• Ақпарат
  • 11 Сәуір, 2024

Шоқан салған суреттер

2025 жылы Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл толады. Шоқан ерекше дарынының арқасында ғылым-білімге жастайынан құмар болды. Мысалы, жеті жасында әкесі Шыңғыстың көмегімен «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Ер Көкше» жырларының бірнеше нұсқасын жазып қойған, кейінірек оларды Омбы қаласына барып, оқуға түскенде ұстазы Н.Ф. Костылецкийдің қолына тапсырады. Сондай-ақ әкесі Шыңғыстың айтуымен үйіне бірнеше мәрте ақын, жыршыларды шақыртып, екеуі қазақ әндері мен аңыздарын қағазға түсіріп, оларды да Омбыға жіберген. Сөйтіп, Шоқан қазақ халқының аса бай мәдени мұрасының бір бөлшегінің жазбаша түрде сақталып қалуына бала күнінен бастап үлес қосты. 

 

Бұл туралы академик Әлкей Марғұлан былай деп толғайды: «Ежелгі дәстүр бо­йынша, сұлтанның балалары «жеті жұрттың тілін біл» деген ескі қағида негізінде бірнеше шығыс тілін үйренуге тиіс болды. Бұл дәстүр ол кезде әлі сақталатын, сөйтіп, Шоқан бала күнінен бастап-ақ шығыс тілдерін оқып, араб тілін меңгереді, ал кейін ұйғыр жазуын үйренеді. 1985 жылы академик-жазушы Ғабит Мүсірепов: «Шоқанның таланты телегей-теңіз, оның ғалымдық өрісі ұлан-байтақ биіктерге серпіліп жатады. Біздің ғалымдарымыз осы Шоқанша әр қырынан табыла берсе деп үміт етсек, онымыз орынсыз болмас деймін», – деп жазған екен. Тумысынан зерек, өнегелі тәлім-тәрбие алған Шоқанның әр еңбегі нақтылығымен, дәлдігімен, адалдығымен, көркемдігімен, жаңашылдығымен сол заманның өзінде әйгілі ғалымдардың, оқымыстылардың, мемлекеттік тұлғалардың назарына ілігіп, аса жоғары бағаланғаны белгілі.
Атап айтатын болсақ, әйгілі «Көкетай ханның өлімі және оның асы», «Манас», «Ыстықкөл сапарының күнделігі», «Қырғыз­дар жайлы жазба», «Қытай империясының Батыс провинциясы және Құлжа» сияқты бірқатар ғылыми еңбектерін 1856–1857 жылдары, яғни 20–21 жасында-ақ жазған. Бұл еңбектер өз құндылығын әлі күнге дейін жойған жоқ. Ондағы қазіргі Қазақстан, Қыр­ғызтан аумағын, жалпы Орта Азияны мекен еткен ежелгі ру-тайпалардың жай-күйі, өзара қарым-қатынасы, жер-су атаулары, тарихи-этнографиялық, шаруашылық-тұрмыстық, құқықтық нормалар жайындағы мол мәліметтер кейінгі зерттеушілер үшін аса маңызды болып қала береді. Мысалы, 1856 жылғы Құлжа күнделігі аса тартымды, Шоқанға тән нәзік, сүйкімді, жарасымды қалжыңы да кездесетін жазбалардың қатарында. Онда сол кездегі шекаралық аймақты мекендеген қытай, сибо, солон, қалмақ, ұйғыр сияқты ұлттардың тұрмыс-тіршілігі өте шебер әрі әсерлі баяндалады және мүмкіндігінше суреттерімен қоса беріледі. Ал Тянь-Шань, Жетісу, Ыстықкөл табиғатын, гео­графиясын, өсімдіктер мен жан-жануарлар әлемінің суреттерін сала отырып зерттегені кез келген оқырманды бейжай қалдырмасы анық.
Ш.Уәлиханов – тарихшы, этнограф-ғалым ретінде қырғыздарға қатысты шығыс деректерін түгел әрі терең зерттеген. Сол сияқты қазақ, ұйғыр, өзбек халқының тарихын, шығу тегін, мәдениетін, тұрмысын, киім-кешегін, шаш қою үлгісін, қолөнерін, әскери әлеуетін, қару-жарағын ғылыми түрде талдаған тұңғыш оқымысты. Саяхатшы Уәлихановтың Қашқарияға сапарының нәтижелері күллі әлем ғалымдарын таңғалдырды. 
Бұл туралы Әлкей Марғұлан былай деп атап өткен: «Шоқан Қашғардан «Тазкира-йи Сатұғ Бұғра хан (Сатық Бұғра хан тарихы)», «Тазкира-йи Тоғұлық Темір хан» (Тоғұлық Темір хан тарихы), «Тазкира-йи қожаған» (Қожалар тарихы), «Әбумүслім Марузи» және басқа сирек кездесетін бірқатар шығыс қолжазбаларын, сондай-ақ нумизматика жәдігерлерін, тау жыныстарының жиынтықтарын, нефрит үлгілерін, гербарий және т.б. алып келді». Нәтижесінде сол уақытқа дейін географиялық карталарда ақтаңдақ болып келген беймәлім өңірді адамзатқа алғаш рет таныстырған Шоқан болды. Содан бастап еуропалық географ-ғалымдар мен шығыстанушылар бұл өлке туралы нақты мәліметке қол жеткізіп, Шоқанды аса білгір, саяхатшы-ғалым ретінде толық мойындады.
1859 жылы Петерборға келген Шоқан өзінің ақсүйекке тән мінез-құлқымен, дарындылығымен оқымыстылардың, қоғам қайраткерлерінің назарына бірден ілінді. ХІХ ғасырдың орта шеніндегі ірі ғалымдардың бірі П.И. Небольсин Шоқан туралы: «Петерборда қазақтар аз, бес-алты адам бола қояр ма екен? Олар жалпыеуропалық әскери киім киіп жүреді, тек бір адамнан басқасы ғана өзінің бар екені туралы ерекше ештеңе байқатпайды. Ол біреу – өте жас кавалерия офицері, сұлтан Шоқан Уәлиханов», – деп жазды. «Мен Уәлихановпен Петерборда жақын таныстым және бірнеше өте тартымды кешті бірге өткіздім, – дейді тағы бір атақты ғалым Л.Н. Плотников, – оның қабілеті мен біліміне олар (Мұхаммед Қали Таукин және Бабажанов) түгіл, біз, Небольсин мырза екеуіміз де, тең келмеспіз».
Петерборда Шоқан Уәлихановтың сан қырлы таланты кеңінен ашылды. Ол бірнеше мекемеде қызмет істеді: Бас штабтың Әскери-ғылыми комитетінде, Азия департаменті мен Географиялық қоғамда шығыстану жөнінде лекция оқыды. Ол қоғам қайраткерлерімен жиі араласты. Ал Г.Н. Потанинмен, Ф.М. Достоевскиймен өмір бойы өте жақын достық қарым-қатынаста болды. Петерборда Достоевскийдің үйіне барып тұрды және отбасымен, бауырымен танысты. Оның дәлелін Сібірде айдауда жүрген Ф.М. Достоевскийдің Шоқанның хатына жазған жауабынан көруге болады.
Шоқан ілімінің сан қырлы екенін айттық. Соның ішінде ең айшықтысы – Шоқанның суретшілік өнері. Шоқанның бала күнгі бір әуесі – сурет салу. Бұл өнерді ол орыс суретшілерінен – Құсмұрын бекінісінде, Уәлихановтар отбасымен бірге тұрған топографтар мен гоедезистерден үйренді. Сонымен қатар Уәлихановтар ауылына орыс оқымыстылары, инженерлер мен білімді офицерлер жиі келіп тұрды, олар да зерек баланың өнер мен әдебиетке деген ықыласын арттырғаны анық». Қазақ халқында 1917 жылы орын алған большевиктер төңкерісіне дейін адам бейнесін суретке түсірген бір-ақ қазақ болды. Ол – Шоқан. 
Мысалы, Шоқанның графикалық туындылары ішінде портреттер ерекше орын алады. «Тезек төренің бейнесі», «Үлкен орданың (Ұлы жүздің) сұлтаны Мамырхан Рүс­темов», «Алатау қырғызы», «Бұғы руының жоғарғы манабы Боранбай», «Сарыбағыш руының биі Аилшы Шамратовтың баласы», «Қытай мырзаларын Құлжада қабылдау», «Белгісіздің бейнесі», «Потанин» сияқты шығармаларында қарапайым қарындашпен әр тұлғаның мінез-құлық ерекшеліктері айшықты, ажарлы түрде өрнектеледі. Ал Орта Азияны мекендеген халықтың, оның ішінде қазақ пен қырғыздың, қалмақ пен қытайдың, башқұрт пен бұхарлықтың, ұйғыр мен өзбектің антропологиялық типін, этностық ерекшелігін, ұлттық болмысы мен белгілерін асқан дәлдікпен, ғажайып шеберлікпен бейнелеген. Бұдан бөлек, Шоқан салған топографиялық карталар мен сызбалар кәсіптік деңгейі жоғары, географиялық тұрғыдан дәлдігімен ерекшеленіп, әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған.
Ал Шоқанның табиғатты, жан-жануарларды, тас мүсіндер мен петроглифтерді, ғимараттар мен көне ескерткіштерді бейнелеген суреттері өз алдына бір әлем. Мысалы, Шоқанның 1856 жылғы 14 шілдеде теңіз деңгейінен 3 268 метр биікте орналасқан Саты асуының Күнгейінен Ыстықкөлдің Түпке иек артқан қолтығы мен Теріскей Алатаудың сағымдалған ақшулан шыңдарын бейнелеген, акварельмен салған суреті теңдессіз туындылардың қатарына жататыны сөзсіз.
Шоқан асудың өзіне дейін ешбір суретшінің аяғы тимеген ең жоғарғы нүктесінде тұрып, мәңгі ерімейтін қардың ызғарына қарамастан, көз алдына ашылған таңғажайып көріністі жайдан-жай аттап кетпеген. Әскери отрядын сол жерге аялдатып қойып, қолына қылқалам алған Шоқанның қаншалықты нәзік жанды, романтик, сезімтал жан екенін байқауға болады.
Суретші Шоқан бұл композициялық құрылымда көлем мен кеңістікті асқан шеберлікпен, ұтымды пайдаланған. Бірден көзге түсетін күнгей Алатаудың өркеш-өркеш мәңгі мұзарттары. Сол қапталдағы мұзарттар ақшаңқайланып жатқанымен, сұсты да суық, оң қанаттағы мұзарттың қабағы тіптен қатыңқы көрінеді. Шоқанның тағы бір ерекше атайтын туындысы «Жатақ» деп аталады. Жатақ – көшіп-қонатын малы мен көлігі болмағандықтан, үнемі қыстауда немесе қала маңында тұрып, өлместің күнін көрген кедей қазақтардың белгілі бір әлеуметтік тобы. «Жатақ» картинасы арқылы өзін бұқара халықтың жоғын жоқтайтын, арман-тілегін ардақтайтын, сол замандағы қоғамның әлеуметтік қайшылықтарын әшкерелейтін, өткір ойлы, терең танымды, озық гуманист, демократ адам ретінде көрсетеді. 
Дегенмен Шоқанның көпшілікке белгісіз ғылыми мұраларын одан әрі мұқият зерттеу қажеттігі туралы Е.Бекмаханов, М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, С.Бегалин, Х.Айдарова, Шота Уәлиханов, Д.Қонаев, С.Зиманов, Ә.Бисенова, С.Мұхтарұлы, Б.Көмеков сияқты қазақ зиялылары айтып кеткенін ұмытпауымыз керек! Алайда осы күнге дейін «Шоқантану» ғылымы көңілді толық қанағаттандыратындай деңгейге жетті деп айтуға ерте.
2025 жылы ұлы ғалым Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл толады. Айтулы меже қарсаңында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізу, Шоқан оқулары, өнер, ғылым, әдебиет, тарих, этнография салалары бойынша байқаулар жариялау, Жетісу облысы орталығы Талдықорған қаласында ескерткіш орнату сияқты ауқымды іс-шаралар атқарылады деген сенімдеміз. Сонымен қатар Шоқантану ісіне өлшеусіз үлес қосқан академик Ә.Марғұланның Шоқан туралы еңбектері мен Мұхтарұлы Сейсеннің «Шоқан және өнер» атты кітабын қайта басып шығару қажет.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда: «Біздің нақты құндылықтарымыз болмаса, даму жолында тың серпіліс жасауымыз және көшбасшы елдер қатарына қосылуымыз неғайбіл. Сондықтан жалпыұлттық құндылықтар жүйесін бекіту қажет. Ең бастысы – адал еңбек ету, адал жолмен табыс табу, адал азамат болу», – деп атап өтті. Сонымен қатар Ұлттық құрылтайдың кезекті төртінші отырысын келесі жылы, яғни Шоқанның туғанына 190 жыл толатын жылы, Шоқанның ұлы атасы Абылай ханның ордасы болған Көкшетау, Бурабайда өткізу туралы ұсыныс жасады. Мұның өзі еліміз үшін керемет ақжолтай хабар емес пе? Ол құрылтайда, бұйыртса, атасы Абылай мен оның шөбересі Шоқанның есімі ерекше айшықталады деген сенімдеміз. 
Ең бастысы, кез келген білімқұмар азамат Шоқаннан өз іздегенін табады. Мейлі ол оқушы, студент, магистрант болсын, мейлі оған реферат, дипломдық жұмыс, диссертация, тіпті ғылыми монография жазу керек болсын – Шоқан ілімі көптеген салалардан мағлұмат бере алады. Шоқан еңбектері сан қырлылығымен құнды, мәңгілік мұра! Сондықтан барлық оқу орындарында «Шоқантану» сабағын енгізсе, дұрыс болар еді.

Бағдат Ақылбеков

317 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы