• Тұлға
  • 29 Ақпан, 2024

Көңілінен күн күлген Қыдырәлі-ай!..

Қыдырәліні еске алғанда көңілді қаяулы мұң торлағанымен, ол туралы көңілсіз әңгіме жаза алмайтын сияқтысың. Өйткені оның бар болмысы, жарық дүниеде жасаған тіршілік тынысы, жүріс-тұрысы, сөзі, көзі, бір сөзбен айтқанда, Қыдырәлі деген атының, затының өзі бір жарық әлем еді ғой. Оның әлдеқалай тұнжырап жүргенін, я біреуге қабақ шытып, қатуланғанын, бірдеңеге налып, назырқанғанын көрмеппін. Ол төрт құбыласы тең, төңірегі кең адамдай қашанда жайраңдап жүретін. Жоқпын деп жасыған, бармын деп тасыған жан емес еді. Сол, бір қалыпта, бір кейіпте, қылжағы жарасқан, бала мінезді, сонысымен жұғымды, сол жаратылысымен жағымды, жайдары, мәрт көңіл Қыдырәлі болып өтті өмірден.

Ол өзі де еркелеп, өзгені де еркелетіп жү­ретін. Жасы бізден ересектеу болса да «Қыдырок» деп ер­келетуші едік, «Қыды­рок» деп еркелейтінбіз. «Қой­тин» деп қал­жың­дасатынбыз. Оның жүрген жері жерұйық секілді еді. Күлдіріп, тіпті ­«бүлдіріп» жүретін қылығының өзі әдемі аура туғызатын. 
Екінші курста ғой деймін, бір күні жатақхананың дәлізінде кеудесін қолымен басып, сәл бүгіліңкіреп келе жатқан Қыдыр­әліні кезіктіріп қалдым. 
– Ей, Қыдырок, неғып бүгжеңдеп келе жа­тырсың? – дедім оны әдеттегідей бір күл­діргі кейіпке еніп келе жатыр екен ғой деп. 
– Кеудеме бір оңбаған 45-ші размерлі бәтеңкесімен пешат басып, соның ізі жоғалып кетпесін деп қолыммен басып келе жатқаным ғой, – деді ол ыржиып. Біртүрлі ентігіп демалатын сияқты. Түкке түсінбей: 
– Қайдағы оңбаған, бәтеңкесі несі? Сен де бірдеңені айтасың да жүресің, – деймін. 
– Шын айтам, көрсетейін бе пешатын? – деді күліп. Сөйтті де жейдесінің жоғарғы екі түймесін ағытып, көйлегінің омырауын керді. Тура төсінің үстінде қанталап, жан-жағы көгеріңкіреген үлкен із қалыпты. 
– Мәссаған! Не болды? – дедім сонда ғана оған аянышты үнмен. 
– Жәй, кейбір жігіттерге біздің де оңай емес екенімізді көрсетейік деп «әзілдеп, ойнаған» едік, – деп ауырсынып тұрса да, ыржия күліп кете барды. Кейіннен жігіттерден білсек, сыраханада кезекте тұрғанда Шойбек екеуі сол жердегі жігіттермен сыра құятын күрөшкеге таласып, ерегісіп, соңы жаға жыртысуға жалғасып кетіпті. Сол жердегі жігіттер бір жақ, біздің жігіттер бір жақ болып, табан астынан опай топай төбелес қызып кеткен ғой. Сол сойқан кезінде күржиген жігіттердің бірі Қыдекеңді кеудеден күректей табанымен солқ еткізіпті. Шөкеңнің қабағы жарылып, соңында біздің жігіттер қарсы топтың жігіттерді тырқырата қуып, сабап, айыздары қанып қайтқан беттері екен. Қыдырәлі болса оны қылжаққа айналдырып, «ойнадық әшейін, мен де бір көк көздің бөксесіне аздап пешат бастым-ау деймін, әйтеуір аяғымды қатты бір сермегенде башпайым былқ етіп, майлы бір жерге кіріп кеткенін білемін» деп күлдіріп жүрді. 
Бір қарағанда момақан, шатақ шабыс­тан аулақ жүретін секілді көрінгенмен, на­мыс қайралатын кезде кеудесін ешкімге бас­тырмайтын өжеттігі де байқалып тұратын.
Ата-анасының жалғыз тұяғы болғандықтан ерке, еркін өскендігі оның мінез-құлқынан, қылығынан айқын аңғарылушы еді. Әкесінің атын атап, «Исалы бүйтетін, Исалы былай дейтін» деп күлдіргі әңгімелерге қарық қылып жүретіні де есте. Бірақ ерке болғанда ессіз ерке емес, ақылды, есті ерке болып өскені оның адамдық қасиеттерінен-ақ белгілі еді. 
Қыдырәлінің қылжақбас сол ерке мінезі айналасына көңілді күй сыйлайтын. Тіпті танымайтын адамдарды да қисық сөзімен еріксіз өзіне қаратып, жан жағын жайдарыландырып жіберетін қылығы көп еді. Автобусқа мінгенде, адамның көптігінен қысылып-қымтылып, шекеміз тырысып тұрсақ, қолына қысқан 1 сомды жоғары көтерген Қыдырәлінің «у кого есть 95 копеек сдачи?» деген дауысы естіледі. Жолақыға төлейтін 5 тиын үшін кім 1 сомды ұсақтап, 95 тиын қайтарып жатады? Оның бұл қылығына біреулер «мынаның есі дұрыс па?» дегендей таңырқап қараса, біреулер мырс-мырс күліп, мәз болатын. Ал Қыдекең түк болмағандай ыржиып тұра беруші еді. 
Ол түгілі көшеде бағдаршамның жасыл көзінің жануын күтіп тұрған адамның қасына келіп, «кто крайний?» деп кезек «сұрап», жұртты «әпенді әзілімен» таң-тамаша қалдыратынын қайтерсің?! Оның осындай қылығы еске түссе, әлі күнге езу тартып, жанымыз жадырап қалады.
Аңқылдақ, елпілдеген елгезек, көңілінде иненің жасуындай кірбіңі жоқ, мәрт пейілді, қонақжай Қы­декеңе Құдай Ділдәрді бап қосқан. Екеуінің берекелі шаңырағынан қашан да жылылық пен жайлылық жұпар шашып тұрады. 
Жан пендеге «жоқ» деп айта алмайтын жомарт жүректі Қыдырәлі тіпті өзі қиналып тұрса да өзгенің жағдайын жасауға, өзгенің көңілін табуға құмбыл болатын. Ешкімнің өтінішін жерге тастамайтын, ақ жүрек азамат еді ғой расында, қайран Қыдекең! Бүкіл курсқа мәңгілік естелік болып қалатын «Өзіміз жайлы әңгіме» кітабын жалғыз өзі жасап, ол үшін көк тиын дәметпей, жанкештілікпен істеген еңбегі үшін кезінде тым болмаса дұрыстап алғыс айта алдық па өзі деп ойланамын қазір. Ол сол кітапты бізге естелік етіп қалдырумен қатар бәріміз үшін ерекше қымбат жинақты құрастырып, курс­тастары алдында өзіне өшпес ескерткіш орнатып кетті.
Кітап дегеннен шығады, кітап оның үйінің, Ділдәр екеуінің басты байлығы, қазынасы. Үлкен бір бөлмені түгел алатын кітап қорынан қандай шығарманы іздесең де тауып береді. 
Онымен соңғы рет жүздескенімізде денсаулығы біршама сыр беріп жүрген еді. Сөйтсе де Шойбек екеуіміз көңілін сұрай барғанда әдеттегі шыдамды қалпынан айнымай, сырқатын сездірмеуге тырысып, жайдары кейіппен әңгіме-дүкен құрып, одан соң «шаршап қаларсың» дегенімізге қарамай, бізді төменгі қабатқа алып түсті. Мұндағы кең бөлмені ұзынынан алып жатқан сөрелердегі ұқыппен жиналып, сірескен кітаптардың санын дөп басып айту қиын. Бірақ бір кітапханаға азық болар дүние бар екенін даусыз. Оларға қоса, сөрелерге сыймаған қаншама кітап жерде қат-қат болып текшеленіп тұр. Түрлі газет-журнал да тау болып үйіліп қалыпты.
– Енді кішкене оңалып алсам, мына сөрені жалғастырып, ары қарай ұзартуым керек. Сыймай жатқан кітаптарыма орын сайламасам болмайтын түрі бар, – деді. Шіркін-ай, десеңші, жақсы адам тек жақсы ойға ұмтылады екен ғой! 
Сөйтті де, сөредегі бір бөлек топтастырылған кітаптың ішінен курстас қыз-жігіттердің шығар­маларын біртіндеп суырып алып, солар үшін мақ­танғандай, әр кітаптың бетін сипалап, бізге көрсетіп шықты. 
– Мынау Толымбектікі, мынау Мұраттікі, мынау Шәкидікі, міне, сенің Төлебиің, Шөке, Ділдәрдің кітаптарының өзі бір төбе болды, мынау Жолтайдікі, ал, мынау Динаныкі, Гүлзакираның «Таңғы дауысы» да бар, Серік Сатановтың «Сағым дүниесі» мінекей... 
Біраз талантты курстастарымыздан айырылыппыз ау, ә? Қазақ әдебиетінен ойып орын алатындай Мұрат қандай еді! Гүлзакира, Серік... Екеуі де мықты ақын еді. Ертерек кетіп қалды ғой. Дауылдап жүретін Қынабай, кешегі біз Түймебай дейтін Сырым... енді арамызда жоқ деді мұңайып. Сосын қолына Серіктің «Сағым дүниесін» қайта алып, «осыны сендерге берейін, естелік болсын, менде тағы бір данасы бар» деді маған ұсынып жатып. 
Марқұм болған курстастарды еске алып, көңілімізді бір сәт ала құйын адақтап өтті.
...Бірақ... Көп ұзамай Қынабай, Мұрат, Серік, Гүлзакира, Сырым кеткен жаққа «Қыдырок» деп еркелейтін, көңілінен Күн күлген Қыдырәлі де аңдатпай аттанып кетерін ойламаған едік... Жалған дүние-ай!..

Асхан МАЙЛЫБАЕВА, 
журналист 
Шымкент

363 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы