• Тұлға
  • 15 Ақпан, 2024

Ән өнерінің әз-Жәнібегі

Жәнібек Кәрменовтың өмірден озғанына отыз жылдан асқанмен есімі ел есінде. Соның айғағындай, Алматы, Семей, Түркістан қалаларындағы көшелерге, туған жері Қарауылдағы балалардың саз мектебіне әйгілі әншінің есімі берілді. Елу, алпыс, жетпіс жылдық мерейтойы жер-жерде кеңінен аталып өтілді. Екі мыңыншы жылдардың басында Алматыдағы «Жалын» баспасынан «Жәнібек» деп аталатын естеліктер жинағы шықты. Есімі соңғы жүз жылдықта ұлылар елінен шыққан таңдаулы он адамның қатарында Қарауылда ашылған арнайы стеллаға жазылды. Іле осында кеуде мүсіні және орнатылды. Жекелеген кітаптары мен төрт томдық әңгімелер мен хикаят­тар жинағы оқырманға жол тартты.
Ал одан кейінгі жерде бір жыл, бір айда өмірге келген құрдас  досымыздың жетпіс жылдығы қарсаңында біздің «Жәнібек Кәрменов» деп аталатын деректі кітабымыз Астанадағы «Фолиант» баспасынан жарық көрді. Оның сыртында «Жәнібек ән салады...» деп аталатын пьесамыз сол тұста Семейдің Абай атындағы сазды-драма театрында қойылып жатты. Жәнібектің жетпіс жылдығы Алматы, Семей, Қарауылда дүркіреп өтіп, ғылыми конференция, ән байқауы тұрғысында жалғасын тапты. 

 

Жәнібектің аспандағы аққуға үн қосқандай әнші болмасқа, ділмар шешен болып сөз қумасқа қақысы жоқ еді. Әрі беріден соң мұның өмірге келуінің өзі қиын да қызық тарих. Қысқартыңқырап айтсақ, 1949 жылы қаңтар өтіп, ел ішінде «жылқышы, ақ құрық» деген жанама аттары бар ақпан айы келіп жетеді. Бұл шақта Шыңғыста қашан болмасын, аяз әлі сына қоймай, ақпандатқан боранға ұласып жатады. Кейде айдың ортасынан ауа Шыңғыстың іші түске дейін мүйіз, түстен кейін  киіз болып, долы қатынның мінезіндей мың құбылып кететіні де бар. Ақпан амалының көрінісі туралы ескілікті аңызда: «Ақпан келді, жылқышы кірді, жылқышының өкпесі қатты болады, оны ренжітіп алмайық» деп оның сыбағасы ретінде кәрі жілік асып, қонақ қылатын болған. Сол себепті бұл амал «жылқышы» деп аталса керек. Жылқышының құрығына қатқан қырауға қарап « ақ құрық» деген атау беріліпті деседі.
Міне, осы шақта алыстағы қыстақты мекен ететін Мағрипа ананы үш күн қатарынан толғақ қысып, қатты қиналады да сол үшінші күні ферма орталығына жетіп алайын деп түйеші ақсақалмен жолға шығады дейді. Ал отағасы мал-жанға ие болып қала береді. Бірақ түйелі жолаушылар боздатып тарта бергенмен, «қырсыққанда қымыран іриді» демекші, боран көтеріле бастаған. Әйтеуір, түйеші бейбақ жел өтінен құтылып, өзекке ілініп, осы жерде қос түйені қатарластыра шөгеріп, ортасынан ықтасын жасауға үлгереді. Солайша болашақ әнші Шыңғыстаудың етегінде, Сарыарқаның бастауындағы Жәнібек жазығында дүниеге келеді.  Оның есімінің Жәнібек атануы да сондықтан.
Солайы солай.  Десе де, қыздары сүйе­гі жағынан Керей Ер Жәнібектің ұрпағы болған аналарын қажап «өз бабаңызға бұрып кеткен жоқсыз ба» десе, бір кісідей сөзге тосылмайтын Мағрипа ана «піш» деп қоятын салтымен: «Ана замандағы ел анасы атанған Үйсін Айпара, Найман ішіндегі Матай Зере, азулы Арғын ішіндегі Қаракесек Ұлжан, Ырғызбай аталарыңа айнымас адал жар болған Ер Жәнібек бабамыздың қарындасы Ермек болмаса сендерді аталарың балшықтан жасайтын ба еді. Жігіттің жақсы болмағы нағашыдан» деп күлетін көрінеді. 
Ол да бұл отбасының бақытты шағы болар тегі. Бірақ өкінішке қарай, Жәнібектің жасы беске енді іліккенде әкесі Кәрмен келместің кемесіне мініп кете барған. Кейінде ол «жесір әйел, жетім бала болып, әйтеуір әйпірімдеп жүріп өстік қой» деп отыратын қамыққан бір сәттерінде. Бірақ не десек те, Жәнібектің мектеп жасына дейін Шыңғыстың ішінде, кешегі хакім Абайдың өзін көрген, көзін көрген абыз ақсақалдардың ортасында өсуі бойымен бірге ойының да ұзара түсуіне сеп болған. Туған апайы әнші Банудың оған жаңада ғана шыққан «Қойшының әні» деп аталатын бір әнді үйрететіні осы кез. Ұғымтал бала әннің сөзін де, әуенін де бірден қағып алады. Солайша апайлары: «Ақ серке қой бастаған ай мүйізді, Саулықтар қауын желін-ау, сары уызды. Қой қоздап бетегенің түбі сайын, Толтырған ойымыз бен қырымызды» деп шырқата ән салғанда бұл бірден қосыла кеткен. Ал әннің қайырмасына келгенде апайлары алдын ала келісіп алған болса керек, бәрі бірдей тоқтай қалған. Бірақ бұған тоқтайтын Жәнібек пе: «Саулығым артық маралдан, Мыңғырып өсіп таралған. Қозыларым егізден, Иесі өзім өргізген. Шәй-шәй, қойым, шәй қойым, Құйрығың қардай май қойым. Өсе бер төлдеп егізден, Итке, құсқа жегізбен» деп ән қайырмасын да, онымен қоймай әннің соңғы екі шумағында да бір өзі айтып шыққан. 
Осы бір әннің табиғаты сол шақта қойдың соңында жүрген тура өздеріне арналғандай екен. Кейінде ұстазы Жүсіпбек шәкірті Жәнібекті ауырыңқырап жатқан Манарбек Ержанов ағаңның көңілін аулайық деп өзінен үш-төрт жас үлкендігі бар әріптес әншінің үйіне ертіп барған еді. Сонда жас болса да орынды жерінде сөзге қамшы салдырмайтын Жәнібек аталас ағасы болып келетін Манарбекке «Қойшының әнін» Шыңғыстаудың ішінде, небәрі бес жасында қалай үйреніп, шырқата салғанын айтып бергенде шындығында тарлан талант ауырып жатқанына қарамастан, көңілі көтеріліп қалған. Сонсоң Жүсекеңе қарата көңілі босай отырып, сөз қозғап: «Жүсіпбекжан, Жәнібектей шәкіртің бар сен бақытты адамсың ғой» депті.
Әкесі өмірден озған соң Жәнібектер ендігі жерде ақындардың Меккесі атанған қасиетті де қастерлі Жидебайдың жанындағы Ақтоғай деп аталатын ферма орталығына көшіп келеді. Шешелері сауыншы, ал апайы Рымғайша көмекші болады. Сөйтіп жүргенде жасы екілердің шамасындағы Кенжегүл қарындасы пешке жылынамын деп алаңсыз тұрғанда көйлегін от шалып, ойламаған жерден қиналып қалады. Анасы оны қалаға алып кеткенде Жәнібектің үйде жылдан астам жалғыз дерлік қалатыны да, сонда аспанда ұшып бара жатқан құстардан «апа, мен сені сағындым» деп өлеңмен сәлем жолдайтыны да шындық. Бұл оның алғашқы өлеңі болар тегі. 
Содан кейінгі жерде өлеңнің соңына шам алып түспесе де, азды-көпті әндерінің сөзін өзі жазғаны да рас. «Бес, әлде алтыншы сыныпта оқып жүргенде үстіне шапан, басына тақия киген, қолынан Абай атамыздың өлеңдер жинағы түспейтін Жәнібек доп ойнап жүрген бізге, сыныптастарына қосыла бермейтін. Тіпті, оны айтасыз, бәрімізге қарата: «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар. Бәрінен де қой бағып, Көтен жеген озар» дейтінін қайтерсің! Сонда мен оның бұл сөзіне намыстанып: «Сол қойыңның көтенін өзің-ақ жей бер, «кішкентай шал» дейтінмін. Оны біз өзімізге оғаш көрінетін кейбір тосын әдеттеріне орай солай деп атап кеткен болатынбыз. Сол шақта маған Жәнібектің сол қылықтарының бәрі жасанды сияқты көрінетін. Ал кейін ойласам, ол бала кезінен өмірден өз орнын іздеп жүреді екен-ау!» дейді онымен бір сыныпта оқыған, кейінде өзі де бұлбұл үнді әнші атанған Баян Сағымбаева.
Жәнібек екеуіміз сол шақта танысқан едік. Онда әлде алтыншы яки жетінші сыныпта оқитынбыз. Аудан орталығынан жүз шақырымдай жердегі Саржал ауылынан жылма жыл Қарауылда қатар өтетін пионерлер слеті мен оқушылар спартакиадасына бара қалдық. Спорттың сан түрінен өзімізше жан беріп, жан алысып жатқан шақта осындағы Абай атындағы орта мектепте  жергілікті жазушы Кәмен Оразалин жетекшілік ететін, негізі әйгілі Әуезов елге келгенде сол кісінің бастамасымен қаланған «Абай ұрпақтары» қолжазба журналының кезекті отырысы өткізілгелі жатқандығы туралы хабар құлағымызға жетті. Тірі жазушыны көрмекке келгеніміз рас. Ал ол кісінің шәкірттері Жәнібек ән айтумен шектелмей, «Ақылбайдың әні», ал одан екі-үш жас үлкендігі бар Роллан Сейсенбаев «Қош бол, Қайсар!» атты хикаяттарын оқығанда басқаны қайдам, сол кезде аудандық, облыстық газеттерге хабар-ошар жолдаудан аса алмай жүрген мен аузым ашылып, көзім жұмылып дегендей таң-тамаша қалғанмын.
Сонда денесі тығыршықтай, бойы ортадан сәл төмендеу, бидай өңді сары бала именшектеп, жасқанбай ұстазының «сені біз тыңдап жүрміз ғой, енді мына жан-жақтан келген келген қонақ құрбыларыңа бір-екі ән айтып берсеңші» дегенде бәлісініп тұрмай, қолына сырнайын ала салып атақты Кененнің айшықты «Бозторғай» әніне бассын келіп. Ол алдымен  ертелі кеш қой соңында жүрген қарны аш қойшы бала болып күңіренсе, келесі сәтте жерге түспей бозторғай болып шырылдаған. Бір сөзбен айтқанда, бозторғай аспандап, біз жерде қала бергенбіз. Кейінде Кенен атамыздың бұл әнді небәрі он бір жасында шығарғанын, ал Жәнібектің бұл әнді сол жастан айта бастағанын естіп білгенмін. Ол келесі кезекте Кенен атаның «Базар-Назарын» шырқауға көшкенде, жасыратыны жоқ, біз жылауға шақ қалғанбыз. Ал Кәмен ұстазы болса шәкіртіне риза көңілмен оны: «Ой, пәлі-ай! Жарайсың Жәнібегім!» деп көтермелеп жатты.
Жеткіншек шақта танысқан Жәнібекпен арада бірнеше жыл өтіп барып, Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінде оқып жатқанда қайыра табысқанмын. Онда мен Қазақ радиосының музыкалық хабарлар редакциясында практикадан өтіп жатқан болатын. Сонда ол досы Қайрат Байбосыновты қасынан қалдырмай ерте жүретін еді. «Бұл Қайрат деген бауырым ғой» деп қоятын әзілдеп. Сөйтсек, байыпты жүріс-тұрысы мен орнықты сөзіне орай эстрада-цирк өнер студиясында бірге оқитын Қайраттар алғашқыда мұны жасы үлкен болар деп аға тұтып жүріпті.
Бірге оқитын әнші Жабықбаймен Талдықорған жағына өнер сапарымен баратыны тіпті қызық. Аудан басшысының тапсырмасымен оларды қарсы алған бір шаруашылық басшысы алғашқыда үрпекбас бұларды қомсынып, менсіне қоймапты. Бірақ кешкісін үйіне ертіп барады. Және ауылдың сыйлы ақсақалдарын жас та болса алыстан келген қонақтар ғой деп солармен бірге болуын өтінеді. Ал бастапқыда дұрыс көңіл бөлмеген ел басшысына өкпелеген Жәнібектің қабағы ашыла қоймапты. Олар ән айтуын өтінсе, «кез келген жерде шырқап қоя беретін жеңілтек әншілер қатарынан емеспіз, ертең ел жиналғанда айта жатармыз» дейтін көрінеді. Біраздан соң жергілікті ақсақалдар ескілікті әндерді бірінен кейін бірі айта бастапты. Содан тағы біраз уақыт өткенде Жабықбайдың делебесі қозып әнге басады. Ол да біршама әнді нақышына келтіріп орындап бола бергенде Жәнібек: «Жабықбай, әкел бері домбыраны» деген екен. Солайша, ендігі әңгіме тізгіні де, ән тізгіні де біржола Жәнібекке ауысыпты. Осындай қызықты да мағыналы сапар бірнеше күнге созылыпты. Олар мұнда келіп кеткен соң жергілік халық: «Сөз білетін, жөн білетін екі ақсақал бәрімізді әнге де, әңгімеге де қарық қылып кетті. Бірақ екеуінің жасын қоссаң, қырықта ғана» деп бұларды аса бір ризашылықпен еске алған көрінеді.
Солай десек те, Жәнібектің оқуда да, өнерде де жолы тақтайдай тегіс болмаған. Тегінде жасы он жетіге енді толған оны осы өңірден шыққан атақты жазушы Сапарғали Бегалиннің 70 жылдығына орай Абай еліне бірге ере келген атақты әнші Жүсіпбек Елебеков ел басшыларының, ұстазы Кәмкеннің аманатымен Алматыға ала кетеді. Осы жасында жақсы ағаларының қамқорлығымен «Қазақконцертке» қабылданып, бір жыл Жүсекеңмен бүкіл дерлік республиканы өнер сапарымен аралап шыққан Жәнібек келер жылы Алматыдағы өнер студиясына оқуға қабылданады. Бірақ студия басшысы ойындағысын айтып тастайтын еркін ойлы жас әншіні әу дегеннен ұнатпапты. Қырсыққанда ұстазы Жүсекең емделуге алыстағы санаторийдің біріне кеткенде Жәнібек «қылмыс» үстінде ұсталады. Яғни жерлестері келіп соларға дастарқан жайып отырғанын біреулер студия басшысына жеткізе қойған секілді. Сонда басшы үстелдегі "ақаңды" нұсқап Жәнібекке «мынау не» демей ме! Сөйтсе Жәкең еш саспастан «бұл арақ, мынау тамақ, мынау қонақ» дейтін көрінеді.  Осы сөздің соңы оның оқудан қуылуымен аяқталады.
Демалыстан оралған Жүсекең мұны естігенде қатты қиналыпты деседі. Біріншіден, талантты шәкіртінің алдағы болашағына алаңдаса, екіншіден елдің аманатына адалдық таныта алмадым-ау деп қамығыпты. Сол шақта сөйлесе қалған сыйлас інісі, республика Ішкі істер министрі Шырақбек Қабылбаевқа жанын мүжіген іштегі қыжылын жайып салмай ма? Сонда Семейдегі атақты қазпедтехникумда оқыған, әйгілі Әуезовтың алдын көрген ұлтжанды министр елге қайтып кетіп, Абай аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі ретінде шопан, бақташы қауымына ойын­-сауық көрсетіп жүрген Жәнібекті бір тәулік ішінде Алматыға алдыртатыны, айтатыны жоқ, қызықты оқиға. Оны ән айтып тұрған жерінен екі тәртіп сақшысының екі жағынан қаумалап, ала жөнелгенде кейбіреулердің «е, Алматыда жүргенде бірдеңеге ұрынған ғой» десіп, ал анасының аһ ұрып аңырап қала беретіні еш қоспасыз шындық. Ал ол Алматыға келген бетте министрдің пәрменімен осында құрылып жатқан ансамбльдің әншісі болып қызметке алынып, дәл сол күні бір бөлмелі үйге ие болатыны тағы рас. Сонсоң жыл соңына қарай тіпті үйленбей жатып үш бөлмелі үйге ие болатыны еш қоспасы жоқ әңгіме. 
Ол өзі қысқартып айтқанда, былай болған екен. Бәйкен Әшімов сынды іскер азамат республика Үкіметіне басшы болып келгенде министр Қабылбаев қазақтың жөнімен саяжайына ерулікке оны және сол тұстағы республикамыздың бірінші басшысы Димаш Ахметовты отбасыларымен қонаққа шақырады. Осы тамаша отырысқа Димекең жақсы танып, өнерін бағалайтын Жүсіпбек Елебеков шәкірті Жәнібекпен бірге шақыртылып, қонақтарға мәдени тұрғыда қызмет көрсеткен екен. Сонда жас әншінің өнері мен отырыс-тұрысына, сөйлеу мәнеріне  разы болған Димаш ­Ахметұлы әлгі бір бөлмеде анасы, қарындасы, тағы басқа туыстарымен сығылысып тұрып жатқан Жәнібекке министрліктің Ш.Қабылбаевтің орынбасары, генерал Калютаның үйленгелі жатқан ұлына деп сақтап отырған орталықтағы хан сарайындай үш бөлмелі үйін: «Генералдың баласы үйсіз қалмас, оны мына қойшының өнерлі ұрпағына беріңіздер» депті. Солайша, айналдырған жыл ішінде жиырмаға жасы енді жеткен Жәнібек екінші жайлы қонысқа орнығады.
Осы оқиғаны біз Жәнібек туралы деректі кітабымізге енгізгенде онымен бірге оқыған бір азаматтың «мұның бәрі ойдан шығарылған оқиға ғой» дегенде осы оқиғаны кезінде досымның өз аузынан естіген менің өзім сасыңқырап қалғанмын. Абырой болғанда былтырғы жылы министр Қабылбаев туралы  кітабымізге қажетті деректер жинап жүргенімізде осыдан жиырма жыл бұрын шыққан «Шырақбек Қабылбаев» деп аталатын естеліктер жинағы қолымызға тиген. Және сол естеліктер жинағы Б.Әшімовтың «Есімі елдің есінде» деп аталатын мақаласымен ашылған екен. Сонда елге сыйлы болған қадырменді ақсақал: «...Демалыс күндерінің бірінде Бақыт екеуіміз қонаққа бардық. Ол кезде Шәкең отбасымен Горная көшесінің бас жағында шағын жеке үйде тұратын. Димекең (Д.А.Қонаев) жұбайымен шақырылған екен. Асықпай отырып қонақ болдық. Өнер шебері Жәнібек Кәрменов домбыра тартып, ән шырқады. Баршамыз қызықтап тыңдадық. Өте дарынды азамат еді, өкінішке қарай, ол да  жастай дүниеден өтті» деп жазған екен. 
Жәнібектің жарқын өміріне тағы бірер мысал келтіре кетсем артық болмас деп ойлаймын. Ол Ғабит, Ғабиден сынды қазақ әдебиеті классиктерін әнімен, отырыстағы сәнімен риза ете жүріп, сондай алыптармен терезесі тең кісі ретінде  проферанц ойнайтынын, «Алматы» қонақ үйінің директоры, Рейхстагке ту тіккен қахарман Рақымжан Қошқарбаевпен досжар болғандығын қайтерсің! Тотымен бас қосып шаңырақ көтергенде сол тойды Кәкімжан Қазыбаев сынды халқымыздың марқасқа ұлдарының бірі басқарғаны да көп нәрсені аңғартса керек.
Бірақ бұдан осыдан кейінгі жерлерде Жәнібектің өнердегі жолы тақтайдай тегіс болған екен деген ұғым тумаса керек. Соның айғағындай кеңестік идеологтар әлі қаршадай жас азаматты ұлтшыл деп үлкен сахнаға шығуына, өнер сапарымен шет елдерге баруына кедергі келтіріп баққан. Содан соң ол «Жалын баспасының өнер бөліміне орналасады. «Ақылбайдың әні» деп аталатын алғашқы әңгімелер жинағы осы кезде жарық көреді. Одан сәл кейі­ніректе «Ғашықтың тілі», «Махаббат әні» атты прозалық кітаптары және жарыққа шығады. Сол шақта, нақтылап айтқанда жетпісінші жылдардың ортасынан бастап ол айтулы жазушы, білгір ғалым Ақселеу Сейдімбековпен республикалық теледидардың «Асыл мұра» бағдарламасы арқылы халқымыздың ән өнерін насихаттауға арналған ондаған хабарға қатысып, жүздеген ән жазғызады. 
Ол 1984 жылы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанса, ал келер жылы Мәскеуде өткен жастар мен студенттердің он екінші фестиваліне қатысып, арнайы төсбелгісімен марапатталып, дипломат атанады. Сол жылдары ұстазы Жүсіпбек Елебековтың орнын жоқтатпай өнер студиясында болашақ талай талантты жастарға дәріс оқитыны, ал одан сәл кейінірек Құрманғазы атындағы консерваторияда жаңадан ашылған дәстүрлі ән кафедрасының алғашқы меңгерушілерінің қатарында болғандығы тағы рас. 
Ал кешегі кеңестік империяда сексенші жылдардың ортасынан ауа жария­лылықтың туын өтірікті, шындықты тұрғыда желбіретіп, демократия нышандары сезіле бастағанда ол өмірінің соңғы үш-төрт жылында өнер сапарларымен Моңғолия, Қытай, Түркия, Швеция, Швейцария, Иран елдерінде болып үлгереді. Соған орай оның ұлттық өнердің бірден-бір жанашыры, сол шақтағы мәдениет министрінің орынбасары Әшірбек Сығай есімін аса бір құрметпен еске алып отырғанына бірер мәрте куә болғаным бар. Соның бәрі сеп болып ол жасы қырыққа жеткенде барып Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағына қол жеткізген. 
Бірақ мәселе атақта ғана ма? Соның айғағындай, Жәнібек ең бастысы халықтың аялы алақанын сезініп, көңілі соған марқая­тын-ды. Алайда өкінішке қарай,  атақты «Өмір туралы толғауында» басқаны «жалғыз шықпа сапарға» деп сақтандыра жүріп, өзінің ұзын жолға жалғыз шығып кетіп, қапияда қаза тапқаны барша өнер жанашыр­ларын өкінтіп кеткен. Әйтеуір көңілге бір демеу сол, сөз басында айтқандай, халқы күн, ай өтіп, жылдар жылжып жатқанмен оның есімін ұмытқан жоқ!

Дәулет Сейсенұлы,
журналист-жазушы

835 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы