• Ақпарат
  • 18 Сәуір, 2024

Мамандығы – мақтанышы

Денсаулық – кез келген адам үшін баға жетпес байлық!  Ал адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, ажалдан арашалаушы дәрігер мамандығын халқымыз ежелден қастерлеп, құрметтеген. Себебі әр адам дүние есігін ашқан сәттен бастап, оның денінің саулығы мен амандығына ақ халатты абзал жан жауапты. 
Жалпы, кез келген адам дәрігер бола алмайды. Ал дәрігер болу үшін, ең алдымен, қандай қасиет керек? Терең білім, жедел шешім қабылдау, еңбекке қабілеттілік, қиын сәтте өзін-өзі ұстай білу, шыдамдылық, мейірімділік,  жауапкершілік, адалдық сияқты толып жатқан қасиет ақ халатты абзал жанға тән болуға тиіс. 

 

Медицинаның атасы Гиппократ: «дәрігердің жүзі жылы, ұқыпты, киімі таза, қолдары жұмсақ, жағымды болуы керек», – деген екен. Дәрігерлік  тек оқумен ғана шектелмейді, дәрігер болу – ол да бір өнер. Мұны неге айтып отырмыз? Негізі өмір бойы бір салада істеген адам оның бүге-шігесін жақсы біледі. Өзінің істеген жұмысынан рақат табады және шабыт, ләззат алады. Біз сөз еткелі отырған Ұлтуаш Пірімқұлқызы Шағырбаева 56 жылдан бері табан аудармай, осы салада жұмыс істеп келеді. Жасы 75-ке келсе де, шаршаған емес. Шаршайтын да жөні жоқ. Өйткені қазір ол тілі тәтті, жүзі бал-бұл жанған сүйкімді бөбектер мен сәбилердің балабақшасында дәрігер болып жұмыс істейді. Сәбидің күлкісі оның жанын жадыратады. Балабақшадағы әр сәбиге өзінің баласындай қарайды. Жаны пәк, көңілі кіршіксіз балаларға бар мейіріммен қарап отырған әжесіндей болған дәрігерді олар да жақсы көреді. Орта, ұжым, тәрбиешілер де Ұлтуаш Пірімқұлқызына құрметпен қарайды. Енді ше, 50 жылдан астам ақ халатты абзал жан атанып келе жатқан оның адам баласына, әсіресе, балабақшадағы кішкентай сәбилерге сүйіспеншілігі бөлек. Сәби де жан-тәнімен қараған дәрігерге жылы шыраймен қарайды.
Әрине, алдымен адамға жанашырлық, қамқорлық керек. Ұлтуаштың өзі де кішкентай кезінде анасы ауырғанда дәрігер болмаққа бекінген. Арман алдамайды ғой. 1949 жылы Оңтүстік аймақтағы Жүзімдік ауылында болашақ дәрігер өсіп келе жатқанын сол кезде ешкім білген жоқ. Мақсатына жетті. Оқуға түсті. 1968 жылы Алматы медицина университетінде педиатр мамандығы бойынша алты жыл білім алды. 
1974 жылы өзінің сүйген жігіті Оразалымен бас қосты. Сыр өңіріндегі Жаңақорған ауданы Бірлік ауылына келін болып түсті. Шағырбай атасы келінді қуана қабылдап, жас отбасыға бақ, береке тіледі. Ризалығы шығар, келін атасының фамилиясына жазылды. Міне, отағасы Оразалымен отасқанына содан бері 50 жыл өтті. Бақытты өмір сүріп келеді. Дүниеге жаны көркем, әдемі Алтыншаш пен Әлия атты  екі қыз келді. Олар да оқу бітірді. Қазір әрқайсысы өз саласында жауапкершілікпен жұмыс істеп жүр. Немересі Адема да бойжетті. Оқуын тамамдады. Бірнеше тілде еркін сөйлейді. Ол да өз саласының маманы. 
Оразалы ағамыз да қарап отырған жоқ. Кешегі күнге дейін жұмыс істеді. Қолы босаса, үйдің жанындағы кітапханаға барып қайтады. Отырып, екі-үш сағат кітап оқиды. Газет-журналды парақтайды. Дүкен-кітапханадағылар да ағаның руханиятқа жаны жақын адам екенін түсінеді. Оразалы ағамыз жаны жас секілді, қашан көрсең, жадыраңқы қалыпта жүреді. Ұлтуаш Пірімқұлқызы да байсалды, салмақты. Қарттыққа абыроймен аяқ басқан екеуіне шын мәнінде қызыға қарайтындар аз емес. Өйткені екеуі де денсаулығын күтіп, бүгінде үш қызының қамқорлығында отыр. 
1975 жылы Алматы облысының Қаскелең ауданында учаскелік дәрігер болып жұмысын бастаған Ұлтуаш Пірімқұлқызы ұжымда өзін көрсете білді. Жұмысын істей жүріп, отбасылық құндылықты қадір тұтты. Балаларын өсірді. Науқас жандарға мейіріммен қарап, абыройы асты. Күнделікті жұмыстың ауыртпалығы, түнгі кезекшілік, сырқат жандарға қарау – бәрі де тәжірибе, төзіммен келеді. Жұмысын кәсібилікпен атқарудың арқасында қызметі жоғарылады. Ол Денсаулық сақтау министрлігін Төрегелді Шарманов басқарған тұста 16 жыл бойы облыстық қан құю стансасының әртүрлі лабораториялық бөлімшелерін басқарды. Еңбек еленді. Құрметсіз қалған жоқ.
Медицина саласының ұңғыл-шұңғылын жетік білетін ол зейнеткерлік жастан асса да, үйде отыра алмайтынын түсінді. Өйткені кәнігі, кәсіби дәрігердің тәжірибесі кейінгі жас буынға керек. Қазір ол  «Вундеркинд» балабақшасында кішкентай сәбилердің денсаулығын қарайды. Тіпті ата-анасына да дәрігерлік кеңес береді. Өйткені денсаулық – зор байлық. Жетпіс бесінде де жұмысына жауапкершілікпен қараған Ұлтуаш Пірімқұлқызының бұл іс-әрекеті шынында да қызығарлық. 
Ал отбасылық құндылықтардың мәуелі бәйтерегі ол – ана. Ана – әр үйдің шамшырағы, жанған бағы, құндылықтардың негізін салушы. Анадан алынған тәлім-тәрбие өмір бойы адам баласына рухани азық. Ендеше, отасқанына 50 жыл толған Оразалы ағамыз бен Ұлтуаш жеңгеміздің ғұмыры үлгі, өмірі өнеге. Бақытты отбасы бүгінде алтын тойға жетіп отыр. Екеуі жанында жүрген жанашыр қыздары мен немересінің амандығын тілейді, шүкіршілік етеді. Қыздары «ең бақытты адам – анасы бар адам» екенін жан жүрегімен сезінеді.

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

484 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5692

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5406

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3147

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2535

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2494

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2472

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2205

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2190

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы