• Ақпарат
  • 18 Сәуір, 2024

Ширақ әрі зерек шәкірт іздеймін

Қаламгер, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Жанұзақ Аязбековпен қазақ журналистикасы, өңірдегі масс-медианың жағдайы туралы пікір алмастық 

 

– Журналистика саласына бет бұрған алғашқы жылдардың естелігі қандай еді?
– Оқушы кезімде республикалық «Қазақстан пионері» газетіне материалдарым жарияланып тұратын еді. Сол редакция ұжымы жазған дүниелерімді бағалап, заманында көп оқушының қолы жете бермейтін Бүкілодақтық «Артекке» жолдама берді. «Қазақстан пионері» ұжымының сенімі кеу­демде болашақта қаламгер болсам деген арман ұшқынын оятты. Мектепті тамамдаған соң Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға қабылдандым. Онда Ұлықбек Есдәулетов, Мылтықбай Ерімбетов, Қонысбай Әбіл сынды қаламгерлермен білім алу бақыты бұйырды. Жоғары оқу орнының қабырғасында ұстаздарымыз Темірбек Қожакеев, Тауман Амандосов, Әбілфайыз Ыдырысов сияқты тұлғалардан дәріс алдым. Еңбек жолымды Қостанай облыстық радиосында қатардағы редакторлықтан бастадым. Бұл ұжымда ұзақ уақыт бойы қазақтың белгілі ақындары Жолбарыс Баязид, Ақылбек Шаях­мет және басқа да әріптестермен қоян-қолтық араласа қызмет атқардым. 
Ол кезде Қостанайда қазақ тілінде жалғыз ғана Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-интернат бар еді. Бұл жерде шалғай ауылдарда тұратын қандастарымыздың ұл-қыздары жатып оқитын. Қазақ мектептерінің саны еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана көбейді. Ата-аналардың да көпшілігі өз тілін тиісті дәрежеде білмейтін. Радиоға хабар да­йындаған кезде ана тілімізде сұқбат беретін кісілерді табу да оңайға соқпайтын. 
Осындай кездескен қиындықтарға қарамастан, радиода тың бағдарламаларды жүргіздік. Тікелей эфирде тыңдаушылармен өзекті тақырыптар туралы пікірлестік. Мәселен, «Гүлдерайым» атты әдеби радио альманағы көп қолдау тапты. 
Радио хабарларым республикалық Қазақ радиосының назарына ілініп, ел эфирінен беріле бастады. Көп өтпей осы радионың облыстағы меншікті тілшісі атандым. Солтүстіктің қатал табиғаты баршаға белгілі. Қыс ұзақ болғандықтан, көктем кеш шығады. Небір жауынды-шашынды, қарлы-боранды күндері уақытпен санаспай әрі күй таңдамай, төл міндетімізді мінсіз атқаруға тырыстық. Темірдей тәртіпке бағындық. 
– Қостанай өңіріндегі тұңғыш облыстық телевизияның қара шаңырағының негізін қалаушылардың бірісіз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өңірлік телевизия ісінің жағдайы қандай еді? 
– 1991 жылдың ақпан айының басында Қос­танай қаласында облыстық телевизия ашылды. Қазақ телеарнасының меншікті тілшісі қызметін атқарып жүрген едім. Тәжірибемді ескерген болар, облыстың тарихында алғаш рет телекомпанияны құруға шақырды. Міндетіме білек сыбана кірісіп кеттім. Өз алдымызға телевизиялық бағдарламалар жасадық. Оны экранға шығарып, хабарларды жүргіздім. Облыстың тыныс-тіршілігін жан-жақты көрсету үшін аудандар мен ауылдарды аралап, тыным таппайтынбыз. Жасампаз еңбек адамдарын насихаттау мақсатында жыл он екі ай жолсапарда жүрдік. Әсіресе көктемгі егіс, қоңыр күзде егін жинау науқандарының бел ортасында болдық. 
Адал еңбек, маңдай тер зая кеткен жоқ. 1999 жылы облыс әкімінің «Облыстың ең үздік репортері» атты арнайы сыйлықтың жүлдегері атандым. Арада үш жыл салып, өңірдің экономикалық-әлеуметтік ахуалын шебер сараптай білген «Апта» ақпараттық сараптамалық хабарларым үшін Қазақстан телерадио корпорациясының байқауында респуб­ликада бірінші орынға ие болдым. Мәскеуде өткен телевизиялық форумда «Қазақ тұлпары» авторлық бағдарламамен қатысып, арнайы диплом алдым.
Уақыт өте Қостанай облыстық телерадио компаниясы төрағасының орынбасары әрі Бас редакторы қызметіне дейін көтерілдім. «Заман» телеарнасына да жетекшілік еттім. 
– Бастауында қазақтың тұңғыш журналисі Мұхамеджан Сералин, ұлы жазушы Бейімбет Майлин тұрған басылым, қазіргі «Қостанай таңы» газетінің басшысы болып тағайындалдыңыз. 
– Бұл, әрине, мамық креслода отырып, қарамағыңдағы журналистерге нұсқау беретін орын емес. Шығармашылық еңбектің нағыз ұстаханасы. Ондағы қаламы жүйрік журналистерді бұрыннан білетінмін. Сондықтан жаңа ортаға тез бейімделіп кеттім. Өзімнен бұрын редактор болған белгілі қаламгерлердің салып кеткен сара жолы мен дәстүрін одан әрі жалғастырып, басылымның оқырманға жақындауына көп көңіл бөлдім. Қаншама жаңа айдарлар дүниеге келді. 
Жұртшылыққа мәлім, газеттің таралымы қай жерде де төмендеп кеткені ешкімнен жасырын емес. Сол себепті өңірдегі барлық аудан мен қалаларды, ауылдарды аралап, оқырмандармен бетпе-бет кездестім. Оларды толғандырған мәселелерді тыңдап, ұсыныстарын назарда ұстадым. 
Орталықтағы Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов, Сауытбек Әбдірахманов, Қали Сәрсенбай секілді көшбасшы редакторлардың азаматтық, тұлғалық мінезін үлгі тұттым. 
2015 жылы еліміздегі өңірлік редакторлар арасындағы байқау қорытындысы бойынша Г.Толмачев атындағы «Қазақстандағы ең үздік облыстық газеттің Бас редакторы» жүлдесін жеңіп алдым. Оны маған заманымыздың ұлы ақыны, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменовтің өзі салтанатты жиында тапсырды. 
Газетте жұмыс істеген әріптестерімнің көп уақыты бола бермейді. Алайда қызметімнен қолым бос кезді тиімді пайдаланып, жеке шығармашылықпен айналыстым. Соның нәтижесінде «Ағайынның арасы», «Тіршілік сауалы», «Кие мен ие», «Ел сөзі» секілді танымдық-тағылымдық кітаптарым жарық көріп, оқырманға жол тартты. «Бальзак неге жылады?» дейтін туындым Қазақстан Жазушылар одағы тарапынан лайық бағаланып, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын иелендім. Соңғы бес жылдан бері осы шығармашылық Одақтың облыстық филиалын басқарамын. 
Кітап – рухани қазынамыздың қайнар бұлағы. Бұл мәселеге Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда ерекше назар аударды. Бұл бағытта біздің облыста да атқарылып жатқан жұ­мыс аз емес. Қаламгерлер бұрынғыдай үлкен қалаларға шауып, шапқыламайды. Облыс орталы­ғындағы «Шапақ» және «Қарлығаш» баспаларынан жарық көретін кітаптардың сапасы да жоғары. 
Мысалы, Әбутәліп Әмір жетекшілік ететін баспада балалар әдебиетіне байланысты бірқатар әріптестеріміздің туындысы жарық көрді. Ата-­аналар мен ұстаздар тарапынан қолдауға ие болды.
– Шәкірттеріңіздің де есімін білгіміз келеді. 
– Сонау студенттік жылдары есімі Қазақ телевизиясының тарихында алтын әріппен жазылған Совет Масғұтов секілді білгір ұстаздан тәлім алсам, өзім де Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде болашақ журналист кадрларын даярлауға үлес қостым. Қызмет бабында өзімнің ғана тасым өрге домалап, мәртебем биік болсын деген кісілердің санатында емеспін. Телевизия мен радиода, газетте басшылық қызметте болғанда еңбек жолын енді бастаған іні-қарындастарыма білгенімді үйреттім. Журналистиканың қыр-сырын меңгеруі үшін тиісті бағыт-бағдар бердім. 
Кезінде шапағатым тиген қабілетті жастар Нұрқанат Құлабаев – бұл күндері республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі. Аслан Қанғожин «Қостанай таңы» газеті Бас редакторының орынбасары. Өзге де шәкірттерім беделді басылымдар мен телеарналарда қызмет атқарып келеді. Олардың шығармашылық табысы мені шексіз қуанышқа бөлейді. 
Жалпы, журналист болуды армандайтын жасқа қойылар талап көп. Менің ұғымымда ең негізгі талап – ақпаратты нақты және жедел жеткізе білу, табиғи дарын, еңбекқорлық, тынымсыз ізденіс, ширақтық пен зеректік, ұлтжандылық пен патриот­тық сезім. Сондай-ақ қазақтың ауыз әдебиеті мен классикалық туындыларының інжу-маржандарын көп оқып, көкейге тоқығанның ұтары мол. Шәкірттеріме де осы ұстанымды сіңіремін, себебі сол талап үдесінен шықса деймін. 
– Сұқбатыңызға рақмет. 

Әңгімелескен 
Оразалы Жақсанов

91 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5643

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5381

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3121

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2510

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2469

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2447

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2180

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2165

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы