• Ақпарат
  • 28 Наурыз, 2024

НАУРЫЗДАМА

Наурыз – көктемнің басы. Көктемнің ғана емес, бүкіл он екі айдың сұлтаны. Әлемнің көптеген мемлекеті мұны әлдеқашан мойындап, жыл басы ретінде тойлап келеді. 
Наурыз – өте ерте заманнан қалыптасқан жыл бастауы. Жаңа күннің, жаңа дүрмектің, жаңашылдықтың, жақсылықтың жаршысы. Жаңа тіршіліктің тынысы. Осы айда мал төлдейді, қазақтың құтты қорасы маңыраған малға, жамыраған төлге толады. Әрбір ай мен малға ат қойып, айдар таққан данагөй қазақ наурыз айын «бірдің айы – сүрдің айы» деп те атапты. Бұл жайдан-жай қойыла салған атау болмаса керек. Өйткені ата-бабаларымыздың ыждаһаттылығы сондай – табиғат дүрмегіндегі ештеңеге де салғырт қараған емес. Әр нәрсенің байыбына баруға тырысқан. Мысалы, Наурыз – жер бетіндегі жаңа тіршіліктің бүршік жарып, бастау алатын бірінші айы. «Бірдің айы» атануының себебі осы ұғымнан шығуы мүмкін. Яғни жылдың бірінші айы, жыл басы екенін білдіргені. Сонымен бірге бұл ай ет сүрленетін мезгіл екенін де қаперге салғаны. Сол секілді Наурызды «көктің айы», «көк көже айы» деп те атайды. 

 

Дәмі тіл үйіретін әйгілі «Наурыз көже» де осы айда дайындалады. Самарқанның көк тасы еритін күн де, күн мен түннің сағаты мен сағаты, минуты мен минуты, секунды мен секундына дейін теңелетін, «Бес қонақтың» дауылдатып келетін сәті де осы айдың еншісінде. Көрісу, кешіру, тілек тілеу, тазару да осы айға тиесілі. «Наурыз бата», «Наурыз айтыс», «Наурыз жұмбақ», «Наурызек», «Наурыздың ақша қары» тағы басқа толып жатқан тамаша көріністер мен жақсылық нышандар осы айдың қадір-қасиетін асырып-ақ тұр. Бұл нені білдіреді? Әрине, Наурыздың жыл басы, жылдың бірінші айы екенін білдіреді. Сондықтан Наурыз – Жаңа күн! Жыл бастауы!
Наурыз – Ұлыстың ұлы күні. Неге Ұлыс­тың Ұлы күні? Бұл жөнінде ел аузындағы аңыз былай дейді: «Нұқ пайғамбардың кемесі таудай алып толқындармен алысып, суда қырық күн, қырық түн жүреді. Шындығында, оның дәл анығын ешкім білмейді. Бір күні кеме бір биік шыңға келіп қайырылады, сол сәтте жердің бетін жайлаған топан су кенеттен кері қайтады. Нұқ пайғамбардың кемесі қайырылған жер Қазығұрт тауы екен. Сол сәтте кемедегі барлық жан-жануарлар мен басқа да тіршілік иелері жерге түседі. Сөйтіп, баршасы бір адамның баласындай отырып, Құдайдың құдіретімен көк аспаннан түскен қасиетті қара қазаннан дәм татыпты. Содан бұл күнді Ұлыстың Ұлы күні деп жариялайды». Ал Ұлы Абай оның себебін көшпелі халықтардың «хибиғи», «хұзағи» деп аталатын өте көне заманымен ұштастырады. «Ол күнде Наурыз бір жазғытұрым мейрамы болып, Наурыздама қыламыз деп тамаша қылады екен. Сол күнін Ұлыстың Ұлы күні дейді екен», – деп жазады хакім «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» жазбасында. Наурыз – бір ұлтқа, не бір ұлысқа ғана тән емес, қандас, қанаттас, тағдырлас халықтардың көпшілігіне ортақ мереке. Оны жалғыз Жаратушыға бойұсынатындар да, тек табиғатты тәңір санайтындар да пір тұтады. Өйткені мұнда діни нанымнан ақыли ұғым, тағылымдық таным, табиғи байланыс, ғылыми негіз басым. Ол – күллі түркі әлемі мен бірге парсы, үнді жұртына да, ежелгі шумер, бабыл, рим, грек, испан, италяндарға да тән мереке. Әрине, мереке ретінде қай уақыттан, қай ұлыстан басталғанын ғылым әлі дәлелдеп берген жоқ. Сол себептен әр халық алуан-алуан аңыздар арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жалғап, оны өздеріне бұрып әкетуге тырысқан десе болады. Осы тұста шығыс ғұламалары Махмұт Қашқари, Әбу Райхан Бируни, Әбу Насыр әл-Фараби, Әбілқасым Фердауси, Әлішер Науаи, Омар Хаямнан бастап, қазақтың Абай Құнанбайұлы, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабайұлы тағы басқа данышпандары да Наурызға арнап қалам тербегенін айтып өту парызымыз. 
Наурыз мерекесі қалай және қай жерде пайда болды? Бұл жөнінде қазақ аңызы айтады: Қазақтың түп атасы – Адам ата. Одан – Нұқ пайғамбар, Нұқтан Абат туады. Абаттың Алаш, Наурыз атты екі ұлы болған. Алаш – абыз екен, Наурыз – батыр деседі. Алашта апайтөс алты ұл болыпты да, Наурызда бала болмапты. Бірақ аға балаларын өз ұлындай көріпті. Айы-күні жетіп, дәм-тұзы таусыларда Наурыз ағасына жалғандағы жалғыз тілегін айтыпты: «Алла тағала саған дәулет те, әулет те берді. Ал менің бүкіл өмірім аттың жалында, жаудың жолында өтті. Қолымнан ақ семсерім, тақымымнан көк найзам түспеді. «Ұл туғанға күн туады» деген қазақтың сөзі рас екен. Сенің әулетің өсер, менің атым өшер. Соған қапа болып барамын. Менің атым қалсын десеңдер, жылына бір рет дәулеттеріңнен шүлен тартып, әулеттеріңмен бірге аруағыма ас беріп отырыңдар. Сол күні барша жұртқа есік ашып, дастарқан жайып қойыңдар, ұлың мен құлың, қызың мен күңің бір табақтан ас ішетін болсын. Хан мен қараша иық тіресіп, бірге отыратын болсын. Әр үйде қазан көтеріліп, жақсылық тілек тіленсін. Қора-қопсыңды ескі-құсқыдан тазартып, жұртыңды жаңа тіршілікке бастауға кірісіңдер. Есіктің алдына ағаш егіңдер, өріске малдарыңды, егіске қосындарыңды жұмылдырыңдар». Осыны айтыпты да, Наурыз бақиға жүре беріпті. Абыз Алаш інісінің өсиетін бұлжытпай орындапты. Күн артынан күн, ай артынан ай, жыл артынан жылдар өтеді. Алаштан тараған әулеттің бұл сауапты ісі барша жұртқа тағылым болып тарапты. Алты Алаштың әулеті Наурыз батырдың есімін осылай мәңгі есте қалдырыпты.
Парсы жұрты былай дейді: Ноуа – жаңа, роуз – күн деген сөз, яғни Наурыз – жыл басы дегенді білдіреді. Жаңа жыл келгенде ешкім бейжай жатпайды. Өмірдегі күйбеңді, көңілдегі кірбеңді естен шығарады, алдағы жақсы күндердің тілеуін тілейді. Хан тақтан түседі, қараша атқа мінеді. Бай мен кедей бір табақтан ас ішеді. Көне замандарда патша әділетті бір уәзіріне өз шапанын сыйға тартатын дәстүр болыпты.
Этнограф-ғалым Жағда Бабалықұлы былай баяндайды: Ерте-ерте заманда әлемді топан су басады. Одан уақытысында хабардар болған Нұқ пайғамбар (Інжіл аңызы бойынша Ной) алып кеме жасап үлгереді. Оған әйелімен бірге, Хам, Сам, Иафат атты үш баласын, жан-жануар, жәндік пен өсімдіктерден бір-бір жұптан тиеп, толқын қайда айдаса, сол жаққа жүзіп кете барады. Аңыз бойынша, Нұқтың кемесі 40 күн, 40 түн толассыз жауған жаңбырдың астында жүзіпті. Жүзе-жүзе күндердің бір күнінде Қазығұрт тауының басына келіп тоқтаған екен. Міне, сол кеменің Қазығұрттың басына келіп қайырылған мезгілі күн мен түннің теңескен сәтіне дөп келіпті. Нұқ пайғамбар осы бір сәтті күнді «Наурыз» деп атауды қош көріпті. Қазіргі тілмен айтқанда, ол жаңа күн дегенге сәйкес келеді. Жерге түскен тіршілік иелері сол күні аста-төк той жасап, Нұқ өзіне киелі санаған заттарынан шашу шашқан екен дейді. Бірақ әділет жүретін жерде әбілеттің де бірге жүретіні бар емес пе. Нұқ бұл күнді жыл басы деп жариялағанымен, қайсыбір теріс пиғылдағылар оны қабылдамай, мазаққа айналдырады. Сөйтіп, наурызды Ұлыстың ұлы күні ретінде тойлау үзіліп қалады. Осы үзіліс табаны күректей үш ғасырға созылыпты.Тек арадан үш жүз жыл өткен соң ғана Құдайдың құдіретімен дүниеге Наурыз атты адам келіп, «Наурыз – Нұқ бабамыздың тойлаған мерекесі еді» деп елді үгіттеп, насихат жүргізіп, мерекені қайта жаңғыртқан екен.
Осы Наурыз мерекесі туралы дерекке 1970 жылы Мәскеудегі Ленин атындағы кітапханаға барып жүргенде «Наурыз» деген жырдан қаныққанын баяндаған этногроф: «Бұл жыр жолдары Ахмет Байтұрсыновтың емлесімен жазылған болатын, бастан-аяқ түгел оқып шықтым», – дейді. Оның сыртында, сонау 80-жылдары орыс ғалымдары «Топан су іздері» атты зерттеу жұмысын жүргізгені белгілі. Олар Қазығұрт маңынан, Орта Азияның өзге өңірлерінен де біздің дәуірімізге жатпайтын топан су іздерін тауып, зерттеу жүргізген. Олардың дерегі бойынша, 12 670 жылдай уақыт бұрын жер бетін түгел топан су басып жатқан көрінеді. Бұлтартпас дәлел ретінде олар Тәжікстандағы теңіз деңгейінен 3 000 метр биіктіктегі тау басынан акулалардың қаңқа сүйектерін тапқанын алға тартады. Осы дерекке сүйенсек, сол топан судан аман қалғандар – Наурыз тойын ойлап тапқан болуы әбден мүмкін. Біз бүгін ХХІ ғасыр кезеңінде өмір сүріп отырғанымыз­ды есепке алсақ, Наурызды мерекелеп келе жатқанымызға 13 000 жыл деп айтуға толық құқылымыз. Сондықтан мұның қоғамдық тарихпен не болмаса діни ұғыммен ешқандай байланысы жоқ, таза табиғат мерекесі дей аламыз («Ана тілі», наурыздың 20-сы, 2008).
Омар Хаямға кезек берейік: «Парсы елінің ерте дәуірдегі тәңірі Изид күнді жаратарда оған ерекше ықылас, мейір төккен, күнге үнемі қозғалыста болуды бұйырған. Күн өзінің жылдық айналымында әрбір жұлдызды бір айда басып өтеді... Он екі жұлдыздың бірі амалға күннің бірінші кірген күні, күн мен түннің теңелуі, көктемнің басталған күні болып есептеледі. Бұл күні дүние дидары өзгереді және жарық дүниеде жасанған, жасарған күйде жаңа нәрселер пайда болады. Ажам (парсы) патшалары дәл осы күнді айрықша атап өту үшін оны айдарлап, мейрам деп жариялады. Ежелгі аңыз бойынша, ажам жұртының бірінші патшасы Каюмарс таққа отырғаннан кейін жылдың әр айы мен күніне ат қоюға, адам жаңылыспасын деп жылнама жасауға жарлық берген. Ол жылнама бойынша, жылдың басы фарвардин айы атанды. Каюмарс жыл тізбесін жасаған соң қырық жыл өмір кешкен. Одан соң таққа Хұшаң (970 жыл патша болған), одан кейін Тахмұрас (30 жыл патшалық құрған), одан кейін Жәмшид отырған (бұл аралықта 1 040 жыл уақыт өткен дейді). Жыл басына «Наурыз» деген атты берген осы Жәмшид,  – дейді кітап авторы. Оның патшалығы тұсында Иранды аждаһа-патша Заһак деген атпен белгілі Баюрасп басып алады, әрі халыққа қатты азап шеккізеді. Кейін Жәмшид әулетінен шыққан Афридун оны өлтіріп, таққа өзі отырады. Оның патшалығы 500 жылға созылады. Ол таққа отырған күні мейір айының 21-іне (қазіргі есеп бойынша қыркүйек айы) сәйкес келетін меһірган (мейірбан) мейрамын, яғни сабантой мерекесін жария еткен. Заһак патша тұсында өзінің мерекелік мәртебесінен айырылып қалған наурызды тойлау Афридун кезінде қайта жалғасын тапты. Өмірінің аяғында Афридун қол астындағы патшалығын үш ұлына теңдей бөліп беріпті. Турға (Тұран) – Түркістан, Моғолстан, Әмудария аңғары, Солтүстік және оңтүстік Қытайды, Сәлімге (Арабия) – Кіші Азияны, Эражға (Иран) – Ажам мен өз тағын берген. Осылайша, Афридун негізін қалаған мейрам тамам шығыс елдеріне тарайды. Кейін Гүштасп патшалығы дәурен құрады. Ол шаруа үшін қолайлы деп бүкілхалықтық мерекелеуді саратан (жаздың басы) айына ауыстырады. Гүштасп тұңғыш рет төрт жылда бір келетін кібісе (қабиса) жылын есепке алып, күнтізбені өзгертті. Бұлайша тойлау әйгілі Ескендір Зұлқарнайын (б.з.д. 365–323) заманына дейін жалғасын тауып, оның тұсында бұл дәстүр доғарылған. Таққа Ардашер Бабақан (б.д. 226–251) отырады. Оның тұсында кібісе қайта есепке алынып, наурызды мерекелеу қайта жанданған. Алайда қаһарлы патша Нушараван (б.д. 531–579) тұсында наурыз­ды тойлауға қатаң тыйым салынады да, ал Мағмұн патша таққа отыра салысымен (б.д. 813–833) қайта жанданады.
Наурыз мерекесін тойлау жалғасын тапқанымен, оны өткізу мерзімі нақты белгіленбеді, соның кесірінен оны тойлау­ды жылдың әртүрлі кезеңіне жылжытып отырды. Бұлай құбылу парсы шаруаларын қатты күйзеліске ұшыратты. Оның басты себебі – парсы абыздарының күнтізбені дұрыс бақылап отырмағанынан болатын. Ал ертеде наурызды егін пісетін, халық алым-салықты уақытында төлеп отыратын мерзімге белгілеп мерекелейтін де, бұл мәселеде ешқандай қиындық туындамайтын. Наурызды тойлау жылдың әртүрлі кезеңіне жылжытылғандықтан, ол салық төлеудің уақытымен сәйкес келмеді, өйткені бұл кезде егін пісіп жетілмейтін. Мінеки, осы себептен халық күйзеліске ұшыраған болатын.
Таққа Мұтауаккил патша отырған соң (б.д. 847–861) Мұхамбет ибн Әбділмәлік деген уәзірінің кеңесі бойынша, наурыз күнін тойлауды саратаннан қайтадан фарвардинге ауыстырады. Одан кейін Сейістан әмірі (Иран уәлаяты) Халаф ибн Ахмет тұсында (б.д. 892–902) бұрын қолданылып келген күнтізбеге реформа жүргізді. Ол бойынша айпарақ бұрынғы қолданыстағы күнтізбеден 16 күн айырмашылыққа ие болады. Осы күнтізбе біздің заманымызға дейін қолданыста жүрді. Селжүктер сұлтаны Мәлік шах билік басына (1072–1092) келгенде көне кібісе өлшемін қайта жандандыруға жарлық еткен. Жаңа күнтізбені жасауға хорасан ғалымдары (оның ішінде атақты ғалым, шайыр Омар Хаямның өзі де бар еді) тартылған. Осылайша, жаңа күнтізбе 1079 жылы жасалып, бұдан былайғы кезеңде Нау­рыз мейрамы әрдайым 21 наурызға келетін етіп белгіленген. Сөйтіп, Наурыздың күнтізбедегі тұрақты орны анықталып, кібісе күні де өз орнын тапты. Бұл күнтізбе бойынша, уақыт есебі күннің қозғалысына негізделіп жасалып, бір жылда 365, 2 425 күн болады деп есептелді. 
Айтпақшы, жаңа күнтізбе жасау кезінде аспан әлеміндегі жұлдыздардың орнын анықтайтын «Ұстарлоб» (қазіргі телескоптың байырғы бір түрі болса керек) деп аталатын астрономиялық аспап орнатылған екен (Омар ибн Ибрагим әл-һаям. «Наурызнама» қол жазбасы, Берлин мемлекеттік кітапханасы және Лондандағы Британ музейінде сақтаулы).
Әлихан Бөкейхан айтады: «Алғашқы айпарақ Ғайсадан 5000 жыл бұрын Тигр мен Ефрат аңғарында өмір сүрген Вавилия/Шумер елінде жасалған Халдей календары. Онда жыл санау күн мен түннің теңелуінен басталған. Ұлы көштер салдарынан халдейлер ыдырап, шумерлердің билігін парсылар тартып алды. Содан айпарақ Нау­рыз болып өзгерді. Халдей әулеті – қазіргі угро-фин және қытай жұрты. Кейін Юлиян және Григорян календарлары шықты да Халдейді де, Наурызды да ығыстырады. Ал астрономиялық дәлдік жағынан наурыз/халдей календары қолданылғаны дұрыс» («Айқап», 1916). Енді ғылымға жүгінейік: «Наурыз – жұлдыздардың қозғалысы мен уақыт кеңістігіндегі астрономиялық дәлдік сәті. Яғни ұлы мәртебелі уақыт пен табиғат таразысы тең түсетін күн. Бұл сәт 21, 22, 23 наурызды қамтып, үш тәулікке созылады. Мұны ғылыми жыл қайыру деп атайды. Таратып айтатын болсақ, біздің космостық жүйеміздегі жұлдызымыз – Күн. Күннің жыл бойында 4 ерекше орналасу сәті бар: олар – көктемдегі және күзгі тоғысулары, сосын жазғы және қысқы тоқыраулары. Осының ішінде тек наурыздағы күн мен түннің теңесуінде ғана күннің нүктесі (орталығы) Тоқтылар жұлдыз шоғырындағы бір жұлдызбен дәл түйіседі екен. Осы екі түйісу аралығы астрономия ғылымында Тропикалық белдеу деп аталып, жыл мерзімінің ұзақтығы мен қысқалығы анықталады. Жыл ұзақтығы 365 тәулік 5 сағат 48 минут 46 секунд. Мысалы, Күн нүктесінің аталған жұлдызбен түйісуі 2013, 2014, 2015 жылдары наурыздың 22-сінен 23-іне қараған түнге тура келсе, 2016 жылы бұл түйісу наурыздың 21-інен 22-сіне қараған түнге дәл келді. Себебі ақпан айы (кібісе айы) 29 күнге толатын жылдары (2012, 2016, 2020, 2024...) осы түйісу өз уақытын бір тәулікке өзгертеді. Дегенмен осы екі сәтте де күн мен түн тең түседі. Суық пен жылылық ауысады, қыс пен көктем қауышады. Көкте нұр көбейеді, жерді жылылық жайлайды. Тіршілік бусанады, тамырға нәр кіреді. Қысқасы, үйге үт кіреді, үтпен бірге құт кіреді. Наурыз мерекесінің үш күнге созылатын себебі осыдан». Сондықтан ғаламдық ғылым Наурызды әлемдік айпарақ бірлігіне айналдыруды дұрыс есептейді. Біздің де ниетіміз – осы!
Енді шежіре қария Жұмын Шарахымбайұлының (Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы Қақпақ ауылының тұрғыны) қойындәптеріндегі екі жазбаға назар аударайық.
1) «Наурыз мейрамы неге 22 наурызда тойланады? Өйткені дәл осы мезгілде күн мен түн тең түседі. Мұны байырғы қазақ «тоғыс» деп атаған.
Ертеде елден асқан екі батыр болыпты. Біреуінің аты Айсұлу екен де, батырлықта ешкімнен кем түспепті. Екінші батырдың аты Үркер екен. Бір күні екеуінің басы бір қазанда піспей, әлденеге қақтығысып қалыпты. Аңыз етушілердің айтуынша, жекпе-жекке шығуға келген Айсұлу Үркерге бір көргеннен ғашық болып қалады. Ал Үркердің айналасында сансыз жұлдыз топтасып жүретіні белгілі емес пе. Екі батыр бетпе-бет келіп соғыс салады. Бірақ бір-бірін ала алмайды. Бір уақытта найзаласып жүрген Айсұлудың бет пердесі сыпырылып түседі, ар жағынан ай десе аузы, күн десе көзі бар арудың сұлу бейнесі жарқ ете қалады. Сонда ғана өзімен жекпе-жек шайқасқан батырдың қыз екенін көріп, Үркер ұяттан жүзі өртеніп, соғыспай шегініп кетеді. Осы хикаятқа қатысты мынадай бір жұмбақ бар. «Екі емен, жеті терек, алты қайың; Басында жапырағы өскен дәйім. Бір шынар, үш қарағай, бір жалғыз тал; Баршасын айта беріп нағылайын».
Жұмбақтың шешімі. «Екі емен» дегені – Күн мен Ай. «Жеті терек» дегені – Жетіқарақшы жұлдызы болса керек. «Алты қайыңы» – алты Үркер деуге болады. Ал «басында жапырағы өскен дәйім» дегені – көршілес тұрған сансыз жұлдыздың шоғырын айтатындай. «Бір шынар» дегені Темірқазықты бейнелегені деп шамалауға болады. «Үш қарағайы» – үш Таразы жұлдызы сияқты. Ал «Бір жалғыз талы» – Шолпан жұлдыз, яки Таңшолпан деп шамалаймыз.
Расында, 22 наурыз күні Сүмбіле, Үшарқар – Таразы, Үркер және Сұлу Сары түзу бір сызықтың бойына тізіле орналасады. Осы құбылысты есепшілер күн мен түннің теңесуі деп санайды.
2) «Қазақ аңызында Арыстан мен Өгіз шоқ жұлдыздары ғарыш алаңында шайқасқа түседі. Олар бірін-бірі ұзақ уақыт ала алмайды. Осы тұста қазақтың тағы бір дәстүрлі жұмбақ өлеңін келтірейін: «Атасымен анасы, Үш жүз алпыс бес баласы, Он екі ауыл шамасы; Отыз ор дуадақ, Бес балақ сан; Елу екі қарақшы».
Бұл жұмбақтың шешімі былай: «Атасы мен баласы» дегені – Күн мен Түн. «Үш жүз алпыс бес баласы» дегені – бір жыл ішінде келетін үш жүз алпыс бес күнді айтып отыр. «Он екі ауыл, отыз ор дуадағы» – отыз күннен тұратын жыл он екі айды ишаралап отырғаны анық. «Бес балақ сан» дегені – жыл ішіне сыймай өкпелеп қалған «Бес қонақ» дауылы болса керек. «Елу екі қарақшысы» – жыл бойындағы елу екі аптаны меңзегені сияқты. 
Өмір мен өлім аяусыз арпалысқан ғарыштағы қан майданда жақсылық әрқашан жеңімпаз болып шығады, жыл бойы жаңа игіліктің мерейі үстем болады».
Бізден де бір ауыз сөз: «Басқа жұртты қайдам, Наурыз – қазақтың шын мағынасындағы ұлттық мерекесі, бүкілхалықтық тойы. Сондықтан оның келуін асыға күтеді, ерекше ілтипатпен атап өтеді. 
Көпшілік тілші-ғалымдар Наурызды – көне парсы тіліндегі «ноуа» – жаңа, «роуз» – күн, яғни жаңа күн деген мағынаны білдіреді деп түсіндіреді. Мүмкін. Бірақ, тарихи жад туралы теорияға арқа сүйесек, Наурыз сөзінің бастапқы шығу төркіні мен қолданысқа түсу ареалы прототүрк, яғни Тұран тарихи-географиялық кеңістігіне байланысты секілді көрінеді. Анығырағы, бұл сөз алдымен бабатүріктер арасында пайда болып, кейіннен әртүрлі тарихи-саяси оқиғалар мен жаугершіліктің салдарынан тайпалар шекараларының өзгеріске түсіп, немесе бір жерден екінші жерге қоныс аударып, араласып-қораласып отыруларымен парсы тілінде ауысуы ықтимал екенін кім жоққа шығаруы мүмкін? Ал көне парсылар мен көне тұрандықтар көршілес жұрт болғандықтан, бірде тату-тәтті ғұмыр кешсе, бірде қақтығысып-соқтығысып қалып, бірақ үнемі ауыс-түйісте болып келгені белгілі. Көне Тұран жұртының «ноуа» және «роуз» сөздері кейін парсыға ауысып, олар әртүрлі фонетикалық өзгерістерді бастан өткерген болса керек. Мысалы, қазіргі қазақ тіліндегі «нұр», «ырыс», «ырыздық» сөздерінің «наурыз» сөзімен тұлғалас қана емес, мағыналас келетінін байқамау мүмкін емес. Ендеше, осы бағытта неге зерттеу жүргізіп көрмеске? Ал парсыға ауысқан «ноуа» сөзі уақыт барысында әртүрлі өзгерістерге ұшырағанымен, көп халықтың тілінде сол мағынада сақталып қалған: латынша – нео, немісше – нойе, орысша – нов. Осы мәселеге назар аудара қарасаңыз, «ноуа» сөзі үнді-еуропа деген халықтардың өз іштерінен даралануынан да әлдеқайда бұрын пайда болғанын аңғаруға болады. Ал одан бергі кезеңде де 5 000 жылдан астам уақыт өтті. 
Осы орайда тағы бір ой. Өркениеттің алғашқы тасын қалаған деп есептелетін Нұқ пайғамбардың үнді-еуропалық тілдердегі таңбалануы – Ной. Әрине, діні мен дүниетанымына байланысты әркім де өзінше атауға, өзіне бұра тартуға құқылы. Мәселе онда тұрған жоқ, мәселе Ной есіміне байланысты. Мысалы, орыстар «Ноев ковчег» дейді, қазақша аудармасы «Нұқ бесігі» болып шығар еді. Бұл нені көрсетеді? Яғни «кеме» мен «бесіктің» мағыналық тұлғасының бір текті екенін көрсетеді.«Ноев ковчегтің» өзге үнді-еуропалық тілдердегі мағынасы да осы тектес екеніне менің күмәнім жоқ. Енді осындағы Ной/Ноев сөзіне назар аударайық. Мұның «наурыз» сөзіне ұқсастығы жай көздің өзіне де айқын көрініп тұр. Олай болса тұрандықтардан парсыға ауысқан «ноуа», орысша «нова», немісше «нойе» сөздері мен адамзаттың тұңғыш құтқарушысы Ной/Нұқтың есіміне ұқсастығы туралы не айтуға болады? Біздіңше, бұл ұқсастықтар жайдан-жай емес, Ной/Нұқ пайғамбар мен Наурыз сөздерінің, әйтеуір, бір байланысы бар екенінің айғағы. Түйіндей айтқанда, «наурыз» сөзі мен Наурыз мерекесінің әу бастағы шығу төркіні қалай десек те Нұқ/Ной пайғамбардың кемесі қайырылды деген Қазығұрт тауына қарай жетелейді. Біздіңше, бұл тақырып – зерттеушілердің назарында болатын мәселе.
Рас, көп елдерде жыл басы қаңтардан басталады. Бұл ағымды ендірген көне Рим императоры Юлий Цезарь. Ол таққа отыр­ған соң жаңа күнтізбе жасауға жарлық беріп, нәтижесінде жыл басын 1 қаңтарға ауыстыр­ған. Шын мәнінде, оны Ғайсаның (Христос) туған күніне орай ойлап тапқан Дионис деген кезбе біреу көрінеді. Орыс әлемінде сол күнтізбені 1700 жылы І Петр енгізді. Одан кейін 1926 жылдан бастап, кеңестік жүйенің ұстанған орыстандыру саясатына орай, КСРО құрамындағы ұлттардың бәрі 1 қаңтарды жаңа жыл деп есептеумен келді. Көптеген елдер өз тәуелсіздігін жарияласа да, орыстар күштеп ендірген сол әдетінен әлі айырылғысы жоқ. Оның ішінде біз де, қазақтар да, бармыз. Ал араб жұрты мухаррамнан (маусым айынан) бастайды. Яғни христиандар өздерінің жол басшысы Ғайсаның туған күнін, мұсылмандар болса Мұхаммедтің (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинеге көшкен күнін қадір тұтады. Айтпақшы, араб жұртының топан су туралы аңызы бойынша, кемеге ражаб айының алғашқы күні мінген Нұқтың тобы алты ай он күн су үстінде болып, мухаррам айының оны күні жағаға шығады. Бірақ кемені Қазығұртқа емес, Шам жұртындағы (қазіргі Сирия) Мүсілім (Мосул) шаһарының маңындағы Жудда тауына апарып қайырады (Әбілғазы. Түрік шежіресі. Алматы, 1992). Яғни Мұхаммедтің (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинеге көшкен күні мен топан судан қашқан Нұқтың кемесінің тоқтаған сәті бір мезгілге сай келіп тұр. Бұл кездейсоқтық па, әлде астарында басқа сыр жасырылулы ма?.. Бұл да зерттеушілердің назарында болуға тиіс дерек болса керек. Сондай-ақ мұсылмандар әлемі өздерінің тәуба күніміз деп есептейтін – құрбан айт пен ораза айтты, христиандар болса пасханы қадір тұтып, мерекелейді. 
Ал шариғатшыл қазақ баласы үшін Айт мерекелері – күнәдан тазару, өткенді еске алу күні болса, табиғатшыл қазақ баласы үшін Наурыз мейрамы – береке, бірлік, теңдік, ырыс, ырыздық, кешірім тойы.
Жаратылыс деген не? Жаратылыс – жойқын күш, толассыз айқас, бітіспес күрес. Күнді – түн, түнді күн өкшелей тауысып, талмап, соның есебінен бірі қысқарып, бірі ұзарып, бірде суық ауа, бірде жылы ауа жеңіп, алма-кезек ауысады да жатады. Қараңғылық өз шекарасын табандап қанша қорғамақ болмағанымен, жарық бәрібір жеңбей қоймайды. Бұл құбылыс тіршілік иелерін де қозғалысқа түсіріп, толассыз тайталасқа салады. Соның бәрінің тепе-теңдігін сақтап, бір саябыр тапқызып, әлдебір балбырауын күйге түсіретін сәт – Наурыз. Олай болса, табиғат екеш табиғаттың өзі жаңа босанған анадай рақат күйге түскенде, адам неге бір мезет тыныштық тауып беймарал бой жазбасқа?! Шүкір, көп жыл көз жазып қалған бұл мерейді Ұлы мәртебелі уақыт өз орнына қайта қойды. Иә, қайта келген қуаныштың қызуы әдепкіден қатты болады деседі. Өйткені қазақтың Наурызы – алаштың төл мейрамы. Ол дін мейрамы емес, Батыстан жұққан бей­әдеп, нәпсіқұмар, қасиетсіздіктен құралған мереке түрлеріне де жатпайды. Бұл – таза тұрмыс, табиғат, шаруашылық мейрамы. Ғылыми негізі бар мейрам. Сондықтан қалың жұртшылық бұл мерекені асыға күтеді. Барлық жылы-жұмсағын дастарқанға қойып, ерекше құлшыныспен тойлайды.
Наурыз мерекесі құтты болсын, аса қадірлі қазақ жұрты!

Болат ШАРАХЫМБАЙ

370 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы