• Тұлға
  • 26 Қазан, 2023

Қамқор көңіл Көпен аға

Жоғары оқу орнын 1999 жылы тәмамдап, одан 2002 жылы магистратураны бітірген соң, ғылымға қарай бет бұрған беталысымнан айнып, арман қуып Алматыға тартып кеттім. Журналистиканың қайнаған қазанына түскім келді. 
Алдымен республикалық газеттерді жағаладым. Бірден жолым болған жоқ. Есімі ешкімге таныс емес, жазуды енді бастаған журналисті кім жұмысқа бірден ала қойсын.Бір күні журналист Нәзира Байырбек хабарласып, (Нәзира ол кезде «Жас Алаштың» тілшісі болатын) «Көпен Әмірбек аға «Ара» журналын қайта шығарғалы жатыр. Соған сатираға ебі бар журналист керек екен. Сен әзіл-сықақты жақсы жазасың ғой, барып көрсеңші» – деді. 

 

Мектеп қабырғасында, университетте оқып жүрген кездерде жазған, газет-журналдарға шыққан сықақтарымды жинап Жазушылар Одағына жетіп келдім. Көпен аға ол кезде «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет етіп жүрді ғой деймін. Әйтеуір Одақтың бір кабинетінде отыратын. 
Кабинетке имене басып кірдім. «Ара» журналына жұмысқа тұруға ниетті екенімді білдірдім. Сол, өзім теледидардан көріп жүрген, көзі көкшиген, шегір көз Көпен Әмірбекті тірідей алғаш көріп тұрмын. 
Сәлемімді алды да: 
– Сатира жаза аласың ба? – деді салған жерден. 
– Аздап шимайлайтыным бар еді, – дедім сенімсіздеу. 
– Аздап деген болмайды, жазған соң сойып салу керек. 
Үнсіздік. «Сойып сала алмай қалсам ше...» деген күмәнді ой жылт ете қалды. 
– Жарайды, саған тапсырма беремін. Қалаған тақырыбыңда әзіл-сықақ, сосын қалайда нақты фактіге құрылған бір фельетон жазып кел, көрейін, –  деді. 
Үйге келіп, терлеп-тепшіп бірнеше бірқақпайлар жазып шықтым. Ертесіне жазғандарымды оқып шығып: 
– Ойбай-ау, тұнып тұрған сатирик екенсің ғой, – деді.
Сатира жанрын университетте оқыған­быз. Теориясын жақсы білемін. Бірақ біраз тер төксем де фельетоным ойдағыдай шықпады. Ағам жылдам оқып шықты да:
– Әлі фельетон деуге толық келмейді. Бірақ жазуға қабілетің бар екен. Жұмысқа аламын, – деді. 
Әлі тәжірибесі жоқ журналистпін ғой. Он төрт мың теңге жалақы алатын болдым. Соның өзіне мәзбін. 2002 жылы ол кәдімгідей ақша болатын. 
Жұмысқа тұрғаныма бір апта өтпеген. Көпен ағаның «мазақтап, тиісіп, формаға салып жаз» дегенін миымда қайта-қайта жаңғыртып, басымды ауырта ойланып бір сықақ әңгіме жазып шықтым. Көпен ағаға ұнайтын дүние жазғаныма бек сенімді боп, жұмысқа келе сала «аға, жаңа әңгімемді оқып көріңізші» дедім. Жылдам көз жүгіртіп шыққан ағам:
– Міне, нағыз сықақ әңгіме осылай болуы керек. Мынауың маған қатты ұнап тұр. Мұны сахнаға монолог етіп шығарса қатып кетер еді, – деді. 
Мұны естіп қуанышымда шек болмады. Сәлден соң Көпен аға:
– Үміт, сенің жалақыңды көтеремін. Ас­та­надағы тілшіге 20 мың теңге жалақы қойған едім, енді екеуіңнің жалақыңның орнын ауыстырамын. Ол жай ғана ақпарат беріп отырады, ал сенің жұмысың онікіне қара­ғанда көбірек, әрі жалақың өссе сықақ­ты да өкіртіп тұрып жазатын боларсың, – деді. 
Мына қолпаштаудан төбем көкке аз-ақ жетпей қалды. Осылайша ойламаған жерден әйгілі сатириктің шәкірті боп шыға келдім. Басында ол кісінің тым қарапайымдылығына таң қалатынмын, өзінің бастық екенін ешқашан есімізге салған емес. Керісінше, редакциядағы екі түйір қыздың көңіліне қарап, осылар ренжіп қалмасыншы деп елпілдеп жүретін. 
 «Арада» 10 жылдан аса жұмыс істедім. Қа­тардағы әдеби қызметкерліктен бастап Бас редактордың орынбасары қызметіне бір­тіндеп көтерілдім. Сатираның барлық жанрын меңгердім десем болады. Аударманы қалай ойнатып беру керек, мақалаларды қалай қысқартып, қалай «жұп-жұмыр» етіп ре­дакциялау керек, бәрінде өзі ақылын айтып, шимайлап сызып, үйретіп отыратын. Ал жаз­ғанымыз ұнамаса мәймөңкелеп жатпайтын. 
Бір жылдары, жалықтым ба, білмеймін, жазған фельтондарым сұйыла бастады. Оны өзім де, Көпен аға да байқап жүр. Басқа басылымға, басқа салаға кетсем бе деген екіұдай оймен жұмысыма дұрыс көңіл бөлмей кеттім. Бірде журналдың кезекті санын дайындау барысында Көпен аға: 
– Үміт, сен жаза алмай қалдың ба әлде жазғың келмей жүр ме? – деді тікесінен.
Үндемей қалдым. 
– Осылай жалғаса берсе жұмыстан шығарамын, – деді. 
Ертесіне Үмекең пысылдап тұрып әдемі бір фельетонды жазып әкелді.
– Е, бәсе, еріншектігің ұстап жүр екен ғой, – деді ағам. 
2006 жылы тағы да ойым бұзылып, «Арадан» кеткім келді. Жаңадан ашылып жатқан, аты айғайлап тұрған бір газетке жұмысқа шақырылған едім. Қарбаласып жататын үлкен ұжымда, саяси ортада жүргім келді. Көпен ағаға ескертіп, жұмыстан шықтым. Саяси науқан қызып жатқан кезде ашылған газет еді. Қалай науқан бітті, бір жылға жетпей газетімізге қаржы бөлінбей, жабылды да қалды. Жұмыссыз бірнеше ай жүріп қалдым. Газет-журналдарға мақа­лалар беріп тұрамын, «Қазақстан» телеар­на­сындағы бір бағдарламаға сценарий жазамын. Солардың түскен гонорарға күн көріп (ол кезде гонорарға кәдімгідей күн көруге болатын), жұмыс іздеуге асықпай жүрмін. 
Бір күні ұялы телефоным шыр етті. Көпен аға екен. 
– Үміт, газеттерің жабылып қалды деп естідім ғой, қазір қайдасың? – деді.
– Әзірге жұмыс іздеп жатқам жоқ. Басылымдарға мақалалар жазып тұрамын.
– «Араға» қайтып келсеңші онда, – деді. 
Не керек, осылайша «Араға» қайта оралдым ғой. 
Кішіпейілдігіне ризамын ол кісінің. Үлкен басын иіп, үнемі бірінші өзі телефон соғып жағдайымызды сұраушы еді. Астанада тұра бастаған жылдардан былай қарай біз әне хабарласамын, міне хабарласамын деп ойланып жүргенде, бірінші болып өзі телефон соғып, ұжымдағы қыз-жігіттердің халын сұрап тұратын. Бастықпын деп шіреніп, қызметкерлерін жерден алып, жерге салған адам емес. Ұжыммен еркін қарым-қатынас ұстанатын. Болмысы солай еді. Ол кісінің алдында бүгежектеп, ықпайтынбыз. Тіпті «жұмысқа неге уақтылы келмейсің, неге жұмыста жоқсың?» деген әңгіме айтқан адам емес. Кейде анда-мында шаруаларымыз шығып, ол кісіге айтпай кетіп қаламыз. Бірде вокзалдан, бірде тағы бір жақтан телефон соғып: «Көпен аға, мен екі-үш күн бола алмаймын-ау жұмыста» деп ескертіп қойып, жүре беруші едік. 
Өте еңбекқор, тыным таппайтын. Құр босқа әңгімені соғып отырған кезін көрмеппін. Қашан көрсең ізденіп, шығармаларын жазып, кітап оқып жүретін. Кейде құрдас, замандастары редакцияға келіп әңгіме-дүкен құрғысы келеді. Көпен аға аз-кем әңгіме айтады да, ары кетсе он бес минуттан соң қолын созып: «Ал, жақсы!» – дейді. Бұл «ары қарай сенімен әңгімелесіп отыруға уақытым жоқ» дегені. Отырған адам сасқалақтап, «ә, иә, жарайды онда» деп орнынан ұшып тұрып кетіп бара жатады. Әлгі кісі кеткен соң бізге қарап: «уақытымды алады бекерге, осылай демесем кетпейді бұлар» деп күлетін. 
Кейде алыс жолдан редакцияны сағынып келеді. Есіктен кіргеннен: «А-ал, қалайсыңдар. Бүгін өзіміз отырып шай ішейік ә?» – дейді. Сөйтіп, ет, тәтті-пәттілерін үстел үстіне қояды. Біз дереу дастарқан жасаймыз. Ол әңгімесін айтады, әрбір сөзіне шегіміз қатып күлеміз. Ол кісіні күлмей тыңдау мүмкін емес.
 «Абайдың «Адамның бір қызығы бала деген» деген сөзін мен «Адамның бар қызығы бала деген» деп өзгертер едім. Өмірде көп балалы болудан асқан бақыт жоқ екен. Менің бір өкінішім сол. Балам көп болмады» дегенді соңғы жылдары жиі айтып жүрді. Бір қарасаң қайғы-мұңы жоқтай көрінетін кісінің іште талай арман-мұңы бар екен ғой. Әзілдеп, күліп жүргенге көбіміз бақытты жан деп ойлайды екенбіз. 
Тұрмысқа шыққан соң біраз жыл үйде баламен отырып қалдым. Жұмыстан шыққан соң Көпен ағамен айына-жылына ғана хабарласып, хал сұрасып тұрдық. Былтыр, қайтыс болардан бірнеше ай бұрын телефон соқты. Араға бірнеше жыл салып хабарсыз кеткеніме өзім ыңғайсызданып қалдым. Ол сатириктер антологиясын қолға алғанын, соған шығармаларды жинақтап жатқанын айтты. «Көмек керек болса айтыңыз. Бәлкім кітаптың редакциясына жәрдемдесермін» деп едім, «Оны өзім жасап жатырмын. Енді кейбір сатириктердің кітаптары қолыма тимей тұр. Сен сол кітаптарды тауып, компьютерден теріп, маған жіберсең жақсы болар еді» деді. Айтқан авторлардың кітаптарын тауып, шығармаларын поштаға жіберіп отырдым. Бір күні тағы телефон соғып: «Кітап біршама жинақталып қалды. Осы жұмысым үшін бір тиын да алмаймын. Сауапты іс қой. Сен де көмегіңді аяма» деді. Сосын жинақты сенің поштаңа жіберіп қояйын. Мен қартайдым, алай-бұлай боп кетсем бас-көз бол. Қаржыны бөлді деген, бірақ әлі қашан шығаратыны белгісіз. Алда-жалда өзім ұсына алмай қалсам, кітап жатып қалмасын, шығаруға атсалысарсың» деді.
Ол кісі ешқашан денсаулығын, жасы келгенін айтып біреуге шағымданып отыратын кісі емес еді. Неге сонша түңіліп сөйледі екен деп ойладым.
– Ой аға, әлі өміріңіз алда ғой, кітапты өз қолыңызбен шығартасыз әлі, – дедім. 
– Сонда да, пысықтап саған тапсырып қоя берейін, сенде тұрсын, – деді. 
Артынша Фейсбуктен ауырып қалғаны туралы жазба оқыдым. Мықты кісі ғой, жазылып кетер деп ойладым. Телефонда айтқан әңгімесінің төркініне сосын ғана мән беріппін. Артынша қаралы хабарды естіп, төбемнен жай түскендей болды. Сезген екен ғой. Өмір бір орнында тұра беретіндей, кейде өмірімізде шарапаты тиген адамдарға алғыс айтуды да ұмытып, ойланбай жүре береді екенбіз. 
«Жақсы адамдармен суретке түсіп жүріңдер. Естелік боп қалады» деп, белгілі ақын-жазушы, саясаткер, қайраткерлермен кездескен жерде шырт еткізіп фотоға түсіп жүруші еді. Сол сөзіне салғырт қараппыз. Қанша жыл бір ұжымда қызметтес болып, ол кісімен қатырып суретке де түспеппіз.

Үміт ЗҰЛХАРОВА, 
сатирик-жазушы

2709 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы