• Ақпарат
  • 18 Сәуір, 2024

Жадыраңдаршы, әке...

«Қазақ әдебиеті» газетінен кетіп бара жатып Жұмабай Шаштайұлы бізге, шәкірттеріне, қарата: «Айналайын, құлыным деген сөз әрбіріміздің таңдайымызда тұруы керек екен. Сол сөзді сендерге көп айтпаппын. Бәрің менің құлынымсыңдар», – деген еді. Рас, ағайдан «айналайын, құлынымды» сирек естіген де шығармыз. Бірақ осы екі сөздің орнын ол кісі ерекше жылылықпен айтатын «әке» лепесі алмастырғанын қалай ұмытпақпыз? 
Жасы да, лауазымы да, кісілігі де биік бола тұра, айналасында құлындай құлдыраңдап жүрген шәкірттерінің қас-қабағын бағатын. Кейде еркелетіп, кейде жорта ұрса жөнелетін де, дереу «қабағың қатулы ғой, әке», «Жадырашы, әке, не болды» дейтіні де кешегінің естелігінде қалып бара жатқаны жүрекке салмақ салады. 

 

 

«Жұмағаңның шапаны...»

«Қазақ әдебиетінде» жұмыс істеп жүрген кезіміз. 2008 жылдың желтоқсан айы. Министрлік аяқасты қаржыны көбейтіп, қазақ басылымдарының әдеттегі бет саны ұлғайып, кілең етжеңді нөмір дайындауға көштік. 12 бет болып шығатын «Қазақ әдебиеті» де күрт қомпиып, 36, кейде 64 бетке бір-ақ секірдік. Мұндайда, әрине, журналист қиналады. Күніге екі адамнан сұқбат аласың, үш-төрт автордың материалын қорытасың, өзің де бірнеше пікірдің басын құрап, әлдене жазуың керек. Қалжырап, қатты шаршап жүрген кезіміз болар, әйтеуір, бір тыным таппаймыз. Бірақ қиналып жүргенімізді өзіміз сезбейміз. Әзіліміз жарасып жүріп, газет беттейміз, таң қылаң бере үйге қайтамыз, түс болмай қайта жұмыс үстелінде шұқшиып қағаз қарап отырамыз. Сондай күндердің бірі еді. Ұзынша пәлтесімен жұмысқа кіріп келген Жұмабай ағайдың кабинетке кіруінен шығуы тез болды. 
– Әке, – деді кабинетімде отырған маған келіп, – кабинетке келіп кетші. 
– Иә, ағай, не болды?
– Дәліздегі диванда ана бала ұйықтап қалыпты. Түн қатып жұмыс істеп, шаршап жүрсіңдер ғой, сәл мызғып алайын дегені шығар. Бірақ суық тиіп қалмасын. Ана пәлтемді алып, үстіне жауып келші, әке.
Күлдім де ағайдың пәлтесін ала шық­тым. Сол сәтте ауылдағы естеліктер жа­дымда жаңғыра түсті: ұйықтай қалсам, апам елтірі тонын үстіме жап­қыштап жүретін. Үлкендердің кішілерге бір қамқорлығы осындай жылылықтан байқалады екен-ау деп ойладым, пәлтені әріптесімнің үстіне жауып жатып.
Осы оқиға жадымнан шықпай қойған соң, апамның жылылығын еске алып ке­йінірек «Елтірі тон» деп эссе де жаздым. Бірақ оған ой салған Жұмабай ағайдың сол бір үлкендігі екенін кейін өзіне айтпаған екенмін. 
Пәлте демекші, сол жылдары «Қазақ әдебиетінде» қызмет еткен қыз-жігіттер «Шерағаңның шекпенін» өзімізше қолданып, «Жұмағаңның шапаны» десетінбіз. Сол Жұмағаңның шапанынан шыққанымызды мақтан көріп, әр апта газет бетіне шыққан материалымызға ағайдан мақтау дәметіп, кейде жақсы сөзге жанымыз семіріп, кейде үнсіз қалса алаңдап, журналистиканың қазанына бір тамызық болса да тамызып, отын лаулаттық-ау деп мәз-мейрам болысатын едік. 
Әр жұма емес, әр күн жиналыс, кейде бір күнде екі-үш реттен бас қоса қаламыз. Сондағымыз – ағайдың жаңа тақырып, жаңа ой, жаңа көзқарасын талдап, оған өзіміз сын-пікір айтып, таласып-тартысып отырып, газет бетіне жаңа айдар тағамыз. Бірде жаңа маусымның жаңалығы ретінде Жұмабай ағай Қазақстанның әр өңірінің сұлу келбетін айдар қылып қоятын болды. Шынымен тамаша идея еді. Газет бетін ашсаңыз Маңғыстаудың маң даласы, Ақ Жайық, Сарыарқа, Бурабайдың сұлу табиғаты, Шығыстың қалың орманы, Көкшенің биші қайыңына дейін әр беттің айдары болып, кең-байтақ Отанның әр бұрышы газет бетінде жарқырап тұрар еді. Бұл идея көп оқырманға ұнады. Лирикалық, көңіл пернесін басар материалдар топтасатын 12-беттің ғана «Биші қайың» айдарына қатысты наз-базына айтылды. Себебі дәл осы бетке айына бір рет әзіл-сықақ басылатын. «Сықақшылар арасында би билейтін ешкім жоқ еді, біздің айдар неге «Биші қайың» аталып жүр?» деп Ғаббас Қабышұлы ағамыз бірнеше рет хат та жазды-ау деймін. Бірақ соңыра бұл айдарлар да оқырман көңілінен орын тапты. Жалпы, Жұмабай аға «Қазақ әдебиеті» газетін басқарған жылдары ашылған көп айдар әлі де өміршең екенін осы күні газетті оқып отырып көз жеткізе түскендейміз. 
Жұмабай Шаштайұлының бас редакторлығымен шыққан «Қазақ әдебиеті» газеті, ағайдың өзі айтқандай, «көпүнді, яғни полифониялық басылым» болуға ұмтылды. Сол себепті тек әдеби тақырып қаузап қана қоймай, қоғамның тамыр бүлкілін басып көруге тырысты. Басылымда көтерілген мәселелер дүйім жұртты дүрліктірген, қоғамдық пікірталас тудырған сәттер көп.
«Қазақ әдебиетінің» ұстаханасынан, 
Жұмабай Шаштайұлының шапанынан шық­қан шәкірттері қазір де ағайдың әр сөзін жымия еске алып, әр қылығын жылылықпен жадта жаңғыртып аламыз.
Ұзын сонар жиналыстан соң ағай әр қызметкердің ыңғайына келетін тақырыпты үлестіретін еді. Кейде бір аптаның шегінен асып, бір айдың көлеміне жетер тақырып арқалап шығамыз жиналыстан. «Сен осы дүниені жазсаң қайтеді, әке?» деп кейде жиналыстан соң да жеке шақырып алып тапсырма берер еді... Кейде үнсіз қаласың. Ағай қабағыңа қарай түсіп: «Қалай, әке, қолайыңа жаға ма?» – дейді... 
Шаштайұлының шәкірттеріне берген ең басты сабағы – не нәрсені де шын жүрекпен, алғаусыз көңілмен істеу. Жүрек тазалығы, көңілдің ақтығы ол кісі үшін басты орында тұратын еді. Тіпті күнделікті, Бауыржан Омарұлы айтатындай, «сол қолмен» жазар ағымдағы мәселенің өзіне ерекше ыждаһатпен қарайтын. 
«Ең бастысы, осы жазғандарыңды он-он бес жылдан соң оқысаң, ұялмайтындай болуың керек». Біз бұл сөзді ағайдан бірнеше мәрте естідік. Өзіміз де қазір сол сөзді кейінгіге айтуға тырысамыз. Әрине, ағайдың жүрегімен, ағайдың сенімімен жеткізе алмаспыз, бірақ осы сөз біраз журналисті тәрбиелейтіні анық.
Газет ісінде ағайдан үйренген тағы бір мінез – әр нөмірде бір сүбелі сұқбат жүруін қатты қадағалайтын. Айына бір рет дөңгелек үстел ұйымдастыруды ұмытпайтын. Дөңгелек үстелге қатысатын маманның атақ-даңқынан бұрын, өткір әрі тосын пікір айтуына назар аударатын. Әр нөмірде қоғамның түрлі саласындағы ең өзекті мәселе көтерілсе деп, күндіз-түні басқа басылымдарды сүзгіден өткізіп отыратынын көзіміз көрді. 
Кейде жазып апарған мақалаң ұнағанда «Әке, былай... өскен секілдісің» деп қояды. Ол кісі айналасындағы адамдардың жақсылығын асырып айтқанды ұнатқанының бір мысалы – Абайдың «толық адам» үлгісінің ұшқынын кездескен жанның әрбірінен іздейтін. 
Ең түңілгенде айтар сөзі «ескіріп қалу» болатын. «Ескіріп қалмаңдар, сол үшін сергек жүріңдер» дейтін ағайдың жұмыс үстелінде түрлі кітап, сансыз газет-журнал сықиып тұратын...

«Сөзге өмірін арнаған...»

 

Жұмабай ағай өзі қызмет еткен басылымды қатты жақсы көргені сонша – газет жұмысына барын салды. Көп уақытын түрлі газет-журнал оқып, өзге авторлардың жазған, қозғаған тақырыптарын сараптап, салыстыруға арнады. Газет жұмысына шын жаны ашығандықтан, көп уақыты басылым қызметкерлерінің әрқайсысына жеке тақырып беріп, оның орындалуын қадағалауға кетті. Газет бетінде жаңа айдарлар, қосымшалар ашып, соларды барынша жақсы етіп шығаруға да қаншама уақытты сарп етті...
Газеттің адамды қалжыратып, тіпті құр сүлдеріңді қалдырған жұмысынан шаршаған сәтінде «Осы газетке жүрегіммен берілдім, осы газетке қайырылмасам, қанша көркем шығарма жазып тастар едім» дейтін ағай әлде күйініп, әлде мұңа­йып, әлде сырын ашып. Бірақ ағай туған перзентіндей мәпелеген әрбір шәкіртінің көкірегіне бір емес, бірнеше кітапқа жүк боларлық идея мен тақырып беріп жүргенін сол сәттері аса сезе қоймаған сияқты. 
Иә, Жұма­бай Шаштайұлының жазу­шы­лық портретін салуға Ырысбек Дәбей, Бағашар Тұрсынбайұлы, Әлібек Байбол, Алмас Нүсіп сияқты шәкірттері атсалысар. Біз өз сөзімізде Жұмабай Шаштайұлымен бірнеше жыл қатар жүріп қызмет еткен қаламгер Нұрлан Оразалиннің пікірін мысалға алғымыз келеді: «Жалғыз бір ауыл, бір аудан, қасиетіңнен айналайын Суықтөбенің арғы жақ, бергі жағы немесе осы Алатау, Аспантаудың ғана өңірі оның кеңістігі емес еді. Оның кеңістігі адамзаттың кеңістігі болатын. Ол солай ойлап, қолына қаламын алатын. Жұмабай Шаштайұлы, шындап келгенде, қазақтың прозасындағы кешегі Бейімбет Майлин салған мектепті жалғағандардың бірі әрі бірегейі. Жұмабай кешегі Тәкен Әлімқұловтардың үлгісін, өнегесін жалғап, өзінің қайталанбайтын өрісін жасаған жігіт еді».
«Құдай аман қойса...» дейтін Жұмабай ағай, Алматы туралы романымды осы «Қазақ әдебиетінде» жүргенде жаздым деп айтып жүремін... 
Сол Алматысы қазір жазушысын іздей ме екен? Есентай өзені жағалауында аяңдап жүрер қаламгерін жоқтай ма екен? Жұмабай ағайға еркелегеніміз аздай, әлдебір өлеңнің не болмаса әлдебір шығарманың үзіндісін еске түсіре алмай қалсақ, Әскен апайға хабарласар едік: «Апай, ағай мына бір жолды есіне түсіре алмай отыр, көмектесіп жібересіз бе?» – дейтінбіз. Апай ондайда шын көңілмен көмектесіп, ағайдың кітапханасындағы қай кітапта біз іздеген сөз барын дереу тауып бере қоятын. Иә, біз бір үйдің баласындай болдық. Ағайдың не нәрсені де шын көңілмен істейтін мінезі бізге де жұққандай. Себебі әзілдессек, шын әзілдесе кететінбіз. Тіпті бір-бірімізге шын өкпелесіп те алатынбыз. «Кең болсаңдаршы» дейтін қабағымыздың бір-бірімізге қатулана бастағанын байқаған ағай. Ағай бәріміздің басымызды қосып тұрғанда біздің бір үйдің баласындай болмауға хақымыз да жоқ сияқты еді.

Осы күні желіде ағайдың шәкірттері болып шұрқырасып амандасып аламыз, ағайды еске алып жабырқап қаламыз. Сондайда ағай анандайдан «оларың не, жадырасаңдаршы, әке» деп тұрғандай көрінеді. Соңына көп жақсы естелік қалдырған жан туралы айтқанда да жаның жадырап, көңілің ағарып қалады екен дейміз сол кезде әрі мұңайып, әрі жадырап...

Қарагөз СІМӘДІЛ

700 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5739

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5437

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3175

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2563

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2523

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2501

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2234

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2218

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы