• Тұлға
  • 05 Қазан, 2023

Қаламгер қуаты

Жанр ретінде детективті қазақ әдебиетіне енгізген қалам иесі – жазушы Кемел Тоқаев. Ал қазір неліктен қазақ тілінде детектив жанрында жазылған шығармалар көп емес? Оның негізгі себептері мынадай: 
1. Жанрдың барлық талаптарына сай нағыз детектив жанрында жазатын қазақ жазушыларының аздығы; 
2. Детектив жанрында жазатын автордың заң, құқық туралы білімі немесе белгілі бір дәрежеде түсінігі болуы қажеттігі және осыдан келіп жанрдың қиындықтары туындайтындығы; 
3. Детектив жанрында жазатын адамның фантазиясы ұшқыр, қиял әлемі бай болуға тиіс. Әрине, қиял әлемінің байлығы кез келген жазушының басты қаруы екені де түсінікті. Бірақ детектившінің қиялы өз ағысымен ағатын күнделікті тіршілікті суреттеумен бірге, қалыпты тіршіліккке қарсы әрекеттерді, өмір ағысын бұзатын оқиға желісін ойлап табатындай қабілетті қажетсінумен ерекшеленеді. Яғни қалыптан тысқары өмір детективті оқиғаға арқау болады. 

 

Сондықтан осы жанрды игеремін деген қалам иесі мына жайттарды қаперінде ұстағаны дұрыс көрінеді: а) адам психологиясы туралы мол түсінігі болуы және оның жанр табиғатынан туындайтындығын ұғынуы тиіс; ә) шытырман оқиғаның дұрыс шешімін тауып, ой қорыта алатын қабілетімен бірге автордың оны нанымды етіп жеткізетін қабілеті болуы тиіс; б) оқиға желісін суреттегенде оқырманын сендіре алатын тіл шеберлігі, тілдің байлығын игеруі, сөздік қорының толық болуы сияқты кез келген қалам иесіне тән шарттың орындалуы; в) жазушы эрудициясының жоғары (көп ізденуі) болуы т.б. 
Көркемдік шешімі табылған, көркем тілмен жазылған шығарма көркем мәтінге жатады. Әрине, бұл көркем мәтіннің толық ғылыми бағасы емес. Ал детектив жанрындағы шығарма неліктен көркем мәтін категориясына жатқызылады? Бұл мәселеге байланысты мынадай дәлелдер келтіруге болады: а) детектив жанрында жазылған шығармаларда да басқа көркем мәтіндер сияқты оқиға желісі болады. Жазушы К.Тоқаев шығармаларының қайсысы болмасын белгілі бір оқиға арқау болған, сюжеті бар тұтас, толыққанды аяқталған дүниелер; 2. Оқиға желісіне сәйкес коммуникативтік актіде сөйлеу (сөз) түрлері кездесетін шығармалар. К.Тоқаевтың барлық детектив шығармаларында көркем мәтінге сай сөйлеу түрлерінің бәрі де бар, оқиға желісіне қарай аз немесе жиі, кездесіп отырады; 3. Сөйлеу (сөз) түрлері оқиға, коммуникативтік сфераларға сәйкес болғанда, шығарма авторы ұтады. Сонымен қатар сөйлеу түрлері өзара тығыз байланысқа құрылуы тиіс. Яғни сөйлеу түрлері, түрлі диалогтар, баяндау, сипаттау, суреттеу, қосүнді сөздер болуы керек әрі олар үйлесіммен қолданылуы тиіс. Бұл шарт та жазушы шығармаларында орындалған. 
Аталған ерекшеліктер көркем мәтін атау­лыға тән болса, детектив жанрында жазылған шығармаларға да осы талап қойылады және детек­тивтерде осылардың бәрінің болуы, сақталуы шарт, сондықтан детективтер көркем мәтінге жатады. 
Мәтіннің жанрлық ерекшеліктерін ашуда мына категориялардың болуы талап етіледі: а) оқиғаға қатысушылардың (кейіпкерлердің) жеткіліктілігі, статустық рөлі бар (әр кейіпкердің мәртебесінің анық көрінуі) қатысушылардың (кейіпкерлердің) болуы және автор тарапынан олардың жағдаяттық-коммуникативтік характеристиканың жасалуы. К.Тоқаевтың «Көмескі із» әңгімесінде Сүлейменов (сәттік кейіпкер, оқиға желісін сабақтастыруға себепші), үлкен және кіші Малярлар (мәтіндегі сюжеттің тууына, өрістеуіне себепкерлер), тергеуші Родионов (жанр табиғатына сәйкес логикалық ойдың иесі, ойлаушы, «ой генераторы»), Толс-тов (бірнеше эпизодта сөзімен, әрекетімен оқиға болып жатқан кездің сипатын жеткізетін қосалқы кейіпкер) т.б. кейіпкерлердің әрқайсысы көркем шығармадағы өз табиғатына сәйкес сөйлейді, қызмет атқарады, әрекет жасайды); ә) қатысушыларға (кейіпкерлерге) байланыс түзуші тараптарға қойылатын шарттардың орындалуы (прессупозиция, ортақ мәмілесу шарттары, коммуникативтік орта). Бұл тұрғыдан да әр кейіпкердің автор тарапынан аузына салған сөзі, әр оқиға басталар алдында мәтін кодын ашуға, түсінуге көмекке келетін табиғат суреттері, бір ғана сөйлеммен оқиға өрбіту үшін жасаған алғышарттары (Карта табылды) (264-б.) немесе Полковник Ильинді тергеуші шыдамсыздана күтті (270-б.), Бір ғана аяқтың көмескі ізі бар (275-б.) прессупозициялар, жағдаяттар т.б. бар; б) байланысты яки қатысымды ұйымдастыру (мотив-уәж, мақсат, стратегия, оқиғаның дамуы, тараптар арасындағы байланысты (яғни тараптарды) бақылау, коммуникативтік құралдардың вариациялануы – шығарманың өнбойында кездесетін мәтінге тән категориялар. Жазушы оларды толық сақтаған; в) «байланысқа (қатысымға) түсудің тәсілдері болуы, олардың жеткіліктілігі» де талапқа сай орындалатын шарттар. 
Жанр ретіндегі детективті таңдаған жазушының шығарма аяқталғанда қол жеткізуге тиісті негізгі нәтижесі де, мақсаты да біреу, ол – қылмыс жасаған адамның, яғни қылмыскердің, болмаса қылмыстық топтың лайықты жазасын алуы және оны оқырманға толыққанды жеткізу. 
Детектив жанрында жазатын автор көркемдікпен қоса белгілі бір саланың терминологиясын игеруі қажет. Бұл детективтің жанр ретіндегі қиындығы. Детективтерде салалық терминдер, әсіресе, заң терминдері көбірек қолданылады және ондай сөздер нақты терминдік мәнінде жұмсалады. Олардың тура мағынасынан ауытқымауы, ауыспалы мағынада жұмсалмауы жанр талабынан туындайды. Мысалы, жазушы К.Тоқаевтың «Сарғабанда болған оқиға» атты шығармасында қылмыстылар, сарапшылар, сарапшылар қорытындысы т.б. сияқты сала терминдері осы тілдік заңға бағындырылған, яғни нақты терминдік мәнде жұмсалған: Талғат қылмыстылардың Көкмойнақтың басынан және кеудесінен екі рет пистолетпен атқанын, соңғы оқ жүрегіне тиіп өлгенін сарапшылардың қорытындысынан білген (74,31-б.). Сонымен қатар шығарманың өнбойынан арыз, арызынан бас тарту, айып, жаза, жаза тартқызу, жазаны жеңілдету, жәбір көрсету, гипс, таңбалау, қылмыскер, факті, тергеуші, азамат тергеуші, жауаптау, ақталу, түрме, кісі өлтіру, тіл хат, бұзақылық, логика, логиканың күші, қорғаушы, тергеу, тергеуші, долбар, дәлел, сыбайластар, домалақ арыз, қылмысты іздеу бөлімі,дәлелдеу, дәлелсіз сөз, экспертиза қорытындысы т.б. сияқты терминдер тура мағынасымен қолданыс тапқан. Терминдерге тән белгілердің негізгілері арнайы салаға тән болуы, белгілі бір салаға тән мәліметті жеткізуі, экспрессияның болмауы. 
К.Тоқаевтың детектив тақырыбындағы әңгімелерінің бірі «Көмескі із» деп аталады. Әңгіме деп аталғанмен, арқалап тұрған жүгі салмақты әңгіме 8 бөліктен тұрады. Сегізінші бөлік қорытынды есебінде, қысқа 1 сөйлемнен тұратын абзац түрінде берілген. Әңгімеде соғыс кезіндегі (1941–1945 жж екінші дүниежүзілік соғыс) жау барлаушыларының кеңес әскерлері тылындағы диверсиялық әрекетінен туындаған қылмыстың қалай ашылғаны суреттеледі. Әңгімедегі оқиға бірден барлаушылар коман­дирінің өлімі, аса құпия соғыс картасының командир планшетінен табылмауы сияқты ширыққан сәттен басталады. Аса маңызды құпия құжаттың жоғалуы соғыс кезінде аса ауыр қылмыс. Яғни қылмыс ашылып, қылмыскер жазалануы тиіс. 
Авторға осы жанрда қалам тербеуіне қиындық келтірген бірнеше фактор болғаны байқалады. Бұл жылдарда әскерилердің күнделікті қызмет барысында бір-біріне айтатын қаратпаларының да (әскерилердің тілдесуі) қазақшасы жоқ-ты. Бірақ автор сол кездің өзінде-ақ көркем шығармаларда, бәлкім күнделікті өмірде қалыптасқан жолдас капитан, жолдас майор сияқты тіркестерді пайдаланады. Өйткені соғыс жылдарына арналған көркем шығармалардың бәрінде де әскери қаратпалардың осы формасы қолданылған-ды. Жазушы К.Тоқаев та әскери тілдесу үлгілерінен қаратпалардың жартылай қазақша нұсқасын пайдаланған, мысалы:
– Тыңдап тұрмын, жолдас майор, – деді (диалогта) немесе: 
– Қазір, жолдас полковник! – деп тергеуші орнынан тұрып Родионовтың қолын алды деген төл сөздерде (74,271-б.), т.б. көп жерде ұшырасады. 
Ақиқатына келгенде, ол кездегі әскери терминологиядан олардың қазақы нұсқасын іздеудің өзі әбестік. Кеңес армиясында барлық бұйрықтар тек орыс тілінде беріліп, жауап та орыс тілінде болғандықтан, жалпы бұйрықтардың, әскери саптық бұйрықтар мен әскери шенділердің бір-бірімен тілдесуінің қазақша ресми нұсқасын көркем шығармадан іздеу де, оны көркем мәтінде қалыптастыру да оңай шаруа емес-ті. Қазақ тілінде жазылған көркем шығарма болғандықтан, әскери өмірмен, әскер тіршілігімен байланысты сөз түрлері әр автордың қолданысында әртүрлі, еркін түрде жазылған деуге болады. Кейінгі қазақ армиясына ұсынылып жүрген «Саптал! Сапқа тұр! Сап түзе! Бостан! Еркін тұр! Ретімен санал! Қарышта! Кең адымда! т.б.» сияқты бұйрықтар қарастырылып отырған шығармада жоқ. Өйткені шығарма қылмысты ашумен байланысты оқиғалар тізбегінен, тергеушінің ой толғанысын жеткізетін эпизодтардан тұрады. 
Детективтерде етістік шағының қолданысы маңызды саналады. Ғалымдар детектив авторларының екі немесе кейде үш жақта да жазатынын айтады. Әрине, олай жазу автордың интенциясына байланысты. Яғни автор дәл қазір, осы сәтте болып жатқан оқиғаны жазып отырып, қажет жерінде, керекті элементтердің мәнін ашу мақсатымен өткен оқиғаларды өткен шақпен баяндайды. Кейде алға озып, келер шақта жазады, кейіпкерлердің істеуі мүмкін әрекеттеріне қарай оқиғаның қалай өрістейтініне сөйтіп болжам жасайды. Бұл тәсіл етістіктердің шақтық мағыналары белгілі бір шығармада, әсіресе детективтерде, әртүрлі бола береді дегенді білдіреді және әртүрлі шақта жазудың қажеттіліктен туындайтынын көрсетеді. Сөйлем баяндауыштарының әртүрлі шақта болатыны детектив жанрының ерекшеліктеріне байланысты екені сезіліп тұрады және мәтіндегі оқиғалардың, жағдаяттардың басын шақтардың бірдей болуы түйістіріп, тоғыстырмайды дегенмен, шынында, түйістіретіні сезіледі. Етістік шақтарының әртүрлі болуы, керісінше, оқиғаның дұрыс жеткізілуін, автордың көздеген мақсатына жетуін қамтамасыз етеді, мысалы: Родионовты дәл қарсы алдындағы көрініс еліктіріп, еріксіз тартты. Алыс жолдан келген болу керек, үлкен жабық жүк машинасы күн ілгері әзірлеп, қазылған орға бар жүрісімен құлай кірді. Қиын-қыстау кезеңде тез шыға ма дегендей шофер машинаны кейін жылжытып еді. Дөңгелегі дымқыл топыраққа батып, машина орнынан қозғалмады. Осы жерде жайдары жазды өткізетіндей бүркеу торын құрып, үш-төрт адам әр бұрышына жабылып, қазық қаға бастады. Сол сәтте сықылықтап күлген әйел қораптың тапал есігін серпе ашып, машина үстінен секіріп түсті. 
– Қарай гөр, қалай секіреді! – деді көз алмай қарап тұрған тергеуші басын шайқады. Парашютпен түскендей, тізе бүгіп, жантая секіреді, тіпті қалықтап ұшып келе жатқандай. Мына түрімен екі-үш метр биіктен де сескенбей секірер? 
– Мүмкін! – деді Радионов өзіне-өзі. Қыздың әр бір қимылы еркін. Ол ерке жандай зілсіз, бос күліп, әркімге сүзіле қарайды. Көнетоздау жұпыны киімді ажарлы жүзін ашу үшін әдейі киген тәрізді (74,259-б.). Бұл сюжет қазіргі болып жатқан оқиғаның суреттелуін немесе қылмыскерді алғаш көрген кездегі тергеуші Радионовтың алған әсерін, байқағыштығын осы шақта баяндауға арналған. Сөйлем баяндауышы (етістік) осы шақта тұр. Ал осы сәтті, қыздың кәнігі парашютистердей секіруін еске түсіретін кезі бар. Оқиғаны нақтырақ түсіндіру үшін автор келесі бір жерде кейіпкердің сол бір сәтті есіне алуын былай бейнелейді: Фотоға айқын түсірілген ізден көз алмай қарап отырған майор кіші Малярдың денесін ашуға барар алдындағы көріністі есіне түсірді. Тұмсығы тіреліп, қорабы көтерілген биік машинаның тар есігінен секіру үшін көп дайындық пен дағды керек. Қыздан кейін секірген солдаттың өзі де табан тірей алмай жерге бір-екі аунап түсті. Мүмкін қыз физкультуралық техникумда оқыған болар. ...Ажарлы әдемі қыздың қабілетін біліп, жас тренер өз өнерін салып үйреткен шығар. Ал оның мінсіз секіруі ше? (74,267-б.). Осы үзіндідегі етістіктердің (баяндауыштардың) шақтары: түсірді (өткен шақ), аунап түсті (өткен шақ), оқыған болар (болжалдық мәнде), үйреткен шығар (болжал). Бұл үзіндіде шақтың екі түрі аралас және одан мәтін сюжетіне, көркемдігіне және әдеби нормаға кері әсері тиіп тұрған жоқ. Көркем мәтіннің композиттік деңгейі бойынша да, мәтін атаулыға тән интенцияға жету мақсатына да баяндауыштардың қолданысы кері әсерін тигізбеген. Ал автор көркем мәтін талаптарына сай, оның ішінде детективке тән ерекшелікті жақсы түсінген. Етістіктердің қолданысы шығарма жанрына сай оқиғаның өрбуіне, кейіпкерлер характеристикасының қалыптасуына қолайлы таңдалған. 
«Көмескі із» - әскери іс-қимылдарды суреттеуге емес, тергеу барысына, қылмысты істің ашылып, қылмыскердің жазалануын суреттеуге арналған шығарма. Сондықтан болар, мәтінде сұраулы сөйлемдер көп. Толғаныс, ойлау, күдіктену, елегізу, нақтылау әрекеттерінің бәрі дерлік сұраулы сөйлем формасымен жазылған, бірақ нақты қай мағынада тұрғаны мәтіндегі семантикамен ұштастырылған. Кез келген сөйлемнің нақты мағынасы (бұйрық, лепті) мәтінішілік семантикамен анықталады. 
Шығармадағы стилистикалық бояулы сөздерді екіге жіктеуге болады: функционалды және эмоционалды-экспрессивті. Тіл білімінде функционалды-стильдік бояуы бар сөздерді екі кішілеу топшаға жіктеу қалыптасқан. Оның бірі – кітаби (ескі кітаби мағынасында емес) және ауызекі сөйлеу тіліне тән сөздер. 
Әдеби сөйлеу тіліне жататын тілдік бірліктер, негізінен, төменгі стильдік реңктері басым элементтер болып келеді. Бұл топтан бөлек ауызекі тілге тән тұрмыстық сөздер бар. Сөздердің бұл тобы көркем шығармада күнделікті қарапайым қарым-қатынас кезінде ғана қолданылатын сөздерден құралады. Олардың қолданысы шығармада көп емес, ал төменгі деңгейлік элементтер шығармада жоқтың қасы. Сөйлеу деңгейін төмендететін бірліктер лексиканың сөйлеу тілі бөлігіне жатады. Бірер жерде, мысалы, жырбықтап күле береді дегенде кездеседі. Оны автор кейіпкердің негативті бейнесін толықтыру үшін бергені байқалады. Мұндай сөздерді тұрмыстық деңгейден бөлек, жоғары деңгейде, басқа сферада өрбитін қарым-қатынасты (тергеушінің ресми іс-әрекетін) суреттегенде қолдану қате болар еді және жанр ерекшелігін меңгерген жазушы мәдениеті ондай қолданыстарды орынсыз қолдануға мүмкіндік қалдырмаған. 
Эмоционалды-экспрессивті сөздер екіге бөлінеді, олар, негізінен, жоғары пафосты сөздер қатарында саналады да, жағымды және жағымсыз немесе пейоративті және негативті эмоциялы бағаны білдіреді. Мұндай сөздер шығармада, әрине, бар. Өйткені бағалау адамзат атаулыға тән. Бірақ аса пафосты сөздер жоқтың қасы. 
Қылмыстық оқиғаның кезеңдерін баян­даудан бұрын кейде табиғат құбылыс­тары суреттеледі. Суреттегенде жай сөйлем­дермен қысқа баға берілетін эпизодтар бар: «Ауа тынық. Жел жоқ» (74,258-б.). Оқыр­манды жайландырады, тыныштандырады. 
Экспрессиялы сөздер «Көмескі із» әңгімесінде табиғатты суреттегенде кездеседі, шығарма авторының танымы осындай сәттерде сезіліп тұрады: Айнала-төңірек тым-тырыс. Суық желден әлсіз бұтақтар тысырлап, сыбдыр қағады. Жұлдыздар көрінбейді. Көкте бұлыңғыр бозғылт тұман бар. Бір кезде жаңа туған айдың қиық ұшы көрініп еді, ол да қоюлана көңілсіз жылжыған ала бұл сыртына көміліп жоқ болды». Айдың қиық ұшы, бозғылт тұман, көңілсіз жылжыған ала бұлт – бейнелеуіш сөздер, қазақы таным көріністері. Немесе:
«Айнала төңірек тыныш. Төбеде болымсыз сәуле шашқан жұлдыздар жымыңдайды. Үресін қар жылы желмен опырылып еріп жатыр. Сылдырап, жылға-жығамен аққан су құбылып, үн шығарады. Тек сайран салған құс жоқ. Осы кең тоғайда тоқылдаққа да орын табылмағандай. Оның күйгелек даусы естілмейді. Құссыз тоғай іші де көңілсіз» (74,269-б.) – бейнелеуіштер арқылы берілген баға мен көңіл-күйді, эмоцияны жеткізіп тұрған сөйлемдер. 
Міне, лингвистикалық-поэтикалық қысқаша талдаудан соң мынадай түйін жасауға болады:
– мәтінде өте ұзаққа созылатын эпизодтық баяндаулар жоқ;
– мән-мағынасы мәтін семантикасымен анықталатын сұраулы сөйлемдер көп және олар жанр талабына сай қызмет атқарады; 
– риторикалық сұрауы бар сөйлемдердің қызметі ерекше және олардың сөз түрлерінің ішінде диалогтардағы, төл сөздердегі қолданысы жиі; 
– әңгіменің әр бөлігінің мәтін интенциясына сай, семантикалық әрі код ретіндегі қызметі бар және қызметтері белгілі бір сөздердің, сөз тіркесінің айналасына ұйыстырылған, мысалы, көмескі із, карта, орман ішін басқан қою көлеңке т.б., яғни тілдік бірліктердің қызметіне арқа сүйейді. Сол арқылы жазушы мәтін бөліктерін логикаға сай, реттілікпен байланыстырып отырған;
– детектив жанрының талабына сай терминдер қолданысы жиі әрі терминдер нақты терминдік мәнде жұмсалған. Бұл ерекшелік жазушының даралығының белгісі, өзі тұстас әріптестеріне қарағанда салалық терминдерді көркем шығармаға шебер кіріктіруге төселген жазушы екенін дәлелдейді. Жазба мәдениетте терминдерді көркем мәтінде сол күйінде қолдану жазба тілдің, әдеби норманың қалыптанғанын ғана емес, ұлт өкілі ретінде жазушының эрудиция­сы өскенін, пайымы кеңейгенін көрсетеді;
– жазушы К.Тоқаев шығармасында баян­дауыш­тардың (етістік шақтарының) қолданысы лингвистикалық-поэтикалық талапқа бағына бермейді, бірақ жанр талабына сай қолданыс тапқан.
Қорыта айтқанда, детективтер – аудитория­сы аса кең, оқырманы көп шығармалар, бүгінгі тілмен айтқанда, кассалық шығармалар. Жазушы Кемел Тоқаевтың «Көмескі із», «Сарғабанда болған оқиға» атты туындылары – оқырманын бастан-аяқ жазушының аналитикалық талдамаларымен қызықтырып ұстайтын қазақ тілінде жазылған алғашқы детективтер, жазушының логикасы мен интеллектісін көрсететін шығармалар. 

Бағдан Момынова,
 филология ғылымының 
докторы, профессор,
 А.Байтұрсынұлы ат. ТБИ, 
Грамматика бөлімінің меңгерушісі

2842 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы