• Ақпарат
  • 10 Тамыз, 2023

КІТАПТАРДЫҢ ПАТШАСЫ

Шығыстың жарық жұлдыздарының бірі парсы-тәжік әдебиетінің көрнекті өкілі, ұлы ақын Әбу-л-Қасым Фирдоусидің «Шахнамасы» ерекше зерттеуге тұрарлық шығарма. Бұл эпопеяның «Шахнама» деп аталуының өзінде де үлкен мән жатыр. Шахнама деген сөздің өзін екі түрлі түсінуге болады. Біріншіден – патшаларға арналған, патшалар туралы кітап. Екіншіден – көлеміне, маңызына қарап оны кітаптардың ішіндегі ең үлкені болғандықтан, «Кітаптар патшасы» деп те атайды. Себебі Фирдоусидің бұл туындысы көлемі, көркемдігі және мазмұны жағынан дүние жүзіндегі ең ірі шығармалардың қатарына жатады. Шығарманың ең алғашқы түпнұсқасының өзі 65000 бәйіттен (бәйіт – екі жолдық өлең) тұрған. Яғни бұл 120000 жолдан аса өлең деген сөз. Бірақ Шахнама бізге дейінгі қолжазба, аудармаларында 80 мыңнан 160 мыңға дейінгі өлең жолдарымен жеткен (40000-80000 дейінгі бәйіт). Бұған қарағанда оны көшірушілер мен аударушылар өздеріне ұнамаған жерлерін тастап кетіп, қысқартып отырғанға ұқсайды немесе басқа аңыз, дастандарды қоса көшірген.

Ең ірі шығарма

Еуропаны «Шахнама шуағы» XVIII ғасырдың 1777 жылынан бастап шарпыды. Шахнаманы зерттеуде Еуропа ориенталистерінің еңбектері ерекше. Ағылшын, француз, неміс, итальян және т.б. шет тілдеріне аударылып, іліми тұрғыда зерттеле бастаған. 
Шығыс тілдерінің ішінде Шахнама араб, түрік, грузин, өзбек, үнді тілдеріне аударылған. Бұл аудармалар Шахнаманың үзінділерін прозалық түрде беріп отырған. Поэманың өлең түрінде жазылған толық мәтін аудармасы тек қана түрік тілінде, ол 1510–1511 жылдары аударылып біткен. Екінші татар Әли Әфенді аударған Шахнаманың толық мәтіні Египет пен Сирия сұлтаны, мамлюктер династиясынан шыққан Кансуху Гуриге арналып аударылған.
Шахнаманың алғашқы нұсқасы «Құдай намені» араб ғалымы Ибн Мақфе VIII ғасырда Аббасидтер заманында арабшаға аударған, бірақ өкінішке қарай, ол аударма сақталмаған. Ал Фирдоусидің Шахнамасы араб тіліне 1218 жылы әл-Бандари әл-Исфихани аударған. Сонымен бірге көптеген мұсылман тілдеріне, түрік тіліне 1621 жылы үнді тіліне 1846 жылы аударылып, бүкіл дүниежүзіне даңқы жайылған. 
Фирдоуси Шахнамасының Орта Азия халықтарының ауызша және жазбаша түрдегі әдебиетіне тигізген ықпалы айтарлықтай екені белгілі. Оны біз халықтар арасында таралып, аңыз болып кеткен кейіпкерлерінен білеміз. Осы поэма желісінде басқа да аңыз, жыр, дастандардың таралуынан көреміз. Ал қазақтарға ең бірінші ауыз әдебиеті арқылы жеке-жеке сюжеттері еніп, халық арасында тарала бастады. Бұдан соң Шахнама тараулары аудармалары арқылы таныла бастады. 

Ұлттық кітапханадағы Шахнама

Осы тарихи құнды мұралардың бірегейі – Фирдоусидің «Шахнама» дастанының XVIII ғасырда түркі-шағатай тіліне аударылған нұсқасы болып саналады. 
Бұл қолжазбаның ерекшелігі: Қазақ Даласында туындаған тарихи оқиғалар тұсында тәр­жі­меленуі, мәтінінің көлемділігі, толық сақталуы және бүгінгі күнге жетуі. Бұл шы­ғарма 1721–1723 жылдары Жаркент шаһарының әміршісі Даниял қожаның ұлы Жақып қожаның әмірі бойынша парсы тілінен тікелей түркі (шағатай) тіліне аударылған. Қара сөзбен аңыз түрінде жазылған аударма. Аударған – Қожа Шаһхижран Низамеддиннің ұлы Каляндар. XVIII ғасырдың бас кезінде Жоңғар әскерлері қазақ жеріне қайта-қайта шабуылдап, екі ел арасында соғыстар болып жатқан тұста аударылған бұл шығарма өз жерін қорғайтын, ерлікке, батырлыққа үндейтін Рүстем сынды батырды армандаған халықтың идеясына орай аударылды. Дастан халықтың рухын көтеріп, көңіліне демеу болды. Қолжазба кітапты Ұлттық кітапханаға 1921 жылы Байұлы деген кісі тапсырған. Мұқабасы қалың қағаздан жасалып, жұқа терімен қапталған. Барлығы 1056 беттен тұратын қолжазба кітаптың көлемі де өте үлкен (50х30 см), салмағы 6,5 кг. 
Шахнаманың 1836–1870 жылдар аралығында Ақмешіт (Пировский) шаһарынан Молда Ораз деген ақын үш нұсқасын аударған. Бұл кісі қазақтың жазбаша әдебиетіне Шахнама сюжетін алғашқы әкелушілердің бірі. Ораз молданың аудармасы туралы қазақ шығыстанушысы Ө.Күмісбаев: «1926 жылы «Известия» газетінде «бұл түркі тіліндегі халықтар тіліне аударылған ең толық аударма» – деп жазған» дейді. Молда Ораз аудармасын зерттей келе Ө.Күмісбаев: «Автор шығарманың бас жағында немесе аяғында Шахнаманы кімнен, қайдан алғанын ескертпейді, бірақ бар мазмұны Фирдоусиден алынғаны көрініп тұр» – деп жазады. Аударған деп көп адамдардың зерттеулерінде айтылғанымен, оның толық Шахнаманың аудармасы ма, әлде ескі аңыздарға сүйеніп ақынның өзінің жазғаны ма, ол жағын ашып айту қиын.
Қолжазбаның өзінде ондай мәліметтер берілмеген. Ал сол үш нұсқаның бірі «Ғылым ордасы» РМК (бұрынғы – ҚР FA) Орталық ғылыми кітапханасының қолжазба қорында сақтаулы. Қағаздары өте ескі, сарғайған. Кейбір беттерінің сиясы езілген, бірақ өте ертеректе жазылғанына қарамастан жақсы сақталған. Жазылуы ескіше (кадымша), яғни араб, парсы сөздері аралас қолданылған шағатай тілінде. Қолжазбаның қара сөзбен жазылған, арасында өлең түрінде келтірілген жерлерi де бар. Ал аударманың соңғы екі нұсқасы жайлы әртүрлі деректер айтылғанымен, толық мәлімет жоқ.
Ал Мұхаметжан Сералин В.А. Жуковскийден «Рустем-Сохрабты» 1914–1915 жж. қазақшаға аударып, «Айқап» журналының 1914 ж. №22, 24; 1915 ж. № 2, 5-9 нөмірлеріне бастырып шығарған.
Ол, өзінің аудармасына жазған қысқаша кіріспе сөзінде қазақ жұртшылығын Шахнаманың жазылу тарихымен, оның Шығыс және Батыс елдерінде кеңінен тарап, аударылуы жайлы мағлұмат берген. 
М. Сералиннен кейін Кеңес дәуірінде қазақ оқушысына Шахнаманы тұтас күйінде жеткізу мақсатын қолға алған шығыс әдебиетіне қанық, Бұхара қаласында әуелі «Мир араб» (1896–1899), кейін «Көкілташ» (1899–1905) медреселерінде оқыған Тұрмағанбет Ізтілеуов ақын болды. Шахнаманың қолжазба түріндегі аудармасын 1934 жылы Фирдоусидің 1000 жылдық тойына байланысты аударған. Ол кісінің өте ден қойып аударған аудармасы Фирдоусидің Шахнамасынан үзінді Рүстем-Сохраб жыры еді. Тұрмағамбет Ізтілеуов 100-120 мың жол эпосты түгел және жолма-жол аударуды дербес мақсат етпей, 40 мың жол өлеңмен «Шахнаманың» парсы, түрік, араб тілдері нұсқаларынан сомдап, Фирдоуси­дің идеясы мен образдарын, аңыздар мен оқиғаларын өзінің сюжеттік желісіне алып, қазақша дастан етуді көздеген. Отызыншы жылдары Т.Ізтілеуов жырлаған осы дастанның үлкен тарауы «Рүстем-дастан» деген атпен 1961 жылы Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан кітап болып басылып шықты. Дәл аударма болмағанымен, Т. Ізтілеуов жасаған нұсқа Фирдоуси поэмасының негізгі идеялық, көркемдік қасиеттерін өз оқушыларына жақсы жеткізген. «Шахнемені аударуда Молда Ораз бен Тұрмағамбеттің сіңірген еңбегі ерекше зор. Әйтсе де, қазіргі талғампаз оқушыларымыздың алдында ұялмай ұсынатынымыз тек Тұрмағамбет аудармасы ғана екенін айтуға тиіспіз» – деп «Қазақ әдебиетінің тарихы» кітабында көрсетілген. Т. Ізтілеуовтің қазақшаға аударған қолжазбасы кітапханада сақталмаған.

Төте жазудағы қолжазба

Шахнаманы қазақ қауымына жеткізуде Ораз молда мен Т.Ізтілеуовтен басқа да еңбек сіңірген адамдар бар. Солардын бipi Ғылым ордасы Орталық ғылыми кітапхана қорына 1948 жылы келіп түскен қолжазба, тапсырушы Құлбайұлы Рахымбай. Папка № 840, 1-нөмірлі дәптер. Қолжазба толық емес, латын әрпінде жазылған. Барлығы 122 бет, қағаздың көлемі әптүрлі, шамамен 33/17 см.
Шахнаманың бір бөлімі Рүстем-дастан деп аталады. Автордың өзі қолжазба жайлы былай деп мағлұмат берген: «Бас жағынан 6 бет жоқ, өз ойымша шахнаманың 125-ші бетінен басталса керек. Оны шамам келгенше түзетіп нағыз қазақ емлесіне аудардым, бірақ әрбір өлеңнің мазмұнын өзгерткенім жоқ. Тек қана атлар, палуанлар, кісілер, әскерлер, қала деп қана қазақ тіліне келтіріп жаздым. Кейбір атаулар (терминдерін) өзгерткенім жоқ. Мысалы: Кидируз, Дос, Киюзалар деген сыяқты сөздерді сол күйінде жібердім. Бір ескерте кететтін...» – арғы сөздері өшіңкіреп қалған, оқылмады.
Тағы бір айта кететін аудармамыз – Ғылым ордасы Орталық ғылыми кітапханасы қорына 1939 жылы келіп түскен №840-шы папка 2-нөмірлі дәптер, қолжазба иесінің аты-жөні белгісіз, ол кісі бұл қолжазбаны Серәлі қожаның айтуынан жазып алған деп көрсеткен. Қолжазба толық емес, араб әрпінде жазылған. Барлығы 5 бет, 130 жол, көлемі 17,3/10. Қолжазба қорына әкеліп тапсырған – Сабыр Шәріпұлы. Сонымен бірге 1901 жылы Қазан қаласында басылып шыққан Сердалы Мырзаұлының аудармасы, көшіріп баспаға тапсырған – ноғай Молла Құсайын. Мағына жағынан Рүстемнің образын суреттеген жерінен басқасын ақын өзінше жырлаған. Басқа аудармаларға қарағанда өзгеше. Ол кісі аудармасын 1981/1903 хиджра жылы жазып тамамдап деп көрсеткен. Бұл №319 нөмірлі бумада, Ф/к нөмірмен тіркелген. Аударманың толық көлемі 4340 жол. Кітаптың алдыңғы екі беті жоқ, фотокөшірме толық.
Осы аудармалар ішінде біздің кеңірек тоқталып кетейік деп отырғанымыз  №319 бумада сақтаулы тұрған дүниежүзілік әдебиеттің ең үздік туындыларының бірі – Шахнама эпопеясынын Айнамкүл Тәжібаева аударған қолжазбасы. Апамыз бұл шығарманы 1945 жылы жазған. Қолжазба иесі туралы оқырманға аз-кем дерек: Айнамкүл Тәжібаева Қызылорда облысының Қараөзек бекетінде туып-өскен. 1888–1952 жылдар арасында өмір сүрді. Айманкүл нағашы атасы – Сыр бо­йының ба­лық­шысы әрі егінші-диханы Далдабай қарттың қолында тәрбиеленген. Атасы Айманкүлді 14 жасына дейін ауыл молдасынан оқытып, хатқа жүйрік, парсы және шағатай әдебиетіне өте таныс, қанықты оқушы етіп шығарған. Қазан, Уфа баспаларынан шыққан дастандарды оқи жүріп, парсы тілін үйренген Айманкүл – қазақтың асқаралы ақыны, драматург Әбділда Тәжібаевтың анасы. Ол Ахмет Байтұрсынұлы бекіткен емлемен – Шахнама поэмасын төте жазумен жазып, қолтаңбалапты.
Шығарма оқушы дәптеріне қара сөзбен аударылып жазылған. Көлемі 442 беттен тұрады. Оның алдыңғы 314 беті калың оқушы дәптеріне жазылған. Дәптердің көлемі 20,7/16,4. Соңғы 128 беті, көлемі 33/25 болатын қағазға жазыл­­ған. Кейбір беттері сарғайған. Әртүрлі Шах­наманың жазылу тарихын әңгімелеуден бас­таған, Сасанидтер әулетінен шыққан Насыр­­дың баласы Ахмет дадиқи мен Сұлтан Мах­мұт шах аралығында жазылған Патшалар кітабы тарихи жинағы. Сұлтан Махмұт шах пен Фирдоусидің кездесуінен өрбитін өршіл жыр дастан.
Ал Шахнаманың негізгі аудармасында Кейумер шахтан бастап, Жамшид, Фаридун шах, одан кейінгі Кей Кауыс шах, Кей Хосроу шахқа дейінгі оқиғалар қысқаша баяндалады. Шығарма қара сөзбен аударылған. Кейбір жерлерінде өлеңмен жазылған үзінділері кездеседі. Айманкүл апамыздың аудармасы тереңнен басталып алынады. «Бұрынғы өткен тарихта шежіре салар былай деп айтыпты: атамыз Адам бұ дүниеден өтті, өткеннен кейін балалары оны тиісті жерге қойды. Адамның орнына Шиш деген баласы отырды. Бірнеше жылдан кейін Шиш те дүниеден өтіп, орнына Кейумер шах отырып тәж-тағына иеге болды...» – деп Айманкүл апамыз Шахнаманың басын Адам ата пайғамбардан бастап, аударманың соңын Кей Хосроу шахтың тақтан бас тартуына әкеліп тоқтайды.
Кейқұс, Сияуш, Судаба мен Зал жайлы жеке бөлімдерге бөлініп жазылған Шахнаманың бip үзіндісі деп берілген бөлімдерде Рүстемнің батырлығын жырлайтын жерлерге көбірек көңіл бөлініп аударылған.
Иран мен Тұран ежелгі көршілес екі мемлекет. Бұл екі мемлекет арасындағы жаугершілік біршама ғасырларға созылған. Тұранның патшасы Афрасияб, Иранның патшасы Кейқауыс бұл екі патша өмір бойы ұстасумен өткен. Афрасияб Иранды алу үшін бірінші Рүстемді жеңу керек деп, оны өлтіру үшін біраз шаралар жасаған. Ирандай мемлекетті бір өзі ұстап тұрғанынан-ақ Рүстемнің күштілігін байқауға болады. Сонымен бірге Саманган патшаның үйіне жолы түсіп қонақ болған Рүстемнің патшаның қызы Тахмина банумен кездесуі. Екеуінің арасында тұтанған махаббаттың куәсі болып Зохраб батырдың дүниеге келуі. Ер жеткен Зохрабтың әкесін іздеп Иран еліне қарай жорыққа шығуы. Рүстемнің жекпе-жекте білместіктен өз баласын өлтіріп алуы. Қапыда баласынан айрылған Рүстемнің елден безіп, сахара кезіп кетуі бәрі де терең толғанып, шұрайлы тілмен әңгімеленеді. Шахнамада көне мифтік, эпостық аңыздармен араластырып жазылған. Бұны біз үшін ер адамдарға ірілік, ерлік, батырлық, махаббат, адамгершілік, т.б. қасиеттердің жиынтық тұлғасы. Сонымен қатар поэманың басты мазмұнының өзі өмірдің қарама-қайшылығы соғыс пен бейбітшілік, зұлымдық пен мейірімділік, адамгершілік пен жауыздықты суреттеуден тұрады. Соғыста жорыққа шығу салты немесе хандардың аңға шығуының өзін әсерлі суреттеген. Ақын апамыздың ұлы мұра жазбаларын құнттап, қадірлегені арқасында бүгінгі түбін-тегін тануға бетбұрысты ұмтылған ұрпағы игілігін көріп, ізгілігін дарытатын бір қазына біздің қорымызда сары алтындай сақтаулы.
Бұл эпопеядағы басты кейіпкердің тағдырының суреттелуінің өзі адамға үлкен ой тастайды. Бұл өмірдің қаншалықты жалған, өтпелі екені, ешнәрсенің тұрақты еместігі поэ­мада басты орын алғандай. Ғасырдан ғасырға жетіп, Иран елін әлемге танытқан Фирдоусидей ақынның «Шахнама» поэмасының әлі де зерттеліп бітпеген қыр-сыры жеткілікті.
Кейінгі ұрпаққа аты аңыз болып қалатынын өз заманында болжап білген ұлы ақын былай деп жырлаған екен: «Мен өзімнің жырыммен биік сарай салдардым, жел, жаңбыр оған жетпестей, өлсем де тірі болармын, ақылы барлар оқырлық, жыр жазған кітап қадырдым, өмірге өшіп кетпестей».

Гүлшат АБИКОВА, 
Сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметінің топ жетекшісі

6701 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы