• Ақпарат
  • 11 Сәуір, 2024

Есіңде ме сол бір шақ, Еділ Ноян?

«Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген өлең жолдарынан алынған осы бір екі сөздің астарына терең үңілсек,  қазақ халқының болмысы мен дүниетанымын түсінуге жол ашар киелі де, қасиетті де ұғымдардың жатқанын байқауға болады. «Тектілік» ұғымының өзі қазақ тіліндегі ең асыл қасиеттердің жиынтығы іспетті және солай да. Сол қасиеттердің бәрін санап жатпай, тек қана  шартты түрде топтастыра қарасақ,  қасиеттердің алғашқы тобын  адамның жеке өз басындағы белгілері құрап, оған адалдық, шыншылдық, мейірімділік, тазалық, еңбекқорлық, білімділік, имандылық, қарапайымдылық, тіпті өзінің жеке мүддесінен ұжымның, елдің мүддесін жоғары қою секілді қасиеттерді жатқызар едік. Ал қасиеттердің  екінші бір тобына тектілікке негіз болған ата-бабаларымен олардың жүріп өткен жолдары, олардан дарыған қадір-қасиеттер  жатса керек.
 

Біздің бұл айтып отырған тектілік туралы ойларымыздың замандасымыз, әріптесіміз, досымызға тікелей қатысы бар. Ол досымыздың аты-жөні – Еділ Ноян, ғылыми дәрежесі – тарих ғылымының кандидаты, жұмыс орны – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Тарих факультетіндегі «Қазақстан тарихы» кафедрасы. Атқаратын қызметі – кафед­расы  меңгерушісінің оқу және тәрбие жұмыстары бойынша орынбасары. Университеттегі оқытушылық еңбек өтілі – 31 жыл, Ұлттық университеттегі 5 жылдық студенттік жыл мен Ғылым академиясындағы 3 жылдық аспирантураны қоса есептегенде, жалпы еңбек өтілі 39 жыл екен. Міне, тура 39 жыл бойы Еділ Ноянмен аралас-құралас араласып келеміз. 
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың (бұрынғы С.М. Киров атындағы ҚазМУ) тарих факультетінде бес жыл бірге курстас болып, ҚазМУ-дың №6  студенттер жатақханасының  бір бөлмесінде 5–6 жігіт бірге  тұрғандықтан, басқа әріптестерге қарағанда Еділді біршама тәуір білемін деп санаймын. Алғаш рет Ноянов деген фамилияны 1985 жылы университет ректоры, академик Ө.А. Жолдасбековтің студенттерді қабылдау туралы бұйрығын оқу кезінде есіттім. Өйткені студенттерді қабылдау кезінде әскери бөлімнен алып келген «Ұсыныс хат» (Рекомендательное письмо) деген құжаттың көмегімен конкурстан тыс Еділ екеуіміз ғана тарих факультетіне қабылданған едік. Күндізгі бөлімге қабылданған 125 студенттің (екі қазақ тобы – 50, бір орыс тобы – 25, бір арнайы топ – 25 және партия тарихы тобы- 25 студент) арасында ректор алдымен Еділ екеуіміздің фамилиямызды атады. Қуанышымызда шек жоқ. 
Еділ өзінің Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Кіші Қамқалы деген ауылда туып-өскенін, орта мектепті сонда бітіргенін сөз арасында айтатын. Жатақханада тұрған кезімізде әскерде болып келгеніміздің бір пайдасы тиді. Бөлмедегі тазалықты өзара кезекшілік арқылы қатаң сақтадық және тамақ үшін әркім 15 сомнан шығарып отырдық. Ол кезде шәкіртақымыз 50 сом, үздік оқитындарға 50 пайыз үстеме қосылатын. Алты адамнан жиналған 90 сом алты жігіттің  бір айлық тамағына мол жететін. Жиналған ақшаны бәріміздің ортақ ұйғарымымыз бойынша Еділге өткізуші едік. Оның адалдығы мен тазалығы, шыншылдығы мен принципшілдігі, ұқыптылығы мен есепке жүйріктігі бірінші курстың алғашқы айларында-ақ байқалып, біз оны соңғы курсқа дейін бөлмеміздің шаруашылық жөніндегі басшысы (завхоз) етіп сайлап келдік.
Оқуға қабылданғаннан кейінгі алғашқы курстың ауылшаруашылық жұмысында Еділ өз тобында бригадир болды. Ал университетте оқу тобына староста болып тағайындалды. Және де 102-ші оқу тобына бес жыл бойы староста болды. 
Университеттен соң Еділ Ғылым академиясының Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының Этнография бөліміне жұмысқа қабылданды, одан әрі институттың  аспирантурасына түсті. Өткен ғасырдың 90-жылдарындағы қиындықтар кезінде Академияның бірталай ғалымы жоғары оқу орындарына ауысқан болатын. 1993 жылы Еділ де университеттің тарих факультетіндегі «Ежелгі және ортағасырлар тарихы» кафедрасына оқытушылық қызметке ауысып, сол кафедрада күні бүгінге дейін жұмыс істеп келеді. Мен сол кафедраға 1990 жылы жолдамамен жас маман ретінде қалдырылған едім. Сөйтіп, Еділ екеуіміз студент кезімізде бір бөлмеде тұрсақ, енді, міне, ұстаз ретінде 30 жылдан астам уақыт бойы бір кафедрада жұмыс істеп келеміз.
Шамамен 2000 жылдардың басында  бір отырыстағы әңгіме барысында Еділ өзінің шежіресі мен шыққан тегі, ата-бабалары туралы жайлап айта бастады. Сөйтсек, Еділдің ата-бабаларының шыққан тегі Батыс Қазақстанның Орал облысының Жымпиты ауданының өңірі екен. Тарихшы болғандықтан, сұрастыра, іздестіре жүре, ол өзінің ата-бабаларының шыққан тегін Жымпиты өңіріндегі Байбақтының Жау­ғашты руының шежіресін жақсы білетін ақсақалдардан кездестіреді. Әкесі Науанның (Еділдің әкесінің есімі – Науан, бірақ құжаттарда Ноян деп жазылып кеткен) айтуына қарағанда, Еділдің атасы – Шыңғали Қарыұлы Жанғұтдиев (1902–1938) 1936–1937 жылдары Ресей Федерациясы Орынбор облысы Ақбұлақ аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарып жүргенде «халық жауы» ретінде ұсталып,  1938 жылдың 12 ақпанында атылған екен. Бұл туралы және атасының ақталғаны туралы құжат «жылымық» жылдары Еділдің әкесі Науанға беріледі. Бір жапырақ қағазды  әкесі сандықтың түбінде сақтап, тек қайтыс боларының алдында ғана балаларына көрсетеді. Науан әкей 1998 жылы 67 жасында дүниеден өтеді.
1937–1939 жылдардағы бүкіл КСРО аумағында жүргізілген сталиндік жаппай саяси қуғын-сүргіннің оты Еділдің атасы мен әкесіне де тиіп, атасы бар болғаны 36 жасында атылып кетсе, әкесі Науан (1931 жылы туған) жеті жасынан бастап  «халық жауының» баласы атанады, небір қиындықтар мен кемсітулерді көріп өседі. 1953 жылғы Сталиннің өлімінен кейін көп ұзамай «жылымық» кезең туғанда Еділдің әкесі Науан әскери борышын орындап келгеннен соң техникумда мал дәрігері мамандығын алады да,  жолдамамен Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының Кіші Қамқалы ауылында жаңадан құрылып жатқан «Мойынқұм» совхозына мал дәрігері ретінде жіберіледі.
Еділдің айтуынша, ата-анасы жас кезінен балаларына атасының «халық жауы» деген жаламен атылып кеткенін, соның зардабын әкесі жас кезінде көп көргенін, сол себепті де абайлап жүрулерін, тыныш болуларын құлақтарына құйып отырған екен. Сол себепті де ата-анасының осы сөздерін санасына құйып алған  Еділ  студенттік жылдары  өзінің шежіресі мен шыққан тегі, ата-бабалары туралы біліп тұрса да, бізге ештеңе айтпайтын. Оның себебін қазір ғана түсініп отырған жайымыз бар. Мұндай жағдай сол кездері тек Еділ досымыздың ата-анасының отбасындағы  ахуал ғана емес, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған ұлт зиялылары ұрпақтарының басындағы жағдай болатын. «Алмас қылыш қап түбінде жатпайды» дегендей, шындықтың, ақиқаттың жолы қашық, алыс болса да, түбінде оралатыны, орнайтыны белгілі. Бірақ ол орнағанша қаншама тағдырдың жолын кесті, арманын үзді десеңізші! Дегенмен Еділ досымыздың әкесі жеті жасында тағдырдың ауыр соққыларына тап болып,  оған барынша төтеп береді, ақыры тектілік қасиеттері арқасында жеңіп шығады.
Соңғы жылдары ҚР Президенті Қ.То­қаевтың арнайы жарлығымен  «Сталиндік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» тарихшылардан комиссия құрылып, олар барлық өңірлердегі, облыстардағы сол заманның небір құпия құжаттарын ақтарып жатыр. Жас тарихшы әрі өзіміздің кешегі студентіміз Рамазан Әбілдостың Ресей және еліміздің Орталық архивтеріндегі қорлардан тапқан материалдарында Еділдің атасына қатысты мынадай материалдар табылды. Енді сол табылған материалдарға көңіл қойып көрелік.
«Жанғұтдиев Шыңғали Қарыұлы 1902 жылы Орал облысы Жымпиты уезінің №3 ауылында малшы-шаруаның отбасында дүниеге келген, 1911–1920 жылдары  малшы, 1920–1922 жылдары өзінің жеке шаруашылығында еңбектенген. 1922–1925 жылдары Орынбор қаласындағы өлкелік кеңес партия мектебінің курсанты, 1925–1926 жылдары Елек уездік ВЛКСМ комитетінің экономикалық бөлімінің меңгерушісі, 1926–1927 жылдары Бөрлі болыстық ВЛКСМ комитетінің хатшысы, 1927–1928 жылдары Жымпиты қаласындағы уездік «Қосшы» одағы комитетінің төрағасы,1928–1929 жылдары Тайпақ ауданы ВКП(б) комитетінің хатшысы, 1929 жылы Орал округтік ВКП(б) комитетінің нұсқаушысы, 1929–1930 жылдары Орал округтік Бақылау комиссиясы  партиялық коллегиясының хатшысы, 1930–1931 жылдары Алматы қаласында Өлкелік партия комитетінің сектор меңгерушісі, 1931–1934 жылдары Қазақ Ұлттық кавалерия полкі командирінің саяси істер бойынша көмекшісі, полк бюросының хатшысы, 1934 жылы апрель-октябрь айларында Іле аудандық партия комитетінің хатшысы (Қаскелең селосы), 1934 жылы ноябрінен 1936 жылы Ақтөбе облысы Ақбұлақ ауданы партия комитеті төрағасының орынбасары, 1936–1937 жылдары Орынбор облысы Ақбұлақ аудандық партия комитетінің хатшысы. Осы қызметте жүргенде ұсталып, 1938 жылы атылады». Қарап отырсақ, Еділ досымыздың туған атасы 22–23 жасында кеңестік жүйенің аудандық деңгейіндегі жастар ісі, экономикалық мәселелер және партия ұйымының хатшылық қызметтеріне бел шеше кіріскен екен. 32 жасынан бастап Алматы облысы мен Орынбор облыстарында аудан басшылығына дейін көтеріледі.  Егер сталиндік саяси қуғын-сүргін болмады деп есептесек, онда досымыздың атасы қырық жастың ішінде облыстық деңгейдегі  басшылық қызметтерді, ал елудің ішінде республика деңгейіндегі басшылық лауазымдарды атқарары сөзсіз еді. Атасының қылшылдаған 20–30 жасар кезінде жасындай жарқылдап, сол тұстағы жаңа заманның белсенді құрылысшыларының бірі болуы – арғы жағындағы ата-баба­ларының қанында бар - елге қызмет ету, билік, төрелік айта білу секілді қасиеттерінің жалғасы, көрінісі болса керек. Ондай қасиеттерге ие тұлғаның өз ортасында қалып қоймай, алға суырылып шығары айтпаса да түсінікті. Адалдық пен тазалықты, қарапайымдық пен кішіпейілдікті, еңбекқорлық пен көпшілік мүддесін жоғары қою секілді қасиеттерді ұстанып, күнделікті өмірде ту етіп ұстап отырған Еділ досымыздың тұлғалық болмысын ата-баба жолын жалғастырушы деп білеміз.
Еділ Ноянов 1996 жылы тарих ғылымының кандидаты Аманжол Боранбайұлы Қалыштың ғылыми жетекшілігімен этнология мамандығы бойынша кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты. «Ежелгі және ортағасырлардағы Қазақстан тарихы» кафедрасында оқытушылық қызмет атқара жүре, ежелгі сақтардың тарихына қатысты зерттеу жұмысының бағытын айқындап алып, ғылыми жұмыстарының басым көпшілігін осы тақырыпқа арнады.Сонымен бірге кафедраның оқу үдерісін ұйымдастыру мен студенттер арасында тәрбиелік жұмыстарды жүргізудегі алғырлығы мен ұйымдастыра білуі оны бірден басшылықтың назарына іліндіреді. 2001 жылы кафедраға меңгеруші болып келген белгілі тарихшы, тарих ғылымының докторы, профессор Талас Омарбеков оны өзіне осы сала бойынша орынбасар етіп алады.Өзіне тән еңбекқорлық пен жауапкершілік қасиеттері арқасында Еділ бұл саланы тез меңгеріп алды. Ұжымдық мүддені жеке басының мүддесінен жоғары санайтын біздің Еділ өзіне сеніп тапсырылған жұмыстарды уақытынан ерте орындап тастауға асығады, тіпті қажет болған жағдайда кабинетінде таңға дейін жұмыс істеуге дайын. Оны ол бірнеше рет дәлелдеп көрсетті де. Еділ Ноянұлы осындай қасиеттерімен кафедра, факультет ұжымы алдында сыйлы, сый-құрметке ие.
Еділ Ноянұлы Отан тарихының жетік білгірі, тәжірибелі лектор, тағылымы мол дәріскер ретінде университет студенттері арасында зор беделге ие. Студенттер оны білімімен қатар, әділдігі үшін де қатты құрметтейді. Ол Қазақстан тарихының кез келген мәселесін түсіндіру, баяндау барысында педагогикалық біліктілігін өте жақсы пайдаланады. Салыстыру, мысалдар келтіру секілді қарапайым ғылыми әдіс-тәсілдерді ұтымды қолдану арқылы күрделі тақырыптың өзін студенттерге өте жеңіл жеткізеді. Еділ Ноянұлынан тәлім алған университет түлектері еліміздің барлық өңірі мен қалаларында еңбек етіп жүр. Олармен кездесе қалған жағдайда ұстаздарына сәлем айтуды ұмытпайды.
Қазіргі кезде алты белеске шыққан адамды ақыл айтар жасқа келді деп санайды. Бізде досымызға айтар ақылың таусылмасын деп шын ниетпен тілек білдіреміз.

Берекет Кәрібаев
ҰҒА академигі, 
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университетінің профессоры,
тарих ғылымының докторы

313 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы