• Cұхбаттар
  • 14 Наурыз, 2024

Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап?!.

Бүркітшілік – бабамыз­дан қалған асыл өнер. Ал жалпы бүркіт қай заманнан бастап қолға үйретіле бастады. Бүгінгіге мирас болып келе жатқан өнердің даму барысы қалай? Насихатталуы қандай деңгейде? Бүгін осы тақырыпқа қатысты «Республикалық «Құсбегілік федерациясының» вице-президенті Бағдат Мүптекеқызымен терең әңгіме өрбіттік.

 

Салбурын –аңшылықты дәріптеген дәстүр

Бағдат Мүптекеқызы адамзат дамуының басында бүркіт күнкөріс қамымен қолға үйретіле бастағанын айтады. Ал бұл қай ғасырдан бастау алады?
«Бүркітшілік өнердің 2000–3000 жылдық тарихы бар деген болжам ғана, оның уақытын нақты айту қиын. Бұл бірталай ұлттың тіршілігінде бар, қазақтың тұрмысымен де етене қабысқан. «Аңшылық – қазақтың үлкен ақсүйек өнері, мәдениеті» деп Абай бекер айтпаған.  «Қансонарда бүркітші шығады аңға» деген өлең жолдарының өзінде қаншама қазақтың тарихы мен тұрмысы жатыр. Мұнда тектілік те бар. Көшпелілер жаугершілік заманның өзінде бір сәт демалып, аң аулап, сейіл құрған. Басында күнкөріс қамы болғанмен, кейін мұны серілік, сауық-сайранға да айналдырған. Салбурынға аңшылар  10–15 мың адам болып шығады екен. Салбурын – аң аулау маусымында аңшылардың топтасып аң аулауы.
Кезінде Шыңғыс хан аңға үш мың  қыранмен, ал Жошы он бес мың қыранмен шыққан деседі. «Олар күз айында кетіп, наурызға дейін жүрген» деген де дерек бар. Бірақ олар тек күндіз-түні аң ауламайды. Кешкісін ән айтылып, ақындар айтысады,  екінші күн күй тартысы болады. Хан, билердің өзі кешке дейін бүркіт ұстап жүрмейді ғой. Олардың арнайы бүркіт бағатын бүркітшілері болады. Сосын қағушылары бар. Қағушылар аң қай жерде жүреді, соларды айдап келушілер. Ізшілер аңшылардан бұрын барып, «мынау жолбарыстың, қоянның ізі» деп олардың кету, жүру бағытын анықтаған. Ал қақпаншылар құс бара алмайтын қиын жерлерге барып, алдын ала торуылдап, қақпан құрады. Олармен бірге тамақ жасайтын аспазшылары қатар жүреді. Он бес мың адамның қатарын осындай арнайы мамандары да толықтырып отырған. Сөйтіп, салбурыншылар аңдарды аулап, терісін алады. Ол кезде қазіргідей мұздатқыш жоқ. Аңның терісін тұздап, кептіріп, өңдеп,  сандыққа, дорбаға  салып алып келеді. Ал аңның терісінен әйелдер жаз бойы киім тігетін болған. Бұлғын ішік, қасқыр ішік, құндыз ішік осылай жасалған. Қарап отырсақ, аң терісінен жасалған мұндай киім атаулары тарихи мәдениетімізде көптеп саналады. Міне, осы саятшылық, ісмерлік тігіннің барлығы тікелей салбурынмен астасып жатыр десек, артық айтпағандық болар. Осыған қарап-ақ, саятшылық өнердің ұлттық мәдениетімізге қалай әсер етіп  тұрғанын бағамдауға болады. Саятшылық өнерімізді жас ұрпақ біліп өсуі керек. Ең болмаса, салбурынның бағдарламасы мен бейнебаянын ЮНЕСКО-ға жолдау қажет. Анығына келсек, бұл көшпелілер ойынымен тең келетін өнер. Тіптен одан да асып түседі деуге негіз бар. Ал қазіргідей заманда бес ай бойы аңшылық құрып жүре алмайсың. Сондықтан мен заманға лайықтап, салбурынның 3–5 күндік бағдарламасын ұсындым. Бұл бағдарлама тиісті министрліктерге ұсынылғанымен, әлі күнге дейін жүзеге аспай келеді. Қысқасы, салбурын – қазақтың аңшылықты паш еткен дәстүрлі өнері. Тек оны қолға алып, дамытуымыз керек болып тұр.

«Сонар» – бүркітшілер сайысы

Аллаға шүкір, қазақтың ұлттық дәстүрі, саятшылық өнерін дамыту қолға алынды. Қазір Қазақстандағы бүркітшілерге арналған тұңғыш «Жалайыр Шора» мектебіне биыл 36 жыл толады. 1980 жылы құрылғанда республикада  бар-жоғы 10–15 бүркітші болатын. Қазір 200-ге жуық құсбегі бар. Ол кезде тек қана бүркіт болды. Қазір олардың қатарына қаршыға, сұңқар, ителгі, лашын қосылды. Бұларды да «аңшы құстар» дейміз. 
2005 жылы әнші Нұрлан Өнер­баевпен бірге «Қыран» федерациясын құрдық. Федерациямыз құрылғалы бері қолдан келгенше жылма-жыл «Сонар» құсбегілер сайысын тоқтаусыз өткізуге тырысып келеміз. Биыл жиырма алтыншы рет өткізіледі. Сайыстың ережесін жазып, ұлттық спорт ретінде енгіздік. Мұнда да, өзге спорт түрлері сияқты, жарыс кезең-кезеңмен өтеді. Мысалы, бірінші бүркітті қолға шақырамыз. Одан кейін шырға. Шырға – аңның терісінің ішіне сабан, басқа да нәрселер толтырылып, аңға ұқсатып  жасалатын зат. Жарыс кезеңдерінде бүркітті шырғаға, қоянға, түлкіге салады. Сонда ол түлкі сияқты бұлаңдап жүреді. Сол шырғаға құс салады. Кейде сол терінің  көзіне шикі ет қояды. Тұтқиылдан төніп келіп, тырнақтарымен бүріп, етке қонады. Етті шоқып жеп, содан кейін ғана аяғын босатады. Әйтпесе оның тырнақтарын босату өте қиын. Оның бір саусақ тырнағында бір жігіттің күші бар. Тырнағын босататын мүйізден жасалған арнайы сүңгі деген құралы бар. Сүңгімен әрбір саусағын босатады. Шырға сайысынан кейін құсты қоянға немесе түлкіге түсіреді. Бұл кезеңнен кейін бүркітті сайысқа дайындау басталады. Мұнда бір төбенің басынан қырандарды 700–800 метрге ұшырып, қолға бірінші қайсысы келеді, соны уақыт бойыша анықтаймыз. Бүгінде сайысқа  қатысушылар өте көп, жүзден де асып кетеді.  
Қазір бұрынғыдай емес, жылда бес-алты жерде құсбегілер жарысы өтеді. Олардың ішінде бүркіт, қаршыға, ителгісі бар, соларды алдымен жарыстырып іріктейміз. Әр бәсекенің өз деңгейі бар, фестиваль, турнир, чемпионаттар өткізіледі. Чемпионаттан іріктелгендерге  «Спорт  шебері» деген дәреже беріледі. Сол үшін де бұл үлкен бәсеке. Бүркіт сайысының жүлде қоры әртүрлі. Мысалы, кейбір турнирлерге  машина,  кейде қомақты қаржылай сыйлық тігіліп жүр. Ал чемпионаттарда ең үлкен сыйлық  «чемпион» деген атақ. Онда бүркітшілерге медаль мен кубок беріліп, «Қазақстанның ұлттық спорт шебері» деген атақ алады. Бізде қазір федерацияда «Ұлттық спорт шеберлері» құрама командаға кіреді. Құрама команда мүшелеріне жыл сайын айлық төленіп отырады. Ал турнирлерде арнайы адамдар белгілі бір мақсатта жүлде тікпеген жағдайда ешнәрсе төленбейді. 
Бүркіт көбінесе өзінің үйренген иесінің ғана даусын таниды. Кейде басқа адам қолға шақырса, келмей қоюы мүмкін. Ол ақылды құс қой. Және бүркітті аяқасты тазымен бірге аңға шығарып жібере алмаймыз. Бүркіт үйренген кезінен бастап тазымен бірге аңға барып жүрсе, екеуі де аң алады. Әйтпесе кейде бүркіттер жемтігін қыз­ғанып, тазыға да түсуі мүмкін. Үйреткен кезде түлкі, қасқыр деп ойлап қала ма – жай иттерге түскен жағдайлар да кездескен. Сондықтан біз жарыс кезінде көбіне иттерді жолатпаймыз.  Жақында ғана Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы Бозанбай ауылында «Құсбегілік» ұлттық спорт түрінен ересектер арасындағы XVII чемпионат өтті. Онда бүркіт салудан Атырау облысынан Ақберен Құрманғалиев, ителгі салудан Қарағанды облысынан Таңат Оспанқұлов, қаршыға салудан Түркістан облысынан Ибрагим Базарбаев бірінші орынды жеңіп алды.

Саятшылық – ата-бабамның мұрасы

«Құсбегілік біздің әулетімізге бабаларымыз арқылы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырған. Мәселен, менің әкем жастау кезінде қыран, қаршыға, ителгі баптай жүріп, саятшылық өнерін дамытқан. Ал ол кісінің әкесі, менің атам Тәжі керемет бүркітші болған, Тәжі атамның әкесі бабам Бекмырза ауласында 200-дей қыран құс, оның ішінде бүркіт, сұңқар, ителгі, қаршыға, тіпті бұлбұл құсқа дейін ұстаған! Бұдан бір жарым ғасыр бұрын ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов Жетісу жерін мекен еткен Бекмырза бабамның шаңырағына қонақ болған екен. Шоқан  бір күн, бір түн  сұқбат құрады. Бабамның қолында бір емес, 200 құстың болуының өзі қыран бүркіттің қазақтың түпкі тамырымен астасып жатқанын аңғартқандай.
  Атамыз қазақтың болмысын ашатын ұлттық құндылықтарды жақсы көрген. Ат та, қыран құс та халқымыздың ақсү­йек болмысын танытатын өнеріміз емес пе?! Тіпті тарихта «Тәжінің боз айғыры» деген де күй қалған. Оның шығу тарихы былай: бірде Тәжі атам ұлы жүздің албан руына аты белгілі күйші Сыбанқұл Қалбасұлын арнайы ат жіберіп үйіне алдыртады. Күйшіні көп күн қонақ етіп әрі қасына ертіп, аң-құс аулайды, неше түрлі сазды күйлерін тамсана тыңдап отырған сәтінде күйшіге қарап: «Сыбанқұл, сенің атыңды күй шығарады, ал менің атымды не шығарады?» – дейді. Сонда күйші: – «Ауылыңа келгеннен бері байқап жүрмін, кезінде мойнына құрық салдырмай өткен боз айғырыңнан мың құлын үйір-үйірге тарады. Қазір қартайып, үйі­рінен айырылған кәрі айғырды көрінген жылқы сай-сайға қуалап, маңына жолатпайды. Ашынған боз айғырдың азынап, айдалада кісінеп тұрғанын көріп, көңілім құлазыды», – деп қолына домбырасын алып, күй тартып жіберген екен. – «Бұл – «Тәжінің боз айғыры» деген күйім, сенің атыңды осы мың жылқыңның басы боз айғыр шығарады», – деген екен. Сол күй бүгінде Жетісу күй мектебінің көрнекті өкілдерінің рухани қазынасына қосылды. Маған бабаларымның мыңғырған малы бітпегенімен, жүрегіне қонған ақ адал аманатын бүгінгі Алаш ұрпағының бойына дарытып, жанына сіңіру үшін еңбектеніп жүргеніме қуанамын.
Әулетімізде әкемнің ең кіші інісі Бәйтеке де көп жыл бүркіт баптаумен айналысады. Жақын туыстарымыз Тоқтасын, Молдажан аталарымыздың ауылымызда бүркіт ұстағанын білемін. Кішкента­йымнан құсбегілікті көріп өскесін, маған етене жақын. Бабаларымыздан келе жатқан өнердің шырағын сөндірмеу бізге абырой және мәртебелі міндет. Бұл өнермен бүгінде үлкен ағамның балалары Елтай, Ернар мен  немересі Ерсұлтан, Данияр, Қайнар бауырларым да айналысып жүр. Менің негізгі мамандығым – журналист, Қазақ радиосының «Ауыл өмірі» ұжымында жиырма жылға жуық еңбек еттім. Рес­публика өңірлерін аралап, құсбегілер, құсбегілік өнер туралы материал жинап, баспасөз беттерінде жарияладым. 1980 жылдардың ортасында Алматы облысында құрылған, тұңғыш «Жалайыр Шора» атындағы бүркітшілер мектебінің негізін қаладым. Ережесін жазып, Ұлттық спорт түріне енгізуге атсалыстым. Қазір осы жұмыстың белортасында жүргеніме қуанамын. Ұлттық өнерді насихаттай түсу мақсатында «Қазақ құсбегілері», «Қыран бүркіт», «Қыран» атты кітап-альбом шығардым. 2007 жылы алғаш рет Англияда өткен «Қыран құс салушылардың I Дүние­жүзілік фестиваліне» Орта Азиядан қатысқан жалғыз әйел болдым. Жылдар бойы бүркітшілікті халықаралық деңгейде қорғау, қазақтың бабадан қалған бай мұрасын әлемдік дәрежеге жеткізу үшін ЮНЕСКО-ның «Материалдық емес мәдени мұралары тізіміне» енгізуге бар күш-жігерін жұмсаған әйел ретінде, халқымның алдындағы жауапты істе мақсатыма жеткеніме қуанамын.
Кең-байтақ қазақ даласын мекендейтін бүркіт құстарын ертедегі саятшыларымыз олардың мекендеген жері мен жүн түсіне қарай: «Қазықтының қаракері», «Алтайдың мұзбалағы», «Оралдың ақиығы», «Құмның қызыл көзі», «Желектінің жирен тұяғы», «Ертістің саршолағы», «Қарағайдың қоңыр аласы», «Есбалақтың есерсоғы», «Дересіннің шұбары», «Өлтірмей бермес Өтеген», «Жанбауырдың жарғыш тұяғы», «Несібелі байқасқа» деп 12 түрге бөлсе, монғолиялық этнограф-ғалым Б.Кәмалашұлы бүркіттің тек-тұрпатына қарай ақиық, ақ балапан, ақбұршақ,  бақабас, бұқатана, баршын, қандыбалақ, қырансары, мұзбалақ дей келіп, қыран бүркіттің  94 ат-атауы бар екенін жазады.  
Бүркітті баптау, ертеден қырағылықты, ептілікті, шыдамдылықты қажет етеді. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуе­зов «Аңшылықтың үміт, қуанышы көп. Ыстық оттай қызулы минуты көп, мағыналы өмір. ...Бүркіттің ұшқанына, түлкінің құтылмақ болған айласына, құсшының ебіне арналған талай шешен сөздер бар. Аңшылық өмірінен ілгері-соңғыдан қалған талай қызықты, жанды, сұлу әңгімелер көп» деп жазғандай, «қазақтың болмыс-бітімі, тұрмыс-тіршілігі осы қыран құсқа ұқсаған ба, әлде қыран құс қазақтың болмысына бейімделген бе» деген ой келеді. Қарға-құзғыннан қалған жемтікке көз тікпейтін, таза өз еңбегімен ұстаған аң-құсының етімен ғана қоректенетін талғамы жоғары, текті құстың мінезі – қазақтың өз болмысы секілді. 
Бүркіттің жас шамасын оның қанаты, қауырсынының түсіне, дене бітіміне қарай анықтайды. Негізінен, ұябасар (ұрғашы) бүркіт шәуліден (еркегі) үлкен болады. Бүркіттің жасы әр жерде әр түрлі аталып жүр. Балапан, қантүлек, тірнек, тастүлек, жана, қана, ана. Ал енді бірде балапан, тірнек, тастүлек, құмтүлек, қу түлек, мұз түлек, қана, балабаршын, тұлымыр, сана... осылайша, жасына сәйкес жиырма, отыздан аса атауы бар.
 Бүркітші – өте төзімді, мейірбан, жауапкершілікті, өмірді, табиғатты жақсы көретін,  саламатты өмір салтын ұстанған (арақ, темекі, жаман әдеттерден ада) бір бойына бірнеше өнер жинаған, сегіз қырлы, бір сырлы сал-серілердің жалғасы.
2015 жылдың қаңтар айында Қытайдың Алтай өңіріндегі Шіңгіл ауданы Бүркітшілік өнерден бас бәйгені жеңіп алғанына байланысты, Қыран ұстау­шылардың халықаралық фестивалін ұйымдастырған еді. Шетелден қаншама қонақтар, журналистер қауымы келді. Аудан халқы  ұлттық өнерді кеңінен насихаттап, түрлі шаралар ұйымдастырды. 40 мыңға жуық көрермен жиналған, жүзге жуық құсбегі бас қосқан, үш күнге жалғасқан фестиваль барысында барлық шараның тақырыбы тек құсбегілікке, қыран баптаудың қыр-сыры туралы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға арналды. Мұнда ән-күй, жыр, қазақтың ұлттық тағамдары, қол­өнер жәрмеңкесі болды. Кешкілік мәдениет үйіндегі өнерпаздар сахналаған «Жасыл өлке» пьесасының да тек бүркітшілікке арналғаны ерекше толғаныс туғызды. Тіпті фотографтардың басқосу жиыны, көрмесі де бүркітшілік тақырыпты арқау етіпті. Міне, бар рухани қазынаны дәріптеп әрі сақтап қалуға деген талпыныс мені қатты қызықтырды. Сол сапар көңіл көкжиегімде ерекше әсер қалдырып, өз жұртынан жырақ жүрген қандастарымыздың ұлттық мұрамызға адалдығын аңғардым. Отанына деген сағынышын жүрегіммен сезіндім. «Осындай жақсы үрдіс бізде неге істелмейді, ұлтымыздың  құндылығының символы ретінде көк туымызда қанат қаққан қыранды қолдарында қондырып жүрген аз ғана, жүзге жетпейтін нағыз мұрагерлер алаңдайтын мәселелер неге шешілмейді?» деген сауал мені жиі мазалайтыны рас.  

Еңбегі ерен құсбегілерді ел білуге тиіс

Табиғатпен етене жақын өсіп, табиғи қалпын барынша сақтауға ұмтылған біздің ата-бабамыз атақ-мансап пен мақтауға аса құмар болмаған. Қазақтың бәрінің қанында ит жүгіртіп, құс салу бұрыннан бар. Қазақтың құс салу өнерін бір көрген ұрпағының одан сырт айналып кете алмайтыны содан болса керек. Жер бетіндегі халықтан бізді даралайтын да осы текті қасиет. Осы қасиеттің алтын арқауын жоғалтпай, бүгінгі күнге дейін жеткізу үшін көп еңбек еткеніміз белгілі. Сонау қиын-қыстау кезеңнің өзінде қыран құстарын жанынан тастамай, асыл мұраны көзінің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа қалдыруды мақсат еткен талай тарландарды білеміз. «Ал олардың есімі бейбіт заманда неге аталмай жатыр, неге бірі білсе, көпшілігі білмейді?» деген сұрақтың туындайтыны анық. Ұлтымыздың бай мұрасының тереңнен зерделенбеуіне не кедергі? Ашаршылық жылдарында бір бүркітпен бір ауылды асырап, Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдары майданға аң терілерін жіберіп, самолетке ақша жинап беріп, Сталиннің қолынан орден алған көкшетаулық Мәсіп Батырханұлы, әйгілі жазушы Мұхтар Әуезовке Абайдың тыйым салынған  шығармалары қатарында, саятшылық туралы біршама өлеңдерінің хатқа түсуіне себепкер болған баянауылдық Мұхаметжан Өкпеұлы, Мәскеуді ғана емес, Кеңес үкіметін дүр сілкіндіріп, сталиндік сыйлық алған тұңғыш әскери фильмге түскен Алматы облысы Жамбыл ауданының әйгілі бүркітшісі Сүлеймен Тәкімов, жапон, француз киногерлерін таңғалдырып, қасқыр, еліктен басқа, орман ішінде мәлінге дейін бүркітін түсіріп, шеберлігін шет жерге танытқан алматылық Сәрсенбек Дәулетбақұлының, Сейітжан Байжүнісұлы, Әбен Тоқтасынұлдарының есімі белгілі болғанымен, толық зерттеліп, кейінгі ұрпаққа жеткілікті түрде насихатталмай жатқаны шындық.  Не десек те, бейбіт заманда, кеңшілікте өмір сүріп отырып, асыл мұрамызды  насихаттап жүрген аз ғана бүркітшілерімізден көз жазып қалсақ, бабалар алдындағы перзенттік парызымыздың өтелмегені ғой деп ойлаймын», – деп Бағдат апай сөзін тамамдады.
Сондықтан мұрамызды халықтық, әлемдік деңгейде насихаттап, ұлттық рух-болмысымызды көтерсек, нұр үстіне нұр болар еді.

Әзірлеген 
Элеонора ӘЗІРЖАНОВА

1993 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы