• Тұлға
  • 19 Қазан, 2023

Жақсының аты...

Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бастап осы кезге дейін мемлекеттің заңнамаларын жетілдіруге қосқан өлшеусіз үлесі бар, мемле­кетіміздің алғашқы Конституциясынан бастап барлық маңызы бар заң құжаттарының қалыптасуында заң ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Қазақ­стан заңтану пат­риархтарының бірі – Сұлтан Сартаевтың еңбегі ерен.

«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» демекші, Сұлтан Сартай­ұлының жазған ғылыми еңбектері қазіргі буынға да, келер ұрпақ үшін де таптырмас рухани қазына, өшпес мұра болып қала бермек.  
Сұлтан Сартаев Қызылорда облы­сының Жаңақорған ауданында дүниеге келген. 1944 жылы жолдама бойынша Горький облысына жі­беріліп, ол металлургияда оқуы тиіс еді. Бірақ жас жігіт басқа жолды армандады. Заң факультетіне оқуға түсу үшін өзін астанаға жіберуді өтінді. Тек 1945 жылы емтихан тапсырғаннан кейін ғана зауыттан босатылып, 1949 жылы Алматы заң институтын заңгер мамандығы бойынша тәмамдайды. Осыдан кейін Мәскеу заң институтының аспирантурасына түседі. Оны 1952 жылы бітіріп, «Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының құрылуы мен дамуы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. 1970 жылы Сұлтан Сартайұлы «Социалистік мем­лекеттіліктің құрылысы және Қазақ­стандағы халықтық өкілдіктің жоғары органының мәселелері» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. 1992–2007 жылдары Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын басқарды. Белгілі ғалым өмір бойы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жұмыс істеді. Мемлекет және құқық теориясы және тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының құрметті профессоры, университет ардагерлер кеңесінің төрағасы болды. Ол заң факультетінде қазақ бөлімін ашуға бар күш-жігерін салды.
Сұлтан Сартайұлының Қазақстан мемлекеттілігін қалыптастыруға, егемендікті нығайтуға, тәуелсіздіктің ғылыми-теориялық негіздерін әзірлеуге қосқан үлесі баға жетпес. Ол Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық заңнамасын қалыптастыруға белсене қатысты. Оның академиялық білімі, ғылыми дәлелденген ұсыныстары еліміздің басты заңдарын – Қазақ ССР Мемлекеттік Егемендігі туралы декларацияны, «Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» ҚР Конституциялық заңын, 1993 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясын, 1995 жылғы Қазақ­стан Республикасының Конституциясын дайындауда қолданылған, сондай-ақ «Тіл туралы», «Азаматтық туралы» және басқалары бар. Сұлтан Сартаев Қазақстанда президенттік басқару нысанын құру, ҚР Президенті лауазымын құру идеясының негізін қалаушылардың бірі. 500-ден астам ғылыми еңбектің авторы.
Сұлтан Сартайұлы заң ғылымын әлемдік маңызы бар жұмыстармен байытқан көрнекті қазақстандық ғалымдардың қатарына жатады. Академик Сартаевтың ғылыми еңбектері біздің елімізде де, ТМД республикаларында да, алыс шетелдерде де кеңінен танымал.
«Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген дана­лық бар. 70 жылға жуық ғылыми-педогогикалық қызметі барысында қаншама шәкірт тәрбиелеп, сауатты да салмақты заңгер мамандарды қалыптастырды. Олардың дені бұл күнде ірі мемлекеттік тұл­ғалар, қоғам қайраткерлері, білікті заңгерлер. Бүгінде қара шаңырақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінің профессорлық-оқытушылық құра­мының әрқайсысы өзін Сұлтекеңнің шәкірті деп біледі. Соның бірі ретінде өзімді айтқым келеді. Осы жерде бір естелік айта кетсем артық болмас. 2008 жылы ҚазҰУ ректоры болып Б.Жұмағұлов тағайындалды. Ол өз қызметін университеттің барлық құрылымдарын аралап, танысумен бастаған болатын. Бір күні біздің де кафедрамызға келіп, оқытушылар құрамымен таныса бастады. Менің фамилиямды естіп, Сұлтекеңе жалт қарады да «туысыңыз емес пе?» деп күліп сұрады. Сонда Сұлтекеңнің «жоқ, туысқаным емес, егер балам болса, қуанышты болар еді» деп жауап бергені мәңгілік есімде қалды. Ол кісі мені өзіне өте жақын тартты. Өмірінің соңына дейін жұмыс істеді. Жұмысқа таңертең келіп, кешке дейін жүретін. «Әй, Спатай батыр» деп іздеп тұрушы еді. Кабинетіне барғанда әлі күнге дейін қазір шығып кетіп, қайтып келетіндей әсерде қаламын. Ол кабинет бүгінде өз атындағы мұражайға айналған. Өмірінің соңына дейін көбірек қасында жүруге тырыстым. Батасын алдым. Бірлесіп шығарған еңбектеріміз де баршылық. Бұл мен үшін ұмытылмас, өте жылы кезеңдер еді. 
Сұлтан Сартайұлының ерен еңбегі ескерусіз қалмайтынына сенімдімін. Абзал азамат қажырлы еңбегінің,  азаматтық, қайраткерлік қасиетінің арқасында халықтың шынайы құр­метіне ие болды. Ал оның өмір жолы  болашақ ұрпақ үшін үлгі, өнеге болатыны сөзсіз.

Спатай САРТАЕВ, 
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Жоғары оқу орнына 
дейінгі дайындық
кафедрасының меңгерушісі

2155 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы