• Қоғам
  • 11 Қыркүйек, 2023

Ақтөбедегі айшықты істер

Ералы Тоғжанов Ақтөбе өңірінде әкім боп жылдан аса қызмет етті. Әдетте өңірде билік ұстаған әкімнің қызмет еткен 100 күнінен соң баға беріліп жатады. Соны ескергенде бір жылдың өзі шаруаны тиянақты қайыра білетін адамға нәтиже саралауға лайық мерзім деп білеміз. Сонымен қызметіне кіріскен жылдың аясында батыстың ең алып өңірінің тізгінін ұстап келген экс әкім не тындырды? Соған үңіліп көрдік.

Қызметіне кіріскенде Ералы Лұқпанұлы ең алдымен облыстың барлық 12 ауданын түгел аралап, елдің тыныс-тіршілігімен тиянақты танысты. Соның нәтижесінде атқарылмай жатқан біраз түйткілді шаруаның өн бойына қан жүгіріп, сең қозғалды. Тізбелей айтқанда, Ақтөбе-Қандыағаш тас жолының бір жақ беті пайдалануға берілді. Биыл жалпы 4 жолақты жолдың 80%-ын бітіріп, келесі жылы толық іске қосу көзделіп отыр.  Жергілікті халық арасында наразылық тудырған 41-разъезд жолы 1 ай 24 күн дегенде жөнделіп, жол қозғалысы қамтамасыз етілді. Ал, қазан айында жол жамылғысын толығымен аяқтау межеленіп отыр.

Даму бюджеті – өңірдің барлық саладағы екпінді дамуына серпін беретін көрсеткіш екені анық. Бүгінде Ақтөбе облысында даму бюджеті 153 миллиард теңгеге жетті. Бұл былтырдың бюджетімен салыстырғанда 89 миллиард теңгеге көп.    

1

Өткен жылы Оңтүстік айналма жолы көпіріне жедел жөндеу жұмысы, биыл күрделі жөндеу жүрді. Тұрғындарға берген уәденің бірі – осы көпір болса ол да орындалды демек. Жол демекші, толғақты түйткіл – битум тапшылығы еді. Осыған орай, 11 миллиард теңгенің жобасы уақытылы игерілмей тоқтап тұрды. Дер кезінде қабылданған бірқатар шешім мен келіссөздің арқасында қажетті битум жетіп,  сапалы жол да салыныпты. Салыстыра айтсақ, былтырдың қыркүйегінде облыс бюджеті 429 миллиард теңге ғана болса, бүгінде өңір бюджеті 209 миллиард теңгеге қампайып, 638 миллиард теңгеге жетіпті.

Инфрақұрылым саласында да қордаланған мәселе жылдар бойы жиналып келген. Дер  кезінде қабылданған жедел шаралар арқасында, әр түйткіл бойынша нақты шешім қабылданды. Кезек күттірмейтін күрмеулі мәселе, Ақтөбе қаласындағы 1,6 миллиард текше метр көлеміндегі газ тапшылығы еді. Облыс орталығын қамтитын газ құбырлары сонау 60-80 жылдары салынған. Яки, көнетоз құбырдың әбден тоз-тозы шыққан.  Салдарынан қазірде оның жүктемесі 175%-ға дейін жетіпті. Осы орайда құны 43,4 млрд. теңгені құрайтын «Бұқара-Орал» газ құбырының үшінші желісінің құрылысы биыл басталса, келер жылы пайдалануға беріледі деп діттеліп отыр. Бұл инвестициялық жобаларды іске асыру, шағын және орта бизнесті дамыту, тұрғын үй салу және газға қажеттілік мәселесін кемінде 50 жылға дейінгі ауқымда шешуге мүмкіндік береді. Былайша айтқанда, тиісті салалар осы қарқынмен жарты ғасырлық дамуға бет алды.

Сонымен қатар, облыста жыл сайын жаз айларында сұйытылған мұнай газына да сұраныс арта түсетіні белгілі. Энергетика министрлігінің ай сайынғы бөлетін 11 мың тонна газы облыста газбен жабдықталған автокөлікті қамтуға толық көлемде  жетпейтіні түсінікті.  Осы ретте транзитті автокөліктің де жүру қарқынын ескере отырып, үкімет басшысының облысқа келген іс-сапары барысында жетекші министірлікке тапсырма бергені есте. Нәтижесінде қажетті ай сайынғы 16 мың тонна сұйытылған мұнай газы көлемін бөлу мәселесі энергетика министрлігі және тиісті ресурс иелері тарапынан қарастырылды. Одан өзге, сұйытылған        мұнай газды       басты өндіруші СНПС-Ақтөбемұнайгаз, Қазақойл, Газ-процессинг компаниялары қыркүйекте жоспарлы күрделі жөндеу жұмысын жүргізбек.

Облыстағы күрмеулі тағы бір мәселе – Ақтөбе қаласындағы кәріз-тазарту құрылысының 80%-ға тозуы еді. Жүргізілген келіссөздің арқасында, Еуропалық қайта құру және даму банкі қаражаты есебінен жаңа кәріз-тазарту жүйесі салынады. Жалпы  құны  шамамен  54 миллард теңгені құрайтын жоба құрылысы келесі жылы басталады.

Ендігі бір өзекжарды мәселе – жазыла жазыла жауыр болған тозығы жеткен «Ақтөбе – Ұлғайсын» республикалық жолы. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қазірде Ақтөбе-Хромтау-Қарабұтақ бөлігінде жөндеу жүрсе де бұл шаралар жеткіліксіз. Осыған  орай ұзындығы 262 шақырым болатын аталған жолды 4 жолаққа кеңейту арқылы 3-ші санаттан 1-ші санатқа жеткізу бойынша қажетті шешімдер қабылданып, тиісті құжаттар әзірленіп жатыр. Жоба құны орташа есеппен 530 млрд.теңгені құрайды. Бұл дегеніңіз, есептеп қарағанда бір облыстың бюджетіне пара-пар сома.  Келесі  жылы  бірінші кезеңмен  56 шақырымдық 2 учаскенің құрылысын бастау көзделіп отыр. Тез арада шешім қабылдауға жол сапасымен қатар, көлік ағынының қарқындылығы да себеп. Мәселен, бар болғаны 3 мың автокөлікке есептелген жолда күніне кем дегенде 16 мыңнан аса автокөлік жүреді екен. Соның салдарынан соңғы 5 жылдың өзінде 300 жол-көлік оқиғасы тіркеліп отыр.

Төртінші түйткілді мәселе – 60-70 жылдары салынып, шамамен 30 жыл бойы жөндеу көрмеген «Қандыағаш-Шалқар» жолы еді. Бүгінде 259 шақырымды құрайтын және де ауыл тұрғындары тіршілігінің күретамыры саналатын автожолды жөндеу басталды. Биыл оның 20 шақырымы  жөндеу көріп жатыр. Келер жылы тағы 75 шақырымы жөнделмек.

Бесінші мәселе – өңіріміздің 60% халқы тұратын Ақтөбе қаласының инженерлік желілерінің, қала ішілік жолының және аула аумақтарының апатты жағдайы. Бұл тұрғыда, биылдың  өзінде 65,5 шақырым қала ішілік жол салу және жөндеу 100 аулаішілік жолдарын жөндеу, 93 ескі лифтті ауыстыру, 42 спорт және балалар ойын алаңын орнату, қылмысы көп аймақтарда 1 200 жарық нүктесін  орнату,  көпқабатты  6  үйдің  құрылысын  аяқтау, 325 шақырым болатын жаңа тұрғын алаптарға инженерлік желілерді тарту бойынша жұмыстар қарқынды жүруде.

Ендігі мәселе ауылдың жағдайы. Ауыл тұрғындарының  табысын  арттыруды көздейтін  «Ауыл аманаты» жобасын облысымызда жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 6,5 миллиард теңге бөлінді. Қосымша 12,5 миллиард теңгеге Үкімет тарапынан қолдау бар. Жобаны бастамас бұрын, облыс әкімдігі ең алдымен, әр ауылға скрининг жүргізіп,  ел  тарихында  алғаш  рет  барлық 134 ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын әзірлепті. Соның аясында берілген несиенің нәтижесінде бүгінде 103 мыңнан астам құс алынды, қосымша 68 жылыжай салынып, 158,6 гектар аумаққа картоп пен көкөніс егіліп, шағын бизнестің 385 жаңа жобасы жүзеге асып отыр.

«Ауыл аманатының» аясында, қаржылық несиемен қатар тауарлық несие беру тетігі енгізілді. Тауарлық несиенің ерекшелігі – кепілге қояр мүлкі жоқ, несиелері бар, аз қамтылған, көп балалы отбасыларға бюджеттің бірде-бір тиынын жұмсамай, оларды қолдау. Жобаның тағы бір үлкен ерекшелігі – кепілсіз, пайызсыз болуы және қайтарым түрі қаржылай емес, алынған төл есебінен өтелуі. Ірі  шаруа  қожалықтарының  қолдауымен  335  отбасыға осылайша  4 758 бас мал берілді. Жобаны жүзеге асыру арқылы жұмыссыздар саны 41,4%-ға, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 39%-ға азаяды. Отбасының орташа табысы 182 мың теңгеден 354 мың теңгеге дейін артты.

Облыс тұрғындары үнемі көтеретін басты мәселенің бірі – автожолдың сапасы еді. Өткен жылы 32 млрд.теңгеге 536 шақырым жол жөнделді. Айта кету керек, былтырғы жылмен салыстырғанда биыл 1,7 есеге артық қаражат қаралып, 53,5 миллиард теңгеге 872,8 шақырым жергілікті маңызы бар автожолдар жөнделеді. Бүгінгінің өзінде 400-ден астам шақырымы пайдалануға беріліпті. Бұдан бөлек ағымдағы жылы 190 шақырым республикалық жолдар жөнделуде. Жалпы облыс төңірегінде бір жыл ішінде 1062,8 шақырым жолды жөндеу жоспарда.

Тұрғын үй саласында 2015 жылдан бастап күн тәртібінде тұрған мәселе – үлескерлердің мәселесі еді. Бүгінде үлескерлер қатысқан 11 үй бар еді. Бұл дегеніміз 3000-ға жуық адам. Бұл мәселе бойынша жедел шешім қабылданып, арнайы жол картасы бекітіліп, барлық нысан бойынша әлеуетті инвесторлар табылып, жыл соңына дейін 285 үлескердің пәтерінің құрылысы аяқталады. Қалған 255 пәтерге қатысты тиісті жұмыс жүріп жатыр.

Президент осы жолғы жолдауында білім саласына ерекше көңіл бөліп, соқталы бірнеше мәселені айтқанының куәсі болдық. Соның бірі – білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін көтеруді айрықша айтты Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл бағытта қазір Ақтөбе облысы көш бастап келеді десек ағат емес. Нақты санайғақ,  облыс бюджеті қаражатының 40%-ы   (нақты айтса, 209,6 миллиард теңге) білім саласына жұмсалады. Былтырғы жылмен салыстырғанда бұл дерек 16%-ға жоғары екенін айтпағанда, басқа облыстардағы білімге бөлінетін қаржымен салыстыра айтсақ ең көп қаржы Ақтөбеде екен. 

Президент айтқан мұғалімдер біліктілігін көтеруге келсек, қазір ел бойынша қала мен ауыл ұстаздарының білім деңгейі едәуір алшақтап кеткені жасырын емес. Ауыл мұғалімінің білімі мүлдем төмен демейміз, бірақ қала педагогымен салыстырғанда әжептеуір екені тағы да рас. Демек, ауыл ұстазының білімі мен білігін ұдайы көтеріп отыру керек. Ақтөбе облысы бұл бағыттағы істі ілгеріде-ақ бастап кетті. Облыстағы мектептердің 50%-ы шағын жинақты мектептер. «Bilim all» аттты жобаны бастап, ақтөбелік шағын жинақты мектептердің әзірге 35 мұғалімі онлайн форматта физика, математика, химия, биология сияқты пәндер бойынша біліктілігін зум арқылы көтеруге мүмкіндік алды. Әрі ағылшын тілін онлайн түрде ұстартуға мүмкіндік алып жатыр.

«Bilim all» арқасында бір оқпен «үш қоян», дұрысы бірнеше мәселе шешімін тапты. Ең алдымен, бір мұғалім бірнеше пәнді жүргізетін үрдіс тоқтады, екіншіден, оқушыларды автобуспен тасымалдау мәселесі шешілді. Үшіншісі, әрі негізгісі, ауыл мұғалімдерінің пәндік білімі арта түсті. Ауыл мұғалімдері арасындағы байланыс артты. Ауыл педагогтарының цифрлық сауаттылығы жақсарды. Бұл жобаның ең басты,  тиімділігі сол, қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасының алшақтығы 15%-дан 10,3%-ға төмендеген екен.

 «Bilim All» жобасының игілігі жалғыз бұл емес. Әкімдік бастамасы «Қазақстан Халқына» Қоры есебінен қолдау тауып, 12 тірек мектепке және 134 шағын жинақты мектепке жалпы құны 5 млрд. Теңге болатын заманауи оқу құрал-жабдықпен қамтамасыз етіліпті. Бір айта кетері, облыстар тарапынан «Қазақстан халқына» қорынан қаржы сұрайтындар көп қой. Бірақ қаржының тиімді жұмсалуын дәлелдеп бере алмай, қаржыға қол жеткізе алмай жатады. Осы орайда, сұраушы әкімнің де беделіне көп байланысты екені айтпаса да түсінікті. 

Мектеп дегенде толғақты мәселенің бірі – мәселе болғанда да директорлар шоршып түсетін түйткіл – жыр болған «госзакуптың» мәселесі. Бұрын мемсатып алудан шикілік шықса да директор жауапты, директор құрылысқа да жауапты, директор әрі педагог, директор әрі «завхоз», директор тағысын тағы еді. Директор әрі пеш жағатын «кәчегар» болып келді. Ақтөбеде енді директор  мемсатып алуға жауапты болмайды. Өйткені, Ақтөбеде бірыңғай сатып алу жүйесі енгізілді. Директор енді тек өз мекемесіне қажетті құрал-жабдыққа тек сұраныс береді. Директор бұдан былай техсипаттама жазып, түрлі бағаны аңдып отырып,  басы қатпайды. Бірыңғай жүйе соны қамтамасыз етеді.  Соның арқасында білім беру ұйымдарына қажетті құрал жабдық сатып алу үшін жыл сайын облыстық бюджеттен 35 млрд теңге көлемінде қаражат жұмсалады. Осы қаражатты тиімді жұмсау үшін білім саласындағы сатып алу процесі бір орталыққа жинақталып отыр.  

        Мектеп бухгалтериясында да жаңалық көп. Атап айтса, орталықтандырылған бұлтты бухгалтерия. Өткен оқу жылында еліміздің білім саласында бірқатар келеңсіз жағдай болғаны есте. Бұл олқылықты болдырмас үшін білім беру ұйымдарындағы қаржылық басқару енді бұлтты бухгалтерияға ауысып, цифрлы платформаға енеді.

Білім саласын цифрландыру ісін президентіміз де өз жолдауында қадап айтты. Ақтөбеде айтпақшы, педагог кадрларды жұмысқа қабылдау да электронды негізде жүреді. Облыста 25 000 аса педагог жұмыс істейді.  Оның 18 000 орта білім беру ұйымында жүр. Бүгінде 85 қала мектебінің дерегі 100% «Jumys» электронды платформасына еніпті.

Төртіншіден, мектептердің шаруашылық қызметі де енді жергілікті әкімдіктің құзырына беріледі. Мектептердің жылу қазандығы мен электр трансформаторларын жергілікті әкімдіктердің балансына беру арқылы білім беру ұйымдарының ұжымы енді білім сапасына ғана жауапты.  Яғни, директор енді «кәчегар» емес.   Бүгінде бұл бағытта Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстары ҚР Оқу-ағарту министрлігінің пилоттық жобасына еніпті.

Ақтөбе облысында   үш ауысымды мектептің тағы үшеуі биыл кеміді. Енді тағы үшеуі ғана қалды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 18 мектеп салынбақ. Оның 14-і биылдан бастап құрылысын бастап кетті. Жоба бойынша қосымша 2 апатты және 3 үш ауысымды мектептің мәселесі өз шешімін табады. Қуантарлық жағдай. Анықтама үшін: оның үшеуі 2000 орындық, біреуі 900 орындық, бесеуі 600 орындық, тағы бесеуі 300 орындық екен.

Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен 4 650 орындық 19 мектептің құрылысы жүруде. Білім беру мекемелерінің құрылысына жекеменшік инвесторлардың үлесі ерекше екен. Ақтөбе қаласындағы Батыс-2 шағын ауданындағы мектеп тапшылығы баршаға белгілі. Осы аймақта жаңа оқу жылы бір ауысымда 3638 баланы қамтитын Smart Bilim  жекеменшік мектеп-гимназиясы өз жұмысын бастағалы отыр.

Халықтың денсаулығы да басты назарда болды. Саланы дамыту мақсатында жоспарлы жұмыс атқарылды. Биыл облыста «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы бойынша құны 1,1 миллиард теңге болатын 5 нысан салынды. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында 11 медициналық обьектілер салуға 1,8 миллиард теңге қаражат бөлінді. Бұл мақсатқа жұмсалған қаражат көлемі өткен жылмен салыстырғанда 5,4 есеге өсті.

Ауданаралық Көпсалалы ауруханалар құрылысын жаңғырту жұмысы Шалқар, Мұғалжар, Хромтау аудандарында жүргізіліп жатыр. Жобалық сметалық құжат дайындауға 27,3 миллион теңге бөлінді, құрылысы 2024 жылы басталып, пайдалануға беріледі. Бұған қосымша 1,3 миллиард теңгеге 9 медициналық мекемеге күрделі жөндеу жүргізілді.

Саланың материалдық-техникалық дамуына жұмсалған бюджет өткен кезеңмен салыстырғанда екі есеге ұлғайып, 5,3 миллиард теңгені құрады. Шалғай елді мекен тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында фельдшерлік сөмке – шағын көлемді  мобильді  көпфункционалды  138  кешен  алуға 1,0 миллиард теңге бөлінді. Елді мекендердегі кадрлық сұрақты шешу мақсатында жергілікті бюджеттен 42 маманды резидентурада оқытуға грант бөлінді, ауылға баратын 50 маманның әрқайсысына 3 миллион теңгеден көтерме ақы төленді. Жылдың 8 айы бойынша Денсаулық сақтау саласының бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 115,6 миллиард теңгеге ұлғайып 22% - ға өсті. Медицина саласында жасалатын барлық жұмыс аурушандықты, сырқаттануды азайтуға және ерте анықтауға бағытталып жатыр.

Тобықтай түйінді айтқанда, Ақтөбедегі соңғы бір жылдағы ілкімді істерді қарап, Мемлекет басшысы тапсырған ауқымды шаруаның денінің басы қайырылғаны санайғақтан-ақ айқын көрінеді. Бұл ауқымды жұмыстардың барлығы өңірдің ендігі басшылығы келісімен жалғасар деген де үміт жоқ емес.     

Қанат Әуесбай, журналист.

 

5372 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы