• Ақпарат
  • 28 Наурыз, 2024

Досов туралы дұрыс дерек

Бұдан біраз жыл бұрын (2017 жылдың 24–29 тамызында) «Ана тілі» газетінің №34 санында тарих ғылымының докторы, профессор Болатбек Нәсеновтің «Ұлт үшін туған Жүсіп Досовтың есімі ұмытылмауға тиіс» деген зерттеу мақаласы жарияланғаны белгілі. Жақында архивімді қарап отырып, жоғарыда аты аталған мақала қайта көзге түсті. Сонымен өзімдегі 1995 жылдан сақтаулы Жүсіп Досовтың өз қолымен (орыс тілінде) жазған өмірбаяны мен кадрлық жеке есебі толтырылған «листокты» да қайта қарадым. 

 

Б.Нәсенов архивтік деректермен біраз жайды қамтыған. Дегенмен толық емес, кейбір жерін нақтылау керек деген оймен мендегі архивтің құжаттарымен салыстыра қарадым. Ғалым Сыр елі тарихын жетік білмеген бе? Әлде құжатта солай жазылған ба? Қазіргі Қызылорда облысында Перовск (Қызылорда) және Қазалы уезі (Қазалы ауданы) болған. Сыр өңірінде оқу орындары, мектептер 1863–1864 жылдарда ашылған. Сондай мектептердің бірінде Жүсіп Досов оқыған. Ғалым жазғандай, Перовск жоғары бастауыш училище десек дұрыс болады. 
Менде сақталған екі жазбада Ж.Досов өзінің өмірбаянында «Мен, Досов Жүсіп Нұрмұхамедұлы, 1900 жылдың мамыр айында орта шаруа (кедейлеу – Т.Д.) отбасыда тудым. Әкем Досов Нұрмұхамед Қостанай облысы бұрынғы Семиозерный, қазіргі Таран ауданында тұрды» дей келе, мал-егін шаруа­шылығымен айналысқанын, өздерінде 5 ірі қара, 30–40 бас ұсақ малдың болғанын нақты көрсетеді. Сондай-ақ анасының өзінің 3 жасында қайтыс болғанын және «өгей шешенің» отбасыға келуіне байланысты 10 жасында үйден кеткенін жазған. 
«Торгайская» газетінің (1907 жылдың 20 қазанындағы) хабарламасында Қос­танай уезі, Дамбар болысының тұрғыны Нұрмұхамед Досовтың 10 жастағы жоғалған жылқысын 6 сомға бағалап, іздеу салғаны жазылыпты. 11 жасынан (ломовщика-извозчика) ат-арба айдау­шы Ердәулет Имановтың өкіл баласы болғанын және орыс-бұратана мектепте оқып, оны 1914 жылы бітірген, одан ке­йін Б.Нәсенов айтқан училищеде оқыған. 
1917 жылғы ақпан төңкерісі кезінде жастар үйірмесі, кейін бұл үйірме коммунистік жастар одағымен біріккенін жазады. Сондай-ақ Қызылордадағы кәсіподақ ұйымы төрағасының хатшысы және жастар үйірмесі басшыларының бірі және 1918 жылғы 15 тамызда большевиктер партиясына мүше, 1919 жылы Ташкенттегі педагогикалық курсты бітіргесін 3–4 ай Қызылорда қаласында мұғалім, сонымен бір мезгілде қалалық партия комитетінің Мұсылман бюросына мүше болғанын айтты.
1920 жылдың 1 қаңтарында Бүкілқазақстандық конференцияға делегат болып сайланып, Ақтөбеде, одан кейін КаССР-дің оқу-ағарту комиссариятында қызмет атқардым (Чкалов қаласында). 1920 жылы негізгі мақсатым отбасымды көру үшін және педагогикалық курс ашу үшін Торғайға келдім. Ата-анаммен Торғай маңындағы «Қожакөл» деген жерде кездестім. Оларды өте кедей тұрмыста көрдім. Әкем өкпе ауруымен ауырады және «өгей шешесінің» үш баланы асырағанын айтады. Қолында бір сиыр, бір түйе ғана бар екен. 1919, 1921, 1922 жылдары қатты ауырып, отбасыммен бірге тұрдым. Қостанайдан – 250, Торғайдан 300 шақырым қашықта тұрып, ешкіммен байланысым болмады.
Белгілі тарихшы, ғалымның газеттегі жазғандары, негізінен, дұрыс баяндалған... «Өмірбаян осылай аяқталады. Жүсіп Досовтың 1923 жылдардағы тағдыры белгісіз», – дей келе 1924 жылы Семейде қалалық кеңестің төрағасы кезіндегі оқиғаларды келтіріпті. Дұрыс-ақ, бірақ та Жүсіп Досовтың өмірбаяны мен қызмет листогында 1924 жылы оның Семейде қызмет атқарғаны туралы жазба жоқ, оның есесіне 1923 жылдың қыркүйек айында отбасымен Таран ауданына (Қостанай облысы) көшіп келгенін және өзінің партиядан шығарылғанын білді. 1923 жылдары отбасы жұмысын қойып, еңбекке араласады. 1924 жылдың сәуірі мен 1928 жылдың басына дейін Құқық комиссариятының Қостанайдағы губерниялық соттың хатшысы, сотта тергеуші, сот қызметтерін атқарған. Нақтыласам, Аманқарағай болысының №10 ауылында сот болған. Демек, белгілі тарихшы-ғалым Болатбек Нәсеновтің Семейдегі қызметін баяндаған жері қисынға келмейді. Өйткені Ж.Досов ол жылдарда Семейде қызмет атқармаған, оны өмірбаянынан оқи аламыз. Дегенмен Ж.Досов атты бір қазақ азаматының болғаны және 718-қор, 1-тізім, 234-істі қайта қарау керек сияқ­ты. Бір азаматтың азаматтық ісі біреуге телініп кетпегені дұрыс. Сонымен қатар Б.Нәсенов: «...Архивте осыдан кейінгі Ж.Досовтың тағдыры туралы құжаттар кездеспеді», «... Ал Жүсіп ағамыз денсаулығы нашар болғандықтан, өмірмен ертерек қоштас­қан болуы мүмкін», – деп жазады. Ал мендегі құжаттарда өзінің 1920 жылы Орталық сүт одағының курсын бітіргенін жазады. Осы мамандық бойынша ауылшаруашылығы кооперациясында, Қызылорда, Шымкент, Алматы қалаларында қызмет атқарған. Сол 1928–1935 жылдар аралығында жоғарыда аталған мамандығы бойынша қызмет жасаған. 1935–1936 жылдары Пахта-Арал аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1936, 1937 жылдары – Түлкібас ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысында ауданаралық дайындау мекемесінде басқарушы, 1937 жылдың ақпан айынан Алматы қаласында кәсіпорында жауапты қызметкер, Бас сауда кәсіпорында сектор меңгерушісі және осы салада 1940 жылдың тамыз айына дейін жұмыс атқарған. 1940–1942 жылдарда – Қазақ АССР қаржы наркомында салық ревизоры, 1942–1946 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан облысында облыстық қаржы бөлімінде салық бөлімінің бастығы болса, 1946–1950 жылдары Алматы қаласы қаржы бөлімінде бөлім меңгерушісі қызметін абыроймен атқарғанын көреміз. 
Ж.Досов іздене жүріп 1946 жылы большевиктер партиясына кандидат, 1948 жылдан қайтадан партия мүшесі болады. Жүсіп ағамыз өзінің өмірбаянының соңында 30 жылдық қызметінде жаман атқа қалмағаны, әкімгершілік қылмыстық жауапқа тартылмағаны, істі болмағаны және өзіне тапсырылған қызметтерді адал және мол жауапкершілікпен атқарғанын айтыпты. Бұл өмірбаян 7 қаңтар 1950 жылы жазылып, қол қойылса, кадр жөніндегі жеке парақшасында осы күні толтырылған. 1935 жылы аудандық советтің депутаты болып сайланғанын, орысша-қазақша жаза білетінін, 1945 жылы КСРО Жоғарғы Советінің указымен «За доблестный труд» медалін алғанын нақтылаған. Отбасыда әйелі, 2 ұлы мен 1 қызы барын, Алматы қаласы Пастер көшесінің 88 үйінде тұратынын қамтыған.
Ғалым, тарихшы Болатбек Нәсенов мақаласының соңында: «...Олардың бүгінгі тәуелсіз мемлекетке айналуымызға қосқан үлесі зор. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан Ж.Досов сияқты қайраткерлеріміздің ерлік істерін дәріптейік, есімізде мәңгі сақтайық», – деп ұлағатты сөзімен аяқтапты. Шынында да, бұл азамат дәріптеуге тұрарлық.
Тағы бір ескерер жайт, Жүсіп Досов 1937–1938 жылдарда қайтыс болмаған. Ол кісі шамамен ХХ ғасырдың 50-жылдардың аяғына дейін өмір сүрген сияқты. Бүгінде балаларының өзі 80–90 жастың аралығында болса керек. Жүсіп ағаның бүгінде немере-шөберелері Алматы маңында жүруі ықтимал. Арғы-бергі ата-бабасы Қостанайдағы «Дамбар» болысында тұрыпты. Екіншіден, сонау Арқадан Ж.Досовтың Қызылордаға келуіне себеп – осында туыстарының барлығы. Себебі Сыр елінің адамдары (байлары – Т.Д.) жазда Ырғыз, Торғай, Қостанай өңірлерін жайлап, күзде Сырға оралатын. Жаппас баба ұрпақтарының басым бөлігі Қостанай мен Қызылорда маңында өмір сүрген. Осы байланыс­тар оқу жолын Сыр елінен бастағанынан көрініп-ақ тұр. Ол Жаппас руының белгілі адамдарының бірі – Жаңғабыл Төлегеновпен аталас. Қорытындылай айтқанда, екі өңірде тел өскен. Демек Жүсіп Досов – өз заманының білікті азаматтарының бірі.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ, 
зерттеуші, жазушы, 
«Құрмет» орденінің иегері

379 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы