• Тұлға
  • 15 Ақпан, 2024

«ЕЛ ЕҢСЕСІН ТІКТЕУ» ИДЕОЛОГИЯСЫ

Қазақ халқы үшін ұлт мүддесі жолындағы күресте қастандықтың құрбаны болған Алтынбек Сәрсенбайұлының есімі ерекше.
Алтынбек Сәрсенбайұлын көзіқарақты қауым әуелі газет шығарушы журналист, энтузиазм­мен жұмыс істеген маман, кейіннен ақпарат министрі, соңында қысастық көріп, қазаға ұшыраған ұлт жанашыры ретінде біледі.
Иә, Алтынбек тақырыбы – ауыр тақырып. Мұнда ұлттық трагедия бар. Бұл тақырыптың артында қазақ тағдыры жатыр. Бұл тақырып – нәзік, шікәмшіл, кірпияз. Бұны түлкібұлаңға салмай, шындықтың шыңына шығып тұрып, ақиқат деген Хақтың туын қадап жазу – нағыз қаламгердің һәм ұлтым деген азаматтың ғана қолынан келеді.
Ұлтты күйрететін де, ұшпаққа шығаратын да ондағы адамдардың ниеті. Сондықтан қазақта «қара ниетті» деген ұғым қалыптасқан. Ал Алтынбек Сәрсенбайұлының ниеті таза еді...
Ол тіліміздің көсегесін көгертуді ниет етті, егемендігіміздің қызығын өзгеге емес, өзімізге көрсетуді ниет етті, бақуатты, рухани күйреуден ада ел ретінде әлемдік аренаға шығаруды ниет етті. Соның жолында тізгінін тартпай, ұлт үшін пайдалы ерліктерге барды.
Олардың ең басында «Қазақ халқының потенциалын қайта көтеру мәселесі» тұрды. Қазақтың басынан кешкен, әлі де кешіп жатқан кейбір жайсыз оқиғаларынан кейін ­М.Шахановша айтсақ, «ұлт тамырсыздана бастады». Ашаршылық, репрессия, 70 жыл Кеңес үкіметінің боданы болу, 30 жылдық жүйе, қала берді қанды қаңтардан кейін халықтың санасы да, ұлттық құндылықтары да, әлеуметтік қал-ахуалы да дегредацияға ұшырады.  Ал Алтынбек ұлттың бойына «еңсені тіктеу керек» деген идеологиясын сіңіре білді.
Ал біз ше? Біз не істедік? Біз өкіндік... Шындықтың шыңырауда қалғанына өкіндік. Көп нәрседен кешіккенімізге өкіндік. Әлі де өкініп келеміз. Тіпті қаңтар трагедиясынан соң Алтынбектерден айырылғанымызға мың бірінші мәрте өкіндік. Енді өкіне бермей әрекет ету керек. Алтынбектің қай ісін алсақ та «ұрпақ үшін, ел үшін, атамекен, жер үшін» еді... Сондықтан, біз жастар, қызылды-жасылды қауымды емес, ұлт үшін жанын берген ірі тұлға Алтынбек Сәрсенбайұлын үлгі етуіміз керек.
Міне, Алтынбек Сәрсенбайұлының  дүниеден өткеніне табаны күректей 18 жыл. 18 жылда тұтас тағдырын туған жеріне арнап, ел үшін жанын берген азамат үшін біз не істей алдық? Бөтен тілмен былғамай, барлық уақытта қазақша сөйлей алып жүрміз бе? Ұлттық құндылықтарымызды қаншалықты көкке көтереміз? Әлде Алтынбектің атына көше, мектептер беріп, рухын бір көтердік пе? Жоғарыдағы екі сұраққа жауап беруге қиналатынымыз анық. Ал мұқым қазақ жұрты болып, Алтынбектің атын айтып, мектеп-көшелерді атап, оның тағдыры туралы спектакльдер қою қолымыздан келер іс қой. 

Ақгүл АЙДАРБЕКҚЫЗЫ

545 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы