• Ақпарат
  • 28 Наурыз, 2024

Тегіңе терең үңіліп көрдің бе?

Ақгүл АЙДАРБЕКҚЫЗЫ,

«Ana tili»
 

Бірде Жәнібек хан ғұлама ғалым, шипагерліктен қара үзіп шыққан Өтейбойдақ Тілеуқабылұлынан: «Қандай ауруды емдеу қиын?» деп сұрағанда емші: «Тұқым қуалайтын ауруды емдеу қиын», – деп жауап береді. «Оның алдын алуға бола ма?» деген ханның екінші сұрағына Өтейбойдақ: «Болады. Жеті атаға дейін туыс адамдар өзара қыз алыспау керек. Жеті – қазақ үшін қасиетті сан», – деген екен. Аты аңызға айналған емшінің айтқанына тоқтаған Жәнібек хан жеті атаға дейін үйленуге тыйым салып: «Кімде-кім жеті атаға толмай үйленсе, өлім жазасына кесілсін!» – деген екен.  Ал қазір қандаймыз? Қуғын-сүргін, ашаршылық, тәркілеу, соғыс, 70 жыл бодандық, 30 жыл қиындық көрген қазақтың генетикасында өзгерістер бар ма?  Тектіліктің маңызы қандай? Адамды текті, тексіз деп бөлуге бола ма? Бұл туралы ғалымдардан сұрап білген едік.

 

Жанұзақ Әкім, биолог, ғалым, Халықаралық адам институтының президенті: 

– Өткен ғасырдың ең ұлы жаңалықтарының біразы генетика ғылымына қатысты болды. Оған  толықтай келісемін. Жеті атаға дейін қыз алысып, қыз беріспейтін дәстүрді қазақтың феномені деп санаймыз. Бірақ бұл қазақ ұлтында ғана емес, шешен және түркілердің көне тайпаларында да бар. Туыстары бір-біріне үйленсе, имбридингіге айналады. Яғни имбридинг кезінде ауру балалар дүниеге келеді. Өйткені ген мутацияға ұшырайды. Бірақ кейбір «данышпандар» мұны дұрыс түсінбеді. Өйткені 90-жылдары бір топ жас ғалымсымақтар «кім қай рудан екенін тауып береміз» деп ұрандатты. Бұл ақша үшін жасалған қадам еді. Шын мәнісінде, рудың текке қатысы жоқ. 
Жалпы, балаға 50 пайыз анадан, 50 пайыз әкеден генетика беріледі. Адамның өзінде 60 мыңдай генетикалық белгі бар. Оның 30 мыңдайы әкеден, 30 мыңдайы шешеден. Ата-әжеден 25 пайыздан ғана болса, үшінші ұрпаққа кеткенде 12,5 па­йыз ғана беріледі. Солай тұқым азая береді. Енді бұл жалпы заңдылық. Генетикада қазақ халқы назар аударатын бірнеше заңдылық бар. Соның бірі – қыз­дың баласын жиен деп бөлу. Бұл – қате ұстаным. Биология, генетика, жалпы ғылым қыздың баласы ұлдың баласымен бірдей екенін алға тартады. Қазақта тұқым әкеден тараса, еврей халқында тұқым анадан тарайды. Қазақта баласы қыз болса, шежіре тоқтап қалады ғой. Бұл әділ ме? Тұқымды жалғастырушы, өмірге адам әкелетін аналар ғой. Сондықтан бұл мәселеге байсалды, ғылыми тұрғыдан қарауымыз керек. Сосын, тұқым қуалайтын бірнеше белгілер болады. Себастьян Бахтың ата-бабасынан бергі тұқымында 300-ден астам музыкант болған екен. Гетенің тұқымында да философтар мен ақын көп. Яғни осыдан-ақ таланттың тұқым қуалайтынын анық білуге болады. Бірақ данышпандардың тұқымы данышпан болып кетеді деген заңдылық жоқ. 
Осы орайда бір қызық жағдай ойыма оралып тұр. Жапония халқы 300 жыл бұрын аралда тұрғандықтан, өзге құрлықтағылармен араласқан жоқ. Соның салдарынан бала біткен ауру болып туа бастайды. Сосын император мынадай жарлық шығарады. «Қыз-келіншектер арқасына көрпеше байлап жүруі керек. Шеттен келгендер жыныстық қатынасқа түскісі келсе, оларға қарсылық жасауға болмайды. Қарсылық жасағандар жазаланады». Сол заң 70 жылдай өмір сүрді. 70 жылда ұлттың денсаулығы түзеле бастады. Иығында көрпеше арқалап жүру ұлттық дәстүрге айналып кетті. Ол Жапонияда әлі күнге дейін бар. 
Ал біздің елде қандай? Гептил жанармайын пайдаланғалы бері және Семейдегі полигонның, Байқоңырдағы ұшырған ракета жанармайы әсерінен елімізде суицид көбейіп кетті. Себебі радиация әсерінен тұқым мутацияға ұшырап, ауру балалар дүниеге келді. Семей полигонында жарылыс болмағалы 40 жылға жақындады, бірақ бүгінгі күнге дейін екі басты балалар дүниеге келуде. Неге? Плунктонидің ауысуына жарты миллиондай жыл кетеді. Яғни 500 жыл бойы зардабы тиеді. 90-жылдары ұшқан ракеталарға «Сатана» деп ат қойды. Себебі бір ракета ұшқанда 760 тонна жанармай ауаға ұшады. Ол кезде Республикалық статистикадан бізде суицидке ұшыраушылар саны 16 есе көп болды. Қазір 12 есе көп. БҰҰ дерегі бойынша, Қазақстан 2012 жылы 12–18 жасар аралығындағы қыз балалар арасындағы суицидтен әлем бойынша бірінші орынға шықты. Ал, жалпы, қазақтар суицидтен дүниежүзі бойынша 3–4-орында. Себебі атом бомбасы бірден тұқымға әсер етеді. Сондықтан әр мектеп, әр балабақшадан бастап оқушыларымызға суицидті болдырмау, оның алдын алу үшін жағдай жасау керек. Мысалы, былтыр Жапонияда «Хиросима» атом бомбасынан зардап шеккен соңғы адам қайтыс болды. Ал бізде әлі полигон аймағындағы адамдардың өмірі 60 жастан аспайды. Қазақстанда полигоннан зардап шеккендерге арналған қаражат жағы әр адамға Жапониядан 25–30 есе аз. Бұл қазақтың генетикасының трагикомедиялық жағы десем артық айтқаным емес-ау, сірә?
Осы орайда «адамның өмір сүру жасы генетикаға байланысты ма» деген сұрақ тууы мүмкін. Генетика бойынша ұзақ өмір сүретіндер әулеті болады. Сондықтан қазақта «әке-шешемнің жасынан асып, қайда барамын» деп айтылған сөзді естіп жатамыз. 1930 жылға дейін қазақтың орташа өмір сүру жасы 33 жас болыпты. Қазір 74 жас деп жатырмыз ғой. Ол кезде неге аз болды? Себебі адамның өмір сүру жасына 30–35 пайыз әлеуметтік жағдай, 30–35 пайыз дұрыс тамақтану, 30–35 пайыз тұқым қуалаушылық факторы әсері етеді. Біз ет жейтінімізге мақтанып жатамыз, жарты ғасыр бұрын батыс елдері вегетериандыққа көшіп кетті. Олардың бізден өмір сүру ұзақтығы 18–20 жас көп. Жалпы, ғалымдар зерттеуіне сүйенсек, етті күніне 250 грамнан көп жесек, онкология ауруына ұшырауымыз мүмкін. 1890 жылы жапондықтардың өмір сүру ұзақтығы 35–40 жастан асқан жоқ, ал қазір 90 жасқа дейін барады. Әрине, бұл жоғарыда айтқанымдай, үш фактордың әсерінен. 
Ал суицидке келсек, бұл психология­лық фактор. Бүгінде 60-қа жуық тұқым қуалайтын ауру бар. Генетиканың құдіреті сол – өмірге келмеген баланың қандай болатынын тұқымына қарап біліп тұрады. Яғни қандай ауруы болуы мүмкін, байлық пен кедейлікке деген иммунитеті қандай, өмір сүру ұзақтығы, түр-әлпеті, мінез-құлқы, психологиялық күйін осы генетика ғылымы зерттеп береді. 

Орал Смадияр, «Жасушалар және ДНҚ» кітабының авторы

– Адамдағы тұқым қуалайтын қасиеттер Мендель заңына сәйкес келеді. Адамның тұқым қуалайтын ауруының саны 4 мыңға жуық. Бұл аурулар жасушалар, хромосомалар, гендерге байланысты. Дүниежүзілік зерттеулер бойынша, дүние­ге келіп жатқан балалардың 7–8 пайызы тұқым қуалайтын ауруға шалдыққан болып шығады. Жалпы, орыстар «карма» деп жатады ғой. Сол қазақта да бар. Карма – өзге ұлттарда бұрынғы өмірінде орын алған болса, қазақта осы өмірде, бірақ ата-бабасында болады. «Қазақта жасаған жамандығың ұрпағыңның алдынан шығады» деп жатады ғой. Ауырса немесе өмірде көп қиындық көрсе, ол ұрпағында міндетті түрде кездеседі. Мысалы, екінші, үшінші ұрпақ кедей болып, бірінші ұрпақ бай болса, онда байлыққа деген иммунитет болмауы мүмкін. Ал ата-бабасы бай болған адамның өзі де бай болса, байлықты дұрыс қабылдап, ізгі істерге жұмсауы ықтимал. Міне, бұл – генетиканың зерттеліп жатқан, әлі де зерттеле түсетін мәселелері. Өйткені генетика – ғылымдардың патшасы. 

1099 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы