• Ақпарат
  • 15 Ақпан, 2024

«ТАРИХ-И-РАШИДИ»

(қазақ тарихы мен мәдениеті)

Бұл жазбада қазақ хандығының құрылу алдындағы Әмір Темір әулеттері мен Тоғлықтемір ханның әулеттерінің арасында Мәуренаһрге билік ету тартысының нәтижесінде, қазақ хандығының саяси сахнаға шығу кезеңінің тұспа-тұс келгенін көреміз. Әмір Темір шөбересі сұлтан Әбусаид мырза (1424–1469) Тоғлықтемір ханның неменесі Есенбұға хан арасындағы болған талас-тартыс автордың осы әңгімесіне өзек болған. Ең ғажабы сұлтан Әбусаид мырза Есенбұғаға қарсы оның туған бауыры Жүніс ханды қарсы ұрыстырып қойды. Олардың екеуара ұрысы жалғасында қазақ хандығы тілге тиек болып, қалай өрлеп және мүлдем жойыл­ғаны айтылған. Онда: «Сол кезде cұлтан Әбусаид мырза Мауереннәһрда патша болатын. Ол ханды қуып, тарихи кітаптарда Тараз деп жазылған Йәнгіде оған жетіп, соғыс басталып кетті. Моғол қашып кетті, мырза Әбусаид өз уәлаятына қайта оралды. 


Мырза сұлтан Әбусаид Хорасанды алғанда, Есенбұға хан Әндіжанға бет алды. Әндіжанды мырза cұлтан Әбусаидтың атынан мырза Әлі Кішік деген әмір билеп тұрған. Ол Әндіжанның қамалына тығылды. Есенбұға хан әскерінің көптігі соншалық, үш қатар сап түзеп Әндіжанды қоршап алды. Әр жағынан жерасты үңгір қазды. Сөйтіп, сыртқы қамалды жаулап алды. Содан мырза Әлі Кішік хан сарайында қалды. Ең соңында көп сыйлық алып, татуласуға келді. Хан Әндіжан уәлаятының тұрғындарын түгел тұтқындап қайтты. Қазіргі заманға дейін тұтқынға алынған сол елдің ұрпақтары Қашғар мен моғол жерінде тұрады. 
Сұлтан Әбусаид мырза бұл хабарды естіген соң, Есенбұға ханға тойтарыс беруге дәрменсіз еді. Өйткені ол Моғолстанға барса, Есенбұға хан Моғолстан шекарасына кетіп қалар еді. Самарқанд әскеріне кең-байтақ далада Есенбұға ханның қай түкпірге тығылып қалғанын табу қиын болып, амалсыз кері қайтар еді. Ал әскер кетісімен Есенбұға хан да өз жұртына қайтар еді. Сөйтіп, Есенбұға ханды жазалау мүмкін болмас еді. Екіншіден, Есенбұға хан әскерінің көптігінен сұлтан Әбусаид әмірлерінің қарсыласуға шамасы келмеді. Сұлтан Әбусаид әскерімен Иракқа бет алуға мүдделі еді. Алайда ол, жоғарыда айтылғандай, Есенбұға ханның кедергісінен Иракқа бара алмады. Сондықтан Иракқа адам жіберіп, Есенбұға ханның үлкен ағасы Жүніс ханды алдырды. Ол Иракта жүрген мүсәпір еді. Бұл жөнінде бұрынырақ айтылған, алдағы уақытта тағы айтыла жатады. Есенбұға ханға қарсы қоюға Жүніс ханды жіберді. Осылайша, екі бауыр бір-бірімен тартысып жатса, уәлаяттың шекарасы тыныш табар еді. Әрі моғол әмірлері ханнан бөлініп, әрқайсысы өз бетінше кетіп, қорған тұрғызған болатын. Ханға да бағынбайтын. Ханның да оларға тиіспей жүрген себебі, бірде болмаса бір күні өзіне қайта оралар деген үміті бар еді.
Сол заманда Әбілқайыр хан қыпшақ даласына түгелдей билігін жүргізіп отырған еді. Жошы ұрпағының сұлтандары жорық жасап, Жәнібек хан мен Керей хан одан қашып, Моғолстанға кетіп қалды. Есенбұға хан оларды құрметтеп қарсы алып, Шу маңы мен Қозыбасыны тапсырған еді. Ол аймақ Моғолстанның батыс шегі еді. Олар бұл аймақта тыныш өмір сүрген. Әбілқайыр хан қайтыс болған соң өзбек ұлысы бір-бірімен шайқасып, арасында көп келіспеушілік туды. Олардың көбісі Керей хан мен Жәнібек ханның жанына барған еді. Олардың саны екі жүз мыңға жететін. Олар өзбек – қазақ деп аталды. Алғашқы қазақ сұлтандарының үкіметі 870 (1465) жылы құрылды (Алла біледі). 940 (1533) жылға дейін қазақтар толықтай билік тізгінін ұстап тұрды. Өзбекстанның басым бөлігін Керей ханнан кейін Бұрындық хан басқарды. Одан соң Жәнібек ханның ұлы Қасым хан басқарып, қыпшақ даласын толық биледі. Оның әскері мыңнан көбірек болды. Жошы ханнан кейін сол жұртта одан ұлы хан болмаған еді. Қасым ханнан кейін оның ұлы Мәмаш хан биледі. Одан соң немере бауыры Таһир хан (Тайыр хан) биледі. Таһир хан заманында қазақ күйзелді. Одан кейін бауыры Бойдаш хан билікті қолға алды. Қазақ Бойдаш хан кезінде жиырма мың болып қалған еді. 940 (1533) жылы Бойдаш дүние салды. Қазақ мүлдем жойылды». /1-112/,-деп жазған. Осы мәтінде Әбілқайыр ханның қайтыс болуы өзбек ұлысының арасындағы келіспеушіліктің көбеюі олардың ыдыруына жол ашқаны жаңадан құрылған қазақ хандығының сан жағынан ұлғая түсуіне септігін тигізді. Бұл тарихта Шыңғыс ханның ұлы Жошы ханның ұрпақтары Кавказ өлкесінен бір-бірін шегіндіре Мәуренәһрде шағатай хандарының билік етіп келген өлкеге көрші болып қалғанын көрсетті. 
Әбілқайыр хан Алтын Орда мемлекетінің бір бөлігін, яғни Көк Орданы 1428–1468 жылдары биледі. Оның билеген хандығын өзбек хандығы деп атады. Әбілқайыр ханның немересі Мұхаммед Шайбек хан (Мұхаммед Шайбани 1451–1510) Мауереннәһрде Самарқанд, Бұхара, Хорасанда Герат, Бәлхты жаулап шағатай хандарын Мәуренаһрден ығыстырған Әмір Темір әулеттерін қос өзен арасындағы өлкеден қуып шығып, Хорасанды бағындырып Әбілқайыр ханның династиясының билігін «Шайбани» хандығы деп атады. Шайбан атауын да Жошы ханның бесінші ұлы Шайбан атына орай қойған еді. Оның ұлдары 883 –976 жылдары Бұхара хандығын, 889–1074 жылдар аралығында Хиуа хандығын биледі. Сондай-ақ 941–976 жылдары Сібірді бағындырып тұрды. Сібір хандығының соңғысы Көшім хан болды. Ол орыс патшалығынан Бұхараға қашып кетті. Бірақ оның ұлдары мен немерелерін орыс билігі Мәскеуге алып кетті. Олар сонда жаңаша «Сібірский» атауымен өмір сүре бастады. Сондықтан Мауеренаһр мен Қыпшақ даласының билігі Алтын Ордадағы Жошы ханның әулеттерінің саяси билігінің жалғасы іспеттес болып саналады. Сонымен, Мәуренәһрден Шағатай мен Әмір Темір ұрпақтары біржолта саяси биліктен айырылды. 
Бірақ саяси бәсеке қазақ хандығы мен Шайбани хандығы арасында жалғасып жатты. Сол себептен Шайбани хандығының хандарының тізім кестесін білген жөн. Олар:
1. Мұхаммед Шайбек хан 1500–1510
2. Күш Күнші хан 1510 –1530
3. Әбусаид 1530 –1533
4. Обейдолла 1533 –1539
5. Бірінші Абдолла 1539 –1540
6. Әбді-Ләтіп 1540 –1551
7. Наурыз Аһмет 1551 –1555
8. Біріні Пір Мұхаммед 1555-1560
9. Ескендір 1560–1583
10. Екінші Абдолла 1583–1598
11. Әбді-Мүмін Шейбани 1598–1599
12. Екінші Пір Мұхаммед Шайбани 1599 жылы бірнеше ай билік құрды. 
Осылай Мауеренаһр мен қыпшақ даласының саяси билігінің тізгіні Жошы хан әулеттерінің қолына түсті. Сондықтан қазақ хандығы мен Шайбани хандығы өлкеде екі саяси билікке айналды. Және шейбанилер Бұхара, Хиуа, Сібірдегі хандықтарда тікелей билеуші ретінде көрініп жүрсе де қазақ хандары да оның саяси-әскери барысында араласып жүргенін айтуға болады. Бұл жайытты Шайбани хандығына жазылған біраз жазба деректерден оқи аламыз. Ондай жазба деректерді бөлек таныстырғанды жөн көрдім. Бірақ бір ғажабы қазақ хандығы мемлекетінде хандар арасында бір-біріне қарсы іс-әрекет онша байқалмай келді. Ал Шайбани хандары өзара алысып жатқанын және Мәурнаһрде Хиуа, Бұхара, Қоқан және Сібір сынды хандықтарға бөлініп, қырқысып жата алауыздықтың кесірінен майдалана беруінің тарихи процесін байқатты. Қазақ хандығы болса, кең даласының тынысымен еркіндіктің сап ауасы, көгілдір аспаны, жарқыраған жұлдыздарымен әсем өмірдің ләззатына бөленгісі келіп азат, қамсыз жүрмекті арман етіп жүрген көрікті тіршілігін адам нәпсісінің арамдықтағы жанын тыныш қоймай жүргендіктен өмірінің азабының ащы дәмін де татып жүрді. 
Жошы хан (1182–1227) әкесінен бұрын қаза тауып, Шыңғыс ханды ұлын өлімге қимастық зарлы жанға айналдырды. Аңыз бен ақиқатқа ұласқан Жошының қазасы рухын қыпшақ даласының кең құшағына самғатып, ұлық жеңістерінің табысын ұрпақтарына аманат етіп, мәйіті Ұлытаудың жазығына еніп мәңгі тыныш тапты. Жошы ханның жаугерлік қуаты Кавказдан Арал, Балқаш, Қосөзен аралықтағы кең территорияда жаңа саяси тарихтың қуаныш пен өкінішке, достық пен араздыққа, өрлеу мен күйреуге толы беттерінің ашылуына қайнар болды. Түрік халықтарының адамзат тарихына жаңа ұйытқы бола алған саяси билік құрылды. 
Жошы ханның билік құрған кеңістігінің бір бөлігі Алтын Орда мемлекеті бөлшектеніп, ыдыраған соң қазақ хандығының үлесіне тиді. Бұл еңбекте бұл хандық мемлекеттің құрылуы жайында әрі бастапқы құрушы хандар мен оның жалғастырушы хандарын атап көрсеткен. Бірақ әңгіменің соңы қисынға сыймай кеткен. Мырза Қайдар атаған қазақ хандары:
1. Керей хан 
2. Жәнібек хан 
3. Бұрындық хан 
4. Қасым хан 
5. Мамаш хан 
6. Тайыр хан 
7. Бойдаш хан.
Қазақ хандығы «Әбілқайыр хан қыпшақ даласына түгелдей билігін жүргізіп отырған еді. Жошы ұрпағының сұлтандары жорық жасап, Жәнібек хан мен Керей хан одан қашып, Моғолстанға кетіп қалды»  деп жазған. Ендеше Әбілқайыр ханның саяси өмірі және сол замандағы төңірегіндегі басқа да саяси күштермен байланыс­тарымен танысқан жөн. 
 Әбілқайыр хан (1412–1468) Дәулет Шейх Оғланның баласы. Ол 1428–1429 жылдары Мәуренаһр, яғни «Амудария-Сырдария қос өзен арасында» және Түркістанда билік құрып ықпалды саяси күшке айналды. Және Шыңғыс ханның тоғызыншы ұрпағы, оның үлкен атасы Шайбан немесе Шайбан баһадүр. Әбілқайыр кездейсоқ аспаннан түсе сала хантағына отыра қойған жоқ. Оның атасы Шайбан кезінде үлкен ағасы Батый хан жанында оның ірі жеңістерінде үзеңгілес болып жүрді. Әсіресе Мажарстан (Венгрия) жорықтарына 1140 жылында қатысып, өзінің жауынгерлік тұлғасын көрсетті. Шайбан аты әйгілі болғаны үшін кейіннен хан болғандар оның тікелей ұрпағы болмаса да, оның аты Мұхаммед Шайбани Мәуренаһрді жаулап, хандық құрғанда «Шайбани хандығы»  деп атады. 
Әбілқайыр хан туралы жазба деректер мен зерттеу жұмыстары жеткілікті бар. Соның бірі – Фәзлолла ибн Рузбеһан Хәлжи, «Меһманнама Бұхара» кітабы. Фәзлолла Иранның Фарс провинциясы, Хонж ауылында 1446 жылы туды. 1521 жылы Бұхарада қайтыс болды. Ол Мұхаммед Шайбанидің билік құрған кезеңі туралы аталған еңбекті жазды. Онда Шайбани хандығы мен қазақ хандығы арасында болған көптеген саяси-әскери қатынас­тары әңгімеге өзек болады. Ол кітапты бұйырса қазақшалап, түсініктеме жазып тарихсүйер қауымға ұсынуға дайындап жатырмын. Бұл кітап 914 (1508) жылдың шәууәл айында Бұхарада басталды. 915 (1509) жылдың жамадиаввал айында Хорасан өлкесінің астанасы Герат қаласында парсы тілінде жазылып аяқталды. 
Әбілқайыр хан (1412–1468) біраз уақыт шейбан әулеттерінің бірі Жамадық ханның қызметінде болды. Сол жылдары бүлік шығып Жамадық хан қаза тапты. Әбілқайыр хан тұтқындалды. Кейін қамаудан құтылып, Ақ Орданың билеушісі Өріс ханның немересі Барақ хан қызметіне кірді. 831 (1428) жылы Барақ хан қаза тапқанда оның баласы Жәнібек, ал інісі Керей Ақ Орда туы ұстап қалып хандықты жаңартқысы келген. Ол кезде Әбілқайыр хан он жеті жаста болған. Кейінгі жылдары «Ол Сібірдегі Тура (Түмен) өзенінің аңғарының Тұран даласына билеуші болған. Содан өзге саяси бәсекелестерінен құтылып, билік іргесін нығайту мақсатында көптеген шаһзадаларды өлтіруге тура келді. Тіпті Алтын Орда тарихында 849 (1445) жылында Мәскеу жорығына қатысып үзеңгілесі болған Мұстафа ханды да өлтірді». Сондықтан Әбілқайыр ханның бұндай қатыгез ұстанымынан сескенген Керей мен Жәнібек оның қаһарына қарсы шыға алатын гауһары бола қоймайтынын сезіп, одан бойын аулақ ұстағанды жөн көріп, оның ордасынан 1460 жылы қашып кетуді шешті. 
Әбілқайыр ханның басты мақсаты ең шұрайлы, жайылым жайлы Мәуренаһр, Хорасан, Хорезмді жаулап алғысы келіп жүрді. Сол үшін өзінен қашып шығып, қазақ хандығын құрған Керей хан мен Жәнібек хан да оның жауларының қатарынан орын алған еді. Екінші жағынан Мәуренаһр мен Хорасанда Әмір Темір әулеттерімен шайқасып жүрді.
Әбілқайыр хан Алтын Орда мемлекетінің ыдырауында және Қазақ хандығын құрылуының бастауында тұрған саяси тұлға. Рене Груссе (1885–1952) француз зерттеушісі өз еңбегінде Әбілқайыр ханның саяси тарихын қорытып: «Өзбектердің сән-салтанатының шынайы негізін қалаушы шайбан шаһзадасы Әбілқайыр. Ол көптеген оқиғаларға толы және қауіпті оқиғалардың ортасында жүрген әйгілі тұлға еді. 1428 жылы он жеті жасында Сібірдегі Тура өзенінің жағалауында Шайбани Ордасының ханы болып ресми түрде жарияланды. Бұл мекен қазіргі Тобыл қаласының батысында орналасқан. Әбілқайырдың хандығы жария­ланған соң тез арада бұрынғы Жошы ұлысына жорық жасады. Жошы ұлысының иелігінде болған Орал өзенінің шығысы, Сейһунның солтүстігіндегі жерлерге шабуыл жасап, барлығын жаулап алды. Тіпті 1430–1431 жылдары Хорезмді де алды. Үргенішті тонады. 1447 жылынан сәл бұрын Темір әулеттеріне соққы беріп Сейһун жағалауындағы аса бекем қалаларын Сығанақтан Өзкентке дейін жаулады. В.В.Бартольдтың (1868–1930) айтуы бойынша, Сығанақ қаласын өзінің астанасы етті. Ал Ясы қазіргі Түркістан шаһары Темір әулеттерінің қолында қалды. Әбілқайыр 1451 жылы Әмір Темір немерелерінің арасындағы тақталастықты пайдаланып, Мәуренәһрге кіріп, Әбусаидтың Самарқандта таққа отыруына көмектес­ті. 
Әбілқайырдың саяси күші ең жоғары сатыға жеткен еді. Оның билік кеңістігі Тобыл қаласының маңынан басталып, Сейһунға дейін жалғасып жатты. Кенет 1456–1457 жылдары «ойрат», не «калмук» (қалмақ) тайпасы, яғни шығыс моғолдарының шабуылына тап болды. Ойрат тайпасы аса кең территорияға иелік етіп отырған еді. Ол «Ұлы Алтай» мен «Ханғай»
() тауларын қамтиды. «Тарбағай» мен «Жоңғария» жерінен басталып «Бай­кал» көлінің оңтүс­тік батыс жаға­лауы, «Қара Ертіс ­(), «Ұрынғы» (), «Кубды» (), «Ұлиясутай» (-Ouliassoutai) арасындағы аңғарының барлығын және «Селенга» (), «Көсігүл-Көсугүүл» 
() өзендерінің қайнар бұлағының барлығы «ойрат» тайпасының билігінде болды. Бұл тайпа өсіп, жетіліп, өрістеп жатты. Тіпті өздерінің адамдарын Пекин төңірегін тонауға жіберіп тұратын еді. Сондай-ақ Шығыс Түркістан да олардың шабуылынан аман қалмады. Әбілқайыр олармен көп рет кескілескен шайқасқа кірісті. Бірақ жеңіліп қалып, амалсыз Сығанаққа қашып кетті. 1456 –1457 жылдары жеңіске жеткен қосын Сейһун өзенінің орта шебіндегі солтүстік жағалауын түгелдей тонады. Бұл жеңіліс Әбілқайырдың сән-салтанаты мен қуатына кесірін тигізді. Жошыдан тараған Керей мен Жәнібек екеуі Әбілқайыр­дың қол астында болып, оны тастап Шағатай ханы екінші Есенбұғаның жанына кетті. Ол оларға Моғолстан шекарасынан жер-мүлік бөліп берді. 1465 –1466 жылдары Әбілқайырға бағынып, қол­астында жүрген көптеген көшпенді тайпалар одан бөлініп, Керей мен Жәнібектің жанына барып, еркін өмір сүруге кірісті. Бұл далалық көшпенділер өзбек хандығынан бөлініп кеткен тарихтан «қазақ» атауымен танылды. Оларды «қырғыз-қазақ» деп атады. Олардың бөлініп шығуы аса маңызды бір тарихи оқиға болып есептеледі. Әсіресе олар байтақ жерге және қаншама кең территорияны өзіне қаратып оған иелік етті. Ақтөбе мен Семей арасындағы «Орта орда» және Орал мен Сарысу арасындағы территория­ны «Кіші орда» ал Түркістан қаласы мен Балқаш көлінің оңтүстік жағалауы түгелдей «Ұлы орда» тұлпарларының тұяғының астында ұрпақтан-ұрпаққа ұласып келеді. 
Әбілқайыр 1468 жылы соңғы рет «қырғыз-қазақ» ұлысымен шайқасып, оларды бағындырғысы келді. Бірақ бұл сағыста қаза тапты. Содан шамамен үш жылдан кейін «Жүніс» атты шағатайдың бір ханы Моғолстанды билеп тұрғанда Әбілқайыр әулетін жақтап қалған өзбектерді жан-жаққа таратып жіберді. Бірақ тарап кеткен ол өзбектер, яғни «қырғыз-қазақ» кең даланың жайылымында көшпенді үкімет құрды. Керей хан мен Жәнібек хан қайтыс болған соң Керейдің баласы «Бұрындық» 1488–1509 жылдары және Жәнібектің баласы «Қасым» 1509–1518 жылдары оларды басқарды», – деп жазған.
Фәзлолла ибн Рузбеһан Хәлжи, «Меһманнама Бұхара» кітабында Әбілқайыр хан жөнінде мынадай мінездеме: «Жарылқағыр әзіреті хан Әбілқайыр ханның хандығы барлық әлемге анық және оның биік мәртебесіне хандар арасында бұл заманда ешкім жетпеген. Дана патша, көкірегі ояу, жаппай халықтың қорғаушысы, жаратушыдан қорқатын болған. Әзірет Әбілқайыр хан патшалар арасында аса жоғары мәртебеге ие. Оның хандық немесе патшалық орнында көркем мінезінің деңгейіне ешкім жетпеген»  деп бағалаған. 
«Меһманнама Бұхара» кітабында Әбілқайыр ханның Сығанақтағы мазары жайын «Әбілқайыр ханның мазары Сығанақ қаласының сыртында орналасқан. Оның құрылысшысы өте тамаша ғимарат тұрғызған. Мазардың кіреберісін биік аспанмен астастырған. Оның төбесін дөңгелетіп, толықтай жан-жақтан сәуле түсетіндей етіп салған», – деп сипаттап берген. 

 

Түйінсөз: 

Жазба деректер мен зерттеу жұмыстарына қарағанда Әбілқайыр хан өзіне қарсы бәсекелестерінен үрейленіп көптеген шаһзадаларды, тіпті үзеңгілес болып Мәскеу жорығына қатысқан Мұстафа ханды да өлтірген. Соның салдарынан Керей мен Жәнібекте аяусыз ісінен күдіктеніп, одан бойын аулақ ұстауды жөн көріп, бөлініп шықты. Сондай-ақ Әбілқайыр ханның бәсекелес тұлғаларды өлтіру, өлкелерді жаулап алып, саяси билігін орнату басты ұстанымы болды. Сондықтан келешекке өркендеу үшін көрінетіндей нақты мұра қалдыра алған жоқ. Әбілқайыр хан қаза тапқан соң, тақталастық үдере түскен соң, оған бағынышты өзбектер Керей мен Жәнібек ханға қосылуға тура келді. Әбілқайыр ханның билік еткен жылдары қалмақтар жан-жақты күшейіп, көрші елдерге жорықтары молая түсті. Сол кездері шағатай ұлысында да билікке талас-тартыс күшейіп, ушыққаны соншалық, Уәйіс ханның екі ұлы Жүніс хан мен Есенбұға хан арасында тақталастық өрши түсті. Сондықтан Көк Орда мен Шағатай хандығындағы келеңсіз жағдайлар Қазақ хандығының құрылуына мол мүмкіндік берді. Керей хан мен Жәнібек хан екі жақтағы саяси күйзелісті сәтті пайдалана білді. Сондай жағдайда Есенбұға хан сырттағы қалмақтардың шабуылына бөгет бола алар деген үмітпен қазақ хандарына жылы қабақ танытуға тура келді. Оның бұл пайымы дұрыс болғандай қазақ хандығы жау ызғарының өтінде, айдаһардың ауызында тұрып, сыртындағы бауырлардың жұтылып кетпеуі­не қалқан болып келеді. Және Есенбұға хан өз бауыры Жүніс хан әрі басқа саяси бәсекелестерімен ішкі қарбалас саяси тартысты өткізіп жатты. Сол үшін сыртқы жауға алаңдамай ішкі саяси шиленістерін шешпек болды. Сондықтан Көк Орда мен Шағатай хандығының ішкі саяси тартыстары және сыртқы жаңадан қуат алған қалмақтың жорықтары мен жүгенсіз саяси қарбалас ортада табиғи түрде Қазақ хандығының саяси сахнаға шығуына жол ашылды. Қыпшақ даласы мен қос өзен арасындағы бәсеке тек үстемдік саяси мақсатқа өрбігені үшін оның орны толмас залалға жол ашып, күні бүгінге дейін анық сезіледі. Өйткені елдің өркендеу жолындағы нақты тұрмыстық, мәдениет, білім-ғылым бағытындағы стратегиялық жоспары қолға алынбады. Саяси билік барлық күш-қуатын өзінің саяси үстемдігін сақтап қалумен өткізіп жатты. Дегенмен Қыпшақ даласы мен қос өзен арасындағы саяси-әскери қуат ұдайы өзге шабуылшы отарлау күштермен алысты. Бірақ та сыртқы жауларға үстемдік құра алмай, көп жағдайда өздерінің ішкі қуатын алауыздықпен сарқып келді. 
 

 

Ислам Жеменей, 
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Тұран-Иран» 
ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор, 
филология ғылымының докторы

1616 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы