• Тұлға
  • 29 Ақпан, 2024

«Алтын балықтың» құпиясы

Жазушы Несіпбек Дәутайұлы­ның «Алтын балық» повесі – отаншылдық рухты асқақ етіп, адамдық қасиетті насихаттап, өзіңді тануға жетелейтін шығарма. Бұл идея жазушының концептуалдық жетістігін танытатын әдебиет­тегі көркем шындық категориясын айғақтайды. Аталған туындының құндылығы жөнінде жеке көзқарасымызды білдіріп, талдау жасауды мақсат еттік. 

Жазушының «Алтын балық» повесіндегі алғашқы сөйлеміне назар аударайық: «Осында қоныс аударып келіп, алақандай Айнакөлді көрген күннен баланың түсіне не тілесең тілегіңді беретін ғажайып алтын балық жиі-жиі кіретін болған...». Ойымызға бірден орыс халқының ертегісі, алтын балықтың адам баласының тілектерін орындай алар қасиеті оралады... Расында да, алғашқы сөйлем талай ойдың ағымына жол ашатындай. Көзі қарақты оқырманда бірден «Егер кейіпкер алтын балық ұстаса, қандай тілек тілейді?» деген сұрақ туындайды. Атамекеннен алыста жүрген қария өз баласының туған жерге оралып, сонда өсіп-жетілуін қалайды. Алтын балықты тек туған жерде ғана ұстауға болатынын айту арқылы қария балаға үміт сыйлайды. Бұл атамекеннің қадірін білу, туған елге деген құрмет секілді сезімдерді оятатын маңызды эпизодтар. «Алтын балық туралы тек шал ғана айтатын. «Оны қайдан ұстауға болады? дейтін бұлар елеңдеп. «Оны, – дейтін анау. – Әркім тек өзінің ата-бабасының кіндік қаны тамған жерден ұстай алады». «Ол сонда қай жер, ата?» «Алтайдан Атырауға дейінгі жер, балаларым. Қазақ жері».  
Повестегі «Алтын балық» – символикалық бейне. Осы арқылы автор туындының көркем шындығын «тілек тілеу» мотиві арқылы қуатты етуді негізге алады. Туған жерге оралған Бекенай Айнакөлге қармақ салып, тілекті орындайтын алтын балықтан үмітін үзбейді. Көл маңында мал баққан бір қолы жоқ шолақ Өстемірмен танысады. Ауған соғысында бір қолынан айырылған Өстемірдің жүзі жылы, ойы өзгеден озық. Өстемір арманның жетегіне ерген Бекенайдан: «Егер алтын балық ұстап алсаң қандай тілек тілер едің?» деп сұрақ қояды. Сонда бала: «Үй салып берсе екен. Көкеме Құлбайдың иттерін баққаннан басқа ақшасы көп жұмыс тауып берсе екен. Мамам жыламаса екен» деп жауап береді. Жоқшылықтың зардабын тартқан жас баланың санасына ой салар сөзді Өстемір былай келтіреді: 
– Ал енді алтын балықты ұстап алсаң, сұрайтын тілегіңді айтайын ба? Мысалы, сен оған ең әуелі, елімді аман қыл де. Неге деймісің? Аман елдің азаматы көп болады. Азамат деген – ақылдылар деген сөз. Азаматы көп елдің кісілігі де ұлан-ғайыр. Еңсесі биік, ертеңі жарқын. Қазақ атаң «Әруақты жерден ат үркеді» деген. Азаматы көп елге солай, қиянат, кесір, кесапат сияқты пәлекеттер жоламайды. Ұғып отырмысың? 
– Адамдардың бәрінің өз үйі бола ма? 
– Азаматы көп елде солай. 
– Бәріне жұмыс табыла ма, іздесе? 
– Азаматы көп ел ешкімді жұмыссыз тастамайды. 
– Аналар жыламайды ма, қашан жаримыз деп?
– Азаматы көп ел әйелдерді жылатпайды. 
– Қазір, көке, сонда немене, азаматы көп емес пе? 
– Енді, бар ғой, жалпы. Сірә, аз-ау, әлі. Бірақ олар, сөз жоқ, көбейеді. Білесің бе, қайтсе? 
– Білмеймін. 
– Алтын балық ұстап алсаң, аман елде аналар көбейсін деп те тіле. Аналар көбейсе, ұрпақ көп болады. Көп ұрпақтан азамат көп шығады. Міне, сонда жақсылыққа кенелеміз. 
Кейіпкер арасындағы қарапайым диалог болып көрінгенмен, кейіпкерді типтендіру, образ жасаудың даралау формасын аңғарамыз. Алтын балық ұстауға ниетті болған бала арманы бір повестке жүк болғанын байқаймыз. Автор бала тілегінің мазмұны арқылы елдегі әлеуметтік мәселені, кедей өмірдің бала танымында бедерленген шынайы өмірдің объективті бейнесін көрсетеді. Бұл – заңды құбылыс. Жоқшылықтың зардабын тартқан ата-ана тәрбиесіндегі Бекенайдың басқалай тілек білдіруі мүмкін емес еді. Алайда осы тілекті ұлттық әрі адамзаттық деңгейге көтеруге себепкер болатын кейіпкер сөзі толғандырмай қоймайтыны анық. Бұл ойдың түпкі байламы қазақ ұлтының өркендеуі үшін тер төккен ұлт зиялыларының идеясымен үндес екенін атап өткен жөн. Автордың астарлап жеткізгісі келген идеяға үстірт қарасақ, көркем туындының концептуалдық жетістігін танымағанымыз. Өстемірдің отбасы, ошақ қасындағы ой-сананы ұлттық деңгейге жетелеп, жоқшылықта өмір сүрген балаға эмпатиялық көзқараспен қарауы оқырманға эстетикалық әсер сыйлайды. Капиталистік қоғамның белгілері анық көрінген тұста жеке бастың қамына байланбай, «ел баласы» болып, кешегі арыс­тай азаматтардың ізін жалғауы керегін қарапайым диалог арқылы жеткізеді. Автор кейіпкердің үшінші тілегінің мазмұны арқылы бүгінде ұлан-ғайыр жерге иелік еткен қазаққа демографиялық өсімнің қажет екенін өзекті мәселе етіп қозғайды. Бүгінгі қоғамның сұранысын қанағаттандыратын көркемдік процестерді Несіпбек Дәутайұлы өз сөзінде былай дәйектейді: «Қандай да бір күрделі шығарма болсын, бәрі бір, бас қаһарманы – халық. Суреткер шығармасын кешегі шындықтан туғыза ма, бәрібір, әйтеуір халықтың ертеңгі болашақ жолындағы күресін сипаттайды». Кейіпкер сөзі арқылы автордың ел болашағына алаңдаулы күйін, ішкі жанайқайын байқаймыз. 
Шығармадағы әр кейіпкер – жанды деталь. Оқиғаның өрбуінде әрбірінің өзіндік орыны болады. Яғни, қосалқы кейіпкерлер бас кейіпкердің образын ашуға септесетін құрал. Өстемірдің Бекенайға қармақ және өз малынан бір серке сыйлауы арқылы баланың жігері құм болмай, өмір қиыншылығына мойымай өсуін қалайды. Автор Құлбайдың надандығы мен сараңдығын, бай мен кедей психологиясын қарама-қайшылықта суреттеу арқылы кедейліктің ықпалына түскен қаршадай баланың өсу жолынан рухани жетілу, сананың жаңғыруын байқаймыз. 
Бала түс көрген: жайлап аққан өзен үстінде алтын балық бүкіл денесімен көкке тік шаншылып тұр. 
– Мені ұстасам деп армандап жүрген бала сенбісің? – деді адамша сөйлеп.
– Иә.
– Сонда не тілегің бар?
– Елімізді аман қыл. 
– Сен өзіңе үй сұрамақ едің ғой. 
– Оны өскенде өзім тұрғызып аламын...
Автордың жазушылық қуаты кейіпкердің болмысы мен сезім динамикасы арқылы өсіп отырады. Өстемір бүкіл көркем шығарманың көркемдік, ізгілік, тәрбиелік мән-мазмұнын танытушы сипатқа ие, оның ең басты ерекшелігі – авторлық идеяны жеткізуі. 
– Сіз не, жұлдыздардың ағып түсетін жерін білесіз бе?
– Қайдан, – деп жымиды Өстемір. – Оны ешкім де білмейді ғой. Адам ешкім білмейтінге құштар. Сол құштарлық табады ешкім білмейтінді. Бәлкім, Бекенай, ешкім ұстай алмаған алтын балықты сен ұстап алатын шығарсың, а?... 
Яғни, ертеректе өзгелер іске асыра алма­ған идеяны сен жүзеге асырасың деген сөзін кейіпкерді типтендіру арқылы жеткізген. 
Ең қызығы, көркем туындының соңында «Алтын балық» Бекенайдың өзі болып шығады. Ол орындалса екен деп жүрген тілектерін өзі орындауы керек екенін түсінеді. Бұл – жазушының концептуалдық жетістігі. 

Нұрмахан Азаматұлы,
№24 лицейдің қазақ тілі мен 
әдебиет пәнінің мұғалімі 
Алматы

548 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы