• Тұлға
  • 19 Қазан, 2023

Тегіне тартып туған

«Өнегелі өмір жолы» атты тағылымы мол кітап еліміздің денсау­лық сақтау саласына елеулі үлес қосқан білікті басшы, талантты медик-ғалым, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері Тұрар Шәкіліковтің өмір жолындағы жарқын істері мен медицина ғылымына сіңірген еңбегін баяндауға арналыпты. 
Атырау өлкесінің ғана емес, тұтастай алғанда еліміздің тарихы бүкіл өмірі өзі қалаған мамандығына арналып, көптеген ұрпаққа үлгі болған осындай тұлғалармен даңқты екенін айтсақ, Тұрар Ескендірұлының еліміздің эпидемилогия саласына қосқан үлесі соншама, күні бүгінге дейін жас ғалымдар оның еңбегіне сілтеме жасайтындығы көп жайтты аңғартса керек.

 

Шәкіліковтер отбасының тарихы қазақ елінің тарихымен тығыз байланысты екені  осы кітапта айқын сезіледі. Бұл тарих жалғастығы.
Шын дегдарлық тектен келеді десек, Тұрар Ескендірұлы – жанның бекзадасы, әулетіне қыдыр қонған сырбаз. Қазақта «тегіне тартып туған» деген асыл сөз бекерге айтылмаған.  Арғы атасы Шәкіліктен бастап діліне мығым, дініне берік бекзат адамдар болған.
Ел-жұртына қайырымдылығымен танылған Шәкілік Әлмәмбетұлы ХІХ ғасырдың орта шенінде Есбол болысы №6 ауылдың старшинасы болып абыройлы қызмет етсе, оның ұлы Зұлқарнай Шәкілікұлы Беріш Есен руының старшинасы болып жүрген кезінде 1881 жылы Атырау аймағында атақты Есболдың Қызылүйі атты алғаш рет қазақ балаларына арналған орыс тілінде білім беретін бастауыш мектепті салдырып, ізгілікті із қалдырған еді. Бұл мектепті бітірген түлектер арасынан елімізге белгілі қайраткерлер шығыпты.
Ал Зұлқарнайдың ұлы Ескендір Шәкіліков есімі Атырау атырабына кеңінен танымал. 1907 жылы Ескендір сол атақты Қызылүй мектебін аяқтағаннан кейін 1913 жылы Гурьевтегі орыс-қазақ училищесін, одан кейін 1915 жылы педагогикалық курсты орыс тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын сол жылы Жұбанышкөл орыс-қазақ училищесінде бастайды. Кейін өндірістен қол үзбей жүріп, 1942 жылы Орал педагогикалық институтын бітіреді. Облыс мектептерінде жарты ғасырға жуық адал қызмет етіп, халық ағарту ісіне қомақты үлес қосты. Бүкіл саналы өмірін шәкірттерге білім беру ісіне арнаған ұлағатты ұстаздың жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие берудегі еңбегі жанып, оған Қазақ КСР-нің еңбегі сіңген мұғалімі атағы берілді, Кеңес одағының ең жоғары мемлекеттік наградасы–Ленин орденімен марапатталды. Сарайшық ауылындағы үлкен көшенің бірі ұстаз есімімен аталады. 
Шәкірттері оны адалдығы, биік адамгершілігі үшін жақсы көріп, үлгі тұтты. Ата-баба аманат еткен жолдан адаспай, өмірдің шынайы мәнін көрсетіп, ғұмыр кешудің жолын, жөн-жосығын жүйелеп, ұрпаққа ұлттық тәлім-тәрбие беріп, айтары бар, адалдықтың бұлағын лайламаған, Атырау ақсақалдарының бірегейі болды.
Бұл қасиет текті ұстаздың кейінгі ұрпақ­тарын айналып өтпеген. 
Айналасы үлгі тұтқан, еңбекқорлы­ғымен ел алдында абыройы артқан Тұрар Ескендірұлының сондай тегі асыл адам екені «Өнегелі өмір жолы» кітабының өне бойынан менмұндалап тұрады.
Тұрар жастайынан зерек болып өсіп, үлкен мақсаттармен ержетті. Алматы мемлекттік медицина институтын үздік бітіргеннен кейін өзі туып өскен қаласы – Гурьевке қайтып оралып, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық станцияда қатардағы дәрігер-эпидемиолог болып еңбек жолын бастады. Ғылыми жұмысқа бейімділігін байқаған Алматыдағы эпидемиологиялық ғылыми-зерттеу институты жұмысқа шақырып, аспирантураға түсуге жолдама алса да, қарт ата-анасының қамын ойлап, мұндай мүмкіндіктердің бәрінен бас тартады. Гурьевтегі бірден бір жалғыз эпидемиолог болуы оған үлкен міндет артты. Жас маман бар ынта-жігерімен жұмыс істеп, сырқаттарды емдеді. Сонымен бірге ғылыми ізденістерін де тәжірибе жүзінде жалғастыра білді. Еңбегі еш кетпей, 1974 жылы диссертациясын сәтті қорғап, медицина ғылымының кандидаты атанды. Бұл облыста медицина саласында қорғалған тұңғыш диссертация болатын.
Одан кейінгі жылдары іскерлік, ұйымдасты­рушылық қабілетімен танылған Тұрар Шәкіліков облыстың денсаулық саласын дамыту ісіне үлкен үлес қосты. Ол басқарған жылдары Гурьев облыстық санитарлық-эпидемиологиялық станциясы да, Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы да жаңа белестерден көрінді.  Ең бастысы – басқарма жұмысы бір жүйеге келді.
1997 жылы Қазақстан Республи­касының Денсаулық сақтау министрлігі тәжірибесі мол эпидемиолог-ғалымды Алматыдағы республикалық СПИД-пен күресорталығының бас директоры етіп тағайындап, зор сенім білдірді. Тектінің  асыл тұяғы толағай істі тосырқамады. Мүлдем жаңа да күрмеуі қиын істі жылдам икемге көндірді. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, өзінің іскерлігін, ірілігін таныта білді. Өз ісіне адал берілген оның алдында бұл күрделі жұмыс тез арада шешімін тапты.
2001 жылы мамырда Алматыда өткен ВИЧ-инфекциясының (адамның иммундық тапшылық қоздырғышы) алдын алуға байланыс­ты Орталық Азия республикалары конференциясында СПИД-пен күрес және оның алдын алу жөніндегі республикалық орталығының директоры ретінде Тұрар Ескендірұлы Шәкіліков бұл қатерлі аурудың елде таралуына байланысты болуы мүмкін эпидемиялық жағдай қалыптасқаны туралы хабардар етіп, бұл індетпен күреске үкімет пен үкіметтік емес ұйымдардың күшін біріктіру қажеттігі туралы дабыл қақты. Осы жағдайдың өзі елі үшін еңбек жолындағы абзал азаматтың шынайы жанашыр тұлғасын айқын танытады.
Тамаша дәрігер, денсаулық саласының шебер ұйымдастырушысы, әділ де талапкер басшы ғана емес, ағайын-туысқа қамқор, иманы берік, үлкен жүректі, қайырымды азамат болған абзал жан 2021 жылы сексен жасқа қараған шағында өмірден озды. Арада бір жыл өткеннен кейін Атырау облысының медицина саласына қосқан зор үлесі ескеріліп, танымал қайраткер, дәрігер-эпидемиологты мәңгі есте қалдыру мақсатында Тұрар Шәкіліков басқарған Атырау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ғимаратына ескерткіш тақта орнатылып, оның салтанатты ашылу рәсімі өтті.
 «Әке көрген оқ жонар» дегендей, Тұрардың артындағы ұрпақтары да әке атына дақ түсірген жоқ. Бүгінде өнегелі отбасынан өрген ұрпақтары тәуелсіз еліміздің тұғырын бекемдеу жолында абыройға бөленіп жүрген жаны жайсаң жандар. Ұлы Едіге республикадағы мұнай саласының ірі маманы болса, педагогика ғылымының докторы Әсел Тұрарқызы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры қызметін абыроймен атқарып келеді.
«Өлді деуге бола ма ойлаңдаршы, өлмей­тұғын артына сөз қалдырған» деп ұлы Абай айтқандай, халық құрметіне бөленген Тұрардай тұғырлы тұлғаның өнегелі өмір жолы, тағылымды тұлғасы, азаматтық болмысы туралы естеліктер жоғарыда аталған кітапта жинақталған. Елімізге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері Қ.Көшербаевтың, С.Түгелбаевтың, Е.Қиясовтың, көрнекті медик-ғалым, профессор Ж.Мұстафинаның есте­ліктері Тұрар Ескендірұлының ұйым­­дастырушылық, басшылық қыр­ларымен қатар адамгершілік қасиет­терін ашады. Замандастары мен әріп­тестерінің, іні-шәкірттерінің де жаз­балары – досқа, ағаға деген ізгі ниет, ілтипат, қимастықтан туған ойлар.
Кітаптың екінші, негізгі көлемді бөлімі Тұрар Ескендірұлының бұған дейін жүріп өткен жолын, қызмет барысын ой елегінен өткізіп, жұршылықтың шынайы ілтипатына бөленген мерейлі кезеңдерін, шынайылықты бойына сіңірген тұлға деңгейіне жеткен парасаттылығын жан-жақты ашып, ұл-қыз­дарының әкеге деген сағынышқа толы тебіреністі толғаныстарымен өрілген. 
Кітаптың тоқ етері – абыройдың, еңбекпен келген абыройдың ғана мәңгілік екендігін жас ұрпаққа аманат қылған.
Еңбектегі парасатты, әділ жолы, биік адамгершілігі ұрпағына мәңгі мирас болып қалған Тұрар  Ескендірұлы сияқты абзал жандардың халқы үшін адал қызмет жасап, мінсіз еңбек еткені өскелең ұрпаққа өнеге. 
Өнегелі өмірдің шежіресі іспетті мұндай маңызды кітап тарихшыларға, зерттеушілерге және осы өлкенің өткені мен мұрасына қызығатын адамға құнды дерек көздері бола алады.
Тұрар Ескендірұлы Шәкіліковтің елі үшін жасаған тынымсыз еңбегі осы кітап арқылы халықтың жүрегінде сақталып және келер ұрпаққа өсиет боп қалады.

Нұргүл Жанақова,
Абылай хан атындағы 
Қазақ халықаралық қатынастар
және әлем тілдері университетінің
қауымдастырылған профессоры     

1820 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы