• Ақпарат
  • 28 Наурыз, 2024

Күлкі – қымбат

Бақытжан Советұлы Әлімқұлов 1966 жылы Меркі ауданы Меркі ауылында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің түлегі. Мамандығы – журналист. 1992 жылы – Республикалық «Санат» баспасында редактор, 1993 жылы сатиралық «Ара–Шмель» журналында  фельетонист болған. 1993 жылдан қазірге дейін  Жамбыл облыстық телерадиокомпаниясының редакторы. Ақпарат саласының үздігі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Сықақшы-ақын.  «Мен де бірдеңе дейінші...»,  «Ерін туралы ертегі»,  «Бұл мен ғой», «Хайп пен лайк» сатиралық және  «Қоянның құлағы неге ұзын, құлағы неге қысқа»  атты балалар кітабының авторы.  Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Сатирик.   

 

Қарауыл

– Қарындас, танысуға бола ма?
Бір сөз айтсам, көңіліңізге қона ма?
Менің атым – Әңгүдік.
Қыз іздеп жүрмін мәңгілік. 
Ал сіздің атыңыз кім?
– Оны қайтесің?
– Жай білейін деп.
Көңіл жарасса, жүрейін деп.
– Дәмесін қара, 
Сенімен таныса сала,
Жүруім керек пе?
Анау бас па, жоқ, әлде тас па?
– Бас, бас,
Өзім жап-жас.
Өмірлік жар іздеп жүрмін,
Көңіл қосатын қарындас.
– Кешіріңіз, мен. 
Жол-жөнекей кездескен,
Сөйлеспеймін кездейсоқ жігіттермен.
– Сондықтан да танысайық 
деп отырмын,
Қолымды созып, алдыңа кеп отырмын. 
– Жарайды, созылған қол,
ауаны қармап қалмасын,
Атым – Анжелика,
Айта бер ары қарай жалғасын.
...Айтпақшы, жұмыс істейсің бе?
– Істеймін.
– Қайда?
Телеарнада.
– Ооо. Журналиссің бе?
– Жоқ.
– Режиссер?
– Жоқ.
– Оператор?
– Жоқ.
– Монтажер?
– Жоқ.
– Онда кім боп?
– Охрана.
– Қарауыл ма?
– Сөзіңді түзет.
Қарауыл емес, күзет!
– Іммм. 
Гуд бай, мен кеттім. 

PS: Қарауыл боп бір кезде шалдар жүруші еді кіл.
Қазір қазақ жастарының негізгі 
жұмысы бұл.  


Бүлдірген 

– Тоқтаңыз, Қашпаңыз.
– Құлағым сізде, әңгімеңізді бастаңыз.
– Табиғат тонаушымен әңгіме қысқа.
Қылмысыңды мойында осы тұста!
– Қандай қылмыс?
– Сен броконерсің!
– Түсінбедім?
– Түсінбесең – түсіндіремін.
Алдағы шелегіңде не?
– Бүлдірген ғой, бүлдірген.
– Міне, көрдің бе?
– Бүлдіргенді бүлдірдің.
Тыныш жүрмей көп жұлдың.
Оған қоса жеп жүрдің!
– Енді, жабайы өсімдік қой бұл.
– Басты қатырма алдыма түс, жүр.
Бір шелек емес, мәшінеңде 3 шелек тұр.
– Енді мен...
– Ал, қалай ақталасың сен?
– Даладағы жемістің қызығын 
көрейін деп.
Балалар қарық болсын жеп, –
 дегенім ғой.
Басқа болған жоқ жаман ой.
– Мынауың көп.
Артығына ақша төлейсің 
жазып берем чек.
– Шелегіне ме?
– Келісіне!
– Жарайды, келістім.
– Келіспегенде қайда барасың,
басып жүргенде жер үстін.
... – Мынау не тағы да?
– Қызғалдақ қой.
– Қызғалдақ екенін көріп тұрмын.
Қайдан алдың?
– Қырдан.
– Броконьермін десейші,
Қыр қызғалдағын жұлған.
– Құдай сақтасын!
Жай, әйелімді қуантайын деген түрім.
Оның туған күні еді бүгін.
– Қызғалдақты жұлуға  болмайды.
Қыр гүлін үкімет қорғайды.
– Кешіріңіз, білмеп едім ондайды.
Көп емес, бес-алтауын ғана жұлдым.
– Жұлдым дегенше құрыдың!
– Білмейсің бе, үкіметтің ұзын екенін 
құрығын.
– Штраф саламыз!
– Қанша?
– Қымбат емес онша.
Бар болғаны 1-ақ миллион!

PS: 
Қырдың қызғалдағы,
даланың бүлдіргені,
жабайы шиесіне дейін
билік иесі болып кеткен бе?
Қозықұйрықты да термейтін болдық,
Күз бен көктемде.
Қайран қазағым-ай.
Сорың бес елі.
Қайда барсаң – Қорқыттың көрі. 

Қыс қамын жаз ойлаған жемқорлар! 

кеше:
– Қысқа дайындық қалай?
– Зың.
– Асыра сілтемеңдер тым.
– Жоқ, шынында да күшті.
Құбырларды ауыстырып,
Қазандықты да жаңаладық тіпті.
– Бәлен ТЭЦ-ке түген миллиард 
теңге бөлініп ед.
– Ол ақша кеткен жоқ тек,
Шетелден қазандық алдық.
Ескісін лақтырып,
Су жаңасын салдық!
– Жарайды, күн суытқанда көреміз.
Бағасын сонда береміз.

БҮГІН:

– Әй, мынау ел тоңды ғой.
ТЭЦ-ің мес болды ғой.
– Басеке, саспаңыз.
Құбырлар жарылса,
Қуана бастаңыз.
– Әй, не оттап кеттің,
Бетіне қалай қараймыз көптің!
– Біз де байбалам салайық,
Жаурады деп халайық.
Бәрі тозған «ремонт» деп,
Тағы ақша алайық.
– Әй, осы сенің басың – бас.
Болсаң да жап-жас.
Бірақ, бере ме екен үкімет – тас.
– Береді.
«Шәпкісін» алды ғой көнеді.
– Онда өзің баста.
Жоғарғы жаққа түсініктеме жазып таста.
– Иә, бәрін қатырамыз.
– Тексеріп келсе ше?
– Онда қарамызды батырамыз.
– Қайда?
– Шетелге.
Ақша жегендердің барлығы 
жүр ғой шетелде!
– Улап-шулаған халық ше?
– Олар да көнеді.
Азар болса екі-үшеуі өледі.
Жаңа короновирус дей саламыз,
Ақшаны опырып жей саламыз.

PS: Міне, осылайша, бөлінген ақша желге ұшып жатыр.
Жемқорлардың қалтасына түсіп жатыр.                                                                                      

...Біздегі тірлік осылай.
Несін айтасың досым-ай!

Қарға қуу 

/Қазіргі сатира/

– Ата-ау.
– Ау?
– Батаңызды беріңіз,
Шетелге кетіп барам.
– Жортқанда жолың болсын, балам,
Құдай несібеңді еселеп берсін саған!
– Әумин, ата.
Мынауыңыз керемет болды бата.
Ал, мен кеттім.
Сізге көп рақмет!
– Сәл сабыр ет.
Онда не істейсің?
Жөніңді айтып кет.
– Жұмыс қой, жұмыс.
– Болмаған екен ғой,
мұнда тұрмыс.
Дұрыс, дұрыс.
Онда не іс?
– Қарға қуам, қарға.
– О, Құдайым-ай.
Ондай да жұмыс бар ма?
– Бар ата, бар.
Қарға қуып, аламын доллар.
– А?
Сұмдық-әй, ә.
– Иә.
– Басқа жұмыс жоқ па?
– Көп қой, көп.
Жұлуға болады арам шөп.
Бау-бақша өнімі,
Жеміс-жидек терімі,
Міне, осындай жұмыстар.
– Болды жетеді,
Өзге елге – 
боламыз десеңші кіріптар.
...Осылай деген атамыз
Терең күрсініп қалды.
Дорбасын асынған баламыз
Доллар үшін шетелге кете барды!

Ғарышқа – Марсқа

Жұп-жұмыр жер,
Сыймаған соң ел.
Көше бастады ғарышқа, 
Нақтырақ айтсақ, Марсқа!
Бірінші боп Қытай кетті,
Онан соң Жапон кетті.
Олардан қалам ба деп,
Ағылшын мен неміс жетті. 
Көшіп жатыр қырғыздар да азды-көпті,
Өз ағамыз өзбектер де епті.
Қалып қалмайық Ұлы көштен деп,
Қазекең де киіз үйін алып кепті.
Қытай, Жапон дамып кеткен ел ғой.
Бірінші келген сенімен мен ғой деп,
Зәулім ғимараттарды сала бастапты. 
Одан ағылшын мен неміс қала ма,
Өздері тұрған шағын жерді 
Әп-сәтте айналдырып жіберіпті 
зәулім қалаға!
Қырғыз маңыраған мал ұстаса ен далада,
Егін егіп, өнім алған
Өзбегің де саудасын қыздырыпты 
бұл арада.
Қызу тірлік, қызу жұмыс, арпалыс.
Оңай емес-ау, Марста да жанбағыс.
Тек қазакем түк істемей жүр дейд.
Сіз кім боласыз деп сұрағандарға:
– Құдайға шүкір, «учасковой» 
милициямын» деп тұр дейд. 

726 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы