• Тұлға
  • 15 Ақпан, 2024

«БАЙ, ҚУАТТЫ БОЛАЙЫҚ!»

деп елінің тілеуін тілеген телепублицист Нұртілеу Иманғалиұлы халқының жадында 

 

СӨЗ БАСЫ 

«Қарадан шығып хан болған» дегендей қарапайым тележурналистен «Қазақстан» телерадиокорпорациясы басқармасының төрағалығына дейін елеулі еңбек жолынан өткен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, танымал тележурналист, көңілі жақын досымыз Нұртілеу Иманғалиұлы дүниеден өтті дегенге әлі күнге сене алар емеспін. Уақыт деген тоқтаусыз. Кеше ғана жарқылдап арамызда жүрген азаматтың пәни дүниеден бақи дүниеге озғанына да үш жылдың жүзі болып қалыпты-ау.
Айғайласам да дауысым жетпейді-ау... Қандай өкінішті?!
Көз алдымнан Нұртілеумен танысқан кездеріміз, рухани табысқан шақтарымыз кино лентасындай үзік-үзік өтеді.
Біз танысқалы да қырық жылға жуық уақыт өтіпті. Нұртілеудің атын ұмытпасам, 1982 жыл болу керек, ол алғаш жүргізген «Көкпар» хабарынан естідік. Ол кезде республикалық «Білім және еңбек» жастар журналында қызмет ететінмін. Өзімізді оншақты жыл жұмыс істеген тәжірибелі журналист санап қалған кезіміз. Қазақ радиосы мен Қазақ телевизиясының жұмысына араласып тұрамыз. Тіпті Сағат Әшімбаевтың әйгілі «Парыз бен қарыз» хабарына да бірнеше рет қатысқаным бар. Бірде Ақаңмен, журналдың бас редакторы Ақселеу Сейдімбекпен әлдебір материалдарды әзірлеудің тәртібін ақылдасып отырғанымызда, сөз арасында «Қазақ теледидарында «Көкпар» деген хабар ашылыпты, көрдіңдер ме? Нұртілеу Мысықов деген жас журналист жүргізді. Болашағы бар бала екен!» деп қалды. Хабардың келесі бір шығарылымдарын көріп өзіміз де тәнті болдық. Тосын да тұщымды ой айтуға талпыныс, жастық жігер көзге ұрып тұрды. Телевидениеге барып, түрлі хабарларға қатысып жүрген кезімізде таныстық. Жылдар жылжып таныстығымыз біртіндеп сыйластыққа, сыйластығымыз достыққа ұласты.
Нұртілеу өзінің 45 жылдай тележурналистік ғұмырында «Көкпар», «Алтыбақан», «Ақиқат», «Ой-көкпар», «Жас жігер» экспедициясы», «Ашық әңгіме», «Ақиқат пен аңыз», «Жадыңда ма, жолдас», «Дидар» «Көзқарас», «Заң мен заман», «Арай», «Бетпе бет», «Діңгек», «Қолтаңба», «Заң сөйлесін», «Nur-Tileu» cияқты ондаған бағдарламалар жасады, жүздеген хабарлар жүргізді. 
Оны көрерменге кеңінен танытқан екі мыңыншы жылдардың басында «Хабар» арнасындағы «Бетпе бет» бағдарламасы болды. Бұрынғыдай көпшілігінде жастар қатысатын түрлі ойын-сауықтық, ток-шоу сипатындағы хабарлардан біржолата қол үзді. Сұқбаттасымен әңгіме-дүкен сипатында сыр толғап, қоғамдағы құбылыстарға баға беретін, елдің мұңы мен зарын ортаға салатын, көкіректі керген мың-сан сұраққа жауап іздейтін байып­ты хабарларға бүйрегі бұрды. Табиғатында оң жамбасына лайық дүниелер де осы болып шықты. 
Журналистің басты міндеті – қай жерде мәселе туындап жатса, соны көрсету ғой. Өйткені билік ондай тұстарды өз бетімен көрсетуге құлықты бола бермейді, керісінше сылап-сипап, аттап өткенді құп көреді. Әрине, одан мәселе жойылып кетпейді. Журналист те қолма-қол ештеңе өзгерте алмайды. Алайда, төртінші билік өкілдері – журналистер қарапайым жұртшылық пен биліктің назарын осы мәселеге аудару арқылы істің алға жылжуына ықпал етеді. Биліктің ең ығатын жері – оның дәрменсіздігін дәлелдеу. Журналистерден қорқатыны да, сыйлайтыны да осы тұсы. 
 
 

ПОЗНЕРГЕ ҰҚСАҒЫМ КЕЛМЕЙДІ 

 

Телевизиялық сұқбат қай елде, қай мемлекетте болса да өзінің өзектілігімен жұртқа ұнаған, қоғам үшін де, саясат үшін де маңыз­дылығы жоғары жанр. Журналист интервью алынып отырған адамның белгілі бір тақырыпқа байланысты ой-толғамдарын, өзіндік ұстанымдары мен көзқарасын ортаға салдырту арқылы қоғамда пікір туғыза алады. Әйтпесе пісуі жеткен әлдебір мәселелердің шешуін іздеп шұқшияды. Мақсат – сол қоғамдық пікір арқылы күрделі мәселелердің мемлекеттік деңгейде шешім табуына ықпал ету. Міндетті өзіне деген қауқарлы сенімі бар журналист қана жүзеге асыра алмақ. Осыны қалтқысыз ұққан Нұртілеу сондықтан да сұқбат тізгінін нық ұстайтын. Сөйлеушіні керек тұста қақпақылдап арнаға салып отыратын. Жалтарғанды бұрышқа қамап бұлтартпайтыны кімге ұнасын. Әсіресе бұл шенеуніктерге жақпайтын. 
Өз басым осы хабарларлың ішінде «Бетпе бет», «Ой-көкпар», «Қолтаңба», «Бай, қуатты болайық», «Nur-Tileu» бағдарламаларына қатыстым. Тіпті кейіреулеріне бір емес, бірнеше реттен қатысқаным бар. 
Бізді осындай хабарлармен қоса, телевизиялық қызмет те жақындата түсті. Өзара симпатиямыз біртіндеп достыққа ұласты. Ғасыр мен ғасыр шендескен тұста менің де 5-6 жыл өмірім Қазақ теледидарында өтті. Алдымен «Ақшам» ақпарат бағдарламасында бас редактор, кейін Қазақ теледидарының Бас директоры қызметтерінде. 
Нұртілеумен жиі ұшырасып, пікір алмасып жүрдік. Кейінірек бірде ой бөлісіп отыр­ғанда Нұртілеуге «Сен кейде Познерге ұқсап кетесің» дегенім бар. Өйткені мимикасы мен жест, көзәйектің үстінен тесілген сұраулы қалпы, ірі план, сұрақты тосыннан қою тәсілдері Нұртілеуді кеңестік-ресейлік тележурналист Владимир Познерге еліктейтін сияқты көрсететін. Ол кезде аты дүрілдеген Познер Мәскеудің ОРТ телеарнасында «Времена» деген бағдарлама жүргізетін. 
– Ой, Мәке, мен Познердің хабарларын көп көрдім. Жүргізуші ретіндегі артықшылықтарын да, кемшіліктерін де жақсы білемін. Оның бойында пассивті агрессия жиі көрініс береді. Кей сұқбатында ойының бағдарынан жаңылысып, жүргізушілік тізгінін босаңсытып алатыны бар. Тағы бірде бейтарап ұстанымда қалқып, алдын ала әзірлеген сауалдарынан аспай қалатыны да кездеседі. Сұқбатқа шақырған адамының көкірегі қазына болса ерекше құлшыныспен жетектеп, небір қызықты сұрақтар қойып, өзі де жанып кететін тұсы көп. АҚШ азаматы болғандықтан, оның Ресей патриоты болуға тырыспағаны анық. Еліктесе Познер америкалық жүргізуші Лари Кингке немесе Филь Донахиоға еліктейтін шығар. Ал мен Познерге ұқсағым келмейді. Өз басым ұлттық бағытқа және мемлекеттік мүддеге бейіммін! – деген. Сөйтіп, өзінің Познерден айырмашылығын, дәлірек айтқанда артықшылығын зергердің жүзікке қойған тасындай жарқыратып берген. Ойды ой қозғап ары қарай екеуміздің арамызда кеңестік кезеңдегі тележурналистика мен қазіргі тележурналистиканың айырмашылықтар туралы қызықты пікірлесу өрбіді. 
– Бұрын кеңестік цензура болса қазір журналистердің бойында өзінің ішкі цензурасы қалыптасқан. Ол кезде журналистерді «идеологиялық күрес майданының жауынгері» деп атайтын. Жоғары жақтан немесе редакция басшылығы тарапынанан бұйрық берілсе болды «жауынгер» оны орындауға міндетті болатын. Қазірде де солай ғой, – деймін мен. Нұртілеу болса: 
– Иә, журналистің бойындағы цензураны жоққа шығара алмаймыз. Бірақ көп жағдайда бұл журналистің кәсіби шеберлігіне, ішкі ұстанымына байланысты. Мәселен, өз басым үш қағидатты ұстанамын. Біріншіден, шындықты айтуға тырысамын. Екіншіден, өзімнің сұқбаттасыма деген тәнтілік немесе суқаным сүймейтін сезімдерімді ауыздықтап отырамын. Үшіншіден, мәселенің ақ-қарасына көз жеткізіп, обьективті болуға тырысамын, – деген. 
– Сұқбаттасыңды адам ретінде, маман ретінде ашу да оңай шаруа емес-ау! – мен тағы бір тақырыптың басын қылтитып қоямын. 
– Әрине, оған да алдын ала дайындық қажет. Дейли Карнеги айтады ғой: «Адамның өзі білетін нәрсесін, мүддесі мен шаруасын сөз етсең ғана ашылады. Мұқият тыңдаңыз, тыңдап отырғаныңызды сезсе ол ашылған үстіне ашылады. Мүлдем аз сөйлесеңіз де сізді пікірлес санайтын болады» деп. 

 

ҚАЛЫПТАСУЫМ – АҒАЛАРЫМНЫҢ АРҚАСЫ
 

 Біздің мұндай пікірлесулеріміз саясат, өмір туралы жиі ашық сырласуға ұласатын. Сондайда бір байқағаным, Нұртілеудің әр әріптесі, әр сұқбаттасы туралы жеке пікірі болатын. Өте бір ұнатпайтын нәрсесі жағымпаздық еді. Әсіресе жағымпаздықты мемлекеттік деңгейге көтерген адамдарды ұнатпайтын. Ондайларды мемлекеттік телеарнаға сұқбатқа жоғары жақтың тапсырмасы болмаса шақырмауға тырысатын. 
Нұртілеу жас кезінде ізденістеріне Совет Масғұтов пен Камал Смайылов ағаларының елеулі серпін бергенін жиі айтып отыратын. Совет Масғұтов 1960 жылы небары 21 жасында Қазақ теледидарына қызметке келіп, қырыққа да толмай дүниеден өтті. Сол 18 жылдың ішінде Қазақ теледидарына ұшан-теңіз еңбек сіңіріп кетті. Оны Қазақ телевизиясының ғылыми негізін қалаған тұңғыш ғалым десе де болады. Эфирді қазақыландырудың басы-қасында жүрді. Нұртілеу сол Совет ағасынан елеулі өнеге алды. Бірақ өкінішке қарай, аз мерзім ғана, өйткені бұл Совет Масғұтовтың өмірінің соңғы жылдары болатын. Нұртілеудің алған өнегесі – ілгері жетелейтін еңбек пен ізденіс қана екенін ұқты.
«Ал Камал ағам, Камал Смайылов болса, үнемі жастарға қолдау көрсетіп, тың ізденістерге жол ашып отыратын. Камал Сейітжанұлы қандай қызметте болса да, ұлтжандылығымен және табандылығымен танылған жан ғой. «Ертең маған келіп кетші» деп өзі мені қабылдауына шақырып, біраз ақыл-кеңес айтқаны бар. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында Мемлекеттік телерадио комитетін басқарып жүрген кезінде оның қазақ тіліндегі хабарлардың санын да, сапасын да арттыруға баса мән бергені бәріміздің есімізде. Бұл бәрімізге өнеге болатын. Сол ұстанымының нәтижесінде «Қымызхана», «Тамаша», «Алтыбақан», «Айтыс» сияқты ұлтымыз үшін бағалы да қымбатты хабарлар пайда болып, көрермен жүрегінен орын тапты емес пе?! Өз басым осындай тұлғалардың шәкірті болғанымды мақтан етемін. Қалыптасуым ағаларымның арқасы», – дейтін Нұртілеу. 
Сол тұстарда ол «Арай», «Діңгек», «Қолтаңба», «Көзқарас», «Заң мен заман», «Заң сөйлесін» сияқты хабарларды жүргізді. Бұл кейін жұрт арасына танымал болған «Бетпе бет», «Бай, қуатты болайық!», «Nur-Tileu» хабарларына бастаған өзіндік баспалдақтар тәрізді болатын. Ауқымы кең бағдарламалар Нұртілеуді есейтті, кәсіби тұрғыдан жетілдірді, оны шынайы телепублицист деңгейіне көтерді. Телевизиялық сұқбаттың қыр-сырын меңгерді. 

 

 РЕЖИМГЕ ҚОЛШОҚПАР БОЛМАДЫ 

 

Нұртілеудің бүкіл өмірі Қазақ теледидарына арналды. 
Интервью жүргізу, яғни сұқбат алу өзінше бір өнер ғой. Оның ішінде адамның интеллектуалдық ішкі әлемі алақанға салғандай көрінетін телевизиялық сұқбат алу қиынның қиыны. Нұртілеу өзінің ойымен де, бойымен де осы салаға лайық болды. «Аталы сөзді естігенде жұрт жым болады» деп Тұңғышбай айтпақшы, Нұртілеу де аталы сөзге құмар болатын. Естіген, оқыған немесе өзі ойлап тапқан сөздерін үнемі кішкентай блокнотына жазып жүретін. Соны эфирде ұтымды пайдаланған сәтін талай көрдік. 
Нұртілеу сұрақтары арқылы мәселенің мәнісін көрерменге толық жеткізуге тырысатын. Арасында өзінің де өзекті ойларын да ортаға салып жіберетін. Тіпті кейде сұқбат алып отырған адамның пікірінен гөрі Нұртілеудің пікір қоржыны салмақты болып кететінін талай байқадық. Міне, бұл Нұртілеудің шынайы телепублицист екенін көрсетеді. 
Сұқбат алушы тележурналист үшін маңыз­дысы сұқбаттың басында көрерменнің назарын өзіне аударып алу. Өйткені бұл жақсы хабар шығуының алғашқы шарты. Сондықтан орамды ой, жұмбақ қадам, тосын теңеулер сияқты телевизиялық тәсілдер ауадай қажет. Әрі мимика, жест тартып тұру керек. Ал мұның бәрі журналист өзіне өзі сенімді болғанда ғана, қазіргі тілмен айтқанда Айкюі мен Эйкюі бірін-бірі толықтырып жатқанда ғана мүмкін. 
Алғашқы «Құрбы-құрдастардан» бастап соңғы «Nur-Tileu» бағдарламасын қосып алғанда ол 4000-нан астам хабар жасапты. Қатардағы журналистен бастап телерадио корпорация төрағасына дейін өсті. Осы жолдардың барлығында ізі қалды. Ұлт­жандылығы сол болар, хабарларында қамшы, асық т.б ұлттық дүниелерді батыл қолданатын. 
Бүгінгі таңда тележурналист көп. Бірақ Нұртілеу ресейлік Соловьев, Киселев, Скабеева сияқты режимнің қолшоқпары болған жоқ. Табиғатында анау Познер, Гордон, Дудь сияқты ойлау жүйесі кең, нағыз өз ісінің қас шебері болды. Бірақ көбіне еркін сілтеуге ол өзі еңбек ететін мемлекеттік телеарнаның форматы жібермейтін. Өзім Нұртілеудің бойы­нан ешқашан билікке жағымпаздық мінез байқаған емеспін. Ол өзінің биігіне, халықтың құрметіне шынайы кәсіби шеберлігінің арқасында жетті. Бабасы Мұхаметқалидан дарыған тектілігін көрсетті. Ол жан-тәнімен ұлтына қызмет еткен шынайы телепублицист болды. 

 

ТАҒДЫР СЫНАҒЫНДА

 

«Өмірдегінің бәрі тектен текке болмайды: ол не сынақ, не жаза, не марапат» дейді ғой. Екі мыңыншы жылдардың басында бірінен кейін бірі екеуміздің де жұбайымыз қайтыс болып, мектеп жасындағы балалармен әбіржіп қалған кезіміз күні кешегідей. Араға уақыт салып хабарлассам, көңілі пәс. «Қой, көңілін сергітейін!» деп Қалқаман жақтағы «Триада» деген жаттығу орталығына ертіп бардым. Жиырма шақты жігіт аптасына екі рет сонда спорт залға жиналатынбыз. Жігіттер екі командаға бөлініп волейбол ойнайды, теннис бар, бассейні бар. Нұртілеу өзі спортқа бейім еді ғой, волейбол командасына сіңісті де кетті. Бойы ұзын емес пе, секіріп барып тордың үстінен допты тұқырта ұрғанда қарсы жақ тосқауыл қойып үлгермейтін. Мен өзіме ұнайтындықтан көбіне тенниске бейіммін. Соңынан бассейнге шомыламыз. Нұртілеу жақсы жүзеді екен. Әрі екеуміздің бильярдқа қызығушылығымыз да ұқсас болып шықты. Нұртілеуді сондай шақта ұнжұрғасын түсірмей өз биігінде сақтап қалған сол спорт пен эфир болды. Ол теледидарда кәсіби маман, өмірде – қарапайым азамат болып қалды. Кейін оған Қарлығаштай жақсы жар кезікті. Екеуі өте жарасымды жұп болатын. Нұртілеу әдемі киінуге қатты мән беретін. Кездесіп қалғанда «Нұреке, жарқырап тұрсың!» десем, «Құдайға шүкір, бірінші Алланың, екінші осы Қарлығашымның арқасы» дейтін. 

 

«ӨЛЕҢДІ ӨЗІМ ҮШІН ЖАЗАМЫН»

 

Нұртілеу табиғаты қызық жан еді. Қызбалығы да бар, эфирде сабыры да мол, қажет жерде өзінің пікірін табан тіреп қорғайтын. Жарқылдап жайылып түсетін де кездері де мол-ды. Бірақ ішкі жан дүниесі қылдай нәзік, оңаша қалған сәттерінде қолына қалам алатын. Мен оның өлең жазатынын 2005 жылы ғана білдім. Бірде кафеде шай ішіп отырғанымызда кездейсоқ бірнеше шумақ жыр жолдарын оқып қалды. Мен таңғалдым. «Оу, Нұреке, көңіл желкенін жел кернеп жыр әлеміне шарықтатқан екен, өлеңдеріңді берсеңші, газетке басайық!» деймін жаңалық көріп. «Қойшы, Мәке, мен ақын емеспін ғой. Өлеңді өзім үшін ғана жазамын. Мен журналиспін!» дейтін. Мына бір өлеңін келтірейін. Деңгейін өздеріңіз бағалай беріңіздер. 
Жігітті жұлмаласа ішінен мұң,
Не пайда тау қопарар күшінен тың.
Белгісіз беймаза ойдың тұтқынымын,
Ләззат ала алмайтын ісінен мың. 

От бүркіп, шоқ шайнаған өр кеудемнің,
Тым нәзік, қыл пернесін түсінер кім,
Адасқан үйірінен абайсызда
Мен торықсам торыдай кісінермін.

Айта алмай өзге түгіл өзіме де,
Құрт қайнатқан күбідей ісінермін,
Қайдасың, жақындашы, өлең-муза
Сен сөйлеші, мүмкін мен түсінермін!
Өлеңнің құдіреті – жырда тұнған мұңда. Қараңызшы, оқыған сайын өзімен өзі сыр­ласқан Нұртілеудің жұмбақ жан дүниесі алдыңнан шығады. 
Әкеден дарыған ақындық ұшқынын дамытып, машықтана берсе кәдімгідей от кеуде ақындардың қатарынан көрінер еді. Алайда ол бүкіл өмірін тележурналистикаға арнады. Студент кезінен өзін магниттей тартып тұрған телевидениемен араласты. КазГУ-ді бітірген бойда Қазақ телевидениесіне жұмысқа тұрды. Өмірінің соңына дейін өзінің сүйікті ісіне адал болды, сүйікті мамандығына тұрақтылық танытты. 

ТЕКТІЛІКТІҢ ТӨРКІНІ

Нұртілеу әкесі Иманғалидың айтыскер ақын, домбырашы, ел сыйлаған азамат болғанын үнемі мақтанышпен айтып отыратын. Бірде маған ватсап арқылы әкесі Иманғали мен өзінің суретін жіберіпті. Астына: «Екеуі де 68 жаста. Бірінің тісі жоқ, бірінің тісі түгел. Бірі халық ақыны, бірі ТВ журналисі. Ұқсаймыз ба?» деп жазыпты. Қарасам, екі сурет ұқсап тұр. 
Мен: «Әрине, баласы әкесінен аумайды! Бірақ маған баласының әкесінен оқ бойы озық туғаны ұнайды!» деп жауап жаздым. 
Сөйтсем ол іле-шала «Жо-жоқ, Мәке. Өз дәуірімен салыстырар болсақ, қолына су құя алмаймын ғой. Үш колхоздың (бір ауданда) бас бухалтері, әкесі халық жауы атанған, ит жеккенге он жылға айдалған. Өйткені Мысық (Мұхаметқали) үш мәрте болыс болған. Ал Имаш Қуатпен, Қалқамен айтысқан халық ақыны, танымал күміс көмей әнші. Манарбек, Жүсіпбекпен бірге «Әкемтеатрға» әнші ретінде қабылданып тұрып, әкесінің бір ауыз: «Әлеуләйіммен атыңды шығармай-ақ қой, жақсының арты жын болды дегізбей, қайт үйге!» деген уәжіне тоқтаған тұлғаға жету қайда?!. Бұл ұзақ, қызық тарих, кейін бір айтып берермін» деп отбасылық тарихынан сыр шерткені бар. 
Әкесі Иманғали айтса айтқандай айтыскер ақын, домбырашы, ел-жұрт сыйлаған беделді кісі болған. Атасы Қалиасқар, оның әкесі, яғни бабасы Мысық, шын аты Мұхаметқали, болыс болған, Маман бай мен олардың балаларының тұсында ықпалдылығымен көзге түскен кісі екен (Маман болғанда да балалары Тұрысбек, Сейітбаттал және Есенқұл қажылар Мамания мектебінің негізін қалаған әйгілі жан). Отбасындағы жалғыз ұл болғандықтан Иманғалидың әртіс болып кетуіне әкесі Қалиасқар үзілді-кесілді қарсы болған. Сөйтіп, ол бүкіл өмірін бірнеше колхозда бас бухгалтер боп өткізген. 
Нұртілеудің бір өлеңінде:
Жүз жасаған атамның арнасымын,
Дөңгелегі сияқты арбасының. 
Манарбек, Жүсіпбектен Ақмешітте,
Ән салған ақын Имаш жалғасымын, – дейтіні содан. 
Нұртілеудің әкесі Иманғалиды Жүсіпбек, Манарбектермен байланыстыратын негізінен өнер ғой. 
Сондықтан Нұртілеу: 
Егесте ерте иленген елтірімін,
Жігіттің жүрегі ашық кең түрімін.
Бухгалтер қарт ақынның кенжесімін,
Он төрт құрсақ көтерген кемпірінің.
Тегім – Найман, Матайдың Шоқанымын,
Сөз терген бір ұлымын Отанымның,
Шөбересі боламын ел билеген,
Мысық болыс атанған жоталының, –дейді.
Бұл Нұртілеудің «Менің шежірем» деген толғауында айтылатын жолдар. Ол осылай өз әулетінің тарихын таратады.
Нұртілеу дүниеден өтер өткенше туған жерінен кіндігін үзбеген жігіт. Ол әлденеше қоғамдық ұйымдардың мүшесі болды. Қайнаған өмірдің ортасында жүретін. Туған жеріне сіңірген еңбегі орасан зор дер едім. Айталық, Қызылағашты су басқанда сол жерден тікелей эфирге шығуы, халықты жұмылдыруы қандай жанкештілік! Ақсу ауданының юбилейлік шараларын ұйымдастырысты, ақын Сара Тастанбекқызының 150, 160 жылдық мерейтойлық шараларының ортасында жүрді. Ілияс Жансүгіровке ескерткіш қойдыртты. Алматы облысындағы мәдени-қоғамдық шаралар Нұртілеусіз өтпейтін. Сол шараларды өзі жүргізетін, немесе ақыл-кеңестер беретін. Облыстың сол кездегі әкімі Амандық Ғаббасов та Нұртілеудің талантын бағалады, соңғы сәтке дейін досына қолдау көрсетіп жүрді. Нұрекең тіпті пандемия кезінің өзінде жұртты сабырға шақырып, үйден шықпау керегін ескертіп жатты. Менде осы тақырыпта жіберген әлденеше видолары сақтаулы. 
Иә, туған жерден қымбат не бар? Нұртілеу де туған жерінің мәртебесін биіктен көргісі келді. Сол үшін де батыр жерлесі туралы хабарлар жасады. Оның үстіне өзі де Діңгектегі Нарсұтбай Есболатов атындағы мектепті бітірген. Нарсұтбай Есболатов – Кеңес одағының батыры. Алматыда трамвай депосында жұмыс істеп жүрген жерінен әскерге шақырылған. №316 атқыштар дивизиясында 1075 полкте қызмет еткен. 1941 жылы 16 қарашада Волокаламск тас жолы бойында немістердің Мәскеуге шабуылына тойтарыс берген. Шын мәнінде батыр. Сол взводта Иван Добробабин деген жауынгер де болған. Ол немістерге сатылып, кейін Украинада полицай болып істеген. Ал Нарсұтбай жауға шынайы қаһармандықпен қарсы тұрған қазақ. Нұрпейіс Байғанин Нарсұтбайдың ерлігін мадақтап «Ер туралы жыр» деген дастан жазған ғой. Нұртілеу өзінің Діңгек ауылындағы Нарсұтбай Есболатов атындағы мектепте оқығанын мақтан тұтатын. 

СЕГІЗ ҚЫРЛЫ ЖІГІТ ЕДІ

Нұртілеу гитарада, домбырада ойнатын. Ән де айтатын. 
Әдемілікті жақсы көрді. Суда жақсы жүзетін, волейбол ойнайтын. Бильярдтың да қас шеберлерінің бірі болды. «Сегіз қырлы, бір сырлы» азамат еді. Мен оның шебер аспаздық өнері бар екенін кейін білдім. Пандемия кезінде бәріміз карантинде үйде тығылып жатқанымызда маған өзінің жасаған сірне-дәмнама видосын жолдапты. Астына жазып қойған бір-екі шумақ өлеңі бар. 
Табиғаты қарапайым еді ғой. Бай ма, бас­қа ма, бәрімен терезесі тең сөйлесетін. Мек­тептес, курстас достарының қуаныштары­нан қалмайтын. Көп адамдарға жақсылық жасады. 
 Бес жыл бұрын жетпіс жылдығыма байланысты ғылыми-практикалық конференция өткізетін болып, соны ақылдасқанымызда Нұртілеу модератор болуды мойнына алған. Бір-екі күн қалғанда кенеттен інісі қайтыс болып, Ақсу ауданына жол тартты. «Енді не істедік?» деп аңтарылып отырғанымызда Нұртілеу қоңырау шалып, жерлеу рәсімдерінің бәрін өткізгенін, енді жолға шығатынын хабарлады. Сөйтіп, 600 шақырым жолды өзі рөлде жүріп, тура конференция басталған тұста келіп жетті. Досқа деген құрметі, адалдығы сондай болатын. Қалай риза болмассың?!
Мінезінде аңғалдық та, қызбалық та бар еді. Ол онысын жасырмайтын, айтарын айтып салатын. Өзіндік харизмасы болды, халық та сол үшін жақсы көрді. Өзі де «Нұртілеуді – Нұртілеу еткен көрермендерім» деп айтып отыратын. Қазақстанда қаншама балаға Нұртілеу деп ат қойылды. «Сіздей болсын!» деп келіп, батасын да алып кетіп жататындар да жетерлік-тін. Оның өмірге құштарлығы керемет еді. Өзі жүрген жерінің ортасынан ойып тұрып орын алатын. Өзіндік мінезінің арқасында ешкімге есесін жібермейтін. Қажет жерде сөзбен де, қолмен де қағып тастайтын. Бірде бейтаныс екі жігіт екі кештің арасында «ақшамыз жоқ еді, бәлен жерге апарып тас­таңызшы» деп өтініпті. Адам баласына жақсылық жасау қанына сіңген ғой. Жаны ашып келісе салыпты. Сөйтсе әлгілердің бірі жанына, бірі тура артына отырыпты. Біраз жүрген соң әлгілердің әрекетінен күдік туып, іштей дайын отырыпты. Қаланың сыртында бір оңашалау жерде «Келдік!» деген соң тоқтағанда артында отырғаны пластик жіпті мойнына сала бергенде тұзаққа сол қолын кіргізіп үлгеріпті. Машинаның кілтін ұстаған оң қолымен артқа бірнеше соққы жасап үлгерген. Анау есін жиғанша тұзақты жұлып тастап, алдында жататын қамшымен екеуін де сабаған ғой. Сөйтіп, қарулылығының, өжеттігінің арқасында аман қалған. Әйтпесе ана бұзақылар өлтіріп, машинасын алып кетпек екен. 

ЖАҚСЫНЫҢ АТЫ ӨЛМЕЙДІ

Қол қалт ете қалғанда Кеңсайға, Нұртілеудің басына барып Құран оқып қайту – әдетім. Бейіт басындағы ескерткіш те ойластырылып жасалғандықтан, сәтті шығыпты. Қайтыс болғаннан кейін жарты жылдай басы қарайтылмай тұрды. Сосын бірде Нұртілеудің үйіндегі келініміз Қарлығашқа қоңырау шалдым. «Не боп жатыр?» деп. Сөйтсем, жоба бойынша тақта мен көркемдік элементтер жасыл граниттен болу керек екен. Қордайдағы гранит кенішінен лайықты тас кесектері ұзақ уақыт кезікпей енді ғана табылыпты. Содан көп ұзамай Нұртілеудің өзіне, эфирдегі өнеріне лайық жақсы кешен бой көтерді. Қарлығаштың жан-жарына деген құрметіне, талғам-білігіне әбден разы болдым. 
Нұртілеудің атын мәңгілікке қалдыру үшін Астанаға қайта-қайта барып қаншама шаруа тындырды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетінде Нұртілеу Иманғалиұлы атындағы аудитория ашылды. Осында студенттер арасында оның атында «Таңшолпан» телебайқауы өтіп жатыр. Алматы қалалық музейінде Нұртілеудің өмірі мен шығармашылығына арналған экспозиция жұмыс істеді. Алматыдан кейін көшпелі көрме ретінде Шымкентте, Ақтауда, Атырауда, Астанада, Семейде, Талдықорғанда таныс­тырылды. Журналистер арасында Нұртілеу Иманғалиұлын еске алуға байланысты биллиардтан, волейболдан жыл сайын дәстүрлі турнир өтіп жүр. 
Жан-жары Қарлығаштың құрастыруымен «Бай қуатты болайық!» деген кітабы да баспаға дайындалу үстінде. Оның жымия күлген бей­несі жүрегіміздің төрінен орын алған. Қа­зағы барда Нұртілеу Иманғалиұлының есімі ұмытылмайтыны – көңілдерге айшықты медеу! 

Марат ТОҚАШБАЕВ,
жазушы-публицист, Қазақстан 
Педагогикалық Ғылым Академиясының
 академигі, профессор

 

 

1281 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы