• Білім және ғылым
  • 04 Наурыз, 2009

Қолдан жасалған Ассауан Сахаба

«Ана тілі» газетінде жарияланған «Шуды шулатқан Ассауан сахаба һәм молабизнесмендер хикаясы» деген мақаланы оқып, өз ойымды білдіргенді жөн көрдім. Өзім Шу ауданының азаматымын. Сол аудандағы Шоқпар стансасында туып өскенмін. Сондықтан Қанат Әбілқайыр баламның жазғанының бәрі маған таныс.  Тарихқа жүгінсек Шу ауданының үстінен үлкен керуен жолдары өтпеген. Сондықтан Сахабалар жерленген күнде де үлкен керуен жолдарының бойында жатпай ма? Қып-қызыл құмның ішінде Шу өзенінен үш шақырымдай жерде, ол не қылған Сахаба деп, сол кездегі аудан билігіндегілер селт етпегені несі деген сұрақ өзінен-өзі туады екен. Енді Сахаба деген кімдер дегенге келсек, олар Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың көзін көрген, қолын ұстағандарды айтады. Қожа Ахмет Иассауи бабамыздың 10-шы атасы Сахаба болған екен дейді. Бірақ ол жарықтықтар Яссы, Сайрам төңірегінде өмір сүрген ғой. Ал біздің Шу жақта адасып жүрген ол қай Сахаба? Бұл өзі басында ойластырылып жасалған жоба ма дерсің? Бір күні бұрынғы ПМК, бүгінгі Лесхоздың қоршауының ар жағында бір қараша киіз үй пайда болды, алдында үйілген топырақ оған шаншылған ағашқа ақ шүберек байланды, міне, Асауан сахабаның жыры осы күннен басталды. Ол жыр ескерусіз қалған жоқ. Содан көп ұзамай аудандық «Шу өңірі» газетіне Еңбек ауылында тұратын бір мұғалім жігіттің (атын ұмытыппын) мақаласы шықты. Өте орынды мақала еді. Ол жігіт нақты жазды, «ау халайық, бұл өзі неғылған оңай жатқан әулие, аңқау елге арамза молда болып жүрмесін» деп, шығыстың бір аңызын келтіріп еді. Ертеректе бір қу жігіт жолдың жағасына өлген есегін көміп, соны өткіншілерге бұл жерде бәленше деген әулие жатыр деп біраз адамдарды алдап, кейін әшкере болған екен деп еді, сол мақалаға да ешкім селт еткен жоқ. Кейінірек тағы бір Шуға барғанда қарасам бұрынғы үйілген топырақты ақ кірпіштен төрт құлақты қорған етіп көтеріп қойыпты. Содан кейін оған зиярат етіп келршілер шыға бастап, сол екі ортада жердің бағасы өсіп, әңгіме енді әулиеде емес, сол әулие жатыр «мыс» деген жерде болып отырған секілді, себебі тура бүгін сол Шу мен Төлебидің ортасындағы жолдың жағасында бос жер қалған жоқ. Сахабаны еске алғаннан кейін тағы да тарихқа жүгінейік. Бізге Исламды қылыштың күшімен алып келген Араб қолбасшысы Әл-Құтайби Ибн Муслим басқарған араб әскерлерінің Талас өзенінен Шығысқа қарай аспағаны ешкім таласпайтын шындық. Сондықтан біздің Шу өңіріне Сахаба емес, жай Құдайдың құлы арабтың да аяғы тиіп көрген жоқ шығар. Оның үстіне тағы да қайталап айтайын бүгінгі күре жол түспей тұрып, ол жер таза шағыл құм еді. Әулиені жерлегенде де бұрынғылар жер таңдайтын шығар. Мұның бәрі сырт адамдарға күлкілі көрінгенімен, бүгінгі аудан басшыларына қисынсыз бас ауру болып тұрған сыңайлы. Алматыда тұрсақ та Шу десе құлағымыз елең ете қалатындықтан да осы мақаланы жазып отырмын. Оның үстіне қазір көлік көбейген сайын, жол апаты да жиілеуде, сөйтіп жол бойындағы қаралы белгі де қаптап кетті. Осы жерде біздің еліміздегі Заң жол бойына марқұмдардың қаза болған жерлеріне белгі қоюға рұқсат беретін сыңайлы. Мұны дұрыс емес деп ойлаймын. Осыдан 4-5 жыл бұрын өзім тұратын Кеңсайдың бойындағы М.Шоқай көшесімен қатынайтын 60-шы автобустың соңғы аялдамасында қазақ жігітті біреулер өлтіріп кетіпті. Көп ұзамай өзі тар көшедегі сол аялдаманың алдына марқұмның туыстары тас қойып, оны қоршап кетті. Өздері әзер айналатын автобустарға тіптен қиын болды. Соларға ешкім бұларың қалай дей алмады. Міне, бүгін сол қойған белгілерінің жұрнағы да қалған жоқ, сонда одан кімге пайда болды? Жалпы қайтыс болған адамға белгі өзі мәңгілікке жерленген жеріне қойылмай ма, аталының жеткен жеріне белгі қойылатын болса, ауруханалар қаралы белгіге толып кетпей ме? Ал енді осылай кете берсе енді бір 100 жылдан кейін жол бойында бос жер қалмайтын шығар. Мұхидін Күләшбекұлы АЛМАТЫ

5615 рет

көрсетілді

446

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы