• Тұлға
  • 29 Ақпан, 2024

ПЫШАҚҚА ТҮСКЕН КІТАП

Мұрат Әуезов қызметке тұрған 1970 жылы Философия және құқық институтындағы моральдық-психологиялық ахуал өте шиеленіскен еді. Ол келердің алдында ғана осы мекемені құрылған күнінен бері басқарған заңгер-академик Салық Зиманов директорлық қызметінен босатылып, оның орнына республикалық партия ұйымының нұсқауымен Орталық Комитеттің ғылым және жоғары оқу орындары бөлімінің меңгерушісі болып істейтін философия ғылымының кандидаты Тоқтағали Жангелдин тағайындалған. Ол кезде партиялық тәртіп қаншалықты қатаң болса да Академия жарғысы үнемі басшылыққа алынатын. Соған сәйкес институт директорының кандидатурасы Академия қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің жалпы жиналысында талқыланып, көпшілік дауыспен бекітілетін. Т.Жангелдин үш мәрте қатарынан ұсынылса да институтты жоқтан бар жасап, өз қолымен құрған, атағы да, ғылыми еңбегі де зор академик Зимановтың еш негізсіз қызметтен алынғанына қарсылық ретінде ғылыми қауым оны бекітпей тастайды. Әйтсе де партияның тоқпағы мықты болғандықтан ол үш жыл бойы директордың міндетін атқарушы деген солқылдақ лауазыммен шіліңгір шілденің өзінде мұз қатырғандай шытынаған қызметін жалғастыра берді.

Академик Салық Зиманов өзінің не үшін қызметтен қуылғаны жайлы «Смутное время» в истории Института философии и права» атты мақаласында: «Особенностью искусства «временного директора» института было то, что постоянное нагнетание и обострение обстановки в коллективе, слежки и гонения «неусмиренных» ученых, считалось условием демонстрации силы и усиления своего влияния», – деп жан-жақты көрсетіп кетті (Зиманов С., Полное собрание сочинений, А., 2009, т. 10, с. 433). Бұл туралы біз ардақты ұстазымыз жайлы жазылған «Ақсарағат» атты еңбегімізде толық тоқталып өткендіктен ары қарай ежіктеуді артық санадық.
Мәскеудегі еркін шығармашылық ахуал­ға үйреніп қалған Мұратқа институт ғалымдарының екіге жарылып, үнемі жоғары жаққа арыз-құрыз жолдап, бірін-бірі кінәлап, күстаналап жатқан күміремдеу жағдайы қолайсыздау әсер етті. Дегенмен, ешбір топқа қосылмай, бойын саяқ ұстап, «көшпелілер эстетикасына» байланысты ғылыми жұмыс­тарының бағытын бекітіп алған соң, білек сыбанып іске кіріседі.
Мектептен кейін бірден университетке түсіп, қазіргі қазақ әдебиетінен диссертация қорғаған Мұрат қазақстандық философтардың еңбектерімен сырттай ғана таныс болса да, ендігі жерде олармен бірге жұмыс істеуге тура келеді. Ол Мәскеу жоғары оқу орындарын енді ғана бітіріп, мол білімін ғылымға жұмсауға зор құштарлық танытып, жалындап тұрған жастарға, ең алдымен, «жастұлпарлықтарға» арқа сүйейді.
Күрескер Мұрат рух азаттығы жолындағы еңбегін жаңа ортада астыртын түрде жалғас­тырып, елуінші жылдары сталиндік азап лагерінің ащы дәмін татқан кандидаттығын қазақ-татар әдеби байланыстарынан қорғаған ғалым, кезінде «Елін сүйген ерлер партиясының» (ЕСЕП) жетекшісі болған Бүркіт Ысқақов­пен ағалы-інілі қарым-қатынаста болып, жиі пікір алысып тұрады.
Көшпелілер эстетикасын зерттеуге құрылған Мұрат Әуезов басқарған топқа алғашқы кезеңде Мәскеуде өзімен бірге оқыған Сәбетқазы Ақатай, Болат Қарақұлов, Әсия Мұхамбетовалар тартылса, кейін олардың қатарына өз ортасынан суырылып шыққан талантты жас ғалымдар Едіге Тұрсынов, Қанат Нұрланова, Мирлан Қаратаев және Эльвира Шәкеновалар қосылды. 
Жетпісінші жылдардың басында екі тілде бірдей еркін сілтейтін аса талантты жас фольклорист-ғалым Едіге Тұрсыновтың есімі дүрілдеп тұрды. Текпінді Едігенің «Қазақ тұрмыс-салт ертегілерінің генезисі» деген кандидаттық диссертациясы одақтық түркология ғылымында үлкен жаңалық ретінде танылып, оның еңбегін жастығына қарамастан Е.Мелетинский, Б.Путилов сияқты әйгілі ғалымдар, ноғай әдебиетінің үлкен зерттеушісі А.Сиккалиевтер көтеріңкі лепеспен бағалады. Ол Мұрат тобындағылар ішінде «Единство эстетического опыта кочевых и некочевых народов» деген тақырыпты алып жүрді. Алға озыңқырап айтар болсақ, осындай талантты ғалымға сексенінші жылдары арамза жандар ұйымдастырған қолдан жасалған қастандықтан кейін ол ұзақ уақыт ғылымнан шеттеп қалса да дертінен айыққан соң докторлық диссертациясын зор табыспен қорғап, діттеген мақсатына жетеді. 
Топтағы жас философтардың бірі академик Мұхамеджан Қаратаевтың ұлы Мирлан Қаратаев еді. Тар заманда анасы мен Ілиястың отбасына тізесі батып, ғайбат сөздер айтқан М.Қаратаев пен Фатиманың ұлы Мұраттың тіл табысып, ұлттық мақсат жолында өз қалауымен тізе қоса жарасымды қызмет істеуін аға буын өкілдері қуана қарсы алып, олардың береке-бірлігіне қанат бітіруі керек еді. Өкінішке қарай, бұл Мұрат пен Мирланның ең алғашқы және ең соңғы бірлесіп жұмыс істеуі болды. Қалай дегенмен, сол жолы Мирлан өзіне тапсырылған жұмысты мінсіз атқарып, «Природа эстетического в казахском герои­ческом эпосе» деген тақырыпта тартымды мақала жазып, кейін 1973 жылы қазақ қаһармандық эпосының эстетикасы тақырыбында кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап шықты.
Осы топта КСРО Ғылым академиясы Философия институтының аспирантурасын 1966 жылы бітірген талантты жас философ Қанат Нұрланова «Символика мира в традиционном искусстве казахов» деген тақырыпта келісті еңбек жазып, ол кейін бар ғұмырын көшпелілер эстетикасын, қазақ мәдениеті мен философиясын зерттеуге арнайды.
Қанат Шынқожақызы қазақтардың космогониялық түсініктерін Әл-Фараби еңбектерінен таратып, Қазтуған мен Бұқар жырау­ға дейін әкеледі: «Все жизненное самочувствие кочевников проникнуто осознанием глубокой и гармоничной взаимо­связи человека», – дей келіп, адамның дүниеге келген сәтінен бастап, «уызынан жарыту», «бесікке салу», «тұсау кесу», «тоқым қағу», «қыз ұзату», «келін түсіру», т.б. қазақ халқының салт-дәстүрлерін адам мен табиғаттың, ел мен жердің егіздігі тұрғысынан қарастырып, терең философиялық талдаулар жасайды. 
Жас философ Қ.Нұрланованың: «Всеобъемлющей национальной идеей являет­ся идея общения, светом этой великой идеи одухотворена и окрашена жизнь каждого человека. Все мировоззренческое пространство пронизано этой универсальной идеей, ею пронизано сознание всех членов общества, она одухотворяет, определяет весь внутренний тонус жизни каждого человека», – деген қорытындысы қазақ қоғамы осы күнге дейін іздеп келе жатқан ұлттық идеяның басты сипатын ашып береді.
Арада жылдар өте Қ.Нұрланова осы саладағы ғылыми ізденістерін тереңдете түсіп, «Эстетика художественной культуры казахского народа» атты іргелі монография жазып, ұлттық философиядағы жаңа бағытты тұжырымдайды. 
Мұрат тобында «Художественное освоение мира» деген тақырыпты үлкен ыждаһатпен алып шыққан тағы бір талантты қыздардың бірі Эльвира Шәкенова еді. Өкінішке қарай, оның есімі бүгінде аталудан қалған. Ешбір энциклопедия, тіпті анықтамалықтардан таба алмайсыз.
Эльвира Қыпшаққызы – жетпісінші жылдары жарқ етіп көзге түскен айрықша таланттардың бірі. Ол көшпелілер мәдениетін тым әріден қазақ жеріндегі көне замандардан қалған петроглифтерді Ласко, Альтамирадан табылған фрескалармен салыстырып, далалықтардың космогониялық таным-тіршіліктерінен сол замандағы Еуропаның көне тұрғындарымен ортақ ұқсастықтарды табады. Орыс ғалымдары енді зерттей бастаған скиф стилінің қазақ өнеріне қатыстылығына баса назар аударып: «Мотивы звериного стиля становятся традицией, питающей все этапы развития казахского искусства», – деген кесімді пікірін айтады.
Есте жоқ ескі замандардан үзілмей жеткен қазақ мәдениетінің алтын шынжырлы шежіресін қазақ ертегілері, аңыз әңгімелері, мифтері, батырлар жыры, Күлтегін жыры, Қорқыт Ата кітабынан іздеп, бүгінгі заман жазушылары шығармаларымен түйіндейді.
Э.Шәкенованың мақаласы әлі күнге дейін өз құндылығын жоймаған. Ежелден жұлдыз­дарға қарап жолға шығып, жорамал жасаған қазақтардың аспан асты, жұлдыздар әлемі туралы түсініктерінен бастап, көшпелілер ауыз әдебиетіндегі қиял-ғажайып дүниесі, «Ер Төстік», «Күн астындағы Күнікей» бастаған ертегілік кейіпкерлері, «Қорқыт ата» эпосында мәңгілік өмір туралы философиялық мотивтер, «Күлтегін» ескерткіштерінде ерлік-батырлық феномені – бәрі-бәрі жүрегі ұлтым деп соққан қазақ қызының ұтымды еңбегінен көрініс тапқан.
Дәл осы жинақта Мұрат Әуезов шығармашылығындағы ең шоқтығы биік туынды – «Энкидиада: к проблеме единства миров кочевья и оседлости» деген іргелі зерттеу еңбегін жариялайды. 
Көшпелілер мәдениетін тым арыдан – бұдан 5000 жыл бұрынғы кезеңнен бастаған Мұрат бұл тақырыпқа кейін бірнеше мәрте оралып, оны ғылыми айналымға қосылған жаңа зерттеулермен салыстыра қарастырып, ұдайы толықтырып отырған. Солардың бәрінің өзегіне өрілген дәл осы мақаланы тереңірек талдауды жөн көрдік.
Қытай тілі мен тарихы бойынша маманданып, осы заманғы қазақ әдебиетінен кандидаттық диссертация қорғаған Мұрат не үшін сол кезде Қазақстанды былай қойғанда, беріде Кеңес Одағы, арыда әлемдік деңгейде әлі толық зерттелмеген шумер тарихына барды деген сұраққа да жауап бере кеткен ләзім. Арындап тұрған жастық шағында ғалымдар атаулы бұрын ешкім баспаған соқпақпен жүріп, бұрын ешкім ашпаған жаңалықты ашып, бұрын ешкім жазбаған еңбек жазуды армандайтыны белгілі. Мұрат та алдына осындай мақсаттар қойса керек.
М.Әуезовтің мақаласы жарияланған тұста V-VIII ғасырлардағы көне түркі жазба ескерткіштері тіл және әдебиеттану ғылымы тұрғысынан біршама зерттеліп, бұл салада академик С.Малов, А.Щербак бастаған ғалымдар одақтық, әлемдік деңгейде танылған тұтас ғылыми мектеп қалыптастырып үлгерді. Мұрат КСРО Ғылым академиясына қарасты Әлем әдебиеті институты аспирантурасына түскенінен бір жыл бұрын дәл сол институттың ғылыми кеңесі мақұлдаған И.В.Стеблеваның «Поэзия тюрков VI-VIII веков» атты классикалық монографиясы жарық көрді. Ұлтжандылығының ар жағынан үнемі түрікшілдігі есіп тұратын Мұрат өзіне дейін талай үлкен ғалымдар шиырлап өткен ескі сүрлеумен жүруді жөн көрмеген. 
Көк түріктің ар жағында Рим империясын тізерлеткен ғұндар туралы Мағжан ақын: «Ерте күнде отты Күннен Ғұн туған, Отты Ғұннан от боп ойнап мен туғам», – деп айтатын құпия қатпары мол ғұн тарихы тұр, бірақ бұл дәуірден бізге жеткен ешбір жазба ескерткіштері жоқ.
Ғұннан арыда сақ-скиф тарихы бар. Тарихтың атасы саналатын Геродоттан бері бұл тақырыпқа сансыз көп еңбек жазылғанымен сақтардың өз қолынан шыққан дейтін жазбаша туындылар да тым аз.
Жиырмасыншы ғасыр ортасына дейін әлемдегі барлық мемлекеттердің орта мектептерінде бағзы заман тарихы «Ежелгі Египеттен» бастап оқытылды. Әлі де солай. Бірақ 1956 жылы Пенсильвания университетінің профессоры Самюэль Крамердің шумер тарихына қатысты өзіне дейін жинақталған ғылыми еңбектердің бәрін дерлік қорытып, жүйелеген «Шумердің қыш тақтайшаларынан» (From the Tablets of Sumer) атты ежелгі шумер өркениеті жайлы кітабы жарық көреді. Көп ұзамай бұл еңбек ғаламдық бестселлерге айналып, «Тарих Шумерден басталады» деген атпен дүние жүзінің көптеген тілдеріне аударылды. Кейін автор еңбегін ғылыми айналымға қосылған жаңа мағлұматтармен толықтырып, «Шумерлер. Жер бетіндегі алғашқы өркениет» деген атпен жариялайды. Бұл кітап та бүгінге дейін әлемнің алуан тілдерінде сан мәрте басылып шықты. 
С.Крамер жалғыз емес еді. Ол өзінің соңғы монографиясында әлемдік шумерологияға айрықша үлес қосқан үш ғалымның есімін: немістің ассириолог ғалымы А.Фалькенштейн, орыстың әйгілі шумеролог ғалымы, профессор И.М. Дьяконов және өзімен Чикаго университетінде бірге қызмет атқарған шумер тілінің ең үлкен білгірі саналатын профессор Мигель Сивилдердің есімін атайды. 
Әрине, бүгінгі шумертану ғылымын Крамердің кітабы шыққан кезеңмен салыстыруға болмайды, ол әлдеқайда ілгерілеп кеткен. С.Крамердің жаңа саланы игеруге сіңірген ең ұлы еңбегі – бұрын көбінесе ғылыми ортада ғана белгілі болған тақырыпқа бүкіл әлем жұртшылығының назарын аударуы. Ол кейін өзі бар ғұмырын арнаған осы сала бойынша 250-ден астам ғылыми еңбек жариялап, тұтас мектеп қалыптастырды.
С.Крамерге дейінгі зерттеушілер нақты ғылыми дәлелдері болмаса да шумер тілін семит, хет, тіпті санскрит тілдерімен байланыстырып келді. Шумерлердің бұл тілдермен нақты байланысына тиянақ табылмаған соң зерттеушілер назары скиф және көне түрік тіліне ауды. Солардың бірі – ағылшын әскери қайраткері, ассириолог Генри Кресвик Раулинсон еді. Ол 1850-52 жылдары көне Вавилоннан табылған қыш тақтайшаларды зерттей келіп, тұңғыш рет оның скифтер мен түркілерге қатысы барлығы жөнінде ғылыми болжам айтады. Бұл туралы С.Крамер: «Раулинсон, изучив силлабарии, раскопанные в Куюнджике, пришел к заключению об их двуязычии... этот язык он назвал аккадским и причислил его к скифским или тюркским», – деп жазады (Крамер С., Шумеры. Первая цивилизация на земле., М., 2023, с. 31).
Раулинсон бұл пікірін 1853 жылы Корольдік Азия қоғамында жасаған лекциясында айтыпты. Ол арада екі жыл өткен соң Куюнджик (кейін Ниневия деген атаумен тарихқа енді) қаласынан табылған тақтайшаларды зерттей келіп: «Вавилонские скифы, чье этническое название – аккадцы, вероятно, и являются изобретателями клинописи», – деген қыш жазуын скифтердің ойлап тапқандығы туралы түпкілікті қорытындыға келген (Сонда, 31-бет).
Крамер әскери қайраткер ғана емес, Британия Корольдік география қоғамын басқарып, ірі шығыстанушы ғалым ретінде танылған Раулинсон еңбегіне жоғары баға беріп, оның сол уақытқа дейін шумерлерге ежелгі түріктерді жолатпай келген шумертанудағы сеңді бұзған жаңа тұжырымына қолдау көрсетеді. 
Көп ұзамай 19-ғасырдағы ең әйгілі шығыс­танушылардың бірі, өзіне дейін Қосөзен (Месопотамия) бойынан табылған қыш тақтайшаларды «вавилон, ассирия, аккад» жазуы деп жүргенде, ғылыми айналымға «шумер тілі» деген жаңа ұғымды енгізген неміс тектес француз ғалымы Юлиус Опперт өзінің 1869 жылы жарияланған «Шумер мен Аккад патшасы» атты еңбегінде шумер тілінің түрік тілімен туыстығын салыстырмалы грамматикалық зерттеулер арқылы нақты дәлелдеп берді. 
Бұл тұжырым да Крамер тарапынан қызу қолдау тапты. Ол: «Опперт даже пошел дальше в своих утверждениях на лекции: анализ структуры шумерского языка привел его к выводу о его близком родстве с турецким, финским и венгерским языками, – блистательное проникновение в структуру языка», – деп, оған көтермелей баға береді (Сонда, 32-бет).
С.Крамердің еңбегі әлемдік шумерология­да төңкеріс жасады. Автордың шумер және скиф-түрік тілдері арасындағы туыстықты ғылыми тереңдікпен дәлелдеген пікірі тұжырымдалған кітабы аз ғана уақыт ішінде көптеген тілдерге аударылып, әлемдік бестселлерге айналды. Еңбек жарық көргенде Мұрат әлі мектеп оқушысы. Ол МГУ-дің алғашқы курсында-ақ Ленин кітапханасының шет тілдердегі әдебиетке арналған арнайы бөліміндегі бұл кітаппен танысып шығады. 
Украиналық еврей қауымынан шыққан, орыс тілін жақсы білетін С.Крамер екі мәрте: 1957, 1960 жылдары КСРО-ға келіп, Мәскеу мен Ленинград мұрағаттары мен мұражайларындағы Шумер мен Вавилон заманынан жеткен қыш тақтайшалардағы көне жәдігерлермен танысқан. Осы сапарында ол бір-бірімен мүлде кереғар ұстанымда болған екі кеңестік ассириолог, шумертанушы ғалымдар академик В.Струве мен ол кезде (1957 жылы) бар болғаны ғылым кандидаты И.Дьяконов­пен танысады. Крамердің бұл сапарлары кеңестік шығыстанушылар арасында кеңінен насихатталды.
Кейінгі жарты ғасыр ішінде шумерология ғылымына көптеген жаңа есімдер қосылды. Қазақтың әлемдік деңгейде мойындалған түркологы, профессор Алтай Аманжолов шумер-түрік тілдерінің тарихи байланыстарын өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап зерттеп, өз концепциясын түркологтар мен алтайтанушылардың түрлі ғылым конференцияларында жасаған баяндамалары мен мақалаларында негіздеді.
Профессор А.С.Аманжоловтың бұл тақырыптағы батыл тұжырымдары оның «История и теория древнетюркского письма» атты іргелі монографиясының «Шумеро-тюркские соответствия и изобразительные логограммы» деген тарауында жарияланды. 
Қазақ түркологы шумер және көне түркі жазба ескерткіштерін салыстыра зерттеп, одан көптеген ұқсастық табады. Ол: «В результате удалось выявить более двадцати бесспорных лексических соответствий между шумерским и тюркскими языками, восходящих, таким образом, к прототюркскому языку или языковому состоянию еще до миграции «шумеров» в Двуречье (IV тысячелетие до н.э.)», – деп қыш тақтайшадағы идеограммалардан жиырмадан астам сөздің осы заманғы түркі тілдерімен төркіндестігін анықтайды (А.С.Аманжолов. «История и теория древнетюркского письма», Алматы, 2003, 278-бет).
Белгілі түрік ғалымы Осман Недим Туна өткен ғасырдың қырқыншы жылдарынан бастап шумер және түрік тілдерін сөзжасам тұрғысынан зерттеу нәтижесінде қыш тақтайшалардан 165 көне түрік сөздерінің сілемдерін табады. Ол 1970 жылы әлемдік шумертану орталығы саналатын Пенсильвания университетінде қызмет атқарғанда ғылыми ізденістерін одан әрі жалғастырып, қыш тақтайшалардан шумердің түрік түбірлі көптеген дериваттарын анықтайды. О.Н.Туна ұзақ жылғы ізденістерін жинақтай келіп, 1997 жылы «Шумер және түрік тілдерінің тарихи тілінің жасы мәселесі» («Sümer ve Türk dillerinin târihȋ ilgisi ile Türk dili’nin yaşı maselesi») деген іргелі еңбегін жариялайды. 
Пенсильвания университеті қазіргі ақпараттық заман мүмкіндігін пайдаланып, «Шумер тілі Пенсильвания сөздігін» (Pennsylvania Sumerian Dictionary) шығарды. Сөздікті құрастырушылардың бірнеше буыны 1974 жылдан бері орасан зор жұмыс атқарып, бұл сөздікте қышқа түскен 12000 шумер сөздері мен атауларын қамтыды (2017 жылға дейінгі дерек бойынша). Қазір ашық ақпарат көзінде орналасқан Пенсильвания сөздігіндегі ежелгі шумер сөздерін көне түркі және қыпшақ сөздіктері, түрік, қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен, әзербайжан, татар, башқұрт, хакас, тува сияқты ірі түрік халықтарының әдеби, түсіндірме, этимологиялық сөздіктерімен салыстырып, олардың түрлі замандарда қаншалықты трансформацияланып, қандай өзгерістерге түскенін анықтап, лингвогеография, морфонология тұрғысынан қарастыру арнайы зерттеуді қажет етеді. 
Әлемдік шығыстануда қалыптасқан шумер-түрік параллельдері туралы еңбектерді түгел сүзіп шығу біздің мақсатымызға жатпайтындықтан бұл тақырып бойынша жинақталған өз пікірімізді кейінгіге ірке тұрып, кейіпкеріміздің шумерология ғылымына келу жайына ойысамыз.
Бүгінде әлемдік шумертанудағы ең беделді ғалымдардың бірі, Кеңес одағында осы ғылымның негізін салған И.М.Дьяконов Шумер, Ассирия тарихымен 40-жылдардан бастап айналысып, Ассириядағы жер қатынастары тақырыбынан кандидаттық диссертациясын жазады. Кейін осы саладағы еңбектерін жүйелей жетілдіріп, 1959 жылы «Общественный и государственный строй Древнего Двуречья. Шумер» деген іргелі монографиясын жариялап, арада жыл өткенде сол кездегі Шығыстану институтының директоры, тәжіктің ұлы ғалымы Бабаджан Ғафуровтың алқауымен дәл осы тақырыпта докторлық диссертациясын қорғайды. Оның бұл еңбегін академик Струве қаншалықты мойындамаса да, Крамер бастаған әлемге әйгілі шумертанушылар жоғары бағалайды. Крамер Дьяконов еңбегі жарық көргеннен кейін өзінің әуелгі монографиясының шумер қоғамының әлеуметтік, экономикалық, саяси-құқықтық мәселелеріне арналған 3-бөліміне түбегейлі толықтырулар енгізіп, орыс ғалымының еңбектеріне ілтипатты сілтемелер жасайды.
Дьяконовтың кітабы Кеңес одағы шығыс­тану ғылымына зор жаңалық әкеліп, бұрын Вавилон, Ассирия тарихынан аса алмай жүрген Қосөзен бойындағы көне мәдениетті одан әрі ысырып, адамзат тарихындағы алғашқы мемлекет тарихын алты мың жылға дейін ұзартады. Салыстыру үшін: көне Шумердің ең ірі қаласы Ұрық б.з.д. төртінші мыңжылдықтың ортасында пайда болды, ал ежелгі Египеттің символы саналатын Хеопс пирамидасы б.з.д. 2600 жылы салынған. 
Алпысыншы жылдардың басында бүкіл әлемдегі сияқты Кеңес Одағында да көне шумер мәдениетіне ерекше қызығушылық орын алды. Бұл Мәскеу мемлекеттік университеті студенттері мен аспиранттарын да айналып өткен жоқ. Оның үстіне, 1961 жылы енді ғана ғылым докторы атанған И.Дьяконовтың аудармасы, түсіндірмесі, сөздігі және жан-жақты мақаласы қоса жарияланған «Эпос о Гильгамеше» атты жинағы көне жәдігерлік суреттерімен көркем безендіріліп, әлемнің алуан тіліндегі еңбектердің библиографиясымен жарық көрді. Бұл студент Мұрат Әуезовтің қолдан түспейтін кітабына айналды.
Мұхтар Әуезов баласы Мәскеу мемлекеттік университетіне оқуға түскен кезден бастап ғалым-әке ретінде ұлының әр қадамын бағамдап, әр табысына қуанып, оған үнемі бағыт-бағдар беріп отырған. Кемеңгердің бұл туралы ойлары Фатимаға жазған хаттарында және Әди Шәріповке айтқан сөздерінде көрініс тапқанын біз жоғарыда атап өттік. 
Осы эссені жазу барысында біз Мұрат Әуезовпен талай мәрте сұхбаттасып, кейбір жағдаяттарды анықтап алуымызға тура келді. Мұрат өзі оқитын шығыстану факультетінің оқытушы-профессорлары мен студенттер қауымы арасында зор қызығушылық туғызған И.Дьяконовтың монографиясы, ежелгі шумер тарихы, мәңгілік өмір іздеген Гілгәмеш эпосы жайлы әңгімелерді әкесімен бөліскен.
Мұхаң ұлына Гілгәмеш туралы эпоспен өзінің алғаш рет Ленинград университетінде оқып жүргенде танысқанын, жырдың француз тілінде аударылған нұсқасынан оны орысшаға тұңғыш тәржімелеген революцияның алғашқы құрбандарының бірі – орыстың талантты ақыны, кезінде Сорбоннада оқыған Николай Гумилев (Кеңес заманында сан мәрте талауға түскен Анна Ахматованың күйеуі) екенін айтады. 
М.Әуезов «буржуазияшыл ұлтшылдықтың» қамытынан мойны жауыр болып жүргенде бұл туралы тереңдеп толғауға мүмкіндігі болмағанын, әйтсе де 1939 жылы «Литературный критик» журналында басылған «Эпос и фольклор казахского народа» атты еңбегінің Қорқытқа қатысты тұсында мәңгілік өмір іздеу сарыны әлем халықтары мифология­сында тым әріден басталатындығын тұспалдап көрсеткені жайлы айтыпты.
Әуезов бұл сырын баласына айтқан жылы ол Кеңес Одағы сияқты алып мемлекеттің барлық абырой-атағына жетсе де қолы күрмеулі, тілі байлаулы еді. Күрмеулі болмай қайтсін, «Абай жолынан» кейінгі (жазылуы жағынан алғанда – бұрынғы) ең таңдаулы туындысы «Қилы заман» мен қазақ эпосына арналған орыс тіліндегі классикалық монографиясын көзі тірісінде қайыра бастыруға шамасы жетпейді.
Елгезек Мұрат кітапханаға қарай құстай ұшып, «Литературный критик» журналының 1939 жылдың 10-11-нөмірлерінен М.Әуезов­тің «Эпос и фольклор казахского народа» деген еңбегін табады. Қазақ зиялыларын қынадай қырған отыз жетінің ызғары басылмай тұрған кезеңде Мұхаң бұл еңбегін жеке дара авторлықпен жариялаудан жасқанып, қосалқы авторлыққа сол заманда айдарынан жел ескен әдебиет генералы, Сталиннің сүйік­тісі, қазақ эпосын былай қойғанда, орыс фольклорынан білімі шамалы Леонид Соболевті алған екен. 
Әуезов еңбегінде: «Коркыт, смолоду не могущий примириться со скоротечностью человеческой жизни, решил бороться против неизбежности смерти», – дей келіп, «в казахской версии легенды о Коркыте мы наблюдали как бы некоторую перекличку образов эпической старины различных народов и различных веков», – деген қорытынды жасайды. Ғалымның түрлі замандағы түрлі халықтардың эпикалық көнеліктері туралы ишаралаған сөзінде аты аталмай кеткен көп эпостар қылаң береді. 
М.Әуезовтің мәңгілік өмір іздеген Қорқыттың архетиптік бейнесі жайлы тұжырымдарын 1939 жылдан бұрын, дәлірек айтсақ, 1927 жылы басылған «Әдебиет тарихы» кітабының қазақ ертегілеріне, аңыз-әңгімелеріне қатысты бөлігінде де айтыпты. Ол: «Дүние жүзінің фольклорында, әсіресе ескі мифтік, діндік ертегі-аңыздарында осы Қорқыт сияқты өмір үшін, өлімге қарсы алысқан бірнеше ұлы бейнелер бар», – деп пікірін нақтылай түседі (Әуезов М., 50 томдық, 28-том, 52-53-беттер).
Әрине, әлемдік әдебиет тарихындағы қыш тақтайша арқылы жазбаға түскен, сол арқылы бүгінгі заманға жеткен ең ұлы эпос «Бәрін көрген Гілгәмеш туралы эпос» болса, ең ұлы бейне де сол Гілгәмеш екені белгілі. Өкінішке қарай, сұм заманның сұрқия саясаты кемеңгерге бар шындықты айтуға мүмкіндік бермеген. Қалай ғана айтсын: ұлт әдебиеті тарихына арналған осы іргелі еңбегі жарық көргеніне үш жыл өтісімен абақтыға жабылып, түрме азабын тартса, «Абайдың» алғашқы кітабында ұлы ақынның ұстазы ретінде аты аталатын дауыл жырлы Дулаттың есімі – Барлас, кейінгі томдағы Шәкәрімнің аты Шұбар болып өзгертілсе, Абайдың Көкбай бастаған шәкірттеріне түгел «реакциялық кертартпа» ақындар деп айып тағылып, өз кіндігінен өрген Ақылбай, Мағауия мен Тұрағұлға дейін қарғыс таңбасы басылса.
Әуезов шығармаларын абайлап оқыған адамға оның көзі қарақты оқырманға тұспалмен айтқан тұстары жетерлік. Осының бәрін түйсініп өскен Мұрат әке салған сараман жол арқылы Гомердің «Иллиадасынан» мың жылдан астам уақыт бұрын жазылған адамзат тарихындағы ең алғашқы эпос «Гілгәмешке» келеді.

(Жалғасы бар)

Мұхтар Құл-Мұхаммед, 
Ұлттық Ғылым академиясының 
академигі

735 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы