• Тұлға
  • 22 Ақпан, 2024

Доқтырханның сан қыры

...Ақпанның ат құлағы көрінбес ақ түтек боранында – мың тоғыз жүз қырық тоғызыншы жылы өмірге келген Доқтырхан ата-анасы Тұрлыбек пен Гүлжанның көп жыл аңсап Жаратқаннан жалбарынып жүріп сұрап алған тұңғыштары – Бектұрсыннан кейінгі екінші перзенттері еді. Соғыстан кейінгі сол бір қиын-қыстау заманда жас ерлі-зайыптылар совхоздың бір отар қойын­­­ алып, жаз – жайлауда, қыс – қыстау баурайын­дағы қыстақта отырып, мал бағатын-ды. Келіншегінің толғағы қысқан дәл сол күні батыстан баяулай көтерілген жел кешкісін құтырынып, алай-дүлей боранға ұласты. Жуалының қатал мінезді табиғаты жергілікті тұрғындарға қашаннан-ақ белгілі ғой, әдетте мұндай ақ боран жеті-он күнге дейін созылатын. Мұны жақсы білетін Тұрлыбек көп ойланбастан-ақ шанаға кері қасқаны жекті де, келіншегін тонға орап, пәленбай шақырым жердегі аудандық ауруханаға түнделетіп болса да тартты да кетті. Жем жеп, жылы қорада тұрған жануар қалың қарды омбылай түсіп, жон арқасынан буы бұрқыраған күйі бір жарым-екі сағаттың ар жақ-бер жағында аурухана ауласынан бір-ақ шықты. Алдымен Алланың, сосын ақ халаттылардың аялы алақандарының арқасында дүние есігін іңгәләп ашқан қызыл шақалақтың есімін ата-анасы біріншіден, дәрігерлердің құрметіне орай, екіншіден осылар сияқты «адам жанының арашасы болсыншы» деп ырымдап, «Доқтырхан» деп қойды. Бірақ ол Доқтырханы доқтыр болмады...

 

Ерлі-зайыптылар Бектұрсын мен Доктырханнан кейін де Тұраркүл, Құраркүл, Райкүл есімді қыздарды дүниеге әкеліп, көп балалы отбасы ретінде біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей өмір сүріп жатты. Үйелмелі-сүйелмелі, бес саусақтай бес перзент мектепте білім алып, ата-аналарының үмітін жалғап, олардың көз қуанышына айналды. Осылардың ішінде жүріс-тұрысы да өзгеше, болмыс-бітімі де бөлектеу, пысықтығы да жетерлік Доқтырханның оқуы да жақсы еді. «Әке – балаға сыншы» демекші, Тұрлыбек бір күні әрі ойланып, бері ойланып: «Қыз – жат жұрттық» деген, үш қызым бойжеткен соң тұрмыс құрып кетеді, Бектұрсын оқу мен білімге жақын, оны ұстау қиын, түптің-түбінде ауылда қалып, бізді асырайтын осы Доқтырхан болар. Сондықтан мен оны қазірден бастап мал шаруашылығына баулиын» деп Доқтырханын жетінші сыныпта әжептәуір оқып жүрген жерінен мектептен шығарып алып, қой баққызып қойды. Айналасында қолұшын берер ешкім жоқ. Ақырында, үміт оты жылтырағандай болды. Қайдан ғана ойына түскені белгісі, «Лениншіл жас» газетіне хат жазып, көмек сұрау керек деп шешті. Сөйтіп, қолына қалам алып «Лениншіл жасқа» өзінің оқығысы келетінін, бірақ әкесі мектептен шығарып алып, қой баққызып қойғаны туралы «Менің оқығым келеді» деген мақала жазды. Араға екі-үш апта салып, әлгі мақаласы «Лениншіл жас» газетіне шығып тұр! Сол кездері республика бойынша екі жүз елу мыңдай данамен тарайтын, аптасына бес рет жарық көретін Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінің органы саналатын «Лениншіл жастың» халық арасынағы беделі де, тәлім-тәрбиесі де, оқырмандарға деген қамқорлығы да өте жоғары еді. Бұл шу мұнымен бітпеді. Араға тұп-тура он күн салып, ауылға құрамында «Лениншіл жастың» тілшісі, Жамбыл облыстық және Жуалы аудандық комсомол комитеттерінің өкілдері бар арнайы комиссия сау ете қалды. Жоғары жақтан келген комиссияның екпіні қатты... Бір орыс тұрмаса да, «Красный пахарь» деп аталатын кішкентай ауыл өз өмірінде дәл осылай дүрлікпеген болар. Көп ұзамай Доқтырхан мектепке қайта барып, оқуын жалғастырды...
Жуалыдан шыққан жиырмаға жуық жазушы, ақын, журналист бар. Бірде Жуалы ауданының әкімі, ақын Мырзахан Ахметовтің елу жылға арналған шығармашылық кеші болып, Шерағаң бастап, бір топ қаламгер болып, Жуалыға аттандық. «Бала кезінде біздің Доқаң «мені оқытпай қойды» деп туған әкесінің үстінен арыз жазған. Бұл мырза Жуалының «Павлик Морозовы» ғой», – деп бәрімізді күлдіргені әлі есімде.
Доқтырхан оқуын жалғастырып, орта мектепті бітірген соң, Қаратау қаласындағы техникалық училищені тәмәмдап, мамандық алып, құрылыс мекемесінде электрмен дәнекерлеуші болып жұмыс істеді. Армияға барып келген соң да осы жұмысын жалғас­тыра берді. Бірақ газеттерге мақала жазуын тоқтатпады. 
Менің Доқтырханмен алғаш танысқан күнім кешегідей көз алдымда. 1972 жыл еді, бір күні бөлмемізге рұқсат сұрап, әскери киімдегі бойы сымдай тартылған, қасы-көзі қап-қара, қою мұртты, бұйра шашты келбетті жігіт кіріп келді. Мен ол кезде Жуалы аудандық «Жаңа өмір» газетінде тілші едім. Аманшылық сұрасып болған соң «Әскерден жақында ғана оралдым, өзіңмен танысуға редакция­ға арнайы бас сұққан бетім еді. Аты-жөнім Доқтырхан Тұрлыбеков» деп өзін таныстырып өтті. Біздің газеттің белсенді авторы, физика-математика пәнінің мұғалімі, ауданымызға белгілі ақын Бектұрсын Тұрлыбековтың інісі екенін, бұл жігіттің де «Жаңа өмірде» әр түрлі тақырыпта мақалалары шығып тұратыны есіме сап ете қалды. 
Түскі үзіліске шығатын уақыт та таяп қалған еді, екеуміз сыртқа шығып, аудан орталығындағы жалғыз мейрамханаға бет түзедік.
...Арада жарты жыл өтпей, редакцияға Доқтырханым келіп тұр:
– Қасеке, «Жаңа өмірге» тілші болып орналасатын болдым. Бүгін бұйрық шығады, – дейді. Шын қуанып, қолын қыстым. Бұл жөнінде Доқтыр­хан өзінің бір естелігінде былайша жазғаны бар еді: 
– 1972 жылы әскер қатарынан оралған соң, көрші Свердлов ауданындағы механикаландырылған құрылыс колоннасында электрмен дәнекерлеуші болып жұмыс істеп жүрдім. Бірде Жамбыл қаласындағы Орталық автобекетте «Жаңа өмір» газетінде редактордың орынбасары болып еңбек ететін Аманкелді Ормантаев ағамды кездестіріп қалдым. Қаламы қарымды журналисті бала кезімнен білуші едім. Жаны жайсаң азамат бір мені ғана емес, қаламға икемі бар көптеген жастарды жақын тартып, үнемі қамқор болып жүретін. Алғашқы тырнақ алды мақаламды, әңгіме-өлеңдерімді осы кісіге апарушы едім.
– Доқтырхан, сенің кездескенің жақсы болды, – деді Әбекең қуанып, – біздің газетте тілшінің орны босады, келесің бе?
Мен қуана келістім. «Жаңа өмірдің» редакторы Әбдіғаппар Айтақов еңбек демалысында екен. Оның бірінші орынбасары Константин Цайзар мені жұмысқа қабылдап, тілші ретінде қызметке кірістім. Ол кезде аудандық газет қазақ және орыс тілдерінде аптасына үш рет шығатын. Байқаймын, әріптестерім жұмысыма дән риза. Арада 27 күн өте шығып, алғашқы жалақымды және қаламақымды алдым. Жұмыстан соң, Аманкелді, Ораз үшеуміз аудан орталығындағы жалғыз мейрамханаға барып, менің қызметімді жақсылап тұрып «жудық». Ептеп қызулаумыз, үшеуміз орталық саябақтағы би алаңына бардық. Өзіме де обал жоқ, орыстың бір әдемі қызымен билемек болып едім, жігіті қызғанып, мені итеріп жіберді, мен де қарап қалған жоқпын, ар жағы белгілі, төбелес басталып кетті...
Ертесіне бір көзім көгеріп, жұмысқа бардым. «Қырсыққанда қымыран іриді» демекші, сол күні редактор Айтақов жұмысқа шығыпты. Ол мені көріп:
– Мына бандит кім? – деп шошып кетті.
– Бұл жігіт біздің жаңа тілшіміз Доқтырхан Тұрлыбеков, – деп Аманкелді Ормантаев мені таныстырып жатыр.
– Кім көрінгенді жұмысқа аласыңдар. Аудандық газеттің аудандық партия комитетінің органы екенін ұмыттыңдар ма? Біреу-міреу мынаны көрсе, не дейді?! Арызын жазсын да, жұмыстан кетсін! Айтақов райынан қайтар емес, мені жұмыстан шығарып жіберді. Амалдың жоқтығынан бұрынғы жұмысыма қайта оралып, электрмен дәнекерлеуші болып жұмыс істеп жаттым...
...Сөйтіп, «Доқтырханның журналист болсам ба» деген арман-үміті осылайша біржолата үзілгендей болып жүргенде Свердлов аудандық (қазіргі Байзақ ауданы) «Село жаңалығы» газетіне орналасты. Көңілін демдеп алған соң Доқтырхан әртүрлі жанрдағы мақалаларды көсілте жазды. Өз ісіне мығым әрі жауапты журналисті тапқанына редактор да іштей разы болып, оны көп ұзамай бөлім меңгерушісі етіп, қызметін көтерді. Көзді ашып, жұмғанша өте шыққан үш-төрт жыл Доқтырхан үшін табысты кезең болды. Қаламы төселіп, аудан, облыс, республика көлемінде жазуы арқылы танылған ол ҚазМУ-дің журналистика факультетінің сырттай бөліміне студент болып қабылданды. Облыстық, республикалық басылымдарда тартымды дүниелерімен көрініп жүрген Доқтырхан Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газеті басшыларының да қызығушылығына ілініп, олар қаламының желі бар жас журналисті облыстық газетке қызметке шақырды. Бұл 1977 жыл еді...
1984 жылы Алматыдағы Қазақ теледидарына ауысқанға дейінгі Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетіндегі сынаптай сырғып өткен жеті жыл алдымен Доқтырханның өзінің сүйікті мамандығына сүйіспеншілігі мен жауап­кершілігін бұрынғыдан да арттыра түсті, екіншіден, журналистикадағы тынысын кеңейткен, тәжірибе жинақтаған кезең болды. Бірнеше жыл бойы мерзімді баспасөздерде еткен еңбегінің жемісін ол Қазақ теледидарының «Алатау» телебағдармасына редактор болып орналасқанда шын сезінді. Теледидарға орналасуы оның ұлтымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, әсіресе, ұмытылып бара жатқан қол өнері тұрғысында танымдық хабарларды жасауына жарқын жол ашты. Қазақ теледидарына орналасқан бойда ол сол жобаларын қолға алды. Соның нәтижесінде авторлық «Бойтұмар» циклды хабары қалың көрерменнің көзайымына айналып, республика жұртшылығынан қолдау тапты. Осы хабарлары негізінде «Бойтұмар мен ойтұмар» атты көлемді танымдық кітап жазды. 
Алматыға келген соң Доқтырхан жұмыс істеу қарқынын бұрынғыдан да үдете түсті. Тек телехабарлар түсірумен ғана шектеліп қалмастан, әдеби шығармалар жазуға да ден қойды. Бұл ретте «Сталиннің мүштегі», «Қазақы қалжыңдар», «О дүниеден келген өкіл», «Түбі түскен шелек және сыпыртқы», «Қалила Қожаның хикаялары», «Екі килә алма және сникерс» сияқты сатиралық кітаптары жарық көріп, оқырмандардан лайықты бағаларын алып жатты. Елімізге белгілі сатирик-жазушы Ғаббас Қабышұлы ағамыз батасын берді.
Доқтырханның Алматыға келуі оның шығармашылық әлеміндегі екінші тынысын ашты. Ол Алматы теледидарында, «Алатау» телебағдарламасында Бас редактор, Қазақ теледидары Бас директордың бірінші орынбасары, «Қазақтелефильмнің» Бас директоры сияқты басшы қызметтерде жүргенде де қолынан қаламын тастаған жоқ. Соның нәтижесінде, «Бекет ата жолымен», «Өмірдің сегіз сәті», «Мұсатай», «Үш құрдас және мен», «Шер-аға», «Тереңнен тартқан тектілік», «Тағдырыма ризамын», тағы басқа да әңгіме, хикаят, роман жанрында жазылған прозалық кітаптары бірінен соң бірі жарық көріп жатты. Бұл ретте Доқтырханның Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері атануы оның осынау журналистік және әдеби шығармаларына берілген әділ баға еді.
Жалпы Доқтырхан Тұрлыбек – әмбебап қаламгер. Доқтырханның деректі, тарихи, танымдық фильм­дері бір төбе. Оның әр жанрдағы жиырмаға тарта жарық көрген кітаптары мен қырыққа жуық деректі фильмдері оның жан-жақтылығын, яғни өнердің осынау қос саласында бірдей әрі жемісті еңбек етіп келе жатқанының шынайы көрінісі. Ал Д.Тұрлыбектің көпшілік біле бермейтін, ол туралы кеуде қағып өзі де айта қоймайтын тағы бір қыры бар. Ол – оның ақындығы. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ өлең жазуды бастаған ол кейін журналистикаға ден қойды да, өлең жазуға аса мән бермеді. Екіншіден, елімізге белгілі ақын, туған ағасы – Бектұрсынмен «жағаласқандай болмайын» деп өзінің оң жамбасына келер журналистика мен прозаны, сосын, тележурналистиканы тізгіндеді. Доқтырхан қазір де қолы қалт еткенде ешкімге көрсетпестен өлең жазатыны бар. Десе де, ақындық жағынан Бектұрсын ағасының өзінен мықты екенін мойындайды. Бір өкініштісі – Бектұрсын бауырымыз шығармашылық жағынан толысқан шағында, елу жастан енді ғана асқанда соңына өлең-жырдан мәңгілік мұра тастап, бақилық болды. 
Қазақстан Журналистер одағы және Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтардың, сондай-ақ Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы мен Халықаралық «Алтын сафран» жүлдесінің иегері, Жамбыл облысы, Жуалы ауданының Құрметті азаматы, елімізге белгілі жазушы, белді журналист, режиссер, ең бастысы – парасат-пайымы жоғары, бітімі бөлек, бекзат болмысты қарымды қаламгер – Доқтырхан Тұрлыбек тұрғысында аз-кем сөз қозғадық. Ондағы мақсатымыз – әмбебап сөз саңлағының жүріп келе жатқан соқпақты жолы оның ізбасарлары мен жастарға үлгі-өнеге болсын деген ой еді. Жүрісіңнен танба, тұлпар тұлғалы, қаламгер дос! 

Қасым ӘЗІМХАНҰЛЫ

361 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы