• Тұлға
  • 19 Қазан, 2023

Жансүгіров жолы

Ілияс Жансүгіровтің 1920–1921 жылдары жас шағында жүріп өткен жолы мен тәлім алған ортасымен танысу мақсатында біз Ташкент қаласының бірқатар архивінде болып, құнды мұрағаттармен танысып қайттық. 
Жалпы айта кетейік, жас кезінде Ілиястың оқуға деген ынтасы ерекше болды. Алғаш сауатын өзінің әкесі Жансүгірден алады. Оны Ілияс былай деп еске алады: «Жансүгір – әкем тірі. Жылы – жылан. Биыл 71-де. Жарым көшпелі, жұқана шаруа. Қолында бір шаруа баласы бар. Өмір жүзіндегі сүйенгені сол. Намазды «дұрыс оқырлық» мұсылманшасы бар. Ескі пікірлі адам. Шүу дегенде әліпбиден әкем өзі оқытты. Иманшарт, Әптиектің ежік-сүресінде сүйретіп жүріп, Құранға түсірді. Менен басқа бала оқытқан кісі емес. Тек қыстың ұзақ түндерінде білтелі шамның жарығында бір шыбықты ала отырып, мені тізеге алушы еді. Оқудан мақсат – «бұ дүние үшін қолында қой-серкештің қаты болса, о дүние үшін аузында иманы болып, бес мезгіл намазы болса» – сол еді», – дейді. 

 Ілиястың оқуға аңсары ауады. Бірақ қайда бару керек? Ақыры Ташкент қаласы Ілиястың оқуға деген үмітін оятады. Ол жайтты Ілияс былай деп жалғайды: «1920 жылдың жазға салымында атаман Анненков жеңіліп, қашты. Кеңес өкіметі орнады. Мен оқуға талпындым. Алматыдағы қысқа мезгілді оқытушылар дайын­дайтын қазақ-қырғыз курсына келіп кірдім. Бұл уақытта Түркістанның оқу комиссариаты тарапынан ел әдебиетін жинауға айрықша бір комиссия келген. Осы комиссияға «Балдырған» атты кітабымды ұсындым. Комиссия кітабымды алып, мені әдебиет жинауға қызметке алды».
Осы тұста атап өтетін дерек, Ілияс «Жетісу өлкесін орыс алуы», «Ұзын ағаш соғысы», Жаркент оязында», «Әубәкір Сұлтанбекұлының естегісі», «Алдаберген Қайшыбекұлының естегісі», «Алдаберген Қайшыбекұлының естегісі», «Етекбайдың өлеңінен», «Сәтімбекұлы Иманбектің жырынан», «Қарашұлы Молдахметтің сөзінен», «1916 жыл деректері», «Ауылдан хат», «Бақтыбайға жазып берген Нұғман хаты», «Дәметкеннің зары», «Құсайын өлеңдерінен», «Салмақбайдың өлеңі», «Жетісудағы қазақ-қырғыздың көтерілісін басуға өкімет тарапынан қылынған қамдар», «Әр оязда мынадай әскер қойылды», «Менің есімдегі», «Лепсі оязында», «1916 жылғы оқиғада менің көргенім», «Қара бауыр», «Бұратарда», «Арман» және басқа да деректерді жинап, комиссияға өткізеді. (Қолжазба, араб харпінде. ҚР Орталық мемлекеттік архиві: Қор (ф.)Р-1368; Тізбе(о.): 1; Іс (д.): 51). Ол осы сапарға шығу үшін өкіметтен арнайы мандат алады. Яғни «Мандат о командировании в Лепсинский уезд для сбора казахского фольклора и организации школ в кочевых аулах» деген. Ол 1920 жылы 20 шілде күні қолына тиеді. Бұл деректі кейін Әбілхан Әбіласан жеке кітап ретінде арап жазуы-нан кириллге ауыстырып, алғысөзін жазып, 2001 жылы Алматы қаласынан жарыққа шығарады. Яғни Ілияс Ташкент қаласына барар алдында ел ішінен фольклорлық мұраларды жинақтап, игілікті іс атқарады.
Төмендегі архив құжаты Ілиястың Ташкентке сапары туралы айғақтайды: N4:Распоряжение председателя подкомиссии северного района особой научной комиссии Семиреченской области 7 октября 1920 г. При сем подкомисия просит выдать пропуск членам коммисии А. Джумагулову и И. Джансугурову на проезд от г.Верного до г. Ташкента по делам службы. Пред[седатель] подкомиссии [Арабаев] Секретарь ГААО. Ф.350. Оп.1. Д. 8. Л .445. Подлинник.
Ілиястың Ташкент қаласындағы өмірі осылай басталады. Оның алдына қойған мақсаты – оқу оқып, білім алу еді. Асқақ арманы көп ұзамай іске асады. Сөйтіп, ол Ташкент қазақ институты жанындағы 2 жылдық оқытушылар дайындайтын курсқа түседі. Оны бітіргендігі жөніндегі құжат төмендегідей: N5, Удостоверение о направлении в Капальский уезд для работы в школе. 25 мая 1921 г. Настоящим удостоверяется, что т. Джансугуров, окончивший одногодичные курсы при Киринпросе*, командируется с 25 мая [19]21 г. В распоряжение Капальского уездного отдела народного образования в качестве школьного работника. Заведующий школьным отделом. Секретарь ЦГАРК. Ф. 1368. Оп. 3.Д.64.Л.50. Подлинник.
Яғни, сол тұстағы Киринпрос, Киргиз оқу-ағарту институты деп аталған, бұл оқу орны Ташкент қаласында 1920 жылдың қазан айына дейін қазақ пен қырғыздарды мұғалімдік мамандыққа дайындаған. СНК КазАССР-дың жарлығымен 1926 жылы 2 маусым күні ол Қазақ педагогикалық институты болып ауысқан (қазір ол Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті). 
Келесі сөзінде Ілияс: «Мен жаздай ел ішінен комиссияға әдебиет жинау қызметінде болып, күзге комиссиямен бірге Ташкенге келдім. Ташкенде алғаш қазақ институты ұйымдастырылған жылы екен. Оның жанындағы 2 жылдық оқытушылар дайындайтын курсқа түстім. Қазақ ана тілін, орысша таңбаны сонда оқыдым. Қалалы жерде, қайнаған оқулы-ордалы жерде өмірімде болғаным сол. Театрды көргенім сол. Кейін өзіміз ойнадық. Жанақ ақын болып айтыстым. Бірақ жазумен айналыса алғаным жоқ. Аз күннен соң оқи жүріп, «Ақ жол» газетіне корректор болып кірдім. Мұратбайұлы Ғанидың ұйымдастырумен «Жас алаш» газетін шығардық. «Жалпы жас» деген өлеңім сол газеттің бірінші бетінде басылды. Жазға салым жастардың жиналысында Ғани көптің ортасына «жастар газетін шығару» деген ойды тастады. Жиылыс мұны мақұлдап, бұл жұмысты ұйымдастыруды Ғаниға тапсырды. Мен хатшылық міндетін мойныма алдым. Садуақас, Әлижан, Шамғали секілді азаматтар атсалыса бастады. Ғани жоқтан бар құрап, газеттің қағазын, ақшасын тапты. Соңынан екі бетті ғана қазақ жастарының тұңғыш газеті – кішкене «Жас алаш» газеті наурыз күні жарыққа шықты!» деп жазады.
Қазақстан мен Орта Азия жас­тарының жалынды ұйымдастырушысы, Ғани Мұратбаев та сол кезде Таш­кенттегі педучилище, кейіннен Халық Ағарту инс­титутында оқып жүріп газет шығарады, жалынды жастарды маңайына жинайды. Осы уақытта Ілияс Жансүгіров Ғанимен тығыз байланыста жұмыс істейді.
Осы тұста Ілиястың «Ақ жол» газетіндегі корректор қызметі туралы айта кеткен жөн. Бұл газет сол тұстағы «ХІХ ғасырдың басы қазақ баспасөзінің молайған мезгілі еді. «Сары-арқа», «Жас азамат», «Бірлік туы», «Ақ жол», «Тәжі», «Жас қайрат», «Ұшқын», «Кедей сөзі», «Бостандық туы», «Қазақ тілі», «Жаңа дауыс», «Кедей еркі», «Қызыл ту» газеттері, «Абай», «Шолпан», «Сана», «Таң» журналдары жарық көрді. Осылардың қай-қайсысы болсын, сол кездегі аумалы-төкпелі тарихи кезеңдегі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, әлеуметтік ахуалын, енді орныға бастаған Кеңес үкіметінің жайын, бізге беймәлім кейбір қырларын хабардар етеді.
«Ақ жол» жинағының 1-2 томына аталған газеттің №1 нөмірінен (07.12.1920 жыл) №38 нөміріне (22.03.1921 жыл) дейінгі саны топтас­ты­рылған. Бұл шақтағы оның жауапты шығарушылары (бүгінгі тілмен айтқанда «бас редакторлары») – Сұлтанбек Қожанұлы мен Қазмұқамбет Құлетұлы. Әрине, басылым аптасына 3 рет шығып тұрса, Сұлтанбек іссапар шыққанда Қазмұқамбет редакцияласа керек. Газеттің бас қаламгерлерінің бірі – Міржақып Дулатұлы. Ол бұл кезде де «Мадияр» ныспысымен өндіртіп жазыпты.
Сондай-ақ осы бастапқы «Ақ жол» газетінің нөмірінен Мағжан мен Бернияз өлеңдерін, І.Жансүгірұлы мен қырғыз зиялысы И.Арабайұлы мақалаларын, қазақ-қырғыз институтына, бастапқы ұлт оқу құралдарына, әуесқой театрлық қойылымдарға байланысты деректерді ұшырастырамыз. 
Қазір білім саласының тарихын зерт­теу­шілер ҚазПИ тарихын 1928 жыл­дан бастап жазып қателесіп жүр. Шындап келгенде ол 1926 жылы Ташкенттегі (Түркістандағы) «КазПедВуз»-дың құрылуынан басталады. 
Тек оқу, білім ғана емес, сол тұста Ілияс өзінің театр өнеріне деген ықыласын білдіріп отырды. Ол театр­да Жанақ ақынның ролін сомдайды. Ақын болсам деген ойын да ашық жазады. Ташкентте жүріп, ана тілі мен орыс таңбасын көріп, сол тұстағы шығып жатқан газет-журналдарды оқып, тұщынады, рухани ләззат алады. Орыс басылымдары арқылы көп болмаса да әлемдік дәрежедегі жаңалықтар мен өзгерістерді оқып, дүние танымы ұлғаяды. Ең алғаш Пушкин мен Лермонтов, Толстой, Некрасов, Диккенс пен Байронды, Гете мен Гейненің туындыларымен танысады. Қазақтың жастар басылымы «Жас алаш» газетін басып шығарады. Бұл жас ақынға үлкен серпін береді, тәжірибесін молайтады. Жалпы газеттің не екенін сол жерде айқын сезінеді. Кейіннен 1925 жылы «журналист боламын» деген ұшқын от сол жерде пайда болды десек, еш қателеспейміз. Белгілі болғандай, Ілияс 31 жасында оқу іздеп, Мәскеуге аттанады. Онда түскен оқу орны – Бүкілодақтық Коммунистік журналистер институы. Бұл оқу орнына түсуіне Ташкенттегі «Жас алаш» пен «Ақ жол» газетіндегі жұмыс тәжірибесі көп ой салғандығы анық. 
Ташкентте газет жұмысында жүр­ген­де Ілияс Жансүгіровті филология ғылымының докторы, профессор Әуелбек Қоңыратбаев жас кезінде көрген екен. Оны кейін былай деп еске алады: «... Сол жылы мен Ташкенттегі қазақ газетінде Ілияспен бірге қызмет істедім. Онда Ілияс 20-25 шамасындағы, мұрты жаңа тебіндей бастаған жас жігіт еді. Қазақы қыр киімді болатын. Басында үш құлақ тұмақ, сыртын ақпен тыстаған шолақ тон, аяғында жұлықтаған сәнді киіз етік, қолында қысқа мойын ақ домбырасы болушы еді. Домбырамен ән салатын. Сол күндерден бастап, Ілияс менің өз ағамдай болып кетті. Қазақ баласында мұндай кішіпейіл, ақылды, ақкөңіл адамды сирек көрдім. Ол кезде мен 15-те едім...» – дейді. 
Ташкент қаласында жарты жыл оқуда жүргенде Ілиястың қаламынан бірқатар өлең, мақалалар газет бетінде жарық көреді. Атап айтсақ, «Боранда», «Арыным», «Ортақшыл партияға», «Елге шыққанда...ов не айтады», «Бейсембек болыс», «Жас бұлбұлдарға», Жарлылар ұйымының жетісі», «Ақшам», «Ағынды менің – Ақсуым», «Жалпы жасқа», «Жетім», «Анам тілі», «Қазақы қорытынды», «Некешілдер», «Молданың мінәжаты», «Жастар ұраны» және тағы басқа да өлеңдері жазылса, «Жас алаш» газетінде «Жалпы жасқа» атты жыры бірінші бетінде жарияланады.
Бірақ ол Ташкентте ұзақ қала алмайды. Оған себеп – әлеуметтік жайт пен қоғамдағы болып жатқан төңкеріс пен әртүрлі саяси оқиғалар. Бұл туралы ол былай деп көрсетеді: «Жаз шығысымен оқымай және кеттім....Елге жұттан сақтауға шөп дайындататын агитаторы болып Жетісуға, тура өз ауылыма кеттім. (Ташкент қаласынан) «институт мұғалімі болып шықты» деген қағазды ала кеттім. Бұл – 1921 жыл. Жаз. Елге келдім. Жетісуда жарлы-жалшы ұйымдастырыла бастаған. Кедейлерге байлардан сауын-көлік алынып үлестірілді. Осы жұмысқа араласып кеттім. Әдебиет оқып, жазу деген жайына қалды. Бірақ анда-санда Алматыда шығатын «Кедей еркі» деген газетке тілшілік қылдым. Ұмытпасам, онда бір-екі өлеңім басылды. Сол «Тілшіде» күні бүгінге шейін жазып тұрам. Тәшкендегі «Жас қазақ», «Сана», «Шаншар» журналдарына материалдар жібере бастадым. Бұлардың басылғандары да, басылмағандары да болды.
Әлеумет қызметіне араласып кет­­кен­дігім, Жетісу облыстық атком мүшесі, ағарту бастығы, инс­титут бас­­қарушы, газет шыға­рушы, жазу мен қалам... Білім аздығы, надан­дығым басымдағы діңкеме тие берді. Оқуды қатты аңсай бердім. Аяғында 1925 жылы күзде тілегім бойын­ша Жетісудың партия ұйымы оқуға жіберді. Мәскеуге келіп, осы күнгі оқып жүрген Мемлекеттік Журналистер институына түстім.
Тәшкенде алты ай оқыдым. ГИЖ-де оқығалы 3-ші жыл. Барлық тізе бүгіп оқығанымды санағанда 38 ай оқыған болам...» – дейді.
Ілияс Ташкентте болған кезде, яғни 1921 жылы 19 тамызда жазған хаты бар. Ал хат алушының есімі белгісіз. Біздің тұспалымыз бойынша, бұл Ғани Мұрат­баев па екен?! Өйткені, Ілияс Ташкент қаласында оқуда жүргенде, «Жас алаш» газеті ашылады да, газеттің негізін қала­ған жастар ұйымының жетекшісі Ғани Мұ­ратбаев Ілиясқа өлең жазуды тапсырады. Ілияс «Жалпы жасқа» деген өлең жазып, оны газеттің алғашқы бетінде жария­лайды. Сол сәттен бастап, Ілияс пен Ғани­дың арасында байланыс күшейеді. Енді хаттың мәтініне көңіл қояйық: N8, Ілияс Жансүгіровтің хаты. 1921ж. 19 тамыз.
Мейірімді Ғ. Аға!*
Төменде хал-жайымды айтып, өтініш ұсынамын. Кейпіңізге келіспесе, кешірім өтінемін. Мен далалы жердегі дүниеден бейхабар жүрген, құмдағы еліңіздің баласымын. Маған қазақша қол қысқа болғандықтан, тіршілік ағыны ауырлығын салып, тұрмыс қысыңқы болып, тәртіпті – теуір жердің аты болмаса, иісін сезгем жоқ. Бірақ қазақ казитасы шыға бастап, Абай, Ахмед, Шаһ-Карим, Мағжан Һәм Сіздің түрлі кітапшаларыңыздағы өлеңдер мен сияқты үлгі көрмеген сынық көңіл бауырыңыздың жүрегін жылытып, еріксіз елжіретіп, иелерін тым сағындырушы еді.
Сондай хал-жайы бар бауырыңыз биыл көп жол азабын көріп, осы Ташкенге келіп еді. Мұнда жасымнан сағынған, көруге ынтық болған Сізді көріп, мәжілістес болып жүргеніме өзімді бақытты санаймын.
Менің 15-16-ыншы жылдарда жа­зылған «Балдырған» өлең кітапшам бар еді, һәм 18-інші жазылған бір сыпыра өлеңдерім бар еді. Бұларды анау әзірде Уәлиханға беріп едім және осы күнде «Қызыл жалау» деген аз ғана жырымды жазып сізге ұсынам. Өтінішім, мен сияқты талабы бар, тәртібі жоқ шала жүрген бауырыңыздың жазушылыққа бетін түзеп, осы жазғандарымның жарыққа шығуына себеп болуыңызды күтем. Кішілікпен Ініңіз Ілияс Жансүгіров...». Ал хат алушының есімі белгісіз. Бұл шын мәнінде Ғани Мұратбаев па, жоқ па, ол жағын нақты айта алмаймыз. Ал негізінде сол кезде Ілияс ақын Ғани­дан алты жас­тай үлкен болған. Ондай жағдайда хатқа «ініңіз» деп жазбаса керек. 
Хаттан түсінгеніміз, Ілияс өресі биік, мүмкіншілігі мол адамға хат жазып, өзінің ішкі толғанысын қағазға түсіреді. Әрине, арман-мақсаты кейін жүзеге асады. Талабы – жазушы болу еді. Расында, кейін қазақ еліне белгілі қаламгер болды. Осының бәрі де Ташкент қаласында ең алғаш көрген тәлім-тәрбиесі, өнегесі, тәжірибесі арқылы жүзеге асқаны анық. Жарықтық Абай айтпақшы: «Адамзатқа не керек? Сүймек, сезбек, кейімек, ақылмен ойлап, сөйлемек»... болса, осы дәрежедегі биікке жеткізген Ілиястың оқу, білім мен талабы, арманы келешегіне жол салып берді. Ілияс Жансүгіров осылай Ташкент қазақ институты жанындағы 2 жылдық оқытушылар дайындайтын курсын бітірді. 
Ал 1917 жылдан жұмыс істеген Қазақ педагогикалық училищесінің негізінде 1920 жылы 1-қазанда Ташкент қаласында қазақтың тұңғыш жоғары оқу орны – Қазақ Халық Ағарту институты ашылады. Аталған инс­титуттың ашылу мақсаты – қазақ хал­қының мәдени-ағарту мұқ­таж­дығына қызмет ету, мектепке дейінгі тәрбие қызметкерлерін даярлау, мектеп және мектептен тыс білім беру, инс­титутпен тығыз байланыса отырып, жергілікті орындарда мәдени шараларды ұйымдастыру. Институт ағарту қызметкерлерін даярлау үшін алдымен, бір жылдық мектепке дейінгі тәрбие курсын, бір жылдық емле курсын, семинария бітірген мұғалімдерге арналған нұсқаушылар курсын, мектептен тыс білім беру курсын, бірінші баспалы мектептер үшін мұғалімдер даярлайтын курстарын ашады. Ілияс Жансүгіров осы курста оқып, мұғалім деген анықтама қолына алады.
Ташкенттегі Қазақ Халық Ағарту инс-титуты ұлттың бас көтерер азаматтары тоғысқан білім ордасына айна­лады. Бұл оқу орнында Жүсіпбек Аймауытұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Темірбек Жүргенов, Хайретдин Болғанбаев, Мыржақып Дулатов, Санжар Асфендияров өз іздерін салғаны анық.
Негізі Қазақ педагогикалық кур­­сы 1919 жылы 1 маусымда же­ке педаго­ги­калық учили­ще бо­лып бөлінеді де, ал 1920 жы­лы Қа­­зақ Оқу-ағарту комиссариа­ты ал­қасының шешімімен Қа­зақ халық ағарту институты болып қай­та құрылады. Училищеге тие­сілі материалдық-техникалық ба­­за түгелдей институтқа өте­ді. Ілияс Жансүгіров оқыған тұста институттың 1920–1921 оқу жы­лына байланысты даярлаған есебінде оқу орнының бірінші сатылы мектептерге мұғалімдер даяр­лау ісіне басымдылық беріп отыр­ғандығы, қазақ тілінде оқу­лықтардың жоқ болуына, сон­дай-ақ педагог кадрлардың тап­шылығына байланысты екі сатылы мектеп бағдарламасын ұстануға мәжбүр болып отырғандығы жө­нінде айтылады.
Осыған орай 1922 жылдың 1 нау-рызына тиесілі оқытушылар тізімінен Абланов Сыдық (ана тілі), Байтурин Алажан (тарих), Байтурин Әділбек (мате­матика), Байтасов Абдолла (қа­зақ тілі), Досмұхамедов Ха­лел (гигиена), Колесникова Сера­фима Васильевна (орыс тілі), Ты­нышбаев Мұхамеджан (тарих), Жұмабаев Мағжан (педаго­гика), Ғалымжанов Файзулла (таби­ғаттану) және басқа оқы­тушылардың аты-жөнін кез­дестіруге болады.1923–1924 оқу жылында Қазақ ағарту институтында 259 адам білім алды. Осы жұмыстардан кейін, Қазақ үкіметі 1925 жылы РСФСР Халық ағарту комиссариа­ты алдында Қазақстанда жоғары оқу орнын ашу туралы мәселе қоя­ды да, оның келісімін алған соң, Қазақ КСР Халық комиссарлар кеңесі 1926 жылдың 15 тамызынан бастап, Ташкент қаласында «Қазақ Жоғары Педагогикалық институты» деген атпен қазақ жоғары оқу орнын ашу туралы шешім қабылдайды. Алматыда осы тұста 1924 жылы Ілияс Жансүгіров Казинпросқа директор болып тағайындалады. Ол турасында архивте бұйрық та сақтаулы. 
«Из Приказа Джетысуской областной инспекции Наркомпроса». 20 февраля 1924 г. Пункт 2. На основании постановления Малого президиума облисполкома от 19 февраля за № 15 пункт 2 на должность директора Киринпроса назначется школьный работник Джансугуров».
Орталық мемлекеттік архивтің деректер қорында: «Алматы қаласындағы Қырғыз педагогикалық курстың негізінде 1921 жылы құрылған Қырғыз педагогикалық училищесі 1922 жылы 14 желтоқсанда Қырғыз ағарту институты болып қайта құрылды. Кейіннен ҚазПИ-дің құрамына кірді» деген мәлімет бар. Осы мәліметтерге қарағанда, ҚазПИ-дің алғашқы директорларының бірі де Ілияс Жансүгіров болса керек.
Ал Ташкент қаласында ұйымдас­тырылған алғашқы жоғары оқу орнының ашылу салтанаты 1926 жылы 29 қазанда өтеді. Осы шара­ға байланысты сол кез­де­гі республика астанасы Қы­зыл­ор­дадан арнайы барған Оқу-ағар­ту комиссары, Смағұл Сәдуақасұлы өз сөзінде: «Әри­не, бізге әртүрлі мамандық ие­лері қажет. Біз агрономдарға да, дәрігерлерге де, инженерлерге де және басқа қызметкерлерге мұқ­тажбыз. Дегенмен қазіргі уақытта қазақ еңбекшілері бірінші кезекте­ педа­гог­тарға мұқтаж» деген тұжырымы арқы­лы педагогикалық бағытта оқу орны ашылады.
Алғашқы ұлттық жоғары оқу­ орнына жүктелген осы мін­дет­ке байланысты оның негі­зін­ қалаушылардың бірі Халел Досмұ­хамедұлы мынадай ой білдіреді: «Қазақ тілінде бұған дейін Ахмет­ Байтұрсынұлының «Тіл құралынан» басқа ешбір ғылым жайында жазылған кітап жоқтың қасы болса, үлгі болмаған соң, ­ғылым кітабын жазу өте қиын болды». Айтылған сөзін іс жүзі­не асыра отырып, Халел Досмұхамедұлы содан кейін «Та­биғаттану», «Жануарлар» секілді еңбектерін жазды.
Ал Алматы қаласында универ­ситет мәртебесін алған оқу орны­ның ашылу салтанаты 1928 жы­лы 1 қазанда өтеді де, онда сөз сөйлеуге Ахмет Бай­тұрсынұлы шақырылады. Ғалым өз сөзінде білім мен ғылымның қазақ сияқты ел­дің тағдырында алатын орнына тоқталады, яғни ұлтты тәуелділіктен құтқаратын, оны басқа елдермен тең ете ала­тын жалғыз жол мәдениет, білім мен ғылым екендігін атап көрсетеді.
Тарихшы ғалым Мәмбет Қойгел­диев­тің айтуынша, 1928 жылы 10 қазанда Санжар Жағыпар­ұлы Асфендияровтың ҚазМУ-дың ректоры қызметін атқаруға ресми түрде кіріскендігі туралы бұйрық және педагогика факультетінің бірінші курсына қабылданған студенттердің алғашқы тобының тізімі жариялана­ды. Осылай қазақ топырағында ашыл­ған алғашқы жоғары оқу ор­ны өзінің бірінші оқу жылында 119 студент және оларға дәріс бе­ретін 9 оқытушы-профессорлар құ­рамында өз жұмысын бастап кет­кен еді.
1930 жылы университет құ­ра­мында ашылуға тиіс болып бел­гіленген ауылша­руашылық және дәрігерлік факультеттері өз алдына бөлек жоғары оқу орны ретінде қалыптасуына бай­ланысты университеттің аты өзгертіліп, Қазақ мемлекеттік пе­­да­гогикалық инс-титуты деп аталынады. Ал 1935 жылы институтқа ұлы ойшыл, ақын Абай Құнан­байұлының есімі берілді. Демек, бұл оқу орнының алғашқы басшыларының бірі Ілияс Жансүгіров екенін айта кеткеніміз жөн. Сонымен қатар Ташкентте болған екі жылдың ішінде қарымды қаламгер Ілиястың қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқанын атап өткеніміз абзал.

М.М.Иманғазинов,
Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу
университеті білім беру бағдарламасының профессоры, 
филология ғылымының 
докторы

Е. О.Буланов, 
Ілияс Жансүгіров атындағы 
Жетісууниверситеті білім беру бағдарламасының оқытушы дәріскері, 
тарих ғылымының кандидаты

3450 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы