• Тұлға
  • 07 Наурыз, 2024

РУХАНИ СӘУЛЕТКЕР

 Ескендір Зұлқарнайын – Аристотельді, Абылай хан – Төле биді, Шәкәрім – Абайды, Бердақ – Күнқожаны, Жамбыл Сүйінбайды өзіне ақылшы әрі ұстаз тұтқаны сияқты, әр адамның тұлға боп қалыптасуына ықпал ететін жандар болады. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Зәмзәмия Бейсембайқызы – мен үшін сондай жан. 

Ұстазымыз Зәмзәмия Бейсембайқызы 1944 жылдың 12 наурызында бұрынғы Семей облысы, Шұбартау ауданы, Малкелді ауылында дүниеге келіпті. Апай ата-анасы туралы өз естелігінде былай деп жазады: «Әкем Бейсембай қол бастаған батыр да, сөз бастаған шешен де емес, қарапайым қойшы болғанымен, сырдың суы сирағынан келмейтін сері, домбырашы, ақынжанды, әзілқой, өте мейірімді адам еді. Ұзын бойлы, тарамыстай тартылған қара торы кісі болатын. Қойын бағып: «Қыз аты Зәмзәмия туған айдай, баласы басқарманың әлде қандай...», – деп әндетіп, ақ қой мен қара қойды айтыс­тырып өлең шығарып, үнемі көңілді жүретіні есімде. Мені жалғыз қызы болғандықтан, «арпа ішінде бір бидай» деп атайтын. Оқуға да дер кезінде бермей, марқұм Мақұлбек мұғалім мені арбаға отырғызып, тартып алып кеткені есімде. Балаларына ешқашан ұрыспайтын, үлкенін көкем, кішісін балам деп еркелетіп отыратын еді. Анам Қадиша орта бойлы, әдеміше келген аққұба кісі болатын. Үнемі кимешек киіп жүретіні көз алдыма келеді. Он саусағынан өнер тамған шебер адам еді. Бүкіл ауылдың сырмағы мен тымағын тігіп, оюын оятын. Ол кезде киім деген көп болмайтын. Анам маған былғарыдан қисық табан етік тігіп беретін. Етікті киіп жүргенде музыканың дыбысындай үн шығып тұратын. Былғары етікті киіп, шүберек сөмкені мойынға асып жүргенде, менен бақытты жан жоқтай көрінетін. Диірменге бидай тартып отырып, ертегілер мен батырлар жырларын айтқанда, радио тыңдап отырғандай, бала болсам да, үлкен әсерде қалушы едім. Анам әнді де жақсы айтатын. Анамның емшілік қасие­ті де бар болатын». Осы аз ғана жолдардан-ақ ұстазымыздың тегін ортадан шықпағанын аңғарамыз.
Бірақ мұндай уайымсыз күндер ұзаққа созылмады, үш-ақ күн ауырып, анасы дүниеден өтті. Салмақтың ауыры, үйдің шаруасы ұлдардың ортасындағы жалғыз қыз 9–10 жасар Зәмзәмия апайымызға түсіпті: әкесі түйені де, биені де сау­ған, олардың сүтін еміздікке құйып, бауырын 9 айда балпанақтай етіп көтерген, таба жауып нан пісірген, тамақ дайындап, қой сүтінен құрт, ірімшік қайнатып, май шайқаған, қысқасы, бір үйдің ауыр тауқыметі 10 жасар қыздың мойнына түседі. Оны жеңілдетуді ойлаған әкесі екінші рет отбасы құрғанмен, балалар өгей шешеден көп озбырлық көреді. Соғыстан кейінгі ауыр жылдар ғой, «...интернаттағы ересек қыздар жоқтау үйретті, анам қайтқанда да, артынша 5 жылдан соң әкем қайтқанда да, сол жаттаған жоқтауымды айтып шығарып салдым. Үлкен апалар жағасын ұстап, таңғалысты. Сол жоқтау өмір бойы менің соңымнан қалмады. Бала кезімде дауыстап айтып жыласам, қалған өмірімде іштей егіліп, жылап келемін», – деп еске алады апай. 
 Әр түннің артынан күн шығатыны секілді, апайды жақсы күндер де күтіп тұр еді. Мектеп бітірген соң, ҚазПИ-ге (қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ) оқуға түседі. Апайдың зейініне таңғаласың. Бүгінде 80-нің сеңгіріне көтерілген апайымыз оқуға қабылдау емтиханында қандай билет келгені, ондағы сұрақтарға дейін әлі жатқа біледі. Қазақ тілінен «Зат есімнің сөз тудыратын жұрнақтары» деген сұрақ келеді. Бұл да кездейсоқ сұрақ емес еді. Өйткені осы «жұрнақтар» апайдың, алдымен, кандидаттық, кейін докторлық диссертациясына негіз болады. Ал әдебиеттен билеттің сұрағы ретінде М.Горькийдің «Ана» романы келген. Апай кідірместен романның басынан бастап көп жерін жатқа айтады, емтихан қабылдаушы оқытушылар дән риза болып «өте жақсы» деген баға қойды. Осы баға апайға ерекше қанат бітіреді, оның білім жолына, ұстаздық жолға, одан әрі ғылым жолына біржолата бет бұруына ықпал етеді. Нұржамал Оралбаева, Мәлік Ғабдуллин, Қажым Жұмалиев, Серік Қирабаев, Төкен Әбдірахманов, Асхат Әбілқаев, Ғабдолла Қалиев, Күлтай Бейсенбаева сияқты белгілі ғалымдардың дәрісін тыңдап, тәлім алды. Студенттік шақтың қызықты күндерінде өзі секілді студент, кейін полиция майоры, ақынжанды, эрудит Тілеген Айтжанов деген қазақтың дархан көңілді азаматымен отбасын құрады. Бәрі жақсы басталады. Апай өзі армандаған ғылыми ортаға – қазіргі А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына жұмысқа тұрады. Бұл жерде қазақ тіл білімінің корифейлері І.Кеңесбаев, Ә.Қайдаров, Ш.Сарыбаев, Р.Сыздықова, М.Балақаев, Ө.Айтбаев, С.Омарбеков, Қ.Неталиева, Ә.Жүнісбек сынды майталман мамандармен әріптес болып, әрі ғылыми шыңдалу, әрі адами қарым-қатынастың үлкен мектебінен өтеді. Осы жерде профессор М.Балақаевтың жетекшілігімен «Зат есім жұрнақтарының нормалануы» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шығады. Үнемі алға ұмтылуға үйренген жан ғылыми ортадан алған тәжірибесін педагогикалық қызметте сынағысы келді. Осылайша, бір кездері өзі Семейден шыққанда бағыт алған Қыздар педагогикалық институтына (қазіргі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне) 1984 жылдың наурыз айында конкурс арқылы доцент міндетін атқарушы болып қызметке қабылданады.
 Міне, сол өткен ғасырдың сексенінші жылдарының орта кезінен бүгінгі күнге дейін ұстазымыз З.Бейсембайқызының өмірлік кредосы – еңбек, еңбек және еңбек. 
Сол кездегі филология факультетінің деканы және кафедра меңгерушісі, кейін институт ректоры болған зерделі ғалым С.М. Исаевтың, профессор Ә.Аблақұлының, доценттер Қ.Қожахметова, М.Дүйсебаевалардың көрсеткен қолдауын, кәсіби шыңдалуға тигізген ықпалы мен алған өнегесін де ұмытпай айтып жүреді. Өз ісіне тиянақты, жауапкершілігі жоғары, еңбекқор да білімді жан ретінде алдыңғы буын өкілдерінің де, қатар құрбы мен кейінгі буынның да бірдей құрметіне ие болған Зәмзәмия Бейсембайқызына университет басшылығы үлкен сенім артты. Декан орынбасары, кафедра меңгерушісі, дайындық бөлімінің деканы сияқты жауапты қызметтерді көптің бірі емес бірегейі, өзінің біліктілігі мен іскерлігін жан-жақты көрсеткен шебер ұйымдастырушы ретінде атқарды. 
Апайдың ерекшелігі мынада: «осы қызмет – жастардың істейтін ісі, пәленше, түгенше, менің орнымды алыңдаршы, сендердің қолдарыңнан келеді, өзім көмектесемін» деп қиылып сұранғанына куәміз. Бұл жауапкершіліктен қашу емес, керісінше, қазіргі тілмен айтсақ, резерв дайындау, жастарды жауапкершілікті сезінуге баулу. Бұл – кең жүректі адамның ғана қолынан келетін іс. Профессор Ә.Аблақовтан қабылдап алған кафедрада профессорлар Ә.Құрышжанұлы, Р.Шойбеков, ғылым кандидаттары, доцент, аға оқытушылар М.Есімболова, М.Қанабекова, Ф.Төрегелдиева, Н.Өмірзақова сияқты аға буын мен Ж.Сүлейменова, Т.Ермекова, А.Сәтбекова, Г.Қайдарова, Г.Әбдірасілова, Ж.Отарбекова, 
А.Мамиева, С.Оданова, Б.Нұржанова, С.Асан­баева, Ә.Елшібаева, Ғ.Шойбекова, Г.Ескермесова тағы басқа орта, жас буын өкілдерін іргелі істерге ұйыстыра білді. Бастысы, кафедраның моральдық ахуалы мамыражай, ұжым мүшелері бір отбасының мүшелеріндей тату-тәтті, отбасылық жиын-тойларын да бірге өткізіп жүрді. 
Алматыдай бас шаһарда баспаналы болу, кәсіби ортада мойындалу, кешегі кішкентай балаларды азамат қатарына жеткізу, келін түсіру, немерелер сүю бақыты Тілеген аға мен Зәмзәмия апайға да бұйырды. Бірақ бұл бақыттың да ғұмыры келте, дәмі кермек болды. Қатал тағдыр үш азаматты да араға жылдар салып, алды 16, арты 35 жасында фәни дүниеден бақи дүниеге алып кете барды. Салмағынан қара нардың белі қайысатын мұндай сынақты қандай ата-ана көтере алады?! Оңай болмады. Үзілген үмітті үрлейтін, жоғалған арманды жалғайтын шырақтары бар ғой. «Шүкір» деді. Үсті-үстіне болған тағдыр сынағынан апайымызды мықты рухы мен тамырлы тектілігі, ғылымға деген махаббаты алып шықты. Сабағын бере салып, кітапханаға жүгірді. Жұбанышын том-том кітап пен үшкір қаламнан тапты. Профессор Н.Оралбаеваның жетекшілігімен, бүгінгі қазақтың ғалым қыздарының көшбасшысы, азаматтығы мен парасаттылығының арқасында талай «жанам деген жүректерге» от берген, қол созған ғалым Фаузия Шәмсіқызы Оразбаеваның қолдауымен қайғыны жеңіп, «Жоғары оқу орнында сөзжасам пәнін оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері» деген тақырыпта докторлық диссертацияны сәтті қорғап шықты. Қазақ тіл ғылымындағы жаңа сала – сөзжасамның ғылым ретінде қалыптасуына өзіндік үлес қосып, алғаш рет оны жоғары мектепте оқытудың ғылыми негіздегі әдістемелік жүйесін ұсынды. Негізгі нысаны жоғары оқу орны болғанымен, оның негізі төменгі сатыларда қаланатыны сұңғыла ғалымның назарынан тыс қалмады. Осылайша, алғаш рет аталған пән бойынша мектеп – колледж – жоғары оқу орнында білім алушылардың игеретін білім мазмұны анықталып, кредиттік технология өлшемдері ескерілген, модульдік технологияға негізделген жаңа бағдарлама ұсынылды. Қазіргі кезде бұл бағдарлама жоғары оқу орындарының сұранысын қанағаттандырып, ғылыми айналымға еніп кетті. Үздіксіз ізденіс үстінде жүретін шынайы ғалым жаңартылған оқу бағдарламалары мен мектепке, жоғары оқу орындарына арналған сұранысқа ие бірнеше оқулықтар мен монографиялар жазды. Өзі жетекшілік жасап, авторлық бірлестікте жазған «Тіл мәдениеті» атты оқу құралы Білім және ғылым министрлігі жариялаған конкурста жеңімпаз ретінде танылып, республикаға кеңінен таралды. Қыздар университетінде білімгерлерге «Сөз мәдениеті», «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасамы», «Қазақ тілін оқыту әдістемесі», «Педагог шеберлігінің негіздері», «Оқытудың инновациялық технологиялары» т.т. пәндерден дәріс беріп, тақырыптық құрылымы мен мазмұндық түзілісі ғалымның жоғары ғылыми әлеуетін айқын көрсететін оқу-әдістемелік кешендер әзірледі. Бүгінде апайдың тәрбиелеген мыңдаған шәкірті респуб­ликамыздың түкпір-түкпірінде ұстаздық қызмет атқарып жүр, біріне өзі дәріс берген, біріне ресми ғылыми жетекші, біріне бейресми кеңесші болған, ғылымға қосқан шәкірттері де жетерлік. Арасында Ж.Сүлейменова, Т.Ермекова, А.Сәтбекова Р.Рахметова, Н.Ілиясова, Ә.Елші­баева, С.Оданова, Ж.Отарбекова, Г. Әбдірасілова, Г.Қайдарова, М. Жүнісова, Р.Асылбаева, Б.Нұржанова, Қ.Балабекова, Г.Ескермесова, Д.Рысқұлбек сияқ­ты республикаға танымал ғылым докторлары мен кандидаттары, PhD де бар. Ұстаз еңбегі елеу­сіз қалған жоқ. Білім және ғылым министрлігі тарапынан «Білім беру ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен марапатталды. 
Ал апайдың жақында ғана баспаға әзірлеп тапсырған «Өмірімнің үзік сырлары» атты кітабы бір адамның өмірбаяндық дүниесі ғана емес, соғыстан кейінгі жылдардағы жоқтан бар жасаған, азға қанағат тұтқан ауыл тіршілігі мен қазақ жастарының сол замандағы романтикаға толы өмірінің картинасы, ата-ана, туысқан, отағасы мен ұрпақ, әріптес пен шәкірт, әже мен немере, шөбере арасындағы өмір иірімдерінен ақпарат беретін ҰСТАЗ АНА жазған тағылымды дәріс; адамдардан көрген титтей жақсылықты бағалай білетін, жақсылықтан да, жамандықтан да сабақ алған АДАМ-ның ізгілік трактаты; тағдыр жіберген қызықты да, қиындықты да шүкірге толы жүрекпен имене қабылдайтын, бар кезде таси бермейтін, жаны күйзелсе де, жаси бермейтін ҚАЙРАТКЕР ТҰЛҒА ұсынған арпалыспай-ақ, жанталаспай-ақ, өкпелемей-ақ өмір сүрудің алгоритмі; мықты рух пен ұшқыр ойдың, сырлы сезім мен сұлу сөздің шебер қолынан шыққан кестесі. 
Студент шағымнан ғылымға баулыған ардақты ұстазым З.Бейсембайқызымен бір кафедрада қыз­мет ету бақыты бұйырды. Мен ұстазды ғалым, басшы, ана, әріптес ретінде жақын тани түстім. Үлкеннің алдын кесіп өтпейтін сыпайылығы мен ішкі мәдениеті, ұжымдастармен қарым-қатынас­тағы әдептілігі мен кісілік келбеті, отағасына, әріптестерге деген қамқор көңілі сияқты адами қасиетінен өз анаммен ұқсастық таптым. Бұл ұқсастық бізді рухани тұрғыдан жақындастыра түсті: дұрыс жолға сілтеді, қажет кезде кеңес берді, жетістігіме анамдай қуанды, қиналғанда қолын созды. Халық арасында «Ұстаз – жас ұрпақтың рухани сәулеткері, қоғам, халық өзінің үміті мол болашағын тапсыратын сенімді өкілі» деген тәмсіл бар. Менің ұстазым – еліміздегі мен сияқты мыңдаған шәкіртінің рухани сәулеткері. 

Тыныштық Ермекова,
филология ғылымының 
докторы, профессор

 

1413 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы