• Ақпарат
  • 29 Маусым, 2023

Билік пен бұқараның дәнекері

Бұқаралық ақпарат құралдары билік пен халықтың арасындағы дәнекер. Ал журналистика мамандығының қыр-сыры көп. Халықтың мұңын билікке жеткізуде журналистердің еңбегі ұшан-теңіз. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ екінің бірі кәсіби журналист бола алмайды. Әркімге бұйыра бермейтін несібе бұл. Наполеон:­ «Жауға қарсы жүздеген мың қол әскерден, төрт газеттің ойсырата соққы беру мүмкіндігі зор», – деген. 1840 жылы француз жазушысы Онере де Бальзак баспасөзді «төртінші билік» деп атады. Ал ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Бірінші: газет – халықтың көзі, құлағы, тілі, екінші: газет – жұртқа қызмет ететін нәрсе, үшінші: газет – халыққа білім таратушы, төртінші: газет – халықтың жоқтаушысы» деп бекер айтпаған. Демек, мәртебесі артқан мамандықтың иелері ұлт алдында қашан да жауапты. Ал журналистика туралы олардың өздері нендей ойда, журналистика оларға не берді? Біз бұл сауалды бірқатар әріптестерімізге қойдық.

 

 

Арай Сахариева, журналист, Қазақстан журналистер одағының Кенжеболат Шалабаев атындағы сыйлығының лауреаты:

Бұл – бізге бұйырған несібе

Журналистика Сізге не берді? Бұл сауалға жауап беру үшін сөзімді әріден бастауға тура келеді. Біз университетті бітірген кез қайта құру кезеңімен тұспа-тұс келді. Бұл бір шалғайдағы аудан-ауылдардың қаңырап, қалалардағы кәсіпорындардың жабылып, үлкен-кішінің абдырап қалған өліара шақ еді. Соған қарамастан, жастарға арналған арнайы бағдарлама әлі де күшін жоймаған-ды. Өз басым дипломдық тәжірибемді өткерген, қазақ теледидарындағы «Жастар» редакциясында қалу мүмкіндігі бола тұра да, ерікті түрде бас тартып, еңбек жолымды Тобыл төскейіндегі облыстық теледидардан бастадым. Арада бір жарым жыл өткенде «Жас маман» бағдарламасы аясында пәтер алдым. Қазір ойлап отырсам, бұл үкіметтің сол кездегі мен секілді жас журналистерді қолдауға негізделген оңтайлы жобасы екен. Ашығын айту керек, мамандықтың жаманы жоқ. Бірақ солай бола тұрса да, журналистік кәсіптің басқалардан бәсі биік. Олай дейтінім, жұмыр жердің бетінде өзі жайлы емес, өзгелер жайлы жазатын бір ғана кәсіп иесі болса, ол тағы да менің әріптестерім. Сол себепті де, өмірлік таңдауымыз бізді атымызға сай болуымыз үшін өмір бойы журналистиканың дәл өзіндей әмбебап болуға қамшылайды. Сайып келгенде, бұл біздің рухани қоржынымыздың ортаймай, тәжірибеміздің толысып-жетілуіне негіз болатын бір тетік. Тілшіліктің басты мұраты – нысанаға алған тақырып аясында тынбай еңбектеніп-іздену, шынайы шеберлікпен жазу арқылы өз қолтаңбаңды қалыптастыру. Анығында, төл кәсібіне адалдығынан әсте айнымайтын әрбір тілші журналистикада өз есімін өзі қалыптастырады. Егер осы кезге дейін менің де эфирге шығарған хабарларым кем дегенде бір көрерменнің көңілінен шығып жатса, ол да менің төл кәсібімді есеппен емес, есім кете сүйгендігімнің мысалы демекпін. БАҚ өкілдері өмірінің тағы бір тартымды тұсы – қызықты іссапарлар. Сондай сапарлар аясында екінің бірінің табаны тимеген тарихи жерлерге табан тіреп, басқалар бет-әлпетін теледидардан ғана көретін, әйгілі тұлғалармен жүздесіп, сұхбат құру да біздің кәсіп иелерінің еншісіне ғана бұйырған несібе. Ал ондай емен-жарқын әңгіме өзегін тарқатысқан кейіпкерлер арасында өзіңнің сырлас досыңа айналғандары қаншама?! Өзімнің сонау 90-жылдардың орта шенінде «Алаш қайраткерлерінің ізімен» экспедициясы бойынша Ресейдің Астрахань, Орынбор, Орск, Тройцк қалаларына жасаған сапарым осы сөзімнің дәлелі. Өткенге көз жүгіртсем, бүгінде төл кәсібімнің пұшпағын илеп жүргеніме де отыз жылдан асыпты. Бір қарағанда бұл бір азаматтың ғұмырындай уақыт. Осы жылдар аралығында «Қазақстан-Қостанай», «Қазақстан-Өскемен», республикалық «Хабар», «Білім және Мәдениет», қазіргі «Jibek Joly» телеарналары мен республикалық газеттерде қызмет еткен кезде журналистиканың барлық жанрында (ақпараттық, тақырыптық, тікелей эфир) еңбектеніппін. Бір жағынан мен өзімді кешегі Кеңес дәуіріндегі классикалық журналистикаға қанығып өскен бақытты ұрпақтың бір өкілі санаймын. Ширек жылдар «аттың жалы мен түйенің қомында» өткен журналистік ғұмырымда карьерлерге де түсіппін, жер астындағы шахталардан репортаждар да жүргіздім, топан су басқан өңірлерден жедел түсірілімдер әзірлеп, тіпті, мәйітханаға кіріп, журналистік зерттеу материалдарын да жасаппын. Түптеп келгенде, сүйікті мамандығым мені кәсіби тұрғыда шыңдап қана қоймай, мынау өмір-өзеннің қатал сынақтарынан сүрінбеуге үйретті. Бүгінгі жаһандық дәуірде блогер, тик-токер, мобилографтардың қарасы көбейген шақта журналистиканы әркім әрқалай қабылдайды.Дүние түрленіп, заман көші алға жылжығанымен, ешқашан өңін өзгертпейтін бір ақиқат – ол журналистиканың әманда билік пен халықтың арасына дәнекер, болып, қоғам мен өмірдің сан-саласындағы күрмеуі күрделі мәселелердің шешімінің табылуына мұрындық бола беретіндігінде.

 

 

 

Сарби ӘЙТЕНОВА, «Алатау» қоғамдық-саяси газеті бас редакторының орынбасары:

«Жақсы ортаға жолықтым»

Әр адам мамандықты жүрек қалауымен таңдаса, оның өмір жолы да өзгеше өрілетіні хақ. Өзімді мамандық таңдауда жолы болған адам деп санаймын. Өйткені мектеп қабырғасында жүріп-ақ қаламды серік еттім. Жетінші сыныпта оқып жүріп өлең жаза бастадым. Жазғандарымда арагідік аудандық басылымға жіберетінмін. Әке, ана, туған жер туралы өлеңдерім газет бетіне жариялағанда кеудемді мақтаныш кернейтін. Қалай дегенмен бұрқыратып мақала жазбасам да жүрегім журналистика әлеміне жетеледі. Осылайша, армандаған мамандықтың иесі атандым. Одан бері аттай зулап, жиырма бес жылдай уақыт өтті. Осы жылдар ішінде журналистикадағы түрлі қызықтар мен қиындықтарға да тап болдық. Жүрек қалауымен таңдаған мамандық болғаннан соң да әрине, қызығы басым ғой... Кәсібімнің арқасында ел көріп, жер таныдық. 1999 – 2003 жылдар аралығында қалалық газеттерде еңбек етіп, тәжірибе жинақтадым. Ал 2003 жылдан бастап облыстық «Жетісу» газетіне орналасуымның жөні тіптен бөлек. Осы газеттегі мықты ағайлар мен апайлардың арқасында күн сайын үйреніп, сағат сайын жаңа нәрсені жадымызға тоқыдық. Өзімді осындай жақсы ортаға жолыққанымды бағым деп санаймын. Мен үшін журналистикадан артық мамандық жоқ. Журналистика қоғамды, қоршаған ортаны, дүниені тереңірек тануыма әсер етті. Ал «не берді, не бермеді» деп айту артық болар. Студент кезде бір ұстазымыз: «Журналистика – кәсіп. Бірақ ол – кез келген адам игере алмайтын кәсіп» деп айтатын-ды. Өкінішке қарай, соңғы жылдарда игере алмайтын кәсіпті илеу еткендер көбейді. Қолынан жазу келмесе де, біреудің жазған дүниесін оңай олжа етіп алатындардың қатары сейілмей тұр. Оны өздері біле-тұра арланбайды да. Бір кем дүние дерсің... Мұнан өзге «мен журналист болмаймын, диплом үшін оқып жүрмін» дегендер де жетіп артылады. Қалай десек те, журналистиканың берері мол, көтеретін жүгі ауыр, жауапкершілігі жоғары мамандық екенін естен шығармасақ екен.

 

 

Римма Жақсылықбаева, Баспасөз және электронды БАҚкафедрасының қауымдастырылған профессоры,филология ғылымының кандидаты:

Ұлт алдында жауаптымыз

Журналистика – халықтың қамын ойлайтын, соның қажетін қарастыратын сала. Қандай мәселені көтермесін, журналистика соның бәрін халықтық тұрғыда қозғауға, халықтың сөзін сөйлеуге күш салады. Әрқашан халықтың жағында болып, халықтық позициясын ұстайды. Ең алдымен, журналистика кез келген журналистке ұлт алдында жауапты болуға итермелейді. Өйткені журналистиканың қоғамдық өмірге әсерінің мүмкіндігі, іс-әрекетінің бостандығы көбірек болған сайын, оның жауапкершілігі де арта түседі. Екіншіден, әрбір журналистің БАҚ-пен тіл табысып, сауат-ты, шындыққа негізделген әрі дер кезінде берілген толық ақпарат арқылы өзіне жұртшылықты қызықтыруы да – үлкен өнер. Ол үшін қойылар басты талап: шыншылдық, ашықтық, ақпараттық жаңашылдық, әлеуметтік жауапкершілік және қоғамдық пікірге құрмет. Ал бұл талаптар еліміздегі БАҚ құралдары арқылы ғана жүзеге асырылады. Сонда ғана әрбір журналист өзі үшін жауап беруге міндетті, жария етілген әрбір сөзі, мақаласы үшін жауапты болады. Үшіншіден, журналистика – адамгершілік, шынайылық, объективтілік, журналистің әлеуметтік ортада жүріс-тұрысын қадағалайтын этикалық нормалардың негізі. Осы тұста да журналист шындықты жазуда, оқиғаны зерттеп, тергеуде ешқандай қателік жібермеуі керек. Бұл талапты орындамаған журналист өзі жұмыс істейтін бұқаралық ақпарат құралының абыройын түсірмес бұрын, заңды-құқықтық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Елімізде болып жатқан оқиғаларды шынайы жазу, ақиқатты айту, кәсіби міндетін адал атқару – журналистің абыройлы міндеті. Төртіншіден, Алаш көсемсөздері баспасөздің қоғамдағы орнын дәл белгіледі, тасқа басылып, көпке тараған көсемсөздің қуатын қазақ халқының игілігіне қалай пайдалану керек екенін іс жүзінде көрсетті. Ұлт жанашыры Әлихан Бөкейханов: «Газета – ғұмыр айнасы, газетаны оқып жұрт өзін-өзі көреді» десе, Міржақып Дулатов: «Газет – халықтың тамыршысы. Газет қоғамдағы кеселді ашып көрсетуі керек» деген ой айтады. Ал Жүсіпбек Аймауытов: «Елге арналып шығатын газетті ел оқымаса, өйткені жанына жағымды, тісі батарлық сөздер басылмаса, ондай газет бағасын жоймақ: кім көрінгенге қол жаулық, майлық, шылым орауыш, тағы бірдеме болмақ. Бірақ газетшіге кінә қоятын да, қоймайтын да орын бар. Жұрт жазбаса, ішіндегісін тауып жазатын газетші «тәуіп» емес..» деп ашық пікір білдіргенін білеміз. Салмақты пікірдің астарында газет пен оқырман арасында байланыс болмаса, баспасөздің халықтық сипатының жойылатындығы көрініп тұрған тәрізді. Бесіншіден, кез келген журналист бойында ұлтшылдық қасиеті болмаса, ұлтқа қатысты кез-келген жайтқа бей-жай қарай алмайды. Бүгінде басылымдарда ұлттың күрделі мәселесінің жауапсыз қалып отырғандығы, оны түбегейлі, түбін түсіріп жаза алмауымызда жатқан тәрізді. Алтыншыдан, қазіргі журналистиканың міндеті – қоғамды ақпаратпен қамтамасыз ету. Журналист өзі жеткізіп тұрған ақпараттың салмағын, сөздің құдіретін жете түсінуі шарт. Интернеттің пайда болуымен ақпараттық ресурстар көлемі үлкен қарқынмен артуда. Ғаламдық торда кез-келген саланың жүздеген, мыңдаған сайты бар. Ағылшын тілін білетіндердің мүмкіндігі тіпті арта түсті. Мерзімді және онлайн басылымдар бір-бірін толықтырып отыруы керек. Қазір мерзімді басылым да, онлайн басылым да қажет. Жетіншіден, баспасөзде белгілі бір жекелеген тұлғалар немесе ұйымдар құпия сақтағысы келген маңызды тақырыпқа арналған журналистік материалға негізделген журналистік зерттеу көбірек қажет. Өйткені журналист өмірі– шығармашылық шеберліктен тұратын күрделі жүйе. Сондықтан ол қайталанбаушылыққа жолықпай, үнемі жаңа идея, зерттелмеген жаңа дүниелерді ашып, халыққа таратуды талап етеді. Жалпы шығармашылық шеберлікте табиғи дарынның, қарым-қабілеттің, білім мен ізденістің ауадай қажет екені айналып келгенде, шеберліктің бастау саласына айналары сөзсіз.

 

Журналисттің міндеті мен парызы біреу ғана. Ол өз аудиториясына нақты ақпаратты жеткізу. Журналист билік пен өздерін қаржыландыратын бір партияның насихатына еріп кетпеуі керек. Ол тек шындықты айтуға дағдылануы қажет. Бұл –менің принципім. Қашанда осы жолдамын. Қызметтен айрылудан қорықпаймын. Қаржылық жағынан ешкімге тәуелді емеспін.

Владимир Познер

Журналистің жегені жантақ, арқалағаны алтын

Шерхан Мұртаза

Журналистика — жол үстіндегі әдебиет.

Оралхан Бөкей.

Баспасөздің қолында өзгеде бола бермейтін қуатты күш бар. Ол күш – сөз және қалам.

Қали Сәрсенбай

Журналист талантты болса, науқасы да қатты болады. Ауруынан жартылай айыққан журналист – сыншы. Ал егер журналист осы сырқаттың созылмалы түріне шалдықса, жазушы болғаны.

В.Лебедев.

Журналист – өз газетінде сараланатын жазушы.

Адриан Декурсель

Әдебиетті екі рет оқып түсінесің, ал журналистиканы бір-ақ рет оқығанда түсінуге болады.

С.Конолли.

7832 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы