• Ақпарат
  • 28 Наурыз, 2024

Ұлы баба шарапаты

Біз он екі жұппыз: Жақсылық–Тыным Қасымовтар, Серік–Сәнқатша Ботағариндер, Сұлтан–Орын Құрманалиндер, Ыбырайхан–Бәкиза Бексұлтановтар, Жанғабыл–Бәдигүл Қабақбаевтар, Қуаныш–Роза Бекетовтер, Құмар–Күмісай Ермекбаевтар, Селбай–Зина Қожықовтар, Дүйсенбай–Дина Тәжібаевтар, Наурызбай–Қанипа Көшекбаевтар, Ғизат–Роза Қозайдаровтар, Рақым–Сәния Мыңбаевтар. Арамызда Құмар мен Күмісай ғана 1993 жылға дейін Қарабұтақ деген атауды иеленген ауданның Бөгетсайынан. Өзгеміз облыстың әр қиырында туып-өсіп, еңбек еттік. Кеңес одағы тұсында дәуірлеген коммунистік партия пәрменімен Қарабұтақта қауышып, лауазымды қызмет атқардық.

Отыз жылдан асты – жұбымыз жазылмай, іргеміз сөгілмей тірлік кешудеміз. «Коммунизмге жетеміз» деген қиялмен жүргенде капиталистік қоғамға қалай ауысқанымызды сезбей де қалдық. Үш ғасырдан астам Ресей боданында болған еліміз егемендік алғанда жұртымызбен бірге қуанғанымыз есімізде. Заман тыныш, дастарқан тоқ. Ортамыздан тек Сәния ұлдарының азамат болғанын көре алмай тым ерте кете барды. Алланың берген ризығымен балаларымызды үйлендіріп, немере сүйдік, Жақсылық, Серік, Ыбырайхан, Наурызбай, Құмар шөбере қолынан су ішті. Топтың кішісі Рақымның ұлдары Батыр мен Барақтың отау тіккен қуанышында Сәнияны еске алып, іштей егілдік. 
Тіл-көзден аулақ, қуанышты-ренішті сәттерді бірге бөлісеміз. Шалқып-тасыған отырыстарымыздың бірінде әшейінде көп ашыла бермейтін Сұлтан ақтарылып, сыр ашты:
– Бір топтағы біздердің қызмет ретінде Қарабұтақта табысқанымызды былайғы жұрт жақсы біледі. Тіпті қызығып, қызғанатындар да бар. Телефонмен қоңырау шалып жатсақ, балаларымыз атымызды айтып үлгергенше даусымыздан тани қояды. Осылай достығымыздың жалғасқанын, аман-сау жүргенімізді мен ойлаймын: ауданға ұлы баба Әйтеке бидің есімін беру шаруасының басы-қасында болғанымыздың арқасында деп...
Елең ете қалдық. Есті сөз қашан да адамды тоқтатады, ойландырады. «Рас-ау» дедік. Отырыстан әдемі тарасып, үйге келгесін менің ойыма өткен кезең көріністері оралды.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басы. Мәңгілік деп жүрген Кеңес одағының іргесі сөгіле бастаған тұс. Алып империяға әмірін жүргізген Коммунистік партияның екпіні божырады. Сөйтсе де, сыр бермей биліктен айырылғысы келмейтін сыңайлы. Облыстық партия комитетінен аудандағы партия комитетіне хат келіп түсті. Авторы – 1956 жылдың сәуір айынан 1961 жылдың сәуіріне дейінгі аралықта Қарабұтақ ауданының бірінші басшысы болған Жағыпар Әміров. Хатта өңірді қазақтың ұлы билерінің бірі Әйтеке би Байбекұлының есімімен атау туралы айтылған. Автор бұл аймақ тұрғындарының басым бөлігі Кіші жүзде алты ата Әлімнің бір тармағы – Төртқараның (Оразгелді, Ораз, Жаншұқыр, Қараш) ұрпақтары екенін тілге тиек етеді. Осының алдында Қарағанды облысында Егіндібұлақ ауданының атауы Қаз дауысты Қазыбек биге, Шымкент облысында Леңгір ауданы үйсін Төле биге өзгертілген болатын. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Кеңес Абдуллиннің бұрыштамасымен хат «Жаңа өмір» газетінің редакциясына (редакторы – өзім ) келіп түсті. Хатты газетте жариялап, жұртшылықтың ой-пікірін сұрадық. Нәтижесінде отыздан астам оқырманның лебізі жарияланды.
Барлық аймақтағыдай, бізде де, аудандық кеңес атқару комитеті таратылып, аудандық кеңес құрылды, оның төрағасы міндетін қоса атқару аупарткомның бірінші хатшысына жүктелді. Жағыпар Әміровтің жоғарыдағы хаты аудан активінің жиналысында талқыланды. Шалқар өңірінде туып-өскен және еңбек жылдарымның біраз кезеңін өткізген мен «Төртқара» деген ұғымның жалпы атауын білгенмен, оның тармақтарына бәлендей зейін қоймаппын. Жоғарыдағы ұлы би есіміне аудан атауын өзгерту барысында мұны айқын түсіндім. Әйтеке – Сейітқұлдан тарайды, Сейітқұл мен Шобан бірге туған болып шықты. Олармен бірге туған бауырларының ұрпағы да жетерлік. Осындай бөліністі бетке ұстап, кейбіреулердің өз аталығына тартуы салдарынан нақты тоқтам жасалмай, мәселе кейінге шегерілді. Екінші мәрте өткізілген жиналысқа обком сонау бір жылдары Қарабұтақ ауданында бірінші хатшы қызметін атқарған, кейін облыстық басқармалардың біріне жетекшілік еткен Кемейдулла Төлеу­бай ағамызды өкіл ретінде қатыстырды. Ақиқатын айтқан жөн, ақтөбелік қонақ ауылдан жиналған өкілдер алдында мәселені барынша кеңінен түсіндірді. «Азат», «Алдаспан» және басқа қозғалыстар сахнаға шығып, пікірталас өршіген тұс. Рушылдықты, жершілдікті бетке ұстаушылар салдарынан бұл жолы да ұсыныс өтпеді. Тіпті аудандық деңгейдегі басшы азаматтардың бірі:
– Әйтеке деген кім өзі? – дегенде жағамызды ұстағанбыз.
Еліміздің егемендігі жарияланды. Тәуелсіздік деген қасиетті ұғымның тереңіне үңіліп үлгермесе де, халықтың қуанышында шек жоқ, келешекке деген сенім ұялай бастады. Президент пәрменімен облыстарда, аудандарда әкімдік басқару институты енгізілді. Қарабұтақ ауданында тұңғыш әкімшілік басшысы қызметіне Сұлтан Құрманалин тағайындалды. Кеңестік дәуірде аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып қызмет еткен оған бұл өңір жақсы таныс еді.
Егемендікке қолымыз жеткен соң кідірместен етек-жеңді жинау қажеттігін билік жақсы түсінді. Бұдан бұрын қозғалып, шешімін таппаған аудан атауы жөніндегі мәселе қайта қолға алынды. Шаруа жауапкершілігі Ақтөбе мемлекеттік педагогика институтының ректоры, профессор, жаңадан құрылған «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының төрағасы Мұхтар Арыновқа жүктелді. Қашан да байыппен қимылдайтын Мұхаң аудан басшысы Сұлтан Құрманалинге телефонмен хабарласып, іссапардың мән-жайын түсіндіреді, алдын ала не істеу керегін айтып, кеңес береді.
Әкімшілік басшысы өзі жасақтаған командадағы қызметтестермен пікірлескен соң өңірдегі аузы дуалы, елге сыйлы ақсақалдарға арнайы сәлемдесіп, ортақ ниетті ашық айтты. Олардың санатында Нысаналы Жаңбырбаев, Жолшы Момынбаев, Қазыбай Арызов, Алмат Көрпебаев, Зұлхаш Бітірбаев, Достан Жапаров және басқа ағаларымыз бар еді. Сонымен бірге ауыл-ауылдардағы еңбек ұжымдарының басшыларын, әлеуметтік қыз­мет мекемелерінің жетекшілерін жеке-жеке қабылдап, әңгімелесті.
Уәделі күнде Арынов келіп, аудан әкімдігінің мәжіліс залында жұртшылықпен кездесті. Сондағы Мұхаңның жағымды, биязы үні әлі күнге құлағымның түбінде тұрғандай. Жарықтық қағазға қарамастан, еш мүлдірместен қырық минуттай сөйлеп еді. Қазақ елінің Кеңес дәуірінде бастан өткізген зұлмат кезеңдеріне тоқталып, көптен аңсаған, талай арыстарымыз жолында шейіт болған Тәуелсіздікке қалай жеткеніміз хақында нақты мысалмен сыр шертті. Тыңдаушысын өзіне баурап алған соң әкімшілік бөліністердің атауын өзгерту, ежелгі тарихи атауларды қайтару мәселесінің өзектілігіне тоқталды. Ғұлама ғалым, бойында мәмілегерлік қасиет дарыған мәртебелі қонақ лебізінен кейін сөйлеушілер пікірі бір арнаға тоғысты. Сөйтіп, ауданға Әйтеке би атауын беру жөнінде қаулы қабылданды.
Нәтижесінде Жоғарғы Кеңес төралқасының 1993 жылғы мамырдың 4-індегі қаулысымен Қарабұтақ ауданы Әйтеке би атауына, Новоресей ауданы Хромтау болып өзгертілді, Ақтөбе және Алға аудандарындағы төрт село қазақша атауға ие болды. Кейін Президенттің 1997 жылғы 16 маусымдағы Жарлығымен облысымызда Әйтеке би және Бөгеткөл аудандары біріктіріліп, ұлы би есімін иеленді.
Ел үкіметінің қаулысымен 1993 жылғы маусым айының 5–6-сы күндерінде Қарабұтақ ауылында Әйтеке биді ұлықтау тойы республикалық деңгейде аталып өтілді.
Кеңес одағы ыдырады, бұрынғы Одақтас республикалар арасында экономикалық-мәдени байланыс сөгілді. Ауыл шаруа­шылығында жаппай жекешелендіру науқаны асығыс жүргізіле бастады. Өнеркәсіп саласында құлдырауға жол берілді.
Осындай қиын кезеңде елдік ауқымда үлкен тойға даярлық және өткізу оңайға соқпасы анық. Дегенмен тұрғылықты халық ортақ міндетті түсіне білді. Аудан басшысы Сұлтан Құрманалиннің командасы сын кезеңде сыр берген жоқ. Бұл ретте сол тұстағы облыс әкімдігінің басшысы Шалбай Құлмахановтың табанды іс-қимылын айтқан жөн.
Ауданға ұлы би есімін беру жөніндегі қаулы қабылданған күн мен той өткізілетін уақыт аралығындағы бір ай ішінде әкім С.Құрманалинмен бірге облыс орталығына әлденеше рет сапар шеккенім есімде. Екеуміз бас кеңесші Мұхтар Арыновтың қызмет бөлмесіне арнайы келіп жолығамыз. Бұл кезде ол – Республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты әрі институт ректоры. Қашан келсек те, қабылдау бөлмесінде кезек күтушілер көп. Мұхаң соған қарамастан, бізді кідіріссіз қабылдайды, әкім ауданда тойға байланысты атқарылған шаруаларды қысқаша баяндайды, кабинет қожасы шешілуі қажет мәселелер турасында өтінішті байыппен тыңдап, сол мезетте телефон арқылы тиісті мекемелерге хабарласады. Алда не істеу керегі жөнінде кеңес береді. Тіпті бір келгенімізде Сұлтан екеумізді үйіне шақырып, арнайы қонақасы берген еді.
Осындай іссапардың бірінде облыс әкімдігінің ғимаратына ат басын тіредік. Құрманалин облыс әкімі Шалбай Құлмахановтың қызмет бөлмесіне кіріп кетті, мен қабылдау бөлмесіндемін. Арада жарты сағаттан астам уақыт өтті. Аудан басшысы шыққан соң:
– Ал, Жәке, түстен кейінгі рейспен Алматыға ұшатын болдың. Бару-келу билетіңе тапсырыс береді, кассадан жолға жұмсайтын ақшаңды аласың. Жаңа облыс әкімімен келістім, «Баратын адам кім» дегенде Сізді айттым. Мынау – тізім, 23 адам, бабаның тойына құрметті қонақ ретінде облыс әкімі атынан шақырылатын адамдар. Уақыт тығыз, бүгін барып, ертең түнгі рейспен қайта ораласыз, – деп, қарап тұр.
 Ал керек болса?! Анау-мынау емес, «Құлмахановтың тапсырмасы» дейді. Тізімге қарап ем, осалы жоқ: Әбіш Кекілбаев, Марат Оспанов, Тахауи Ахтанов, Әбдіжәміл Нұрпейі­сов, Қуандық Шаңғытбаев, Бәкір Тәжібаев, Черепанов (бұл кісі Президент Әкімшілігінің Ақтөбе облысы бойынша инспекторы екен), Тоқтар Әубәкіров тағы басқалары. Жүрексіндім, қайсыбірінің мекенжайы белгісіз. Қиын-ақ. Дегенмен шегінер жол жоқ екенін түсіндім.
 Түсте ұшақтың ұшуынан бір сағаттан астам уақыт бұрын әуежайға келдім. Билет қолда, шақыру билеттері мен жолға жұмсар қаражат алынды. Қобалжып-ақ тұрмын. Абырой болғанда облыс әкімдігі жалпы бөлімінің меңгерушісі Әділхан Қайбуллаев ұшырасты. Бұл жігітпен пойызда екі рет кездесіп, сапарлас болғанбыз. Қызылорданың Қазалысынан. Амандастық, мән-жайды айттым. 
– Абыржыма, Жәке, мен екі адамға жолықтырайын, – деді.
Бірі – Мұхит Ізбанов, Жоғарғы Кеңестің депутаты, екіншісі – әйгілі ақын Қадыр Мырза-Әлі, бұл да депутат. Мұхит еңбек демалысында қажылық сапарға барып, қайтарда Ақтөбеге арнайы келген, Жилянка (қазіргі Қарғалы) ауылында тұратын анасына сәлем беріп, қайтып барады екен. Қадекең болса Байғанинде әкелі-балалы батырлар Асау – Барақтың тойына қатысқан. Екеуі де Әділханды жақсы білетін тәрізді, қауқылдасып жатыр.
Ұшақ салонында Мұхаң екеуміздің орнымыз бір қатарда болып шықты. Анасы жоңғар басқыншыларына қарсы Сайрам соғысының қаһарманы Шекті Тілеу Айтұлы бабамыздың ұрпағы екен. «Жиенмін» деп қояды. Қажылық сапарда ақ сейсеп киіп түскен фотосуреттерін көрсетті. Екі сапарласым да азаматтық жасады: Қадекең сол тұстағы астана – Алматыда тұратын ақын-жазушылардың мекенжайы, телефон нөмірі жазылған анықтамалықты ұсынды. Содан өзіме қажет қонақтар туралы деректерді жазып алдым.
Мұхит ұшақтан түскен бойда депутат ретінде арнайы шақыртқан «Волга» автокөлігімен саяжайдағы үйіне апарды. Дәм татқызып, «Жетісу» қонақүйінен орын алып берді. Бұл қызметі өз алдына, уақытын бөліп, мені Президент әкімшілігінің ғимаратына, басқа да бірқатар мәртебелі кеңселерге ертіп барып, шақыру билеті жазылған беделді тұлғаларға жолықтырды. Сөйтіп, бас-аяғы бір тәуліктің бедерінде өзіме жүктелген тапсырманы орындап, елге оралуыма жағдай жасады. Және ешқандай қабақ шытпастан. Нағыз кісіліктің үлгісі емес пе?!
Қарабұтаққа қызметке бармастан бұрын Шалқарда облыстық газеттің үш аудан бойынша меншікті тілшілігін атқарып жүргенімде ақын, драматург, сазгер Бәкір Тәжібаевтың қасында бір аптадай жолбасшы болғанмын. Үйін қиналмай таптым. Есікті өзі ашты. Сәлемдескен соң сапар ретін айтып, билетті бердім. Сырқатқа кезіккен, жүдеп қалыпты. Жанары жасаурап:
– Айналайын, елім ұмытпаған екен. Түрімді көріп тұрсың, інім. Осындай болдым ғой, – деді. Сөзін үзіп-үзіп әрең жеткізді. – Жеңгең әлгіде ғана дүкенге шықты. Келіп қалар, шай іш. 
Көсіліп отырар уақыт қайда?! Ризалығымды білдіріп, шығып кеттім.
Ақтөбеде, Шалқарда, Қарабұтақта әлденеше мәрте қауышқан Қуандық Шаңғытбаев ағам ай-шайға қаратпастан, дастарханға тізе бүктірді:
– Мынау Новоресейдегі Жағалбайлыдан келген жабағының қазысы, басытқыға жақсы, – деп, рөмкеге коньяк құйды. 
Әуежайда ұшаққа отырарда Сәбит Баймолдин ағамен кездескенім мұндай жақсы болар ма?! Алдында пәтерінің қоңырауын бірнеше рет бассам да ашылмап еді. Бір қонағын шығарып салуға келген. Осылайша, өзім шақыру билетін тапсырған алматылық қонақтардың біразы ұлы бабаның тойына қатысты.
Айтпақшы, осы сапардан соң тағы да басшымыз Сұлтан Құрманалиннің тапсырмасымен поселкелік тұтынушылар қоғамының автодүкенімен тойдың бас ордасында қонақтар дастарқанына қойылар шұбат әкелу үшін үш жүз шақырымнан астам қашықтықтағы аудан орталығы – Шалқарға арнайы бөлінген автокөлікпен барып, тапсыр­маны орындадым. Сол кезеңде түйе шаруа­шылығы облыстың бірнеше ауданында ғана ұйымдастырылған еді. Жоғарыда айтылған қонақтар Алматыдан Ақтөбеге ұшақпен келіп, Қарабұтаққа қарай сапар шеккенінде бірнеше азамат болып, Бөгетсайдың тұсында қарсы алғанымыз және бар. 
Ауданның жалпы халқы үлкен-кішілігіне, қандай қызмет атқаратынына қарамастан, уақытпен есептеспестен, ұлы баба Әйтеке Байбекұлына тағзым етіп, алыс-жақын әлеумет көпке дейін айта жүрердей қылып, тойды тамаша өткізді. Осы жазбаның әл-хиссасында аты-жөні келтірілген он екі жұптың ұзақ жылдар бойына жігі ажырамай тату-тәтті келе жатқаны да кемеңгер тұлға шарапаты болар. 

***
Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 16 маусымдағы Жарлығымен орталығы Қарабұтақ ауылы болған Әйтеке би ауданы таратылып, Бөгеткөл ауданына біріктірілді. Ірілендірілген жаңа ауданға ұлы бабамыз – Әйтеке бидің есімі берілді.

Р.S. Естен кетпейтін өкінішті жағдай – бүкіл әлемді шарпыған қауіпті індет тұсында өзіндік орны бар Наурызбай Көшекбаевтан өкпенің қабынуы салдарынан мәңгілікке көз жазып қалдық. Үлкеннің де, кішінің де көңілін тапқан, ұйым­дастырғыш, мәмілегер жампоз еді. Алдында ғана қызы Айнагүл небары қырық екі жасында бақилық болып, жан дүниесі құлазыған-ды. Көп ұзамай Қарабұтақ ауданында он жылдан астам уақыт үзіліссіз прокурор болған Селбай Қожықов досымыз ажал құрығына ілікті. Алланың пәрменіне қандай шарамыз бар? Марқұмдар пейіштің төрінен орын алғай!
Дәтке қуат қыларымыз – Наурыз­бай мен Селбайдың қосақтары Қанипа мен Зина шаңырақ түтінін түзу шығарып отыр. Зина шөбере сүйіп, қуанышқа кенелді. 

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,
Қазақстанның құрметті 
журналисі

 

396 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы