• Тұлға
  • 26 Қазан, 2023

Білімнің биігі

Төлеген Тәжібаев туралы Абайдың психологиялық көзқарасына қатысты еңбек жазуы бойынша студент кезімде естідім. Кейінде, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқытушылық жұмысқа келгенімде университет тарихында ректор болған тұлғалардың бірі екенін білдім. 
Академик Төлеген Тәжібаевтың отандық психология ғылымының да­муын­дағы зор еңбегі; Абай шығарма­шылығындағы психологиялық негіздерді түптамырдан тартып пән тілімен саралаған абайтанушы болғандығы; қилы кезеңдердегі қиын өмір жолы, азаматтық, тұлғалық болмысы; шәкірт баулу өнегесі тұтасқан, рухани құндылық-игіліктерді сақтау, қорғау, дамыту, байыту дәстүрінде мазмұн ашқан, әдебиеттанушы ғалым Алмасбек Мауленовтың құрастыруымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдығы қарсаңында арнайы шығарылған «Ұстаз бен шәкірт» (2023) жинағы «Білімнің биігі», «Білімнің бренді» аталған, халықаралық деңгейде үздік университеттер қатарында тұрған, дәстүрі бай, даңқы зор әл-Фараби университетінің отандық жоғары мектеп жүйесін әлемдік стандарттарда қалыптаудың озық өнегесі орныққан айтулы мәртебесі; дәстүр жалғаған жалпыадамзаттық игілік іргетасы мәніндегі қайталанбас тұғыры туралы да айтады.

Кітапта Төлеген Тәжібаевтың шәкірті, университеттің қадірменді тұлғасы, педагогика ғылымының кандидаты, профессор Жолмұхан Түрікпенұлының ғылымдағы ғұмыры, ұстаз еңбегін қастерлеу ұстанымы қазақ білімінің қара шаңырағы – ҚазҰУ-дің жоғары білім жүйесін дамыту мен орнық­тырудағы, ұлт руханиятындағы, отан­дық ғылым іргетасы мәртебесіндегі тарихи орнына дес бере баяндалған. 
Расында да, ұлттық университеттің қазақ руханиятындағы шаңырағы биік, шуағы сәулелі. Әйгілі тұлғалардың жан аямай еңбек жасаған; ұстаз болу, шәкірт баулу өнегесі тұтас жұртына жайылған ҚазҰУ ғой бұл. 
Ұлттық университетте еңбек еткен жылдарым, әрбір таңда тойға баратындай қуанып келетінім, шапағатын көрген ұстаз ағаларым, ҚазҰУ-лік қарым-қатынас әдебін ұстанудан бір танбайтын әріптес-дос, жақын жандарым, өзім де көп дүние үйренген ақылды, парасатты, ақжүрек студенттерім, осы шаңырақта маман болып, адам болып қалыптасқан бақытым – ғұмыр бойы жанымды қуантатын игілік мерекесі. ҚазҰУ өзіне қарай қадам басқан әрбір қазақ баласын түлетеді, жүдетпейді. Тұлға етіп шығарады. Бұл жөнінде айтудан, жазудан жалықпас едім... ҚазҰУ табалдырығын бір аттаған адамның ұдайғы таусылмайтын сағынышы... мерейі... мәртебесі... мақтаны... Қолыма жақында тиген «Ұстаз бен шәкірт» жинағы мені әуелі осы мәнде толқытты.
Жинақ кейіпкерлерінің – академик Төлеген Тәжібаевтың, академик Өмірбек Жолдасбековтің, профессор Жолмұхан Түрікпенұлының; ол адамдарға ілтипат білдірген академик Зейнолла Қабдоловтың, профессор Жанғара Дәдебаевтың, профессор Қансейіт Әбдезұлының, профессор Алмасбек Мауленовтың әр сәт, әр сөзі ҚазҰУ-мен тұтасқан. 
«Ұстаздық еткен жалықпас», «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» атты екі бөлімді жинақ жеке тағдырлар, заман, уақыт мінезі, кісілік пен кішілік өзегінде сөйлегенде негізгі фонда ұдайы ҚазҰУ, сол ҚазҰУ-дің осыдан 40 жыл бұрын Өмірбек Арсланұлы Жолдасбеков салғызған Бас ғимараты, биік, сұлу; құт мекеннің үлкен шаңырағы тұрды.
Ұстазы, академик Төлеген Тәжібаев туралы шәкірті, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің профессоры, психология ғылымының кандидаты Жолмұхан Түрікпенұлының «Академик Төлеген Тәжібаев мәңгі есімде» атты үзік сыры да ҚазҰУ-ден басталады.
Осы жинақты қолға алғанымша академик Төлеген Тәжібаев туралы мардымды ештеңе білмегендіктен, кітапты оқыр-оқымаста екі мәрте алдымнан шыққан қиын тағдыр туралы бұл не болды екен деп ойладым. 
Ұстаздың ғылыми мұрасын жинап, сақтау, рухани айналымда ұстау өзектілігінде зор еңбек жасаған Жолмұхан Түрікпенұлы ұстазы бастан өткерген ауыртпалықтар; Төлеген Тәжібаевтың ғылыми-шығармашылық ғұмырбаяны, мемлекет және қоғам қайраткері мәніндегі азамат­тық тұлғасы тұрғысында маңызды дерек­намалық, танымдық еңбектер жазды. 
Сол еңбектерде Төлеген Тәжібаев бастан кешкен қилы тағдыр, талай сыр; азаматтық айрықшалық, артықшылықтар мазмұн түзді.
Төлеген Тәжібаев педагогика мен психология сынды күрделі жантанымдық бағытта құны түспейтін түбегейлі зерттеулер жүргізіп, елеулі ғылыми нәтижелерге қол жеткізген.
Ұстазының отандық ғылымға қосқан үлесі туралы Жолмұхан Түрік­пенұлы қадау-қадау, бүгінгі ғылым мен білім үшін де аса қажет, құны түспейтін тоқтамдарында айтады. 
«Атақты психолог Л.С. Выготский: «Ең бірінші ана тілін білу керек. Сол арқылы басқа да шет тілдерін игерген ләзім. Егер де баланы әуелі өз ана тілінен емес, басқа жат тілдердің бірінде оқытатын болсақ, онда ұрпақ мәңгүрт болып қалады» дегенін Тәжібаев түбегейлі қолдады» (аталған жинақ, 14-бет).
Төлеген Тәжібаевтың Қазақ мемлекеттік университетінде ректор болған тұстағы еңбегіне ұлттық кадр даярлаудағы батыл шешімдеріне ден қойылады.
«Тәжібаев қолына алған қай іске де батыл кірісетін. Ол ректорлық қызметке тағайындалғанға дейін университетте ұлттық мамандар санының басқалармен салыстырғандағы үлесі айтуға да тұрмайтын. Сондай-ақ қазақ студенттерінің саны да мүлдем аз еді. Өзі басқарған бес жыл ішінде ұлттық мамандар санын өзгелермен теңестіріп, қазақ студенттерінің санын жоғары көтерді» (аталған жинақ, 20-бет). 
Бұл «Ұстаз бен шәкірт» жинағының көлемі шағын болғанымен, қамтып баяндаған тарихы; тұлғалар тағдырын; ҚазҰУ өнегесі, ҚазҰУ дәстүрін дәріптеген мазмұны бай. 
Айтулы журналист Көлбай Адыр­бекұлының 1934 жылы 15-қаң­тарда ашылған қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 70 жылдығы тұсында «Түркістан» газетінде (№6. 5 ақпан, 2004 жыл) жариялаған материалдары да осы жинақ мазмұнын аша түсті.
70 жыл аралығындағы университет ректорларының еңбегіне ілтипат білдіре отырып, Көлбай Адырбекұлы Т.Тәжібаев пен Ө.Жолдасбековке жеке сөз арнайды.
«Бұл қос алып оқу ордасының материалдық-техникалық жағдайын жақсартуда жоқтан бар жасады. Ұлттық мамандар даярлаудағы атқарған жанкешті істері де ұшан-теңіз. Олар өз кездерінде университетті жоғары оқу орны дәрежесіне дейін көтеріп қойған жоқ, үлкен ғылыми-мәдени орталыққа да айналдырды» (аталған жинақ, 117-бет).
«Қос алып» атты көлемді толғам­ның бірінші бөлімі академик Төлеген Тәжібаев туралы. Профессор Жол­мұхан Түрікпенұлы ағынан жарылып көпшілік біле бермеген уақыт сыны, тұлға бойын­дағы дара сипаттар туралы сөйлейді.
Әңгіме «Түркістан» газетінде (№7 12 ақпан, 2004 жыл) әрі қарай «Академик Өмірбек Жолдасбеков» тақырыбында өрбиді.
Өмірбек Жолдасбековтің замандас, әріптестері, шәкірттері арасынан профессор Әбілфайыз Ыдырысовтың, академик Көпжасар Нәрібаевтың, профессор Кәкен Қамзиннің естеліктері беріледі.
Кейінде өзі де ҚазҰУ ректоры болған академик Көпжасар Нәрібаев 1968 жылы Қазақ мемлекеттік университетінде жоғары оқу орындары басшыларының жиынында Өмірбек Жолдасбековті алғаш көріп, «Оқу тәсілдерін жетілдірудің логикалық құрылымы» атты баяндамасы аса әсер туғызғанын еске алады.
Қазіргі ҚазҰУ қала­шығының салыну тарихынан да естелікте елеулі деректер айтылған. Өмірбек Арсланұлының университеттің заманға сай озық үрдістерде дамуына қосқан өлшеусіз еңбегі күні бүгінгідей көз алдыңнан өтіп жатады. Айтулы тұлғаның адамшылық қалпы, іскерлік алымы, «түнде ұйқтап, күндіз күлмеген» жауапкершілік жанкештілігі, маңдай тері – барлығы күн сайын жасанатын, мәңгі жас ҚазҰУ, студенттер қаласында сәулеленіп тұр.
Профессор Әбілфайыз Ыдырысов көп жыл бұрын университет ректоры Төлеген Тәжібаев мектепті үздік бітіргендерді Кеңес одағының орталық қалаларына бағыттап, өзіне де бір рет ұсыныс айтқанын, бірақ журналист-жазушы болу арманын, ҚазҰУ-ден басқа оқу орнына барғысы келмейтінін айтып қалып қойғанын, сол тұста Төлеген Тәжібаев ұсынысын бұйра шашты, жанары отты өзі құралпы жігіттің құп алып, Мәскеуге, Ломоносов атындағы университетке оқуға кеткенін еске алады. Сол жас жігіт 1970 жылы университетке ректор болып оралған Өмірбек Жолдасбеков еді. Әбекең ректордың толып жатқан игілік істерін еске алып, 1976 жылы жаңа пәтер алғалы тұрғанында көлденең сылтаумен кідіртіп отырған жауапты орындаушыларға қатты ренжіп, үш бөлмелі пәтерін алып бергенін ризашылықпен баяндауында сол бір кеңжүрек ұлт азаматының тұлабой тұнып тұрған адамшылық сапасына марқаяды.
Кәкен Қамзин Өмірбек Жолдасбеков туралы бір келеңсіз оқиғада ректордың студенттерді жақтап, мәселені оң шешіп берген әкелік қамқорлығына қатысты шәкірттік ризашылығымен сыр ақтарады.
Жинақтың 2-бөлімі тұлғалық болмысы іргелі елдік дәстүрлерде, ағалар өнегесінде қалыптасқан ғалым, ұстаз Жолмұхан Түрікпенұлы туралы баяндайды.
Алмасбек Мауленовтің «Өмір белестері» атты ғұмырбаяндық очеркінде Жолмұхан Түрікпенұлының Төлеген Тәжібаев сынды елтұтқа азаматтың ғылыми шығармашылық мұрасын жинау, сақтау, зерттеу, ғылыми айналымда ұстау өзектілігінде шәкірттік, мамандық парызында атқарып отырған зор еңбегі; отандық педагогикалық психология ғылымының даму бағыттарындағы айтулы орны, дара адамшылық қасиеттері мазмұн түзген. 
Жинақта тарихи құжат, фотосуреттер берілген, әсерлі естеліктер айтылған. 
PS. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ осы заманғы қазақ тарихында жасаған қадау-қадау елтұтқа тұлғалардың; келешек буынның қашанғы құтханасы; құндылықтар қорғаны; ғылым мен білімнің еңсесі биік ордасы. 
«Ұстаз бен шәкірт» кітабы осы туралы айтады.

Қанипаш МӘДІБАЕВА,
Филология ғылымының 
докторы, профессор.
М.О. Әуезов атындағы
ӘӨИ бас ғылыми қызметкері

2534 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы