақытта Алаш зиялыларының кітабына шектеу қойылып, өртелді, біршамасы жойылды. Тіпті оларды тергеген кезде кітаптарын айғақ ретінде бірге тәркілеген. Сондай құжаттың бірін ҚР Орталық Мемлекеттік архивы директорының орынбасары көрсетті. «1937 жылғы құжатта Қазақ КСР халық комиссарлары кеңесінің бүкіл облыстық соттардың басшыларына жолданған хаты сақталған. Бұл қағазға қол қойған Қазақ КСР халық комиссарлары кеңесінің орынбасары Овощников деген азамат. Хатта «Қазақ мемлекеттік баспасында тінту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл кітаптар қазақ зиялылары қызметін зерттеудегі Халық Ағарту Комиссариаты мақұлданған, оқуға берілген кітаптар ғой. Халық жауы ретінде ұсталған азаматтардың кітаптарын беруге «Қазақ баспасы» мүдделі болып отыр. Түсіндіру жұмыстарын жүргізіңіздер», – деп жазған. «Халық жауының» кітаптары қолдануға келмейтін, жарамсыз кітаптар екенін, оларға жалақы бермек түгілі, алғытөлем жасалмау керегі айтылады. Құжатта «келісім шарттардың бәрі жойылсын, үстемақыларының барлығы кері қайтарып алынсын» делінген. «Қазақ баспасы» залал, шығын көріп (кітап, құжат, жазба атаулының бәрін жойып жатты) отырған жағдайда, ол қаражатты халық жауларынан өндіріп алынсын деп рұқсат етіледі («Қазақ баспасы» кітаптардың көзін жою істерімен айналысқанына байланысты қарызға батты). Бұл жарлықтың бүкіл жерге таратылуына үкім берген. Алаш зиялыларының кітаптары кімде бар болса, сол адамдар сотқа тартылды», – дейді маман. «Тәуелсіздік алғанымызға да 31 жыл болды. Кімнен сескенеміз? Кімнен қорқуымыз керек? Ол дәуір өтті. Жаңа дәуір келді. Ешкімге жалтақтамай, бар шындықты бүкпесіз айтатын кезең келді. Бұл құнды ақпараттарды кейінгі ұрпаққа жеткізу – ата-бабамыздың аманаты дер едім», – дейді ол. Мәрзия Ғаниқызынан кей кітаптар­дың сақталып қалған нұсқалары қайдан келгенін де сұрадық. Ол кейбір кітап нұсқалары шетел жаққа кеткен біраз зиялы қандаста­рымыздың, босқындардың өзімен бірге тығып алып кеткен кітаптар негізінде қайта жарық көріп отырғанын айтты. Мәрзия Ғаниқызы Кеңес өкіметі Алаш қайраткерлері жайында ақпа­ратты толық жоя алмағанын атап өтті. «Неге?» дейміз біз. «Мәселен, А.Бай­тұрсынұлы туралы жазбаларды жойса, кеңес жүйесінің тұтас бір кезеңі жойылып кетер еді. Ол үкіметтік деңгейдегі жауапты қызметтерді атқарғандықтан, ақпараттарды толық жою мүмкін болмады. Респрессияға ұшыраған басқа азаматтарға да қатысты осы жайт назарға алынғандықтан, олардың дерегін де, кітаптарын да толық жоя алмаған соң, арнайы қорларда жасырулы сақтады», – дейді ол. Мәрзия Ғаниқызы мысал ретінде Халел Досмұхамедұлының зайыбының көзі тірісінде аманат етіп қалдырған жазбасын көрсете келе, қоғам қайраткерінің қызмет жолын да баяндап берді. Иә, Халел Досмұхамедұлы ұлттық маңызы бар істерге белсене араласып, анатомиялық аталымдардың қазақ тіліндегі алғашқы 466 баламасын берген ғалым. 1920 жылы, тамыздың 21 күні Халық ағарту комиссариаты жанынан Түркістан халықтарының оқу-ағарту, мәдени һәм ғылыми мұқтаждарын өтеу үшін арнайы Білім комиссиясы құрылады. Х.Досмұхамедұлы осы комиссияның төрағасы болып тағайындалады. 1958 жылғы 8 наурызда сол кездегі ҚазКСР Жоғары сотының басқарма орынбасары Королькованың қолы қойылған құжатта Х.Досмұхамедұлын ақтау туралы үкім шыққан. 1958 жылы «Здравоохранение Казахстана» журналының 10-санында тұңғыш рет «X.Д.Досмухамедов – врач и ученый» деген тақырыпта А.Мамаевтың мақаласы жарияланды. Бұл қуаныш көпке созылмады, ғалымның есімін атамақ түгілі, ғылыми еңбектерін жариялауға қайта тыйым салынды. Жоғарғы Соттың арнаулы қаулысымен ақталған Халел Досмухамедұлы ұзақ мерзімге қайта қара тізімге ілінді, шығармалары да да «тұтқынға түсті». Досмұхамедовтың жары Сағира көзі тірісінде Алаш қайраткерінің жазған еңбектерін тиянақтап, реттеп кеткен. Мәрзия Ғаниқызынан «Бұл құжат­тарды сақтаған кімдер?» деп сұрадық. «Архившілер, – дейді ол. – Мекемелерде, кітапханаларда да архивтер бар. Біз олардың деректерін ретке келтіреміз. Орталық мемлекеттік архивке 144 мекеме қарайды. Осы меке­мелелердің архивін толықтырамыз, мемлекеттік сақтауға аламыз. Құжаттың барлығын құпиясыздандыратын, емдейтін, түптейтін де – архившілер. Маңызды құжаттармен айналысатын мамандардың жұмысы шаш етектен. Бірде тарихшы, бірде филолог, бірде ұстаз, бірде кітапты қалпына келтіруші маман қызметтерін қатар атқаруды керек ететін кездер де болады. Қазір қағаз құжаттарды цифрлау жұмысын реттеп жатырмыз. Өзіңіз білесіз, бұл да тиянақтылықты, шыдамдылықты, ең бастысы, уақытты талап ететін жұмыс. Кезінде архив ұғымы «шаң басқан» деген тіркеспен қатар жүрді. Бірақ ұлт жолында қызмет ететін мамандарымыз бар, міне, сол кісілердің арқасында архив орталығында құжаттарды алуға толықтай мүмкіндік қарастырылған». Мәрзия Ғаниқызының дерегінше, Қазревкомның басында ұлт ұстазы тұрды. Дегенмен бұл ақпарат оқушылар оқитын «Қазақстан тарихы» пәнінде айтылмай келген. «Алаш азаматтары Кеңес одағының жүргізіп отырған саясатының астарын білді. Бұл кісілер кеңестік жүйені мойындай отырып, бағытынан еш уақытта ажырамады. Ахмет Байтұрсынұлы Қазақ революциялық комитетінің басшысы ретінде 4-5 ай қызмет етті. Осы уақытта Алаштың бірқатар мәселелерін, идеясын Мәскеуге жіберіп отырды». Мәрзия Ғаниқызы: «Қазақ тіліндегі баспа елімізде болмағандықтан, оқулықтар Қазан, Уфа қалаларында басылып жатты. «Орыс тілін қазақ қыздарына үйретіп бастау керек, қазақ қыздары оқыған сайын ұлтты орыстандыру саясаты барынша кең таралады», – деген мәлімдемелер құжаттарда кездеседі. Бұл саясат әлі күнге жалғасып келеді. Бірнеше тіл білген Алаш қайраткерлері бір-бірімен кездескенде қазақша әңгімелесті, халықпен қазақ тілінде ұғысты. Олардың ұлтына деген шынайы сүйіспеншілігі де осыдан байқалады», – дейді. Еліміздің мұрағаттық заңнамасын қалыптастыруға бастама болған Марат Хасанаевтар Мәскеуге жалтақтамай, бірнеше құпия ақпараттарды сақ­тап қалғанын айтқан Мәрзия Ғани­қызы Қазақстанда саяси қуғын-сүр­гін құрбандарын ақтау бойынша Мем­лекеттік комиссия құрылғанын айта келе: «Бұл комиссия жұмысының негізінде былтыр 33 том кітап шықты. Ақпа­раттар қайдан алынып жатыр? Бұл – құжаттарды құпиясыздандыру жұмыстары бастамасы іске асып жатқанының белгісі. Осы құпиясыздандыру про­цесінде тек қана архив саласының мамандары емес, жоғарғы сот, бас прокатура, әділет министрлігінің азаматтары іске жұмылдырылады», – дейді.

9056 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы